Ұлтының ұлылығын аңсаған жазушы


Жерлесіміз, қазіргі Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылының маңындағы Елтінжал орман баурайындағы қыстақта мұсылман күнтізбесі бойынша жыл басы саналатын наурыз айының 22-сінде дүниеге келген, көзі тірісінде сөз зергері атанған қазақтың классик жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдеби сыншы, аудармашы, драматург, Қазақстанның халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің туғанына ертең 115 жыл толады.
Ғабең өзінің өмірбаяндық әңгімелерінің бірінде былай деп жазады:
...Менің туған жылым астрономиялық дәлдікпен анықталған... "Көзі соқыр жирен атты қасқыр талаған күзден кейінгі көктемде, күн мен түннің теңеліп, Сиыр жылынан Барыс жылына ауысатын күні дүниеге келіппін.
Қыс әлі кетпеген, көктем әлі жетпеген. Наурыз екен. Егер Сиыр жылына жатқызсақ, онда келешекте сиыр табындарына қожа болып, өмірі тоқтықта өтеді, Барыста туса -ол да жаман болмас, оған кімнің жүрегі барып қарсы келер...".
Әрі құда, әрі жерлес болғандықтан ба, туған жерге келген сайын облыстық партия комитеті арқылы мені қосшы етіп алып кететін. Ол осы жақта жанына ерте келген жолдастарымен қанша күн болса да редакциядағы қызметімді доғара тұрып, солармен бірге болатынмын.
Сондай сапарларының бірінде, яғни 1978 жылы жанына қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков пен аудармашы Алексей Белялиновты ерте келді. Бұл Ғабеңнің "Ұлпанды" жазып жүрген кезі еді.
Автор бұл шығармасын сыпайылықпен повесть деп атаса да, жазушылар да, қалың оқырмандар қауымы да оны роман деп жоғары баға берді. Алексей Белялиновты ертіп келген себебін "Ұлпан" романындағы оқиғалардың болған жерімен таныстыру ғой деп топшыладым. Сонда романды орысшаға аударуға да оңай болмай ма?
Ғабеңнің туған ауылына келгенде ат байлайтын інісі Әшімнің үйі қонақ күтуге онша бапты болмады. Сондықтан аудан, кеңшар басшылығы үй алдына жылжымалы дала қосын қойған.
Ішінде жататын орындары, жуынатын жері бар. Қонақтар ауыл адамдарымен Әшімнің үйінде қонақасы ішіп, түн ортасына дейін әңгімелесіп отырады да, осы қосқа келіп демалады. Сондықтан келесі күні жайымен тұрады. Сондай күндердің бірінде күн шыға оянған Ғафу Қайырбеков, сол кездегі облыстық телерадиокомитеттің қазақ редакциясының бас редакторы, ақын Мүталләп Қанғожин үшеуміз есік алдында жүр едік, осы ауылдың тумасы, Тимирязев ауданындағы мектептердің бірінің директоры болып істейтін Жасұлан Қадіров жанымызға келіп, Ғабеңнің қайда екенін сұрады.
- Классик ұйықтап жатыр, жарты классик ұйқылы-ояу, - деді жұлып алғандай Ғафу Қайырбеков. Жарты классигі - Алексей Белялинов оянса да тұруға ерініп жатыр еді.
- Ғабеңді оятып жіберсең дұрыс болар еді, баратын жеріміз алыс, үйге қайтып бара жатырмыз, сәлем беріп кетейік, Ғабең шешемді жақсы білуші еді, - деп маған қолқа салды Жасұлан ағай.
Мен Ғабеңді ояттым. Ыңырана тұрып, жайлап киінді де сыртқа шықты. Жасұланның сәлемін алғаннан кейін шешесі Зейтін екеуімен шүйіркелесе әңгімелесті. Олар осы жолы "Интернационал" кеңшарына соғып, қонақ болып кетуін өтінді. Ғабең келісімін бермеді. Рахметін айтып, шығарып салды. Содан кейін маған қарап:
- Амандық, мен тәтті ұйқыда жатыр едім, әрең тұрдым, сәлем бере келгендердің бәріне оята бермегенің дұрыс, - деді.
Осы сәтте Ғабең шығармаларының біріндегі Игілікке берген мінездемесі есіме түсті"Қастары қиғаш-қиғаш біткен қара кісі паң да, тәкаппар да емес. Дауысын көтере сөйлегенің бір адамға суық жүз көрсетіп, қабақ шытқанын ешкім көрген де, естіген де емес.
Ала көзін бір төңкеріп, қалың қабағын бір түйіп қалса, бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді.
Бірақ күш белгісін көрсетуді ол ұмытқан адам сияқты. Айбар барын өзі де жақсы білетін болғандықтан, құдірет тізгінін қаңтарып ұстайды.
Бұйырғаны-өтінгендей ғана, келісім айтқаны - бітім айтқандай ғана". Бұл Ғабеңнің дәл өзі емес пе? Ақырын айтылған қатты сөзден қорытынды шығардым.
Сөз зергерінің шығармашылық жолындағы белесті туындыларының біріне айналған "Ұлпан" романында басты кейіпкерлер - Керей ішіндегі Сибан руының бас көтерер адамы, биі, болыс басшысы Есеней және ел анасына айналған Ұлпанмен бірге екі Мүсірепке де ерекше орын берілген. Солардың бірі - "Түркпен" Мүсіреп.
Ол Есенеймен дос болса, әйелі Шынар Ұлпанмен етене жақын араласқан құрбысына айналады. Романда сонымен бірге күйші, сыбызғышы, атқұмар, киімді талғап киетін, сері ретінде суреттелетін "Түркпен" Мүсіреп кім? Оның Ғабеңе қатынасы қандай? Енді соған тоқтала кетейін.
Менің балалық бал шағым өткен Қарақамыс, Октябрь, Ақбалық, Жалтырша, Жаңажол - қойлары қоралас, бір-бірімен аралас ауылдар. Оның үстіне Жаңажолдағы "Түркпен тұқымы" деп аталып кеткен Сибан руы ұрпағымен құдандалымыз. Менің үлкен ағам - Сапи осы тұқымның Мақанының қызы- Әсимаға үйленген.
Мақан байдың жылқысын баққан адам. Әке-шешесі дүниеден өтіп, жетім қалған Сәбитті қарамағына бақыршы бала етіп алған екен.
Бұл тұқым Керей ішінде Сибанға жатады. Сибанның шын аты Әзім болса керек. Оны жеңгелері еркелетіп әрі дәстүр бойынша атын атамау үшін Сибала дейді екен.
Содан Сибан атанып кеткен деседі. Сибаннан бірнеше ұрпақтан кейін барып Ақпанбет, Тоқпанбет туады. Ақпанбеттен Сейіт, одан Естемес, одан Есеней туады.
1852 жылы Құсмұрын округының аға сұлтаны болып сайланып, одан кейін Керей-Сибан болысының аға сұлтаны болған атақты Есеней осы. Жаңажол ауылының маңындағы Есеней бүркеуі соның қыстауы.
Тоқпанбеттен Шыныбай туады. Гәп осы Шыныбайдан басталады. Құдамыз Мақанның айтуы бойынша, ертеде қазақ жеріне қызығушылар көп болған ғой.
Қазір де аз емес-ау! Солардың ішінде Кіші жүз, яғни елдің батысындағы жер үшін түркпендермен талай дау-дамай, ұрыстар болған деседі.
Сондай соғыстың біріне мінезі тентектеу Шыныбай да қатысады. Сол соғыста ол ерлік көрсетіп, тұтқынға алған 13-14 жасар бір түркмен баласын ауылына ала келеді.
Балаға мал бақтырып қояды. Ержетісімен оған Сибанның бір қызын қосады. Содан тараған ұрпақ Түркпен тұқымы атанып кетеді.
Шыныбайдан тараған Еламаннан Әсіреп, Мүсіреп, Кенжетай дүниеге келеді. Мүсірептен Кәжімбай, Ботпай туады. Кәжімбайдан -Махмұт, Ақан, Мақан, Самұрат. Осы Мақан біздің құдамыз.
Тарихтан білетініміз, ертеде патшалар тоқалдыққа басқа елдердің қыздарын алған ғой. Ондағысы, біріншіден - екі ел арасындағы татулықты, ынтымақты, сауда-саттықты нығайту болса, екіншіден – артында ақылды мұрагер қалдыру болса керек. Екі ұлттың қанының араласуынан туған балалар өздерінің құрбы-құрдастарынан ақылы, парасаты жағынан көш ілгері тұрған ғой.
Жаңажолдағы түркпен тұқымы туралы да солай айтуға болады. Мысалы, Ғабиттің үлкен ағасы - Хамит Махмұтұлы ауыл молдасынан хат таныған, кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қызылордада оқып, мұғалімдік білім алған.
Жаңажол Явленка, Орталық ауылдарында көп жылдар ұстаздық етіп, сол кездегі ең жоғары награда -Ленин орденімен марапатталған.
Тағы бір ағасы Сәбит Махмұтұлы -көп оқымаса да ауылда кілтші, бригадир болып істеген, дүниеден ерте өткен.
Інісі Баязит Қостанай облысында МТС (машина-трактор стансасы, қарамағында он шақты кеңшар болатын) саяси бөлімін басқарған. Меңдіғара аудандық атқару комитетінің төрағасы, облыстық "Коммунизм жолы" газетінің еңбекшілер хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, облыстық мұражай директоры қызметтерін атқарды.
Қарындасы Гүлсім Махмұтқызы Жанғожина - Мәскеу өнер училищесінде оқып, денсаулығына байланысты елге оралып, оқытушылық білім алған.
Көкшетау облысындағы бұрынғы Қызылту ауданында мұғалім болып істеген жылдары даңқты жерлесіміз Ермек Серкебаевқа дәріс берген, "Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі" атағын алған, "Еңбек Қызыл Ту" орденімен марапатталған. Ақбалық жетіжылдық мектебінде бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді.

Махмұттың кенжесі - Әшім де сауатты адам еді. Қазақстанның астанасы - Қызылордада болған жылдары кітап баспасында корректор болып істеген. Сәбит Мұқановтың "Жұмбақ жалау" романының корректоры болған.
Бірақ ыстық моншадан шыққаннан кейін суық тиіп, құлағы естімей қалғандықтан ауылға оралып, ұста шебері болды. Темірден түйін түюші еді.
- Әттең денсаулығы келмеді ғой, әйтпесе менен де артық жазушы болар ма еді, қайтер еді, - дейтін Ғабең ол жөнінде.
Ғабит ауыл молдасынан арабша сауат ашқан. Содан кейін оны Қостанай облысындағы Обаған өзенінің бойында тұратын нағашысы алып кетеді де, мектепке оқуға береді.
Сонда оқып жүріп өзінің зеректігімен көзге түскен Ғабитті ұстазы Бекет Өтетілеуов Қостанай облысындағы Пресногорьков станицасындағы (қазір Ұзынкөл ауданына қарайды) "Жоғары бастауыш училищесіне" орналастырады.
Оқу орысша, бірақ Ғабит орысша бір сөз білмесе де есеп сабағына зерек болады.
Ғабең бұрындары ауылға келген сапарларында жазушы-жерлесіміз Иван Шуховтың "Қасірет белдеуі" романында айтылғанындай, орыс жерін сыртқы жаулардан қорғау мақсатында салынған бекіністердің бірі - Пресногорьков станицасына да соғып, өзі оқыған, сонау 1861 жылы қарағай бөренелерден салынған мектепке бас сұғып, орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Сильвия Михайловнаға жолығып қайтады екен.
Бертінде мектеп күйіп кеткеннен, ұстазы қайтыс болғаннан кейін ол жаққа баруын тоқтатыпты.
- Өмірбаянды әңгімемнен де оқыған боларсыңдар, менің жазушы
болатынымды ұстазым Сильвия Михайловна сонау 1920 жылы-ақ айтқан еді ғой. Қызық оқиға болды. Бір күні ұстазымыз орыс тілінен шығарма жазуды тапсырды.
Тақырыпты өзімізге таңдауға рұқсат етті. Сонда да бізге тақырып таңдауға бағыт-бағдар берді. "Көктемде диқандар егін себеді. Нан - бар байлықтың басы, осыны ұмытпаңдар! Оның үстіне Поволжьеде қазір аштық, оларға нан керек. Жуырда осында көктемгі жәрмеңке ашылды. Кейбіреулерің таяуда бандаларды құртуға қатыстыңдар. 'Міне, сендерге тақырыптар", - деді. Мен осының алдында ғана жәрмеңкеде болғанмын.
Шығармамда сонда көрген-білгенімді бар орысшамды салып жазып бердім. Бір-екі күннен кейін бізді мұғалімдер бөлмесіне бір-бірлеп шақырта бастады. Менің де кезегім келіп жетті. Ішке енсем, менің шығармамды мектеп директоры ұстап отыр екен. Қарасам көк сиямен жазылған шығармамның түзелгені сонша, қып-қызыл болып шығыпты.
- Жүз елу! Он беттік шығармамда жүз елу қате! - деп зілмен айтты директор. Түнжырғам түсті. Енді не істесем екен, оқуды тастап кетсем бе?-деп ойлап тұрғанда директор соңғы бетті көрсетті. Қарасам 5 деген баға қойылып, асты екі сызылыпты.
- Сильвия Михайловнаға рахмет айт, ол бізді сенен болашақта жазушы шығатынына сендірді, - деді жылы жүзді сөйлеп директор. Сол сәтте ұстазым маған күлімсірей қарап тұрды, -деп еске алатын Ғабең.
Бірақ Ғабит Мүсірепов жазушылықты бірден таңдаған жоқ. 1968 жылы Ғабең қасына партизан-жазушы Қасым Қайсеновты ерте келді. Сол жолы су қоймасын көру үшін Сергеев ауданына (қазір Шал ақын) бардық. Бұрын шағын ғана ауыл болған жерде үлкен қала орнаған. Жазушыларды аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Геннадий Бубнов қарсы алып, аудан туралы қысқаша мағлұмат бергеннен кейін Тың теңізіне апарды. Осы жерде тосып тұрған адамдар жазушыларды моторлы қайықпен теңіз айдынына қыдыртты.
Есіл өзенінің бойына қолмен жасалған теңіздің ұшы-қиыры жоқ сияқты сезінеді. Судың биік толқындары жағаға ұрып, ақ көбік шашады. Тоған үстінен асып жығылған су тереңге құлдилап ағады. Осы қатты ағыстан тасқа соғылған балықтарды қалт жібермейтін шағалалардың айғай-шуы алыстан естіледі. Осы бір тылсым тіршілік табиғатынан аңшы, сері Ғабит ағамызға ұнаған тәрізді. Ол көпір үстінен табиғаттың әсем суретіне, айналадағы құбылысқа таңдана қарап тұрды.
Теңіз астында қалған бұрынғы Марьевка ауылында талай болғанын, Пресногорьковтегі жоғары бастауыш училищесінде оқып жүрген кезде-ақ бандаларды осы жерге дейін қуып тастағандарын еске алды.

Ол былай болған екен. 1920 жылы Колчактың отряды толық жойылса да келесі жылдың көктемінде ақ бандалардың кеңес өкіметіне қарсы көтерілісі бұрқ ете қалған. Сол тұста Пресногорьковка училищесінің қолдарына қару ұстай алатын тоғыз оқушысы Дмитрий Ковалев басқарған отрядқа қосылады да, көтерілісшілерге тойтарыс беруге аттанады.
Үш ай жүріп, көтерілісті күшпен басып, училищеге қайтып оралады. Осының әсері болса керек, кейінде ұстазы Есім Досболовтың бастауымен Таузар болысында байдың балалары мен жақын туыстары басқарып отырған болыстық атқару комитеті төрағасы мен хатшысы, білім, жер бөлімдерінің меңгерушілері, тағы басқа да орындарды заңсыз тартып алғанда әскери киімді ұнатып қалған Ғабит Мүсірепов әскери комиссарлықты таңдап алады.
- Осы заңсыздығымызды сөкпей, губерниялық атқару комитеті қайта қызметімізді бекітіп берді. Алайда, тоғыз айдан соң бұл қызмет қысқарып, милиция бөлімі бастығының орынбасарлығына ауысып, "орынбасар Мүсірепов" атандым, - деп еске алатын Ғабең.
Даңқты жерлестеріміз, қазақ әдебиетінің қос классигі Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің өмір жолдарына қарап отырсақ, екеуінің де жазушылық жолға түсуіне кездейсоқ оқиғалар әсер еткенге ұқсайды.
Мысалы, Сәбең жылқышы Мақан бай ауылына азық-түлік әкелуге кеткенде бір тайды қасқырға талатып алмаса, мүмкін, оның бар өмірі мал соңында өтер ме еді, қайтер еді. Осыған ашуланған бай бақыршы баланы жұмыстан қуады емес пе! Жастайынан жетім қалған Сәбитті менің нағашы атам Ахметтің Шәймердені үйіне әкеліп, ауыл балаларын арабша оқытуға қойған ғой. Сонда жинаған азық-аулақ ақшасымен Сәбит Мұқанов алдымен Омбыға, одан сол кездегі Қырғыз (Қазақ) автономиялық республикасының орталығы болған Орынбордан бір-ақ шыққан.

Ал Ғабит Мүсірепов болса, Таузар болыстық милиция бөлімі бастығының орынбасары қызметінде көбіне мал ұрлығы, "барымталық" сияқты қылмыстарды ашумен айналысып, Пресногорьковка жоғары бастауыш училищесінде алған білімінің арқасында орысша хаттама толтыруға мақыштанып алады.
Бірақ осы дау-дамайға толы қызмет аса ұнамағасын Ғабит Мүсірепов одан өз бетімен қоштасып, бір жыл үйде жұмыссыз жүреді. Ал 1923 жылы жазда Сәбит Мұқанов ауыл жаққа келгенде онымен кездесіп, ақыры оған еріп Орынборға аттанады.
Мұнда да Ғабит Махмұтұлына бағына орай жақсы адамдар, білгір ұстаз кездеседі. Сәбит Мұқановқа еріп, тіпті Халық комиссарлар комитетінің төрағасы Сәкен Сейфуллиннің үйінде тұрып, жұмысшы факультетінде оқиды. Осында орыс тілінің оқытушысы Карл Безиннің арқасында Байрон, Пушкин, Лермонтов, Блок, Гете, Шиллер, Горький, Джек Лондон және басқа да ақын-жазушылардың шығармаларымен танысады. Ғабең тағы да Сәбит Мұқановтың арқасында сол кездегі "Еңбекші қазақ" газетінің жауапты хатшысы Бейімбет Майлинмен кездеседі.
Ғабеңнің жатақхана қабырға газетіндегі "Теңіз тепкісінде" деген атпен жазылған алғашқы әңгімесін кездейсоқ көріп қалған Бейімбет Майлин оны республикалық газетке жариялайды. Бұл жас қаламгердің шығармашылық шабытын арттыруға көп әсер етеді.
Жұмысшы факультетін бітірісімен-ақ шығармашылық жолға түсу мүмкіндігі бола тұра Ғабеңнің Омбы қаласындағы Сібір академиясына оқуға баруына не себеп болғаны белгісіз.
Оны жақсы оқып бітіріп, жоғары білім алғаннан кейін бір оқу жылы Бурабай орман техникумында сабақ береді. Сөйтіп, менің ойымша, Ғабең екі-үш жыл уақытын босқа жібергенге ұқсайды. Сонда да ұстазы Сильвия Михайловнаның көрегендік болжамы ақыры жүзеге асады. Жазушы Сәбит Мұқанов 1928 жылдың ортасында Ленинград мемлекеттік университетіне оқуға баратын болып өзінің орнына, яғни Қызылордадағы Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторлығына Ғабит Мусіреповті ұсынады.
Одан әрі Ғабең Қазақ АКСР Халық комиссариаты өнер секторының меңгерушісі, әр жылдары "Қазақ әдебиеті", "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газеттерінің, "Ара-Шмель" журналының бас редакторы, ВКП(б) Қазақстан өлкелік комитеті баспасөз бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Компартиясы орталық комитеті саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, қосымша Кеңестер Одағы Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарады. Ғабит Мүсіреповтің қоғамдық жұмыстары да ұшан-теңіз болатын.
Олар - КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитет мүшесі, "Еуропа" мәдениеті қоғамының мүшесі, Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Кеңес одағы комитеті төрағасының орынбасары, талай рет КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестеріне депутат болып сайланды.
Әлі есімде, 1970 жылы академик-жазушы Сәбит Мұқановтың 70 жасқа толғаны Алматыда кеңінен тойланды.
Облыс делегациясы мүшесі ретінде және өзінің жеке шақыруы бойында (шақыру қағазы менде осы күнге дейін сақталған) оған мен де қатыстым. Қаланың ортасындағы өте әсем ғимаратта, Қазақстан Ғылым академиясының мәжіліс залында саптанатты кеш өткізілді. Сахна төріне қойылған үлкен үстел басына зайыбы Мәрияммен алдына бір немересін алған Сәбит Мұқанов жайғасып отырды.
Алдында Сәбеңді Социалистік Еңбек Ері атағына ұсыныпты деп естігенбіз. Өзі де одан хабардар болған ғой. Алайда, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы (ата-тегі есімде жоқ) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының Жарлығын оқып, Сәбит Мұқановтың Ленин орденімен марапатталғаны туралы хабарлағанда жерлесіміздің күлімдеп отырған кескіні өзгеріп сала берді.
Үзілісте тойға жиналған лауазымды адамдардың: "Әттең Қонаевтың бір телефон шалуы жетпеді-ау!" - деген сөздерін естіп қалдым. Ал Ғабит Мүсіреповті ондай жоғары атаққа Қазақстан тарапынан ешкім ұсынған жоқ. Оған тікелей Мәскеу арқылы, яғни КСРО Жазушылар одағының алпыс жылдық мерейтойына орай 1974 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Одан басқа Ғабең үш мәрте Ленин, "Еңбек Қызыл Ту", Халықтар достығы, Октябрь революциясы ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
1984 жылы "Қазақ КСР-і Халық жазушысы" атағы берілді. Біздің облыстың Жамбыл ауданының, Петропавл қаласының құрметті азаматы. Алматыдағы жасөспірімдер мен балалар театрына, Петропавлдағы бір кітапхана мен көшеге, бұрынғы Целинный ауданына Ғабит Мүсіреповтің есімі берілген. Өзінің күш-жігер жұмсауымен туған ауылы-Жаңажол орталығы етіліп ашылған кеңшарға да Ғабеңнің аты беріліп еді, қазір ол тарап кетті. Сонда әдеби-мемориалдық мұражай ашылды.
Әрине, Ғабит Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылық жолы даңғыл бола қойған жоқ. Ғабең Бурабай ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүргенде Қызылордада шығатын республикалық "Еңбекші қазақ", Қызылжардағы "Бостандық туы" газеттеріне мақалалар жазып тұрады. Бірақ олардың біразы жарық көре алмайды. Осы орайда сол кездегі Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторы Сәбит Мұқановқа жазған хатында Бейімбет Майлинге және Абдрахман Айсаринге ренішін білдіреді.
"Мен жазу ісіне қатынаса бастағалы жазатын орындардан кеудеге итеру болмаса, өзіне тарту көргем жоқ... Былтыр "Оқшау сөз (сын мақала) бәйгесі кезінде Омбы оқушылары бірігіп "Еңбекші қазаққа" екі оқшау жібердік... Сөзін құраған мен едім... Баспады... Күздігүні "Көлеңкесінің көлеңкесі" деген тағы бір оқшау жаздым... Бұл және басылмады... Жөндеп жаза алмағасын кеудеге итеру дұрыс та шығар... Бірақ өйтпес едім. Қаламынан үміті бар адамды бауырға тартар едім. Мінекей. Сәке, осындай жайлар мені күнбе-күнгі айтыс-тартыстарға қатынастырмай келеді. Мені нағыз сүйетін жақтарымнан жырып тастады. Үміт кеспе, кейін орталықтарыңа барып, ат ерттеуге жарармын.."- деп қинала жазады Ғабит Мүсірепов.
Жазушының басынан өткен тағы бір қиын кезең, ол - Бейімбет Майлинге "халық жауы" деп жала жабылған шағы. Осыған байланысты Жазушылар одағында өткізілген партия жиналысында Ғабит Мүсірепов партиядан да, оның қолшоқпарларынан да қорықпай: "Бейімбет "халық жауы" болса, онда мен де "халық жауымын", - дейді. Бұл - өте қауіпті сөз еді. Бұл өмір мен өлімнің арпалысына пара-пар болатын. Бірақ қас батырдың осы сөзі Бейімбет Майлинді арашалап алып қала алмады. Ал Ғабит Мүсіреповтің бұл тосын қылығы халық жадында сақталып қалды. Сонда да бұл оқиғаны билік басындағылар елеусіз қалдырған жоқ. Ғабит Мүсірепов партия қатарынан шығарылып, қызметтен қуылады. Сөйтіп, едәуір уақыт жұмыссыз отырады.

- Бір жамандықтың бір жақсылығы болады ғой, сол жылдары алдында ойымда болып,қолым тимей жүрген еңбектерімді жазуға мүмкіндік туды, - деуші еді Ғабең оған қиналмай.
Ғабең өмірінде осындай тағы бір батыл да батырлық іс жасаған еді. Ол сонау жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарында болатын. Бүкіл республика өңіріне тараған ашаршылықта қаншама адам қырылды.
Тұтастай бір ауылдардың түндігі жабылды, шамасы келгендер басқа жаққа босыды, ал шамасы келмегендер аштықтан қырылды. Халықтың осы қасіретіне жазушы бей-жай қарай алмады.
Жанына төрт адам ертіп Мәскеуге, Иосиф Сталиннің өзіне тікелей хат жолдады. Бұл артынан "бесеудің хаты" атанып кетті. Бұл да халқын сүйген, халқы үшін қам жеген адамның ғана қолынан келетін көзсіз ерлікке пара-пар әрекет еді.
Ғабит Мүсірепов даңқ тұғырына қаншама көтерілсе де, кеуде көтеріп, мақтана сөйлеп масаттанған адам емес. Оның қайсарлығын, жер сілкінсе қозғала қоймайтын, дауысын көтере сөйлемей жай ғана айтып санаңа жеткізер, қабақ шытпай-ақ ренішін білдіретін мінезін онымен талай кездескен кездерімде, сапарлас сәттерімде көріп-білдім. Ол мақтау-марапаттарды, улы-шулы тойды ұната қоймайтын.
Содан да болар көзі тірісінде бірде-бір мерейтойын кең көлемде өткізген емес. Тек өзі өмірден өткен соң тоқсан жылдық, жүз жылдық мерейтойлары кең көлемде тойланды. Ал жүз жылдық тойы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша бүкіл дүниежүзі көлемінде атап өтілді.
Ғабең "аз болса да, сапалы болсын" деген қағиданы ұстанған жазушы болатын. Ғабиттың жазушылығын тұтас алғанда, өзіне тән бірнеше ерекшеліктері бар, - деп жазған еді Сәбит Мұқанов өзінің естелігінде, - "Бірінші: бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды; екінші – бабына сіңген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, сондықтан шығармаларының шикісі аз болады; үшінші - жазатын тақырыбына күй таңдайды, күйі жетпесе, игерген тақырыбын да жаза қоймайды; төртінші - шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-қадыры жеткенше, олпы-солпысыз шығарады; бесінші -тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды; алтыншы - жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетінші - адам портретін жасауда қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі". Қосып-алары жоқ анықтама бұл!

Оның қаламынан шыққан "Тулаған толқында", "Американ бидайығы", "Қос шалқар", "Шұғыла", "Талпақ танау" және басқа да әңгіме-повестері, "Оянған өлке", "Қазақ солдаты", "Кездеспей кеткен бір бейне", 'Жат қолында", "Ұлпан" роман-повестері, "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу", "Ақан сері-Ақтоқты" пьесалары мен опералық либретталары, "Амангелді", "Махаббат туралы дастан", "Қыз-Жібек" фильмдері, әлем классиктері шығармаларының аудармалары қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын қорына енді. Жазушыға "Кездеспей кеткен бір бейне", "Суреткер парызы" атты кітаптары үшін Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтары берілді. Ғабең шығармалары әлемнің 34 тіліне аударылды.

Ғабит Мүсірепов - Максим Горькийге еліктей отырып, шығармаларында аналардың бейнесін жасауға әбден машықтанып алған жазушы. Сондай-ақ, өзі туып-өскен, сапарда болған жерлердің әсем табиғатын тамаша көрсете білген ғой. Ғабең туған жерге келген әр сапарында "Қос шалқар" әңгімесіне арқау болған көлдердің бірі - "Құдайқұлға" барып, бір шомылмай кетпеуші еді.
Басқа көлдердің, орман-тоғайлардың баурайлары мен қойнауларын айтпағанда, осы Құдайқұл мен Қарағайлы көлдерінің айналасына өскен шөп пен бәшке құрақ Ғабеңнің кіндік қаны тамған Жаңажол ауылының түгел малына жетер еді-ау, шіркін! Бәлкім, "Қос шалқарда" жазушы баяндағандай, байдың малына шөп шабатын жүздікшілерді әкелсе ғой осы араға!

Ғабең, міне, осындай жерде дүние есігін ашқан. Ал қазақтың белгілі жазушысы Роллан Сәрсенбаевтың айтуынша, Ғабит Мүсіреповтің 1985 жылдың дәл соңғы күнінде дүние салғанын естігенде орыстың хас жазушысы Юрий Домбровский былай деген екен"... Асқан дарын, асқан адал адам еді. Әуезов жоқ, Мүсірепов жоқ. Қазақта бұл екеуінен асқан жазушы да жоқ. Қазақ әдебиеті қайғы құшағында. Қазақ халқы аза тұтып жатқан кез...". Ал қазақтың көрнекті жазушысы, ғалым Зейнолла Қабдоловтың "Біз Мүсіреповті мақтамауымыз керек, Мүсіреповпен мақтануымыз керек" деген тұжырымы нақыл сөзге айналып кетті емес пе?! Қандай жоғары баға десеңізші!

Ғабең ұлтының ұлылығын аңсаған жазушы еді. "... Әдебиеті мен өнері ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы бола алмайды", - деп айтуы да содан болса керек. Сондықтан ол халқына адал қызмет етті, артына асыл мұра қалдырды. Өшпес мұра!

Лебіздер

"Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" туындысы қазақ драматургиясының ғана емес, бар қазақ әдебиетінің көркем шығарма туғызу жолындағы биік белесінің бірі".

Мұхтар Әуезов.

"Мүсірепов болса қашанда таңдауға лайық тұлға!"

Әбдіжәміл Нұрпейісов.

"Ғабит Мүсірепов - ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден "Мүсірепов" деген бір сөздің мағынасы әлдеқайда терең, мазмұны әлдеқайда бай. Демек, Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ. Мүсіреповпен мақтану керек!".

Зейнолла Қабдолов.

"Ғабит Мүсірепов өзін де, өзгені де қайталамайды".

Тәкен Әлімқұлов.

"Қазақ сөз зергерлерінің ішінде Мүсірепов қайталанбас жазушы қолтаңбасы ерекше. Стилінің әсемдігі, дәлдігі, тілінің нәрлілігі, нәзік юморы мен аса байқампаздығы-бүкіл бір ұрпаққа үлгі".

Тахауи Ахтанов.

"Мүсірепов қандай жаңа құбылысты, қандай жаңа адамды жазсын мейлі, оның түп-төркінін халықтың өз бойынан табады; қандай өрелі проблема көтерсін мейлі, халықтың өз көкірегінен іздейді".

Әбіш Кекілбаев.

"Әлі де талай-талай замандар өтеді. Талай-талай толқындар кезекпен ауысып, талай-талай ұрпақтар келеді. Сол кезде халқымыздың осы бір тұстағы бел-белесіне үңілер адам болса, Мүсірепов шығармаларына соқпай кете алмайтыны айдан анық".

Сафуан Шаймерденов.

"Ғабит Мүсірепов біздің советтік қазақ әдебиетінің туу, өсу, өркендеу процесінің бар кезеңіне куә ғана болып қоймай, оның бұрын бар, бұрын жоқ салаларының бәр-бәрісін дамытуға, бастауға, туғызуға қатынас-қанын, соның ең күшті қайраткерлерінің бірі, әуел бастан-ақ соған аға болып туған, басшысы болып келе жатқан кемел жазушы, кең тынысты талант иесі!".  

Ғафу Қайырбеков.
 

Амандық Жантеміров,

ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай): Бақыт Мұстафин, Уәп Рақымжанов, Алма Сәдуақасова, Мәркен Сандыбаев, Ғабит Мүсірепов, Қасым Қайсенов, Екпін Махмұтов, Қабдөш Қалиев, Амандық Жантеміров. Петропавл қаласы, 1971 жыл.


Жантеміров.А Ұлтының ұлылығын аңсаған жазушы.//Солтүстік Қазақстан. – 21 наурыз. – 2017 . – 5 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий