Қазақтың қыран құстай Кәкімбегі: [К. Салықов]

19 июля 2016 - Садыкова А.

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Абай.

Осыдан үш жылдай бұрын өмірден өткен жерлесіміз, қазақтың белгілі ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов жастайынан өлең мен әнге құмар болып өсті. Бұл қасиетті оған бала кезінен өскен ортасы дарытты. Ақын 2003 жылғы 25 маусымда "Егемен Қазақстанда" жарияланған "Үкілі Ыбырай" атты мақаласында былай деп жазды:

"Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы — қазақтың әншілік пен ақындық өнерін құстың қос қанатындай тең ұстап, үлкен атақ пен абыройға ие болған өнерпаздардың алдыңғы қатарынан орын алған аса дарынды композитор, бұлбұл әнші, дүлдүл ақын болған тұлға. Көкшенің сал-серілік мектебі дегенде Біржан, Абай, Ыбырай қатар аталады. Мен ата жағынан Ақан серіге жақындаумын, ал бала кезімде, әсіресе, соғыс жылдары нағашым Қожағали Бәкібаевтың қолында, қазіргі Үкілі Ыбырай ауылында өстім. Үкілі Ыбырай бабамыздың аталас немересі, өзіне тартып туған көкшетаулық әйгілі ақын Мұса Асайынов — менің туған бөлем. Ол Үкілі Ыбырай бабасының көптеген өлеңдерін айнытпай айтып беріп, хатқа түсіріп кетті. Мұсаның ықпалы маған да тиді. Бұрынғы "Өскен" колхозы, осы күнгі "Үкілі Ыбырай" ауылы маған етене ыстық. Оған қоса әкемнің немере ағасы, Үкілі Ыбырайдың төл шәкірті, Қазақстанның халық ақыны Молдахмет Тырбиев — бізге бала жастан Үкілі Ыбырайдың әндерін жасырын түрде үйрете берді. Себебі, ол кезде Үкілі Ыбырайдың аты аталмайтын. "Түбінде керек болады, кімнің әні екенін артынан білерсіңдер, рахметтеріңді айта жүрерсіңдер", — дейтін.

Киелі Көкшенің ән мен жыр ордасы болған Айыртаудың баурайында дәурен кешкен Орынбай ақын, Ақан сері мен Үкілі Ыбырай туған топырақта солардың іздері де, суымаған үндері мен әндері де қалған болатын. Оларды, көзін көріп, жырлары мен әндерін өз ауыздарынан естіп үйренген зерделі де зерек қарттары бар ортада өсіп есейген Кәкімбек бала күнінен құлағына сіңіп, көкірегінде жатталып қалған ән әуендерін өмір бойы есінде ұстады.

Оған Ақан әндерінің сұлулығы мен сыршылдығы, Ыбырайдың ерлігі мен сезімталдығы дарыған. Кейін Кәкімбек Салықов олардың ақындық, сазгерлік, әншілік қасиетін тани біліп, осы қасиеттерге ие болып, өзінің құдіретті де сырлы, әсем де нәзік жырларын шығарған. Поэзия әлеміне осылай келген Кәкімбек жырлары туған халқын бірден баурап алды. Қалың жұрт оның жырларына құмар болды. Кәкімбектің өлеңдерінің тағы бір қасиеті, олардың тамаша ұйқастығы және әсерлі ән мен әуенге лайықты болуы, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюі. Оның өлеңдерінің осындай қасиеттеріне қызыққан көптеген қазақ композиторлары музыка жазып, ән шығарды. Мәселен, Нұрғиса Тілендиев пен Жақсыкелді Сейілов "Жезкиік" әнін шығарса, Ескендір Хасанғалиев "Туған ел", "Кездесу мен қоштасу", Жағыпар Әлімханов "Аққу әні", "Сағыныш", Шәміл Әбілтаев "Бір ауыз сөз", "Евней бұлағы", Мұрат Егінбаев "Үш арыс", Кенжебек Күмісбеков "Сүйемін сені, туған жер" сияқты өлеңдерге ән жазған.

Кәкімбек Айыртау ауданындағы атақты да ұлағатты ұстаз Мұсахан Қанапиянов басқарған Казгородок (қазіргі Сырымбет) мектебінің 9-сыныбында оқып жүргенде-ақ өлеңдері жергілікті газеттерде жарияланып тұрыпты. Ол өлең шығаруды 1950-1955 жылдары Мәскеудің түсті металл және алтын институтының студенті болғанда да жалғастыра беріпті.

Мен Кәкімбекпен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезімде 1954 жылы таныстым. Ол сол жылы жазғы демалысын Алматыда өткізді, Алматыда оқитын бір топ солтүстікқазақстандық және көкшетаулық жерлес студенттермен кездесіп, өзінің бірнеше елеңдерін оқыды. Әлі есімде, ол бізге езінің "Ақ қайың" атты елеңін оқып, сол өлеңге шығарған әнін де нәшіне келтіріп, биязы қоңыр дауысымен айтып берді. Өлең де, ән де бәрімізге үлкен әсер етті.

1973 жылы Кәкімбектің "Жезкиік" атты өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Осы жинақтағы "Жезкиік" өлеңі қалың жұртты бірден баурап алды. Өлеңнің мазмұны мен ұйқасы жүрек тербететін нәзіктілігі мен саздылығы, қазақтың бірқатар композиторларын қызықтырып, оған ән шығаруға құштарландырды. Бұл өлеңнің сөзіне ең алғаш ән шығарған қазақтың белгілі композиторы Нұрғиса Тілендиев болды. Кейінірек жезқазғандық сазгер Жақсыкелді Сейілов сұлу сазға айналдырды. Әуезді әуенімен көмкерілген әсем ән тек Қазақстанда ғана шырқалмай, бүкіл ән әлемін шарлап кетті. Шынында да өлеңнің:
Сұлуды адам жаны қимайды екен,

Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жезкиік, сені аңсаған кездерімде,
Бір өзім кең далаға симай кетем,-
деген сияқты сездері кімді болса да тебірентпей қояр ма?!

"Жезкиік" әнінің арқасында сазгер Жақсыкелді Сейіловтің Қазақстаннан тыс елдерге де даңқы шықты. Ол 1981 жылы Мәскеуде еткен Бүкілодақтық ән орындаушылар конкурсында бас жүлдені жеңіп алды.

Кәкімбек Салықов "Ими гордится Жезказган" атты орыс тілінде шыққан кітабында бұл сазгердің "Жезкиік" әні туралы: "Жезкиік Сеилова воистину принадлежит к числу самых трепетных песенных творений композиторов Казахстана XX века. Песня завораживает искренностью", — деп жазды.

2003 жылғы 14-16 желтоқсан күндері Петропавлда өткен ән конкурсында Жезқазған қаласының әкімі Жұмамади Ибадильдин арнайы тағайындаған бас жүлде "Жезкиік" әнін тамаша орындаған қарағандылық жас әнші Сейіл Аяғановтың еншісіне тиді. Осы әнді республикамыздың әр облысынан келген әншілер де орындаған еді. Конкурстың соңында солардың бәрі сахнаға шығып, "Жезкиікті" бірлесе шырқағанда залдағы бүкіл халық қосылып, облыстық драма театрының іші күңіреніп кетті. Залда отырған елеңнің авторы Кәкімбек ақын мол қуанышқа бөленді.

Кәкімбек туған өлке сұлулығын оның аққуынан, жезкиігінен, ақ маралынан таныған. Бұлар — ол табынған сұлулықтың символдары, ақын бейнелеуінде оны өмірге ғашық еткен, құштар қылған әсемдік керіністері. Оның ақындық мұратының өзі осы сұлулықты, өмірдің әсемдігін сақтау мен насихаттау ғой.

1995 жылдың соңында Алматының "Қайнар" баспасынан ақынның Қазақстан композиторларының әндеріне жазылған өлеңдері "Аққу жеткен" атты жинақ болып жарыққа шықты. Жинаққа оның 158 өлеңі кірді. Ақынның өлеңдеріне қазақтың белгілі 23 композиторы ән шығарған. Олардың ішінде барша халыққа танымал Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Мыңжасар Маңғытаев, Кенжебек Күмісбеков, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Жақсыкелді Сейілов, Шәміл Әбілтаев, Ілия Жақанов, Марат Ілиясов, т.б. бар.

Жинақ ақынның "Ақындық пайғамбары Абай-ата" деген өлеңмен ашылған:
"Ақындық пайғамбары Абай-ата,
Айтқаны ақыл, кеңес, әрі бата,
Осылай Жамбыл атам бағалапты,
Сыр шертіп, жыр төккенде ағындата", —

деп қазақ поэзиясының қос алыбын бірдей ретімен өлеңіне арқау еткен ақын өлеңінің соңында:

Демеспең тірі пенде қалай ұғар,
Нұрлы сөз жан баураған арайы бар.
Қазағым шын бақытты ел екен ғой,
Патшасы ақындардың Абайы бар, —

деп ұлы ақын Абаймен мақтанады. Абайы бар қазақ елі бақытты ел деп қазағын да бір көтеріп тастайды. Сөйтіп, қазақ қауымының ұлттық патриоттық сезімін өсіреді. Міне, осындай тамаша өлеңге қазақтың атақты композиторы Нұрғиса Тілендиев қалай шабыттанбасын, қалай ән шығармасын?!

Аталған жинаққа Кәкімбектің өлеңдеріне жазылған Еркеғали Рахмадиевтің "Сөйлейді тағдыр сондайда", "Осынау әнге салғайсың", "Аққудың көгілдірі", Кенжебек Күсімбековтің "Аққуым, оралдың ба айдыныңа", Ескендір Хасанғалиевтің "Кездесу мен қоштасу", Әсет Бейсеуовтің "Дүниеде мен сүйетін бір адам бар", "Оралшы, аққулар-арулар", "Бір тамаша ән үшін", Шәміл Әбілтаевтың "Бір ауыз сөз", "Ұларым", "Аңсау", "Жер ұраны — Ұлытау", Мұратхан Егінбаевтың "Үш арыс", "Ақ тырналар", Жағыпар Әлімжановтың "Аққу әні", "Сағыныш деген ғаламат", т.б. әндері кірген.
Осы өлең-әндердің кейбіреуіне тоқтала кетейік.

Ақынның "Аққудың көгілдірі" атты өлеңіндегі мына бір шумақтағы теңеулер кімді болса да ойландырмай, толғандырмай қоймайды:

Ұлытау жайбарақат көре бермей,
Тербеледі Би-Фатима жебегендей.
Жас аққу жақын келіп құшақтасты
Сүйісті Қыз Жібекпен Төлегендей.

Бұл өлеңге композитор Еркеғали Рахмадиев шабыттанып ән жазған. Сазгер, әнші Шәміл Әбілтаев ақынның "Ұлытау", "Аңсау", "Бір жалғыз жарым бар", т.б. өлеңдеріне ән жазып, оларды өзі домбыраға қосылып шырқаған. Кәкімбектің өлеңдерінде елге, туған жерге деген сағыныш мол орын алған. Ол заңды да, өйткені, ол көп жылдар бойы Қазақстаннан тыс жерде қызметте болып, елге жиі келуге мүмкіндігі аз болды. Оның елге, туған жерге сағынышын, әсіресе, "Аңсау" атты өлеңінен кереміз:
Шөліркеген далаға,
Жаңбырлы бұлт болар ма ем,
Піскен кезде мол егін,
Диқан болып орар ма ем.
Қайтқан құстар барады,
Еділдетіп Оралмен.
Елге жетіп қалар ма ем,
Ере кетіп солармен.

Осы өлеңге жазылған Шәміл Әбілтаевтың әнін қазір Қазақстанда білмейтін жан жоқ. Бұл әнді көптеген әншілер зор ықыласпен орындайды.

1976 жылы жазған "Аққу әні" атты өлеңінде Көкімбек "су бетінде мұңайған сыңар аққудың сыңсып салған әніне қамыс басы қамығып, су жылайды", — дей келе, одан әрі:
Қалқиды аққу айдында қалқымайды,
Баяғыдай бой жазып шалқымайды.
Сыңарынан айрылып қалған күні,
Бұл өмірдің қызығын жартылайды, —

деп жалғыз қалған аққудың қайғылы кейпін келтіреді. Осы өлеңге жазылған композитор Жағыпар Әлімхановтың мұңды әнін радиодан тыңдап, жылап отырған келіншекті көріп, өлең мен әннің күшті құдіретіне куә болғаным бар. Жұбайы өмірден өтіп, жалғыз қалған келіншекке бұл ән өзінің мұңды халін көрсеткендей, әсер еткен шығар. Осындай жағдайды көркем суретке айналдырған ақын өлеңін былай аяқтайды:

Сырғиды аққу айдында, сырғымайды,
Жақын барып хал-жайын кім сұрайды?
Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,
Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды.

Жұп аққудан қимас жарастықты, өшпес махаббатты таныған ақын бойындағы адамсүйгіш, өмірге құштар, гуманистік сезімдердің байлығын танытып, өзінің де сыршыл, сезімтал бейнесінен хабар береді.

Кәкімбектің өзі де ақын ретінде өлеңнің сөзін жазумен қатар, кейде әнін де шығарып композитор болып кетеді. Мәселен ол -"Аққу жеткен", "Аққу сенім", "Ақ тырналар", "Сары-арқа", "Көкшетау", "Оқжетпес", "Саумалкөл", "Өзіңді, сәулем, сағындым", "Қарағым қандайсың" сияқты өзінің саздылығымен, нәзіктілігімен, сыршылдығымен халық сүйіспеншілігіне бөленіп, ел арасында жиі айтылып жүрген әндердің авторы.

Бұл әндердің сөздерінің өздері де ғажап қой. Мысалы, "Аққу жеткен" өлеңінде:
"Бар еді тату күндер аққуды өпкен,
Барады баурап үні "Гәккулеткен".
Сарыарқа, сырнайлатқан сәнің келді,
Жыл құсы елге оралып былтыр кеткен

Аққу, қаздар саңқылдайды,
Көлде құстар ән тыңдайды.
"Гөккулеткен"
Осы екен ғой,
Біздің жаққа аққу жеткен", — десе,

"Сарыарқа" өлеңінде:
"Әніме ұйып тына бер,
Түскейім, төрім – нар алқа.
Құлагер жортқан құба бел,
Сүйемін сені, Сарыарқа", -дейді.

Ал "Көкшетау" атты өлеңінде:
"Көкшетау өзге таудың төбесіндей,
Қызығы құмартқан қыз әуресіндей.
Көлдегі Оқжетпестің суреті
Сұлудың айнадағы суретіндей", — деп әсірелейді.

Кәкімбектің өлеңдеріне жазылған әндердің жалпы саны 500-ден астам. Автордың өз әндері елуден асады. Бұл әндер осы күні қазақ халқына, оның ішінде шетелдерде тұратын қазақтарға да белгілі екенін, оларды барлық жұрттың зор ықыласпен тыңдап, айтып, ой-сезімдері оянып, тамаша ләззат алғанын айтқан орынды.

Ақынның өзі дүниеден өтсе де, оның таңғы шықтай мөлдіреген жырлары қазақтың кең-байтақ жерін мәңгілікке кезіп жүргендей. Астанада өткен Қожаберген жыраудың тойында ол Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің терағасы Армия Әбілқайыровқа "Асыл аймақ-Айыртау" атты соңғы өлеңін аманат етіп берген екен. Армия өлеңге ән жазатын сазгер іздейді. Ақыры, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, танымал сазгер Құрмет Сақай әдемі ән жазады. Ақынның осы өлеңінен үзінді келтірейік:

Айыртау- асыл аймақ Арқадағы,
Бал кәусар жан баурайды тау самалы.
Қиядан қос өркешті көз шалғанда,
Аңсаған ата-анаңдай қарсы алады.

Сырымбет-сылқым сеңсең бел,
Шоқан туып-өскен жер.
Сал-серілер сайрандап,
Құлагер шауып өткен жер.

Композитор өзінің бұл өлеңнің мәтініне қалай құмартып, қалай ән жазғанын былай баяндайды: "Ғаламат тез жазылды. Кәкімбек ағаның қай өлеңін алсаң да сазды, әуезді болып келеді. Әнге сұранып тұрады. Әуелі мәтінді оқығаннан кейін толғанысты күйге түстім. Әр сөздің астарындағы мазмұнды айшықтағым келді. Атақты Айыртаудың табиғатын мөлдіретіп көз алдыңа әкелетін, өткен тарихын сипаттайтын, жарқын болашағын айғақтайтын терең сөз, мәнді мазмұн бар. Міне, қараңызшы:

Тумаса Сарыарқада Ақан сері,
Қазаққа қалар еді-ау дала толмай.
Осы қос жолдың астарында еткенге деген құрмет, оның ғажайып өнеріне деген асқан ілтипат жатқан жоқ па?!

Айыртаулық белгілі журналист Байқал Байәділовтың айтуынша, осы өлең мен әннің тұсаукесеріне Саумалкөл Мәдениет үйіне халық көп жиналыпты. Алдымен сахнаға сазгер Құрмет Сақай көтеріліп, Көкімбек ағаның шығармашылығы туралы өз лебізін білдіріпті. Содан кейін "Асыл аймақ — Айыртау" әнін жезтаңдай әншілер Төкен Ілияс пен Мереке Бекмағамбетов бірлесе орындапты. Соңында Армия Әбілқайыров ақын ағаның аманаты жайында тебірене сыр шертіпті.

Міне, бұл Көкімбек өлеңдері мен әндерінің орасан өміршеңдігін көрсетіп тұрған жоқ па?

Жалпы Кәкімбек халқына елу шақты жыр-жинақтарын тарту еткен. Бүгінде оның ұшқыр ойы мен жезкиіктей жүйіткен күміс қаламынан туған сол жүрек тербетерлік тамаша жырлары мен әндері Алтай мен Атырау, Ұлытау мен Алатау арасын шарлап жүр. Осылай Көкімбек ақын ұлттық мәдениеттің, оның ішінде қазақ әдебиетінің мақтанышына айналды. Бар қазақтың жүрегінде мәңгі сақталатын бүгінгі және келер ұрпақтарды сұлу да сазды әуенімен тербеп, көріктеріне адамгершілік дәнін сеуіп, нәрін құятын ғажайып туындылар жазған ақынның мол мұрасы қашан да ел игілігіне жаратыла береді. Ал ақын, қазақтың біртуар асыл азаматы Кәкімбектің есімі барша қазақтың жүрегінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Қайролла МҰҚАНОВ, Мәдениет қайраткері, өлкетанушы.


Мұқанов Қ. Қазақтың қыран құстай Кәкімбегі // Солтүстік Қазақстан. — 2016. — 5 шілде. — 9 бет

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий