Қызылжардағы алғашқы айтыс

20 ноября 2017 - Нугуманов Арсен

 Қызылжарда тұңғыш облыстық ақындар айтысының өткеніне де бүгіндері алпыс жыл толып отыр. Қаладағы музыка мектебінің сахнасында болған өнер додасының бас жүлдесін Игібай Әлібаев қанжығасына байлаған екен. Қасиетті топырақта одан бұрын да айтыс аламандары өткен ғой, әсіресе, үлкен астар мен жәрмеңкелердің көркі от ауызды, орақ тілді ақындарсыз кірмеген. Дегенмен, тарихта ресми түрде облыстық деңгейде өткен айтыс ретінде 1957 жылғы 20 қазандағы жыр сайысы қалды.

Айтыс - қазақтың әлемде тендесі жоқ төл өнері. Ақындардың ойларын суырып салып өлең шумақтарымен жеткізуі, домбырамен сүйемелдеп, әуенмен әрлеп айтуы оны өзге өнер түрлерінен ерекшелеп тұрады. Қазақтың айтысы екінші дүниежүзілік соғыс жылдары да тоқтап қалған жоқ. 1943 жылдың қаңтар айында Қазақстан Жазушылар одағының жанынан құрылған халық ақындары бөлімшесінің бастамасымен Алматы қаласында жыр дүлдүлдерінің республикалық сайысы өтіп, кейін жер-жерде өріс алған облысаралық айтыстар өзінің нәтижесін берді. Бұл игі шараға жерлесіміз, академик-жазушы Сәбит Мұқанов бастамашы болған. Айтысқа қатысқан әрбір ақын облыс, аудан, өндіріс пен ұжымшар атынан сөйлеп, майдан үшін, жауды жеңу жолында атқарып жатқан игі істерін, еңбектегі табыстары мен жетістіктерін ортаға салды. "Басы Жамбыл болып, бір топ халық ақыны сол жолы бізде айтыстың әлі тоқтап, тоқырап қалмағанын ашып, дәлелдеп берді. Ұлы Отан соғысының ең бір қауіпті жылдары өткен бұл айтыс халық бойындағы дарын-қуаттың түгел сарқыла қоймағанын паш етті", - деп жазады зерттеуші М.Жармұхамедов.

Ол кезде ақынның әрбір сөзі сүзгіден өтіп, алдын ала жаздыртып, жүз тексерілген мәтінді еш қоспасыз халық алдында жырлауға міндеттелді. Айтыстағы осы бір келеңсіз жай суырыпсалмалық өнерді де тұқыртып, дүлдүл ақындарды сөз сайысында тұсаулы тұлпардай етіп еркін көсілдірмей келді. Сол себептен болар, соғыс уақытындағы және одан кейінгі кезеңдегі айтыстардың диапазоны көбінесе жетістіктер мен кемшіліктер тізбесінің төңірегінде құрылды. Айтыс өнеріне тән асқақтық, тіліп түсер тіктік, табан асты тапқырлық, келісті бір көркемдік, тағы басқа қасиеттердің үйлесімін таппаған тұстары, кемшін қалып жатқан кездері де болғанын әдебиет тарихы растайды. Алайда, қанша жерден мазмұндық, идеологиялық тұрғыдан шектеулер қойылып, цензура болғанымен, төл өнердің мүлдем ұмытылмай, жанр ретінде сақталып қалуына осы сөз сайыстарының қосқан үлесі зор.

- Соғыс кезіндегі айтыстар ұнжырғасы түскен халықтың рухын көтеру үшін өткізілгені аян. Ал одан кейінгі додалар партияның тапсырысымен ұйымдастырылып, облыстар мен аудандар арасында бәсекеге ұласты. Негізінен бір-бірінің жеткен жетістіктері мен кеткен кемшіліктерін жырға қосты. Бұл да сол заманның бір белгісі. Бірақ айтыстарда айтылған сындардан сабақ алып, нәтиже шығарыпты, кемшіліктер түзетіліпті дегенді естімеппін. Демек, айтыстың саяси салмағы аздау еді. Тек 1985 жылдан бастап қана айтыс жаңа белеске көтерілді. Облыстар арасындағы бәйге ретінде телеайтыстар өтті. Біздің облыстан Бүркіт Бекмағамбетов пен Кеңес Тынымбаев сынды ақындарымыз шығып, Атырауды жеңген еді, - дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжанов.

1957 жылы кеңес өкіметі қазан төңкерісінің 40 жылдығын тойлап жатқан болатын. Қызылжарлықтар бұл тойдан қалыс қалсын ба? 20 қазан күні облыстық аламан айтыс өткізілген. Балалар музыка мектебіне жиналғандар алдымен жергілікті шеберлердің қолынан шыққан бұйымдардың көрмесін тамашалаған. Облыстық мұрағат құжаттарында көрмеге алпыстан астам қолөнер бұйымы қойылғаны жайлы мәлімет бар.

Алғаш өтіп отырған облыстық айтысты белгілі қаламгер Ғалым Малдыбаев "Тойбастар" жырымен ашып берген. Одан кейін сөз алған облыстық партия комитетінің хатшысы Ілияс Омаров құттықтау сөзін арнайды. Ілияс Омаров - партия қызметінде жүрсе де халықтың білімін жетілдіруге, мәдениеті мен әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген тұлға. Және сол ұлтжандылығы үшін қудалауға ұшырағаны да тарихтан белгілі. Республиканың Мәдениет министрі қызметіне дейін көтерілген қайраткер Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске баға беруде тарихшы-ғалымдардың бір тобына қолдау көрсеткені және қазақ халқының тарихына байланысты пікірлері үшін көп қудалау көрген 1955-1961 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болған Ілияс Омаров Қызылжардағы алғашқы айтыс аламанын ұйымдастырып, төл өнерге қолдау көрсеткен жан ретінде ел есінде қалды.

Айтысты қазіргі Шал ақын ауданының ақыны Игібай Әлібаев пен бүгінгі Жамбыл ауданының намысын қорғаған Темірғали Қасенов бастайды. Екінші жұп болып сахнаға Ахметжан Нұртазин мен А.Қапезов шыққан. Өнер додасының қазылар алқасы мен ұйымдастырушыларының шешімімен Игібай Әлібаев, Темірғали Қасенов және Ахметжан Нұртазинге "Солтүстік Қазақстанның халық ақыны" деген құрметті атақ беріледі.

Ал аламанның бас жүлдесін дүлдүл ақын Игібай Әлібаев иеленген Игібай Әлібаев ақын ғана емес, әрі сазгер, әрі актер еді. Мәскеу, Ленинград қалаларында өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концерттеріне қатысқан. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Алматыдағы драма театрында актер болып қызмет істеген ол - өз еркімен Ұлы Отан соғысына аттанған ардагерлердің бірі. Бірнеше рет республикалық айтыстарда бас жүлде иемденген Игібай Әлібаевтың отты өлеңдері мен поэмалары "Өтегеннің арманы", "Биші қыз", "Жұлдызды қыз"деген атпен кітап болып басылып шығып, әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
 

- Игібай Әлібаев келбетті кісі болды. Дауысы зор еді ғой жарықтықтың. Әншілігіне шек келтіру мүмкін емес. Сегіз серінің, Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың әндерін айтатын. Мысалы, Үкілі бабамыздың "Қызыл асығын" ол кісідей шырқаған адамды әлі күнге дейін көрмеппін. Игібай Әлібаев сал-серілердің соңғы тұяғы еді, -деп еске алады ақын Зейнолла Әкімжанов.
 

Ежелден салдар мен серілердің мекеніне баланған Қызылжардан сөз өнерінің құдіретін түсінген, өкімет қанша жерден шектеу қойғанымен, астарлап болса да халықтың мұң-мұқтажын өлеңіне арқау ете білген Қаһарман Жантасов, Әшім Меңдібаев, Қонысбай Әлжанов, Темірғали Қасенов, Қабдолла Қожабаев, Нұрлан Қасымов, Кеңес Тынымбаев, Бүркіт Бекмағамбетов, Ерік Асқаров, Баян Темірбаева сынды мықты ақындар шыққан. Соңғылары азаттықтың ақ таңы атқан сәттегі аламандардың да сәніне айналғаны белгілі. Жалпы айтыс ел тағдыры сынға түскен, халық қауқарсыз қалған аса жауапты сәттерде өз рөлін атқарған. Мәселен, соғыс жылдарында адамдарды рухтандырса, тәуелсіздіктің алғашқы белесінде де ұлттық идеологияның құралы ретінде алдыңғы қатарға шығып, жоғымызды түгендеді.

Игібай Әлібаев, Ахметжан Нұртазин салып кеткен сара жолдан бүгінгі жастар да таймай, сол игі дәстүрді ту етіп келеді. Биыл Қызылжар қаласында жас ақындардың орталығы ашылып, айтысқа, өлең мен жырға әуес балғындарды қанатының астына алды. Бұл - талай сыннан сүрінбей өткен төл өнеріміздің жаһандану дәуірінде де өз тұғырын сақтап қалғанынын белгісі.

- Қызылжарда ақындық дәстүр ертеде қалыптасып, атадан әкеге, әкеден балаға мұра ретінде жалғасып келеді. Осы киелі топырақта соғыс жылдарынан бастап, бүгінге дейінгі аралықты алғанның өзінде талай аламан айтыстар өткізілді. Сол үрдісті әрі карай жалғау, төл енерімізді ұлықтау бізге міндет. Облыс басшылығының қолдауымен жас акындар мектебі құрылды. Қырық шақты өнерлі өренді іріктеп алдық, оларға бес ұстаз сабақ береді. Ертең осы жастардың арасынан Игібай Әлібаевтай, Ерік Асқаровтай ел сыйлаған аузы, дуалы ақындар шығатынына сенемін, - дейді жас ақындар орталығының жетекшісі, облыстық және аймақтық айтыстардың жеңімпазы Жарқын Жұпархан.

Қызылжардағы алғашқы аламан айтыстың өткеніне 60 жыл толуына орай биыл бірнеше игі шара жоспарланған екен. Солардың алғашқысы оқушылар арасындағы жыр додасы болса, кейін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған Қызылжар мен Көкшетаудың ақындары жекпе-жекке шығып, өнерсүйер қауымға маржан жырдан шашу шашпақ.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ


АМАНТАЙҰЛЫ Е. Қызылжардағы алғашқы айтыс // Солтүстік Қазақстан. - 2017. - 26 қазан. - 5.б

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий