Батыр Баян

18 сентября 2014 - Садыкова А.

Тәуелсіз ел болған қазақ мемлекеті өткенін түгендеп, барын барша жұртқа көрсетіп жатыр. Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеп жатқан кезең бұл. Кешегі қилы заманда елін, жерін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қасық қаны қалғанша қорғаған бабаларымыздың ерлік істері бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге, мақтаныш.


 

Сол батыр бабаларымызды бұл күнде қалай мадақтап, оларға арнап қандай игі шаралар өткізсек те, көптік етпейді. Аллаға шүкір, тәуелсіздік алған күндерден бері Қабанбай, Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұхар жырау, Райымбек, тағы басқа ұлықты бабаларымызға ас беріп, ғылыми конференциялар өткізіп, ел астанасы мен облыс орталықтарында бабаларымыздың атына көшелер атап, әлеуеті зор қала ғана емес, ауылды жерлерде де ескерткіштер орнатылып жатыр. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан алғашқы жылдардан басталған бұл үрдіс үзілмей жалғасып келеді. Өткен жылдың қазан айында Абылай ханның 300 жылдығына арнап, кезінде хан ордасы орнаған Көкшетау жерінде мемлекеттік деңгейде үлкен іс-шаралар өткізілді. Бүгін біз де қазақтың аты аңызға айналған батыры, Абылайдың алмас қылышы, Баян батыр туралы сөз етпекпіз.

Қазақ халқының тарихында XVIII ғасырда сыртқы жауға қарсы қаһармандықпен шайқасып, Абылай хан әскерінде ірі құрамаға жетекшілік еткен атақты батыр, қолбасшы Баян Қасаболатұлының орны бөлек. Ол Абылай ханның сенімді серігі, басты батырларының бірі болды, Ертіс бойын, Қалба өңірі мен Тарбағатай аймағын жаудан азат етуге қатысып, Шорға шайқасы мен Ақшәулі ұрысында асқан ерлігімен ерекше көзге түсті.

Баян батырдың ерлігі туралы атақты Үмбетей мен Тәтіқара, Шәді төре Жәңгірұлы сияқты жыраулар жырға қосып, қазақтың ұлы ғалымдары Ш.Уәлиханов пен Ә.Марғұлан, әрі ойшыл, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп тамсана жазды, ақиық ақын Мағжан "Батыр Баян" поэмасын арнап, осы шығарма желісі бойынша 1993 жылы режиссер С.Тәуекелов көркем фильм түсірді. Көрнекті жазушылар І.Есенберлин мен Қ.Жұмаділов өз романдарында батыр бейнесін сомдады. Бұлардан басқа М.Мағауин, Ж.Бектұров, М.Мұқанов, З.Тайшыбай, Х.Абдуллин, С.Ақатай, С.Ізтілеуова, Е.Асқаров, Б. Қанарбаева, т.б. жазушылар мен ғалымдар қалам тербеді. Моңғолияда тұратын Сұлтан Тәукейұлы деген қандасымыз батыр Баян туралы "Алмас қылыш" атты роман жазып, 2013 жылы жария етті. Қарағанды облысы Ақадыр кентінің тұрғыны, "ҚР Мәдениет қайраткері", композитор Ысқақ Тәукейұлы "Батыр Баян толғауы" атты күй және қазақтың арқалы ақыны Жәркен Бөдештің сөзіне "Батыр Баян" әнін шығарды.

Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Сары мен Баян, Керей Жәнібектердің замандастары Үмбетей мен Тәтіқараның толғауларын келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Үмбетей жыраудың "Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту" атты толғауында былай делінген:
"Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян, Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай?"
Тәтіқара жырау Абылайдың әскері қысылтаяң жағдайға түскенде:

"Қамыстың басы майда, түбі сайда
Жәнібек Шақшақұлы - болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда
Ер жігіттің ерлігі осындайда.

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт Уақтағы, - деп батырлардың атын атап, мадақтап дем беріпті. Толғауларда айтылған Сары батыр - Баянның жақын аталас туыс ағасы. Шоқан Уәлиханов "Халық аузында қос батырдың аттары біріктіріліп, Сары-Баян деп қосақталып айтыла береді", - деп жазыпты.

Баян батыр 1714 жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданының Аралағаш деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Қасаболат зергер, ұста, ал анасы Кіші жүздегі Жағалбайлы Сырым батырдың атасы Дат Шоланұлының қарындасы, аты Ажар еді, дейді қазақы шежіре. Болашақ батырдың қалыптасуына жаугершілік заман, аталас ағасы Сары мен әкесі Қасаболаттың інісі Абыл батырлардың әсері болды, дейді батырдың тікелей ұрпақтарының жадында қалған мәлімет. Осы күнгі жазбаша тарихтан еш кемшілігі жоқ қазақтың ауызша тарихындағы әңгімелерден Абылай хан мен Баян батырдың ұрыс даласында алғашқы кездесуі ұрпақтан ұрпаққа жойылмай жеткен аңыз былай деп эфсаналайды.

...Кескілескен бір ұрыста Абылай серіктерімен алға озып кеткенде көп жаудың ортасында қалады. Абылай қысылғанда қасындағы серіктеріне: "Мына қоршауды бұзып өтер кім бар?!" деп екі рет дауыстап айқайлағанда ешкім ұмтылып алға шықпады, дейді. Сонда ханның "Бұл қазақта жауға шабар ұл тумады ма?! деп қапаланған айғай сөзінен кейін есік пен төрдей сарала ат мінген, Абылайдың өзі құралыпты жастағы жауынгер ұмтыла шауып, жаудың шебін жапыра бұзып, қасындағыларға жол ашады. Қоршаудан аман-есен шығып, негізгі қолға қосылғаннан кейін, көңілі орныққан Абылай: "Бағанағы сарала атты батырды тауып келіңдер!" деп жарлық береді. Алдына алып келген еңсегей бойлы жігерлі жігіттің келбетіне риза болған хан: "Жауға шабарың бар, бір айттырмай неге үш рет қайталаттың?!" дейді. Сонда батыр: "Алдымен жолды сұлтан, төрелерге бердім, одан кейінгі жол аға баласы Арғынның батырларынікі еді. Ақырында, ажалдан басқа жол қалмағанда өзім шаптым", депті. Бұл Баян батыр екен дейді. Тура осы жағдайды Шоқан Уәлиханов та жазған болатын. ІІІоқан атамыздың Баян батыр туралы жазып қалдырған мәліметтері жалғыз бұл емес. Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс төре 9 жыл Құсмұрын дуанына аға сұлтан болғанда Уақтың белді билерімен дос болған, дейді Әлкей Марғұлан. Тіпті, Уақ Ысқақ би Керей, Уақ, Атығайдың ағаштан түйін түйген шеберлерін басқарып, Шыңғысқа ағаштан үй салып берді, Шыңғыс Зейнеп сұлуға үйленгенде, Айғаным Ысқақты келінін алуға Баянауылға барған құдалар тобына қосып еді, дейді. Осы мәліметтің өзі-ақ ұлы ғалым Шоқанның Баян батыр туралы мәліметтерді нақты білетін адамдардан алғанына және Баян батыр туралы жазғандарының шынайылылығына дәлел бола алады деп ойлаймыз.

Абылай ханнан "Үш жүздің батырларынан кімдерді ерекше бағалайсыз?" - деп сұрағанда "Біздің қатарымыздағылардан Бәсентиін Малайсары байлығымен, батырлығымен, мінезімен ерекшеленсе, Уақ Баян ақылдылығымен, батырлығымен ерекшеленеді" деген екен дейді.

Мәшһүр Жүсіп атамыз ел аузында жүретін қысқа-қысқа әңгімелерді "Абылай заманынындағы батырлар" деп атап, жазып қалдырған екен. Мәшекең осы жазбаларында Баян батыр туралы Абылайдың "Үйде батырмын деген көп еді, түзде Баяндай көрінетіні жоқ еді" деп айтқан сөзін келтіріпті.

Баян батыр Абылай хан мойындағандай, ақылды, кемеңгер және өнерпаз, сері болған екен. Бұл туралы Әлкей Марғұлан атамыз "Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер" деген мақаласында "Серілікті жаны сүйген, әсіресе, Абылайдың жауынгер батырлары. Уақ Баян батыр - атақты серінің бірі. Күйді ол алысқа шалқытып, сыбызғымен әдемі тартатын болған" деп жазыпты.

Баян батыр бейбіт күндерде де Керей-Уақтың ел ағасы болған. Мысалы, Омбының мұрағатында сақталған дерек бойынша, Баян атамыз Керей-Уақтың басшысы ретінде орыстардың ортасына барып, казак-орыстардың оның қарауындағы елдің жылқысын барымталап алып кеткенін, мойындатып жылқыны айдап алып қайтқанын Социал Жұмабаев пен Зейнолла Олжабаев аталарымыз 2008 жылы шығарған "Баян батыр" кітабында мұрағаттағы дерек көздеріне дейін көрсетіп жазған.

Тарихта "Шаңды жорық" деп аталған, 1771 жылғы қалмақтың Еділдің арғы бетінен, қазақ жерінің үстімен қырғын соғыс салып, ежелгі атамекеніне, Жоңғар жеріне, өтіп келе жатқан жанкешті жорығы Балқаш көлінің тұсына, Мойынты өзенінің бойына келгенде қалмақтың хандары Серен мен Ұбашы Қалмақтың ең беделді жеті кісісінен тұратын елшілерін Абылайға жіберіп "Қазақ пен Қалмақ - ежелден бауырлас туыс ел. ...Бітімге тоқтайық. Ақ үй береміз, айып - албан төлейміз. Біздің барар жер, басар тауымыз жоқ, көшіп қонатын қоныс бер, барлық қалмақ жұрты сенің билігіңді таниды. Ежелгі туыстығымызды қалпына келтірейік" депті, дейді қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин өзінің "Қазақ тарихының әліппесі" атты кітабында. Бұл кітапта "Шаңды жорық" деп аталған арнайы тарау бар. Арнайы кеңес шақырған Абылай қалмақ елшілерінің ұсынысын қабылдағанды мақұл көреді, ондағы түпкі ойы, Мұхтар ағамыздың дәлелдеуі бойынша, "...қуаты мол Қытай империясы мен Қазақ Ордасының арасында ... Жоңғар мемлекеті қалқан қызметін атқаруы қажет". Тура осындай пікірді ғалым, журналист Зарқын Тайшыбай да айтады. Орыс үкіметінің, неше ай бойы, қайта-қайта хат жазып мәжбүрлеуіне қарамастан, Абылай дәл осы ретке дейін соғыс қимылдарын жасамай отырды, дейді. Бірақ үш жүз жыл бойы қалмақпен соғысып, қаны қарайған қазақ "қалмақты түбегейлі жою керек" деген пікірден қайтпайды. Қазақтың ауызша тарихында ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан сөзді Мұхтар Мағауин былайша жеткізеді "...Кешегі Жоңғарға қарсы, Қытайға қарсы күрес қаһарманы Баян батыр өз сөзінде "Ұбашы мен Серен ойда Орысты, қырда Қытайды алдаған, енді сені де алдайды", - депті дейді".

Кеңес созылып, жұрт пікірі хан ойлаған арнаға тоғыспағаннан кейін Абылай қалмақтарға үш күндік мұрсат берді, деп жазады Мұхтар ағамыз. Екінші күн өтіп, үшінші түні жүйкесі шыдамаған қалмақтар дүрк көтеріліп, тікелей шабуылмен қоршауды бұзып өтіп, өлген-жіткеніне қарамай, Жоңғар жеріне қарай тоқтаусыз жөңкіп кетеді. Таң ата қуа шыққан қазақ қолы қалмақтарды, сол кездегі Қытай шекарасына дейін, тынымсыз шауып, тоздырып қырып-жоя береді. Сонда Жоңғар шебіне өліп-өшіп жеткен қалмақтың саны жорықтың басындағы алғашқы 170-180 мыңның оннан бірі ғана еді, дейді "Қазақ тарихының әліппесі" кітабының авторы.

Шоқан атамыздың жазуы бойынша, қайтып келе жатқанда, қалмақтардың улап кеткен құдықтарынан су ішіп, Баян батыр біраз жауынгерлерімен бірге уланып өлген. Қазақтың ауызша тарихында батырдың денесі жаздың ыстығында атамекеніне жете алмайтын болғаннан соң, қазіргі Қарағанды облысының бір жерінде жерленген деген еміс-еміс сөз бар.

"Қарағанды жұртының көне шежіре, тарихты білетін үлкендері осы мәліметті растап, батыр бабамыздың жатқан жерін көрсете алатын болса, тарихтың бір үлкен ақтаңдағы жойылар еді" деп облыстық "Орталық Қазақстан" газеті арқылы үндеу салғанымызда Қарағанды - Балқаш күре жолының бойындағы Ақшатау кенішіне тақау Қарабұлақ деген ауылдың тумасымыз, біздің ауылымыздың жанында "Сары Баян жотасы" деген жота бар, бала кезімізде әкелеріміз осы жотада Уақтың Баян батыры жерленген, - деп айтатын еді деген үш азамат, бір-бірінен тәуелсіз, Абай, Балқаш қалалары мен жол бойындағы, Ақшатаудан кейін 20 шақырымдай жерде орналасқан, Ақжал ауылынан "Орталық Қазақстан" газетінің бас редакторы Мағауия Сләмбекұлы Сембаев пен осы жолдың авторына телефон соқты. Жотаның басында бірнеше тас үйілген бейіттер жатыр дейді. Мамыр айының ортасында, қорымдардың жас мөлшерін анықтау үшін археолог ғалымдарды ертіп, арнайы барып қайтамыз ба деген ой, жоспарымыз бар. Қалғаны -тағдыр мен болашақтың ісі.

Баян батырдың ұрпақтары - бүгінге дейін жеткен үлкен ел. Негізі Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында тұрады. Баян батырдан Бұлан, Құлжан, Тасыбай, Қарықбол, Құлтерек, Байтерек атты балаларының бәрінен тараған ұрпақ бар. Бұл әулеттен ел билеген болыс, билер шыққан. Мағжан Жұмабаевтың әкесі Бекеннің шешесі Баян батырдың немересі болады. Бала Мағжан нағашысы Байтоқа бидің алдында отырып, ұлы нағашылары туралы айтылған әңгімелерді жадына құйып өскен.

Осы әулеттің қазіргі үлкені, батырдың 6-шы ұрпағы - Зейнолла Олжабайұлы Олжабаев атамыз. Бұл кісі - батырдың Бұлан атты баласынан тараған ұрпақ. Бұл күнде - 85 жаста. Тың. Бүкіл облыстың құрметтеген ақсақалы. Білімді, ерекше мәдениетті, жүзінен иман нұры төгіліп тұрған кісі. Ата-анасы 30-шы жылдары бай баласы деп кеңес үкіметінің қуғынына ұшырап, Ресейдің Тары қаласына дейін жер аударылған. Ол зұлмат жылдардың қиындықтарын екі жасынан бастап ата-анасымен бірге көреді. Қуғынға ұшыраған отбасының баласы ретінде мектеп жасында да көп қиянат көрген атамыз жанталасып оқып, 1950 жылы Москваның Тимирязев академиясына емтиханды ойдағыдай тапсырып, 5 жыл білім алып, еліне келіп, Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданының бас мал маманы, ауданның ауылшаруашылық бөлімінің басшысы болып өмір бойы абыройлы қызмет етті. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразгелді Баймұратов, қазаққа белгілі айтыскер ақын Ерік Асқаров - Баян батырдың тікелей ұрпақтары. Бұл тізімді ары қарай да жалғастыра беруге болады.

Осыған дейін жазғандарымыздан-ақ Баян батыр қазақ деген халықтың мәңгілік есінде қалатын тұлға, аты ұрпаққа қастерлі екеніне оқушы келісер деймін.

Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында Баян батыр атында мектеп бар, мектептің алдында батырдың мүсіні қойылған. Бұл іске Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған кезінде қазақтың аяулы ұлдарының бірі Тайыр Мансұров мұрындық болған. Батырдың есімінде Алматы қаласында 1993 жылдан бері көше бар. Бұл шаруаға бастамашы болып жүзеге асырған, осы күнгі "Баян батыр" қоғамдық қорының атқарушы директоры Қайрат Кәркенұлы Тайкенов екенін айтып өткенді жөн көріп отырмыз. Қызылжар қаласында бұрынғы Пархоменко даңғылы бұл күнде Баян батыр атында. Осы іске үлес қосқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеп жүрген кезінде, қажыр, қайрат жұмсаған ұлтжанды азамат Қуат Есімханұлы Есімхановты атап өту парыз. Осы азаматтың бастамашылығымен бұдан төрт жыл бұрын Астанадағы №53 лицейге Баян батырдың атын беру туралы ономастикалық комиссияның шешімі шыққан еді, бірақ іле-шала көшелер мен мекемелерге ат беруге мораторий жарияланып, бұл іс тоқтап қалды. Осы өткен жазда мораторий күшін жойған соң, Қуат Есімханұлы Астана қалалық әкімдігінің алдына қайта мәселе көтеріп, құжаттарды жаңалап тапсырды.

2014 жылы Баян батырдың туғанына 300 жыл болады. Осы айтулы оқиғаға байланысты "Баян батыр" қоғамдық қоры мерекелік шаралар жоспарын құрып, даярлық жұмыстарын жүргізуде. Осы жоспарға сәйкес, Павлодар қаласында Баян батырға ескерткіш орнатылмақ, ғылыми конференция өткізілмек. Қазір еліміз бойынша батырдың ескерткішін орнату жұмысына кеңінен қолдау көрсетіліп, демеушілік жасау мақсатында "Баян батыр" қоғамдық қорының есеп-шотына қаржы аударылуда.

Есмұханбет СМАИЛОВ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор,

Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Қолданбалы математика институтының директоры.


Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 1 мамыр. – 10 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий