Зікірін Т. «Гимназия» мәртебесіне лайық мектеп // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 11 қыркүйек. – 3 б.

7 октября 2014 - Садыкова А.

Тимирязев жалпы білім беретін қазақ мектеп-интернатында оқушыларға сапалы білім берумен қатар, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді насихаттауда, үштұғырлы тіл саясатын іске асыруда айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Шалғай аудандағы білім ордасына облыстық мәслихаттың депутаты Айман Асанова жетекшілік етеді. Ол ұжымды ортақ іске жұмылдыра отырып, оқу орнының алдыңғы қатарлы қазақ мектебі атануы үшін мектеп ұстаздарымен бірге жан сала қызмет етуде.

Осыдан жеті жыл бұрын "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасының аясында алғашқы лекте пайдалануға берілген 400 орындық мектеп ғимаратының жайнап тұрғаны жан сүйсіндіреді. Жаңа оқу жылының алдындағы мектептің келісті кейпінен оны ұжымның ұқыптылықпен ұстап отырғанын аңғарасың. Мектеп жанында 150 орынға шақталған интернат және 30 бүлдіршінге арналған "Еркетай" шағын орталығы жұмыс істейді. Білім ордасы осызаманғы озық технологиялық оқу құрал-жабдықтарымен жарақтанған. Үлкен спорт және акт залдары, бассейні бар. Бір сөзбен айтқанда, оқушылардың жақсы білім мен тәрбие алуына жан-жақты жағдай жасалған.

- Мектеп ашылған жылы бізде 190 бала оқыды, оның 120-сы төңіректегі ауылдардан болды. Қазір оқушылар саны 220 баладан асып барады, соның ішінде жергілікті Тимирязево ауылының оқушыларының саны -150. Сонымен бірге, дайындық тобында 15 бала бар. Ауданның басқа елді мекендерінен келіп оқитын 70 оқушы интернатта тұрады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап бастауыш сыныптарда ұзартылған күн топтары ашылды. Бізді жыл сайын мектептегі оқушылар санының көбейіп келе жатқаны, әрине, қуантады. Десе де, ауылымыздағы қазақ отбасыларының ішінде әлі де болса балаларын орыс мектебіне беретіндердің көп екенін айтпасқа болмайды. Әрине, олардың білім сапасы басымырақ болып отырған Сәбит Мұқанов атындағы мектеп-гимназиясына бүйректері бұрып тұратынын түсінеміз. Сондықтан ұлтымыздың ұландарын ұлттық мектепке көбірек тартуды ойласақ, өзіміздегі білім деңгейін көтере тусуіміз үшін күресуіміз керек, - дейді Айман Серікқызы.
Мұнда қазір 7 өзге ұлт өкілі білім алып жүр. Оған бір мысал, Эльвира Левченко есімді оқушы 9-сыныпты жақсы оқып бітірді. Оны анасы 3-сыныпқа өзі жетелеп әкеліп қосқанда қазақ тілін мүлде білмейтін баланың оған төселіп кеткені сондай, қазір аудандық және облыстық Абай, Мағжан оқуларына қатысып жүр. Ап оның сыныптасы Ниеля Адамоните Абай оқуларында облыста үшінші орын алды. Сол сияқты, ағылшын пәні мұғалімі Маргарита Антонова облыстық "Тіл шебері" сайысына қатысып, жүлделі орыннан көрінді.

Мектеп басшысымен әңгімелескенде тәлімді ұстаздың білім ордасына гимназия мәртебесі берілгенін қалайтын пайымды ұстанымы барын байқадық. Депутат бұл жайында мәслихаттағы әріптестерімен де пікірлесіп, олардан қолдау тапқан. Айман Серікқызының ойынша, облыс орталығында ғана болмаса, аудандардағы елді мекендерде гимназия, лицейлер өте аз, соның ішінде қазақ білім ошақтары жоқ деуге болады. Жаңа үлгідегі, материалдық-техникалық базасы осыған сұранып тұрған Тимирязев қазақ мектеп-интернаты оған әбден лайық. Егер онда қаладағыдай нақтылы пәндерді тереңдетіп оқытатын оқу орындарындағыдай болмаса да, гуманитарлық бағыттағы гимназия ашылар болса, оған көршілес Ғ. Мүсірепов атындағы және Шал ақын аудандарындағы ауыл мектептерінің озат оқушылары ұмтылмас па еді? Онда болашақ тарихшы, әдебиетші, журналист мамандықтарының иелері білім бұлағынан нәр алар еді.

Жүзеге асырылар болса, бұл жақсы ұмтылыс. Оның мектеп пен интернат толымдылығына да оң әсері болары сөзсіз. Сырттан келіп оқитын ауыл балаларына интернатта орын жеткілікті, қажетті жағдай жасалған. Ең бастысы, осы ауылдағы мектеп-гимназиядағыдай оқу үлгерімі жақсаратын болады. Онда бұл мектеп биылғыдай ҰБТ-ның 66,7 балын місе тұтпай, гимназиядағыдай орташа 80-90 балға ұмтылары анық. Олардың биылғы үш "Алтын белгі" алған қазақ балалары болашақта бұлардың босағасынан шықпасына кім кепіл? Әйгілі ұстаз Михаил Залевскийдей осындай бір гимназия ашып, жетістікке жетуді Айман Серікқызы да армандайды.

- Біздің оған толық мүмкіндігіміз жетеді. Мектепте барлығы 32 мұғалім қызмет етсе, олардың 4-еуі -жоғары санатты ұстаздар, ал 11-нің екінші және 15 мұғалімнің үшінші санаттағы білімдері бар. Алғашқы жылдағыдай емес, қазір кадрлар тұрақтанды. Сол себепті білім беру сапасы да арта бастады. ҰБТ-да көрсеткішіміз жылма-жыл өсіп келеді. Оған биыл Ақылбек Мусин атты түлегіміздің "Алтын белгіге" қол жеткізуі дәлел. Ондай биік белестен 2011 жылы тағы бір түлегіміз — Айнұр Әбдрахман да көрінген болатын, ол қазір Алматыдағы әл-Фараби атындағы ұлттық университетте заңгерлік білім алып жүр. Жас ұстаздардың "Дипломмен - ауылға!" бағдарламасы бойынша ауылда тұрақтап қалып жатқаны қуантады. Соның ішінде өз түлектеріміз де бар, атап айтқанда, мектептен түлеп ұшқан үш оқушымыз аталмыш бағдарлама бойынша ауылға оралып, бізде қызметке тұрды. Олар: математика-физика пәнінің мұғалімі Эльмира Магаева, қазақ тілінің маманы Әсем Мақатаева және биолог Анар Ескендірова. Бәрі сол бағдарлама аясындағы әлеуметтік қолдау пакеттеріне ие болды. Жастарымыз өздерінің жол бастар аға-апаларына арқа сүйейді. Осындай тәжірибелі тәлімгерлігі мол ұстаздар қатарында химия пәнінің мұғалімі Зият Ескендіровтің, орыс тілі маманы Бәтима Сүлейменованың және тарихшы Жәнібек Жолдыбайдың есімдерін атауға болады, -дейді мектеп басшысы.

Сондай-ақ, осы ұлағатты ұстаздардан дәріс алған түлектердің сынаққа дайындық көрсеткіштерінің өте жоғары болғанын білдік. Сондықтан мектеп бітірген 19 түлектің 14-і ҰБТ сынағына қатысыпты. Білім ордасы электрондық оқыту жүйесінің "Элеунинг" бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Ұжымдағы оқу-тәрбие жұмысының жақсы жолға қойылуына интернаттың да қосып отырған үлесі бар. Онда тәрбиеленушілерге барлық жағдай жасалған, олармен 10 тәрбиеші жұмыс жүргізеді. Интернат оқушылары бес мезгіл тамақтандырылады, бос уақыттарында жаттығу залына барады, бассейнде суға түседі немесе шаңғы және хоккей ойындарымен айналысады.

Даярлық тобындағы балалар үшін мектеп жанындағы шағын орталықтан 15 орын бөлінген. Мұнда ұзартылған күн тобындағы балалар да демалады. Мектеп жанында арнайы футбол алаңы салынған. Оған жеке кәсіпкер Қайырбай Хамзин демеушілік жасапты. Жалпы білім ордасында мәдени-спорт шараларына айрықша көңіл бөлінеді. Мектепте "Арай" қазақ ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді. Ол аудандық қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Ұжым басшылығының, ұстаздары мен оқушыларының ұйымдастыруымен жыл сайынғы Мәуліт мерекесі жоғары дәрежеде өтіп жүр. Аудандағы алғашқы қазақтілді КТК жарысына қатысқан мектептің "Алаш жастары" командасы облыстық сайыста екінші орынды еншіледі.

Жалпы мектептегі білім озаттарының, өнерпаздары мен спортшыларының облыстық, республикалық бәйге-жарыстарда қол жеткізген жетістіктері аз емес. Оған бірер мысал келтірсек, 9-сынып оқушысы Айғаным Қыдырғалиева тарих пәнінен республикалық олимпиадада 1-орын алып, "Балдәурен" сауықтыру лагерінде тегін демалып қайтты. "Өзін-өзі тану" пәнінен осындай додалы жарысқа қатысқан Жібек Жүсіпова республикалық "Бөбек" лагерінде демалды.

Мұндай оқу ісіндегі және тәрбие жұмысындағы көзге түсер жетістіктерді мектеп өмірінен көптеп келтіруге болады. Алдына білім беру деңгейін көтере отырып, жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен рухани құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеуді мақсат еткен мектеп ұжымы бүгінгіден де биік белестерден көрінуге ұмтылуда. Бұл жолда олардың гимназия мәртебесін алу үшін жас ұрпаққа бүгінгі уақыт талабына сай білім нәрін себуді мақсат етері сөзсіз.

Тоқтар ЗІКІРИН

СУРЕТТЕРДЕ: мектептің сыртқы көрінісі; мектеп директоры А. Асанова

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ

Тимирязев ауданы.


Зікірін Т. «Гимназия» мәртебесіне лайық мектеп // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 11 қыркүйек. – 3 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий