Халқына қорған болған қос баһадүр

 

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетінін, кез келген жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар екенін айтқан болатын. "Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған бір- туар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс", - дей келіп Елбасы туған жердің қадірін түсініп, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншілікпен басталатынын жеткізді.

Біз - ұлан-байтақ жері мен рухани тарихы бай елміз. Сондықтан қасиетті құндылықтарымызды бағалап, туған жердің қадірін білген жөн. Кез келген адам кіндік қаны тамған жерінің тарихынан хабардар болуы тиіс. Білектін күшімен, найзаның ұшымен келген бүгінгі тәуелсіздік үшін бабаларымыз толарсақтан саз кешіп, талай нәубетті бастан өткерді. Осынау дарқан даланы жаудан қорғаған батыр бабаларымыздың ерлік ісі - жас ұрпаққа өнеге.

Тарихта айбынды ерлігімен көзге түскен аса көрнекті тұлғалар аз емес. Әсіресе, Қарасай мен Ағынтай батырлардың есімі ерекше аталады. Бүгінде Айыртаудай киелі мекенде қос алыпқа арнайы тұрғызылған кесене бар. Қызылжар өңірінің қасиетті жерлерінің біріне айналған Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені Елбасының қолдауымен салынғанын айтқан жөн.

Қарасай мен Ағынтай туралы көптеген тарихи деректер бар. Қазақ даласын зерттеген орыстың тарихшы ғалымы Румянцев өз еңбегінде Қарасай мен Ағынтай батырлардың Көкшетау уезінің Айыртау өлкесінде жерленгенін жазған.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы біздің өлкеге арнайы келген еді. Ол кезде мұнда дуалмен қоршалған ескі зират қана болды. Бұл төбе туралы марқұм Қыпшақ атадан кезінде біраз мағлұмат алдық. Елбасы келген кезде ауыл тұрғыны Бәдиша Байқуанышқызы Президентпен жолығып, аманатын жеткізді. Қарияның айтуынша, күйеуі Кәзен Рамазанұлы алғашқы тың игерушілердің бірі екен. Жер жырту науқанында осы төбеге келгенде үш рет соқасы сынып қалған. Бұған аң-таң болған отағасы әлгі жерде найзаның ұшын көреді. Бұл көріністен секем алған ол ешнәрсеге тиіспей, барлығын сол жерде қалдырған. Алланың құдіреті күшті емес пе? Алла аян беріп, түс көрген Бәдиша апа найзаның ұшын алдырып, аққа орап, сандығында сақтайды. Бір перзентке зар болған ол кейін 14 құрсақ көтеріп, ұрпақ өрбіткен. Тұңғыш баласының есімін Табылды деп атайды. Кейін бұл найза Елбасына табысталған. Осылайша, 1997 жылы қасиетті жерге тас қойылды.

Алыстан мен мұндалаған батырлардың мемориалдық кешені әскери дулыға түріндегі қос мұнарадан және мешіттен тұрады. Кешеннің сыртқы қабырғалары күйдірілген қызыл кірпішпен қапталған. Қос батырдың ерліктері қабырғаға қашалып жазылған. Батырлардың кесенесінің күмбезі металл тірекке орнатылған иілген әйнекпен жабылған. Әйнек пен қабырға арасында күмбезді желдетуге арналған саңылаулар бар.

Қарасай батыр - 1598-1671 жылдар аралығында өмір сүрген қаһарман қолбасшы. Өз заманында серіктесі, әрі үзеңгілесі Ағынтай батырмен бірге жоңғарларға қарсы шабуылдарға қатысқан. Ал Ағынтай батыр 1599-1672 жылдары ғұмыр кешкен. Орта жүз- дің Арғын руынан шыққан. Есім мен Жәңгір ханның сенімді серіктерінің бірі. Ағынтай батырдың орасан күштілігі мен батылдығы туралы халық аңыздарында көп айтылған.

Бірде Есім ханның ұлы Жәңгір қалмақтың тұтқынына түседі. Сол жолы қазаққа қарсы қалмақтың Талай, Құжы, Торғаш деген қонтайшылар бірігіп шабуыл жасаған екен. Жәңгір қалмақ тұтқынында бір жылдай болады. Қолға түскен Жәңгірді қалмақтар аяғынан кісендеп, киіз үйде ұстаған. Бірақ ханның баласын қинап, зорлық көрсете қоймапты.

Есім ханның баласы үшін алдарына кішірейіп келгенін күтеді. Алайда, Ағынтай мен Қарасай батырлар жандарына тағы бір адам алып, үшеуі Жәңгірді босатуға аттанады. Алдын ала барлау жасап, қонтайшының ауылындағы жағдайды әбден біліп алған. Түнделетіп келіп, аттарын жақын маңайдағы өзен жағасына шідерлеп тастайды да, өздері қонтайшы ауылына жаяу жөнеледі. Ат суара келген қалмақ жігітін ұстап алып, одан мән-жайды анықтап біледі де, өзін байлап тастайды. Үйге жақындағанда далаға шыққан кісіні Қарасай "Аһ!" деуге мұршасын келтірмейді. Ол талып кеткенде, үйдің артынан екі жігіт іргені көтеріп жіберіп, Жәңгірді суырып алады. Оларға есік алдындағы жасауыл да еш қайрат көрсете алмайды.

1664 жылы қос батыр наймандар мен жалайырларға шабуыл жасаған қалмақтарды қууға қатысып, сол соғыста екеуі де жараланады. Ағынтай аяғынан жараланған. 1670 жылы Қарасай өзінің досы Ағынтайдың қасына көшіп келеді. Бір жылдан соң қайтыс болып, сүйегі Айыртауда қалады. Одан кейін Ағынтай да келместің кемесіне мініп, Қарасайдың қасына жерленген.

Бұл жерде жауынгерлердің қабірлері көп. Қарасайдың 23 жастағы Еркін, Төркін деген егіз ұлдары да осы жерде жатыр. Оларды қалмақтар у беріп өлтірген. Сонда Қарасай "Өліп көрген жоқпын, одан басқаның бәрін көрдім десем, әлі көрмегенім көп екен ғой" деген екен. Сөйтіп, ол балаларының қырқына жетпөй қайтыс болады. Осыдан кейін оның екі ұлы Әуез бен Түрікмен Алматы облысына көшіп кетеді, ал кіші балалары Өтеп пен Көшек осы өңірде қалып қояды. Сейтіп, бұл жерде Өтеп, Көшек деген рулар пайда болған.

Қазір әлі де қазба жұмыстары жүргізілуде. Ботай қонысын алғашқы ашқан тарихшы ғалым Виктор Зайберт Құлшынбай төбесіне зерттеу жұмыстарын жүргізгенде ауыр семсерімен бірге жерленген бойы екі метрдей болатын тағы бір батырдың сүйегін тапты. Сондай-ақ, батыр жатқан жерден аттың әбзелдері де шыққан.

2017 жылы Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне жөндеу жүргізілді. Сырты қапталып, шатыры ауыстырылды. Архитектуралық жағынан қайталанбас шеберлікпен салынған бұл кешенді көруге жыл сайын еліміздің түпкір-түпкірінен мыңдаған адам келеді. Шетелдіктер де жиі атбасын бұрады. Сондықтан қазір бұл жер туристік орынға айналды. Шаңырақ көтерген жас жұбайлар да келеді. Бұл жерде Отан алдындағы парызын өтеу мақсатында жастарды әскерге шығарып салуда игі дәстүрге айналды.

Қазақтың қос батыры жерленген биік төбе көкше таулармен, ертегідей келдермен көмкерілген Айыртау даласының сұлу келбетін аша түскендей. Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені рухани құндылықтардың бастауындай тағылымға толы тарихи орын екенін айтқан жөн.

Сәмиддин ОМАРОВ, Қарасай-Ағынтай

батырлардың мемориалдық кешенінің директоры.

Айыртау ауданы.


 


 Омаров С.  Халқына қорған болған қос баһадүр. // Soltustik Qazaqstan. -65 (22238). -02.06.2018. -2 бет.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий