МҰРАЖАЙ - ТҰНҒАН ТАРИХ

27 ноября 2017 - Нугуманов Арсен

 Халқымыздың "Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың" деген сөзі тегін айтылмаған. Мұражайлар халқымыздың өткен тарихын ақтара қарап, қазіргі күннің көкейкесті сауалдарына жауап іздейтін, кеше мен бүгінді жалғастырушы көпір іспетті. Өйткені, онда туған жеріміздің, өңіріміздің тарихымен етене танысу мүмкіндігі бар. Сондықтан мұражайларды ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту мекемесі, туған еліміздің асыл қазынасы дейміз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында атап көрсеткеніндей, туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Солтүстік Қазақстан облысының тарихи-өлкетану мұражайы да тарихтың терең түкпірінде жинақталған бағалы құндылықтарды ішіне бүккен, шетінен зерттей бастасаң туған өңір туралы талай сырдың тиегін ағытатын мәдени-ағарту мекемесі.

Ең алғаш Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының негізі 1924 жылы қаланған. Ондағы жинақталған тарихи маңызы бар жәдігерлердің жалпы саны бүгінгі таңда үш жүз елу мыңнан асады. Мұражай жанында 1951 жылы қолданбалы өнер бөлімі ашылып, 1970 жылы ол жаңа ғимаратқа көшірілді.

Ғимараттың жалпы аумақтық көлемі - шамамен 2400 шаршы метрді алып жатыр. Ежелгі дәуірлерден біздің заманымызға дейінгі әртүрлі тарих кезеңдері он екі залға бөлінген. Облысымыздың табиғатына арналған залда туған өлкенің түрлі ландшафтын бейнелейтін диорамалар бар. Келушілерді, әсіресе, жәдігерлер арасында палеонтологиялық кезеңнің жылнамасы, жануарлары, құстары мен өсімдіктер әлемінің топтамалары қызықтырады.

Солтүстік Қазақстанның қазба жұмыстары экспедициясына қатысқан мұражай қызметкерлері Г.Зданович және С.Здановичтің жинақтаған жәдігерлері археологиялық залдан орын алды. Экспедиция жұмыстары ұйымдастырылғаннан бері 600-ден астам археологиялық ескерткіш ашылды және ішінара зерттелді. Бұл залға тас, қола және темір дәуірлерінен сыр шертетін экспонаттар қойылған. Олардың ішінде энеолит дәуіріне жататын және әлемге танымал бүгінде еліміздің киелі жерлері картасына еніп отырған Айыртау ауданындағы Ботай қонысына арналған материалдар келушілердің назарына ұсынылуда. "Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқытудан көрініс тапса игі", - деген Елбасы сезін қазіргі таңда мектеп оқушылары мен студенттер құп алып, олардың тарапынан қызығушылық артып отыр.

"Қазақ мемлекеттігінің қалылтасуына" арналған залда да мол мұра сақталған. Онда сол заманның танымал тарихи тұлғаларының бейнелері - Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек, халықтың дәстүрлі құқықтарын нығайтуға зор үлес қосып, "Жеті жарғыны" жазған Тәуке хан атақты қазақ билері Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке би суреттері ұсынылған. Бұл залдағы басты орынды Орта жүз ханы Абылайдың өмірі мен билік жүргізген кезеңдерін бейнелейтін материалдар алып жатыр.

Қазақстанның өткен тарихында Кеңес одағы кезеңіне соқпай, оны айтпай кете алмаймыз. Осы кезеңді сипаттайтын бөлімде XX ғасырдағы негізгі оқиғалар: көтерілістер, азамат соғысы, ұжымдастыру, шаруалар көтерілісі, қуғын-сүргін заманындағы қатыгездікпен жазаланғандар туралы материалдармен танысуға болады. Ұлы Отан соғысына арналған көрме қойылымдары солтүстікқазақстандықтардың жауынгерлік ерліктері мен тыл жұмысшыларының жанкешті еңбектері туралы сыр шертеді. Бұл залда біздің облыста құрылған 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлік жолы көрініс тапқан. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында өшпейтін із қалдырған адал еңбегімен ел арасында аңызға айналып, ұрпаққа мұра болып қалған талай жерлестеріміздің аты-жөндерін мектеп оқушылары мұражайдағы құнды құжаттардан біле алады. Осының бәрі - өскелең ұрпақ аса қастерлеп, үлгі ететін бағасы қымбат бай тарих.

Мұражайдағы басты орынды тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның дамуын көрсететін экспозициялар алады. Бұл кезеңге мұражайда төрт зал ұйымдастырылған. Олар: "Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан", "Тәуелсіздік жылдарындағы Солтүстік Қазақстан облысы", "Қазақстан - Ресей қатынасы", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті!" залдары. Аталған залдарда экономиканың қарқынды дамуын қоғамның демократиялануын халықаралық қарым-қатынастарды көрсететін құжаттар мен фотоматериалдар ұсынылған. Қазақстан - Ресей қатынасы мен Солтүстік Қазақстан облысының Ресейдің шекаралас аудандарымен ынтымақтастығына ерекше назар аударылған. Еліміздің Тұңғыш Президентіне арналған залда Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы, оның мектеп жылдарындағы өмірі, Днепродзержинскідегі техникалық училищеде оқуы, Карағанды металлургия комбинатындағы алғашқы еңбекжолы, қоғамдық-саяси қызметі - Теміртау қалалық комсомол комитеті хатшысынан елдің басшылығына дейінгі аралық қамтылған. Көрме қойылымдарының ішінде Назарбаевтар әулетінің шежіресі, көрікшінің арнайы киімі, Мемлекет басшының шығармалары, жергілікті суретші А.Шимовтың қылқаламынан туған Президент портретін тамашалауға болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ол залды тамашалауға келушілер қатары қалың. Қаламыздағы және облысымыздағы мектеп оқушылары өлкетану сабақтарына жазылып, тобымен келіп өңіріміздің тарихымен, ақын-жазушылардың өмірі және шығармашылығы туралы мәліметтер алады.

Туған өлке тарихын кеңінен таныту мақсатында мұражайлар да өз қызметін жаңа талаптар тұрғысынан атқаруда. Қараша айында Булаев қаласы мен Явленка ауылында, ал жыл соңына дейін Шал ақын Айыртау, Жамбыл аудандарында "Халық қазынасы" мұражайлық акциясын өткізу жоспарланған. Онда Мағжан Жұмабаев және Есіл аудандарының тұрғындары назарына мұражай жәдігерлерінің ішінде құндылардың бірі болып саналатын, жерлесіміз, Жамбыл ауданының тумасы, халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің 1974 жылы тапсырған "Ұлпан" романының қолжазбасы ұсынылмақ. Роман қарындашпен араб графикасымен торкөз дәптер парақтарына жазылған.

Қазақ елінің кешегісін - бүгінге, бүгінін - болашаққа жалғауды мұрат етер рухани жаңғыру хақындағы Елбасы мақаласы, сөз жоқ, ұлт көсегесін көгерту мен ұрпақ санасын тәрбиелеудің өрісті, өркенді жолы. Тарихи өлкетану материалдарына сүйене отырып, мұражай қызметкерлері өз келушілерін туған, ескен жерге құштарлыққа, Отанға деген адалдыққа, азаматтық сезімнің қалыптасуына, әлеуметтік және мәдени жетістіктермен мақтануға, ел тарихының өткеніне құрметпен қарауға, өз еңбегін күшін, қабілетін туған жердің гүлденуіне жұмсауға тәрбиелейді.

Гүлнұр МҰҚЫШЕВА


МҰҚЫШЕВА Г. МҰРАЖАЙ - ТҰНҒАН ТАРИХ // Солтүстік Қазақстан. - 2017. - 23 қараша. - 2 Б. 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий