Естен кетпес кездесу немесе Ғабеңнің аманаты

1980 жылдың жазы болатын. Дәл сол жылы қызылжарлықтар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың 80 жылдығына арналған мерейтойды өткізуге кірісіп кетті.
Осы мерейлі жиынға орай Қызылжарға үлкен делегация келіпті дегенді естідік. Есімдері елімізге белгілі ақындардан, жазушылардан, бір сөзбен айтқанда, сөз өнерін өмірлеріне серік еткен қаламгерлерден құралған делегацияны атақты жазушы Ғабит Мүсірепов бастап келді.
Көп ұзамай делегация мүшелері өзім қызмет атқарып жүрген С.М.Киров атындағы зауытқа да ат басын тірейді деген әңгімені құлағым шалды.
Бұл ұжымға келгеніме аз да емес, көп те емес, он жылдай уақыт болған. Негізінен қоғамдық жұмыстармен айналысамын, зауыттың азаматтық қорғанысын басқарамын.
Қонақтар зауытқа келіп, цехтарды, бөлімдерді аралап, жұмысшылармен кездесулер өткізді. Оларды зауыттың сол кездегі директоры Мидхат Сүтішев өзі аралатып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен, қызметкерлердің мақсат-міндеттерімен жақынырақ таныстырды.
Олай болуының да жөні бар. Мидхат Сүтішев - татар ұлтының өкілі. Зауыттың тізгінін аттай жиырма бес жыл бойы ұстаған іскер басқарушы еді.
Жоғары білімі болмаса да оқып-тоқудың, өз бетімен ізденудің, алға ұмтылудың арқасында зауыттың әлеуетінің артуына бар күш-жігерін жұмсады.
Ұжымға ол басшылық еткен жылдары халық көп тұтынатын тауарға конкурс жарияланып, оның тікелей басқаруымен біздің кәсіпорын жеңімпаз атанды.
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" демей ме? Мидхат Усманұлы солтүстікқазақстандықтарға, соның ішінде қазақ халқына қолынан келген жақсылығын аяған жоқ.
Қабілетті, дарынды қазақ жастарының қолтығынан демеп, үлкен өмірдің баспалдағымен көтерілуге хал-қадірінше атсалысты.

Ол кез келген адамды бір көргеннен-ақ танушы еді. Бір сапарында Мәскеуден көңілі өте көтеріңкі оралды. Мені шақырып алып: "Мәскеуден келе жатқанда қазақтың бір жас жігітімен ұшақтың салонында қатар отырдым.
Ол Теміртау комбинаты партия ұйымының хатшысы екен. Орталық комитетке барып, ұжымды толғандырған бірқатар мәселелерді жеткізген екен.
Есіңде болсын, мен айтты деп жүрерсің. Осы жігіт ертең Қазақстанды басқаратын болады", - дегені әлі күнге дейін ойымнан шыққан емес. Айтқаны айдай келді.

Ол жас жігіт қазіргі Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екен ғой.
....Кабинетімде отыр едім. Телефон шыр ете қалды. Директордың хатшысы екен:"Сізді бастық шақырып жатыр", - деді. Келсем, Мидхат Усманұлы өзі ғана отыр екен "Зауытқа тойға келген делегацияның бір тобын жазушы Ғабит Мүсірепов өзі басқарып келді. Зауыттың тынысы оларға өте ұнады.
Меймандар қазір музейді аралап жүр. Содан кейін асханада оларға дәм береміз. Сен де олармен бірге бол", - деді ол.
Қонақтарға біздің зауыттың ұнамауы мүмкін емес еді. Құрылысы сапалы жүргізілген. Ақ кірпіштен қаланғаң үш төртқабатты әсем ғимарат көздің жауын алады. Ортадағы алаңның бір жақ шетіне қарай мұнарасы құлатылғаң күйдірген қызыл кірпіштен тұрғызылған мешіт.
Қасында сондай кірпіштен қаланғаң көз тартатын әшекейлері бар молланың үйі. Ортада С.М.Кировтың ескерткіші. Суы аспанға атқылаған субұрқақ. Айнала неше түрлі ағаштар: шырша, қайың, қарағай, талдардың әлденеше түрі бар. Субұрқақтың қасынан алаңды кесіп өтетін аллея. Оның ұзын бойы иісі аңқыған гүлдер.

Ұжымның тарихы да өте бай. Мидхаттың әлгі айтқан сөзінен өн бойымды мақтаныш сезімі билеп, демімді ішіме тартып, кең тыныстадым. Асханаға айтылған уақыттан сәл бұрын бардым. "Қазір қонақтар келеді. Мен осы Ғабит Мүсірепов жайында не білемін? Оқуды Ресейде бастап, Қазақстанда жалғастырсам да қазақтың қабырғалы қаламгерлерін аса танымайды екенмін.

Орыс мектебінде оқып, қазақ ақын-жазушыларынан Жамбылдан басқа кімді білдік? Елге оралғаннан кейін өз еркіммен оқығаным - "Солдат из Казахстана". Бұл,қателеспесем, елуінші жылдардың аяғында жазылған Кейін "Улпан ее имя" романын жата-жастанып оқыдым.
Кітап өте ұнады. Баяғыда үлкендердің аузынан естіген адамдардың есімдері шығарманың басты кейіпкерлеріне айналған. Есеней, Кенесары, Сегіз сері, Тоқсан би сияқты қазақтың жоғын жоқтаған ұлы тұлғалар. Ұлпан өте сүйкімді бейнеленген екен.
Қазақта да осындай көзі ашық, көкірегі ояу, үріп ауызға салғандай сұлу, ақылды әрі мейірімді әйел болғанына шын жүректен қуандым. Осы тектес ойлар жүрегімнің түкпірінде атой салды.
Осыдан кейін Ғабеңнің қаламынан туған тарихи, тың туындыларды қызығушылықпен оқи бастадым. "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Ақан сері - Ақтоқты" пьесаларын дуниеге әкелген Ғабең екенін білгенде оған деген сүйіспеншілігім, құрметім арта түсті.
Осындай ұлы жазушыны қасиетті Қызылжар топырағы тудырып, әлдилегені үшін қуандым. Енді, міне, санаулы минуттардан кейін сол ұлы адамның өзі келеді. Қобалжу бар ма? Әрине, бар. Мінекей, терезелердің арғы жағынан қонақтар да көрінді.
Кәсіпорын басшысы өзі бастап алып келе жатыр. Қасында Ғабең бар. Бірден тани кеттім. Портретін кітаптарынан әлденеше рет көрдім ғой. Орта бойлы, маңдайы жарқыраған, басын сәл жоғары ұстайды екен, көзілдірігі болды-ау деймін. Саспай маңғаз басып жылжып келеді. Киімі өзіне құйып қойғандай жарасымды.
Кіреберісте қарсы алып, дастарқанға шақырдық. Тақтайдан жасалған ұзын үстелдің басына Ғабең жайғасты. Сол жағында - Мидхат.
Оң жағында - мен Үстелдің төр жақ бетінде Сәбеңнің жұбайы - Мәриям апай, үлкен ұлдары Арыстан отырды. Басқа қонақтардың аты-жөндері есімде қалмапты. Ғабең зауытты аралағандағы жақсы әсерін жеткізді. Тамақ ішіліп, отырыстың көркі қыза бастаған кезде Ғабең Мидхатқа қарап: "Менің сіздерге бір өтінішім бар. Рұқсат етсеңіздер соны айтайын", - деді. Отырған жұрттың бәрі Ғабеңнің сөзіне құлақ түрді.
- Менің туғандарым, бауырларым Жамбыл ауданындағы Жаңажол кеңшарында тұрады. Жаңа-жол Сәбит Мұқановтың кеңшарынан бөлініп, өз алдына отау болғанына көп уақыт өте қойған жоқ.

Жағдайлары онша емес. Сырттан көмек болмаса, аяқтарына тік тұруы ұзаққа созылары көрініп тұр. Зауыттарың бізге өте ұнады. Қал-жағдайларың жақсы екен. Менің де еліме сіздердей жұрттың қамын ойлайтын мықты бастық болса ғой", - деді де Мидхатқа бір, маған бір қарады. Мидхат сезімтал,шапшаң адам болатын.

Ғабеңнің сұраулы жүзбен айтқан әңгімесіне лезде жауап қайтарды.
- Өтінішіңізді қуана қабылдар едік. Бірақ жақында біздің зауыт "Булаево" кеңшарына шефтік көмек көрсетті. Бізді ол ұжымнан босатса, қарсы болмас едік,-деді.Ғабең сөзін әрі қарай жалғастырды.
- Сәбит Мұқанов менің жерлесім. Ол өзінің туған еліне көп көмек көрсетті. Мен әртүрлі себептермен өзімнің туған еліме осылай көңіл бөле алмадым.
Енді, міне, сәті түссе, сіздердің көмектеріңізбен перзенттік парызымды өтер едім. Маған сіздердің шефтік көмек көрсетуге қарсы емес екендеріңізді білу керек еді. Ендігісін Алматыға барған соң өзім шешемің - деді.
Сәбит Мұқановтың сексен жылдық тойы өзінің туған елінде дүркіреп өтті. Қазақтың дүбірлі тойларында ұйымдастырылатын ойын-сауықтар: атжарыс, балуандардың күресі, ақындардың айтысы, мүшәйрасы, бәрі-бәрі халықтың көңілінен шықты.
Той-думан тарқап, қонақтар елдеріне оралып, әркім күнделікті күйбің тірліктің шаруасымен айналысуда. Жайдары жаз бітіп, қоңыр күз де жақындап қалған.
Осындай күндердің бірінде Мидхат мені кабинетіне шақыртты.
Барсам, партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы сияқты ұжымның тағы да басқа белді адамдары отыр екен.
Менен бұрын бір мәселені талқыласа керек. Мені республика Министрлер кеңесінің шешімімен таныстырды. Бізді "Булаево" кеңшарының шефтігінен босатып, Ғабит Мүсірепов кеңшарын қамқорлыққа алуға міндеттепті.
Отырғандар менің Жаңажолға барып мән-жаймен танысып келуімді, тұрғындардың жағдайын бақылауымды өтінді.
Әрине, мен қарсы болмадым. Өйткені, Ғабеңнің айтқан аманаты есімізде жаңғырып тұр ғой. Осылайша, Ғабеңнің еліне Киров зауытының ұжымы көмек қолын соза бастады.

Шериаздан Башеев, еңбек ардагері


Башеев.Ш.Естен кетпес кездесу немесе Ғабеңнің аманаты //Солтүстік Қазақстан. – 2017. – 16 наурыз. – 5 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий