"Сыр сандығым Қызылжар"

19 сентября 2014 - Садыкова А.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де филология ғылымының кандидаты, профессор Зарқын Тайшыбайдың "Сыр сандығым - Қызылжар" атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Аталмыш шараға облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің Тіл және әдебиет институтының ұжымы, облыстық ономастика комиссиясының мүшелері, мұрағат қызметкерлері, тарих пәнінің мұғалімдері мен студенттер қатысты.

Зарқын Сыздықұлының зерттеу еңбегінде солтүстік өңірдегі азаттық күрес, 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі қазақ ауылдары бастан кешірген қайғылы жайттар, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде өлке жұртының өмірінде болған бедерлі оқиғалар туралы бірқатар мәселелер тұңғыш рет көтерілген. Танымдық тұсы мол басылым қалың көпшілікке арналған. Әсіресе, облысымыздың тарихын білуге құмар жандар мен тарихшылар үшін таптырмас туынды. Ондағы соңғы жүз жылдың оқиғаларын айғақтайтын деректердің ішінен сол тұста ел басқарған қазақ азаматтары, Алаш белсенділері жайлы ақпарат мол. Ең бастысы, мұнда ұлт мәселесі қозғалады. Басылымды оқи отырып, бірнеше жыл бойы бодандықта болған еліміздің ұлттық болмысын жоғалтпағанын, өзін жеке мемлекет ретінде сақтап қалуға тырысқанын аңғарамыз.

Кітапқа пікір жазған Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының директоры, тарих ғылымының кандидаты Сәуле Мәлікованың айтуынша, автор бұған дейін Абылай хан тарихын көп жыл бойы зерттеу нәтижесінде "Мәдени мұра" сериясымен ұлы бабамыз туралы төрт томдық жинақты жарыққа шығарған. "Зарқын Тайшыбай 40 жылдан астам уақыт бойы жергілікті мұрағаттардағы еңбектерді зерттеп, өлкетану ісіне зор үлес қосты, университетке жұмысқа тұрғанынан бері облыстық мұрағатпен байланысын үзген жоқ. Өлкетанушы ретінде ол мұрағаттан тапқан әрбір деректің маңызын жете ұғынып, оқырманына тез жеткізе біледі. "Сыр сандығым - Қызылжар" атты кітабында да автор жиырмасыншы ғасырдағы облысымыздың құрылу тарихын тың деректер келтіре отырып, зерттейді", - деді Сәуле Мәлікова. "Асыл мұра" орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев аталмыш кітапқа ұлттық тарихты зерделеуде аса құнды еңбек дүниеге келді деп баға берді. Ол кітаптағы "Қарқаралы петициясы" саяси құжаты туралы тарауды оқып шыққан. Онда қозғалған қазақ тілінің жағдайы күні бүгінге дейін қозғалуда, дейді қаламгер. Расында да, 20-сыншы жылдарында облыс кеңселерінде, соттарда іс қазақша жүргізілсін деген талап осы уақытқа дейін айтылып жүр. Қалалық классикалық гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Альбина Некібаева жас ұрпаққа туған жерінің тарихын оқытып, үйретуде аталмыш туындының маңызы ерекше екендігін айтады. Оның пікірінше, тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көру, білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі. Жас мұғалім: "Біз осы мақсатта оқушылармен бірге "Сыр сандығым - Қызылжар" кітабын жан-жақты талдап шықтық. Балалар басылымдағы деректерді ғылыми жұмыстарына пайдалануда", - деп атап өтті. Зарқын Тайшыбайұлының өзі жастарды тарихты терең оқуға шақырды.

Тұсаукесер барысында оқырман қауымға Зарқын Тайшыбайдың тарихи зерттемелері мен солтүстік өңір тарихы туралы кітаптарының көрмесі ұсынылды. Кітап облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы негізінде жарық көрді.

 

Гүлбике КУБЕНОВА, "Солтүстік Қазақстан".

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.


Солүстік Қазақстан. – 2014. – 13 ақпан. – 14 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий