Тың туралы туынды

19 сентября 2014 - Садыкова А.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатында тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына орайластырылған "дөңгелек үстел" ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың қатысуымен өткен аталмыш іс-шара барысында "Тың эпопеясы" тарих таразысында" атты жаңа кітап таныстырылды.

Өз еңбегінің арқасында алғашқы тыңгерлерге және жалпы оқырман қауымға ерекше сыйлық жасаған Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова кітаптың мазмұны, оны шығарудың мақсаты жайында айтты. Қазақ тілінде жарық көрген кітапта тың игерудің тарихы, 1954-1964 жылдардағы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын реформалау және кеңестік аграрлық саясаттың солтүстік аймақтарда жүзеге асуы, тың игерудің зардаптары жайында жазылған.

Қонақтар атынан сөз алған алғашқы тыңгерлердің бірі - Петропавл қаласының тұрғыны, Социалистік Еңбек Ері Мағауия Алазов жастық шағын, еңбек жолын еске алып, жастарды жұмыла жұмыс істеуге шақырып, еліміздің көркеюіне үлес қосудың маңыздылығына тоқталды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов кітаптың құндылығына тоқтала келе, алдағы уақытта оның ауқымын кеңейтіп, жұмысты жалғастырудың қажеттілігін айтты.

Жиналғандар бұл күні 2014 жылдың атаулы және есте қаларлық күндері енгізілген жаңа күнтізбені бағалап, ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, қалың қауым "Тың эпопеясы" кітабын алдағы уақытта орыс тілінде де шығару жөнінде ұсыныс білдірді.

"Дөңгелек үстел" аяқталған соң жиналғандар "Тыңға - 60 жыл" тақырыбы аясында ұйымдастырылған көрмені тамашапап, естелік суретке түсті.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
"Солтүстік Қазақстан".
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.


Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 29 сәуір. – 2 б.

Комментарии (1)
Мурат Темиров # 30 сентября 2014 в 20:57 0
Добрый день ! Где можно купить книгу ?
Добавить комментарий RSS-лента RSS-лента комментариев