Дала өркениетінің қайнар бастауы

 Солтүстікте қарт тарихтың қатпарлы да тылсым құпияларын ішіне бүккен, жұмбақ сырлары әлі де ашыла қоймаған өңірлер аз емес.
Солардың бірі - ұлы тұлғаларды құндақтаған қасиетті Айыртау ауданы. Көркемдігіне көз сүйсінетін Имантау, Шалқар, Сырымбет сияқты киелі мекендерде археологиялық жедігерлер мен ескерткіштер жетіп артылады. Иман-Бұрлық өзенін жағалай орналасқан Ботай қонысының жөні бір бөлек.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін “Ботай мәдениетін”зерттеуге ерекше ден қойылды.
Бүгінде біздің заманымыздан төрт-бес мың жыл бұрынғы тарихи дәуірдің мәдени мұрасы болып табылатын “Ботай қонысына” отандық ғалымдардан өзге әлем елдерінің білікті мамандары да қызығушылық танытуда. Осы ретте аталмыш игі істің басы-қасында жүрген белгілі тарихшы Нұрбол Баймұқановпен әңгімелесудің сәті түскен еді.
- Нұрбол Болатұлы, алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз...
- Мен Шахмардан Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде оқып жүргенде жастар саясаты мәселесіне ерекше ден қойдым. Ниет танытып қана қоймай, еліміздің болашағына баланатын оларды алаңдатқан мәселелердің өз деңгейінде шешілуіне бар күш-жігерімді жұмсадым.
Мәселен, ел жастарының бастарын бір арнаға тоғыстырған Қазақстан жастар конгресінің ең алғаш рет Ақтау қаласында өткізілуі мемлекет тарихындағы, өрендер өміріндегі жағымды жаңалықтардың бірі болды. Содан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болып жүрген кезімде де бұл мәселе назарымнан тыс қалмады.
Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры бола жүріп өрендердің алдында тұрған өткір мәселелердің шешімін табуына бір кісідей атсалыстық.
— Сөзіңіз аузыңызда, бүгінде Қазақстанның арғы-бергі тарихына түбегейлі ден қойып, үлкен қызығушылық танытып жүргеніңізді білеміз.
Жалпы тарихшы зерттеуші ретінде сізді Ботай қонысы несімен қызықтырады. Көне дәуірлердің құпиясын қойнына бүккен қасиетті өлкен әлемге әйгілі ету үшін қандай жұмыстар қолға алынды?
— Ел тарихы ұлттық құндылықтарды қастерлеуден, ұмытылуға шақ қалған өлке атауларын жаңғыртудан басталады ғой.
Өткенді білмей болашаққа ұмтылу, алға бағдар жасау қиын. Өйткені, тарихын білмеген ұлттын болашағы бұлыңғыр болатыны шындық. Ата тарихымызды бес саусақтай біліп, қастерлеу жеткіліксіз. Онымен мақтанып, әлемге паш ете білуіміз қажет. Мен қызмет атқаратыг “Қазақ географиялық қоғамы” халқымыздың өткенінің, ғасырлар қойнауында жасырынып жатқан мәдени мұраларының жарыққа шығуына септесіп келеді.

“Ботай мәдениеті” - Солтүстік Қазақстан облысының, ондағы Айыртау ауданынын ғана бай тарихи мұрасы емес, күллі Қазақстанның айдай әлемге паш ететін қасиетт қазынасы.
Өкінішке қарай, біз оны дүниежүзіне әлі де болсын өз деңгейінде таныта алмай отырмыз.
Шыны керек, қазақ жастарының өркениеттің көне мекені туралы түсініктері мектепте Қазақстан тарихы пәнінен оқы ған бір-екі ауыз мәліметтен әрі аспайды. Талай-талай тарихтың табанымыздың астында жатқанын біле бермейміз.
Тарихшыларға мәлім, “Ботай мәдениеті” жайлы алғашқы мәліметтер өткен ғасырдың 70-ші жылдары жариялана бастады ғой.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар қолға алынып, олар сәтті жүзеге асырылып, жемісін бере бастады.

Мәселен, Көкшетау ұлттық саябағының бастамасымен “Ботай” қонысында көлемі бір жарым гектар болатын тарихи-археологиялық қорық ұйымдастырылды.
Содан кейін жастардың, тарихшылардың “Ботай қонысына" деген қызығушылықтары арта түсті. Аз уақыттың ішінде 158 үйдің орны табылып, қалпына келтірілуі сөзіміздің дәлелі емес пе?
Жергілікгі оқушылар мен студенттердің қажырлы еңбектерінің, табанды ізденістерінің нәтижесінде әртүрлі жәдігерлер табыла бастады. Олардың қатарында қанжарладың, пышақтардың, сүңгілер мен найзалардың ұштарының көп кездесуінен-ақ бұл өлкенің тарихы тереңде жатқандығын аңғаруға болатындай.

Қазба жұмыстары кезінде табылған остеологиялық материалдардың басым бөлігінің жылқы сүйектерінен “ жасалғандығынан “Ботай қонысының’’ біздің заманымыздан 40-50 ғасыр бұрын жылқының алғаш қолға үйретіліп, үй жануар ретінде өсірілгендігін байқау қиын емес.
Қазақтың мәдени мұрасының одан әрі өрістеуіне ғалым, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Виктор Зайберттің қосқан үлесі орасан Ғалымның ұйытқы болуымен 1983 жылы Ботай жерінде бүкілодақтық, 1995 жылы бүкіләлемдік семинарлардың өткізілуі тамыры тереңде жатқан өлке шежіресін зерделеуге жол ашты.
1998 жылы аса құнды тарихи-мәдени ескерткіш ЮНЕСКО-ның тізіміне, жоғары және орта мектептердің оқулықтарына енгізіліп, “Ботай мәдениеті” деген атпен тарихи айналымға шығарылды.
Алайда, осы зерттеулердің барлығы осыдан ондаған ғасыр бұрын қылқұйрықтың алғаш қолға үйретіліп, үй малы ретінде өсірілгені, бие сүтінен қымыз ашытылғаны, бағзы заман адамдары бүгінгі қазақтардай жылқы малын көлік, етін тамақ, сүтін сусын ретінде пайдаланғандығы туралы ақпараттан аса алмады. Оны әлемге әйгілі етуді сөз емес, іс жүзінде жүзеге асыру қажет еді. Мұны ғалым Виктор Зайберттің өзі растап отыр.
Біз Рим, Қытай мәдениеттерін тарихтан жақсы білеміз. Оларға әлем елдері де ерекше қызығушылықпен қарайды. Неге? Өйткені, аталмыш елдердің ғалымдары әлем жұртшылығының назарын аудару үшін ортақ идеяның төңірегіне топтасып, бір жағадан -бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет етті.
Ал “Ботай қонысын” зерттеу, табылған әрбір затқа тарихи тұжырым жасау бір немесе бірнеше адамның міндетіне айналды. Осылайша біз көп уақытты өткізіп алдық. Енді осы олқылықтардың орнын толтырып, “Ботай мәдениетін” әлемге әйгілеуді қолға алып отырмыз. Біздің басты жоспарымыз - “Ботай мәдениеті” арқылы Қазақстанға төрткіл дүниенің қызығушылығын арттырып, әлемге таныту.
- Демек, “Ботай мәдениетін” зерттеу одан әрі жалғастырылды ғой.
- Қазіргі уақытта шетелдік ғалымдарды Ботайдың біздің заманымыздан төрт-бес мың жыл бұрынғы тарихи дәуірдің мәдени мұрасы болып табылатыны ерекше қызықтыруда.
Жуырда Англиядағы Кембридж университетінің профессоры М.Левина бастаған бір топ ғалым ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды.
Би-Би-Си телекомпаниясы ерте дәуір адамдарының өмірі, олардың тыныс-тіршілігінің бөлінбес бір бөлігіне айналған жылқы жайлы телехабар түсірді.
- Осы өлкенің тарихын тереңнен таразылаған мамандардың айтуы бойынша табиғаты тамаша Айыртау өлкесін туристік орталыққа айналдыру мүмкіндіктері зор. Алайда, еліміздің қазынасын молайтуға септесетін осындай игі шара әлі де болсын жүйелі жүзеге аспай келеді. Мұны іске асырудың тиімді жолдары қандай деп ойлайсыз?
- Туризм - тек Айыртау ауданы үшін емес, бүкіл Қазақстанға өте маңызды стратегиялық сала. Менің ойымша, тарих пен археология арқылы отандық туризмді дамытуға әбден болады.
Жер бетіндегі екі миллиардқа жуық мұсылман қажылық парызын өтеу үшін Меккеге қарай ағылады.
Жандары жайлылықты қалап, тылсым табиғаттың құпияларына қаныққысы келетіндер сұлулықтың символы іспеттес Парижге табан тірейді, Адамзаттың шығу тарихына үңілгісі келетін әрбір адам осы “Ботай қонысына” ат басын бұруы керек қой.
Біз бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне қозғау салдық, тіпті, қазіргі уақытта шетелдік ғалымдармен әртүрлі келіс-сөздер де жүргізілуде. Яғни, көздеген мақсатымыздың орындалуына үміт бар деген сөз. Болашақта Айыртаудың қандай орталыққа айналатынын жобалап та отырмыз.
Ендігі мәселе, айыртаулықтар осыған дайын болулары керек. Өйткені, еліміз үшін, әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы үшін бұл үлкен экономикалық донор.
Осыны бүгіннен бастап тұрғындарға айтып, түсіндіріп, жастардың санасына берік сіңіру керек. Жастар өздері өмір сүріп отырған өлкенің тарихи ерекшелігін көкіректеріне ұялата білулері тиіс.
Әзірге біз мұны көріп отырған жоқпыз. Өзіміз күнде пайдаланып жүрген ватсап, фейсбук, инстаграм сияқты әлеуметтік желілер бір немесе бірнеше адамның ортақ идеясынан туындап, бүгінде әлем жұртының қажеттілігін қанағаттандырып отырған табыс көзіне айналды ғой. Сол сияқты “Ботай мәдениеті" де - Қазақстанның идеясы.
Жақында атақты канадалық продюсер, режиссер және антрополог Найоби Томпсонның жетекшілігіме “Сlerarwater Documentary" телевизиялық компаниясымен (Канада) бірлесіп “Ботай мәдениеті” туралы деректі фильмнің алғашқы бөлімін түсірдік. Түсірілім Дания мен Ұлыбритания университеттерінің археолог-ғалымдары мен генетиктерінен жасақталған команданың қатысуымен Ботай археологиялық қазбалар маңында жүргізілді.
Есімдері әлемге танымал ғалымдарды сөйлетуіміздің өзінің астарында үлкен мән жатыр. Оларды әлем елдері жақсы біледі, ғылыми тұжырымдарына жұртшылық ерекше ықыласпен иланады. Енді фильмді әлемнің жүзден астам елінің назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Егер ойымыз сәтті жүзеге асса, Айыртауды туристік орталыққа айналдырудың ауылы алыс емес.

- Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Нұргүл Оқашева Суреттерді түсірген Амангелді Бекмұратов. 


 Сұхбаттасқан Оқашева.Н. Суреттерді түсірген Бекмұратов.А. Дала өркениетінің қайнар бастауы //Солтүстік Қазақстан. – 2016 . – 20 қыркүйек . - 5 .
 .

 

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий