Ұстаздарым [Еске алу]

25 августа 2018 - Кабиева Р.

Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын санамызға сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздарымызбен, мектебімізбен қош айтысып, арман жетегінде алыстағы Алматыға жол тарттық. Әуелі Алланың, одан кейін мектепте алған білімнің арқасында студент атандық.

Қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне түскен елу студенттің біреуі ғана Солтүстік Қазақстан облысынан болды. Ол - мен. Бұрын аты-жөндері оқулық авторлары ретінде таныс ғалымдардың алдында отырып, дәрістерін тыңдаймыз. Біз оқыған алпысыншы жылдары университеттің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, көрнекті ғалым, про­фессор Мәулен Балақаев адами кішіпейілділігімен ағалық қамқор көңілімен, жұмсақ мінезімен баурап, өзіне тартып тұратын. Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Бейсембай Кенжебаев әдебиетіміздің тарихын зерттеумен түбегейлі айналысып, ғылыми еңбектер жазып, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали сияқты талантты шәкірттерін қа­зақ әдебиетінің ерте дәуірден бергі тарихын зерттеуге тартты.

"Бейсекең ол жылдары әуелі мені өзіне аспирант етіп алып, қазақ әдебиетінің ең көне дәуіріне салды. Менен кейін тағы да өзі жетекші болып, аспирантураға Мұхтар Мағауинды алды. Оған Қазак хандығы дәуіріндегі әдебиетті, жыраулар поэзиясын берді. Мұхтар оларды тез бітірді де, менен бұрын қорғады. Одан кейін Рымғали Нұрғалиға кезек келді. Бізден көп кейін Алма Қыраубаеваны, сосын Құлбек Ергөбекті алды. Көне мұраларды игеру, ол дәуірді тану, ескі жазуларды меңгеру оңайға түспеді. Бірак ақыры ол еңбегім жемісті болды", - дейді Бейсекеңнің талантты шәкірттерінің бірі, белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ұстазы жайлы естелігінде.

Ұлан-байтақ қазақ жерінің әр киырына сапар шегіп, сол кездегі сөз ұстаған құйма - құлақ көнекөз қариялардан ерінбей - жалықпай жырау бабаларымыздың жырларын жазып алып, зерттеп, жариялау Мұхтар Мағауиннің қазақ әдебиеті тарихын үш ғасырға ұзартқан жанкешті еңбегі қандай құрметке болсын лайық деп бағалаймыз. Ұлылардан бастау алатын әдебиет әлемінің терең тылсымына бойлап тартқан шешен, сыншыл ұстазымыз, профессор Темірғали Нұртазиннің орны ерекше еді. Ұлтшылдықты әшкерелеу кезінде "халық жауы" ретінде қуғын көрген ұстазым Темірғали Нұртазин жайлы кеңірек толғауды жөн көріп отырмын.

Жазушы, сыншы, ғалым Темірғали Нұр­тазин 1907 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Кенже ауылында дүниеге келген. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Ленинградтың журналистика институтын бітірген.

"Темірғали Нұртазинді мен сыншы ретінде институттан бұрын білетінмін. Макалаларын көп оқығам. Әсіресе, ол соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда көп жазды. Бір ғана "Әдебиет және искусство" журналының өзінде Ж.Саин, Қ.Әбдіқадыров, Ә.Тәжібаев, Ғ.Сланов, тағы басқа жазушылардың шығармалары жайында үлкен - үлкен мақалалары басылды. Ойлы, білімді, көркем әдебиетті талдауға шебер сыншы есебінде қалған", - деген естелігімен бөліседі ғалым, филология ғылымының докторы Серік Қирабаев "Өмір тағылымдары" атты еңбегінде.

Алыптар тобының (Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Ғабит) қилы-қилы қызықтары мен бастан кешкен тарихи сәттері туралы деректі - дәйекті әңгімелері ұмытылмайтын естеліктер еді. Ұстазымыз ақын, жазушылардың шығармаларын талдамас бұрын, олардың адами болмысы, пенделік қылықтары, өмірлеріндегі қызықты жайлары туралы әңгімелейтін. Сәкеннің серілігін, Мұхтар Әуезовтің орыс, батыс әдебиетін білетін ғұламалығын, Сәбеңнің қарапайымдылығын, Ғабит Мүсіреповтің талғампаздығын дәріс - әңгімелеріне өзек ететін.

Темең көркем шығарманы талдаудың шебері еді. "Шеберлік туралы ойлар" атты ғылыми еңбегінде Сәкен Сейфуллин шығармашылығын талдай келе мынадай тұжырым жасайды: "С.Сейфуллиннің "Көкшетауы" (1929 ж.) ақынның өз шығармашылығында да, жалпы қазақ поэзиясының дамуында да ерекше орын алады. Шығарма идеялық - көркемдік жағынан өте сапалы, жалынды, патриоттық рухты. Автор күрделі тарихи оқиғаларды толғап, терең тұжырым жасайды. "Көкшетау" поэмасы - классикалық дәрежеге көтерілген, мазмұны мен көркі жарасымды озық шығарма".

Ұстазымыз Темірғали Нұртазин Мұхаңның шығармашылығы жайлы дәрісін ұлы жазушы жайында естелік әңгімесінен бастаушы еді. "Ленинградта оқып жүргенде кітапқа құштарлык үдей түсті. Мұхтар Омарханұлының шығармалары терең, таулы өлкедей, қойнау - қойнауы көп, биік құзды, сай - салалы келеді. Оқып шыққан соң, ойланып қалам. Кейде ұзақ толғанып жүріп, шығарманың бетіне қайыра оралып, көз тоқтатам. Сөйтіп жүріп, Мұхтар Омарханұлының өзіне жолықтым. Август. 1934 жыл. Нева проспектісінің орта тұсында комедия театры бар. "Ә" дегенде әңгімені комедия театрынан бастадық. Партердің орта тұсында қа­зақ өңді біреу отырды. Келбетті, қияпатты. Топ жанды үстірт шолған көз оған тұсала тоқырайды.

Үзіліске көңілді шықтық. Фойеде бейтаныс адамға тым жақын жүрдім.

- Бала, қазақпысың, мұңғылмысың? - деді әлгі кісі кідіріп. Бекер төңіректемеппін. Бейтанысым Мұхтар Әуезов болып шықты. Қуаныш қойыннан төгіле тасыдым!

Сөйлестік, таныстық - Мұхтар Омарханұлы біраздан бері Ленинградта қайнында демалып жатыр екен. Жаңа ғана көрген комедияны әңгімеледік. Мұхаң аз, баяу, салғырт сөйледі. Бірақ жетік сынықшыдай бәрін орынды - орнына жүйеледі, біздің омыраулай сөйлеп дәлелдегендерімізден жөнді ештеме қалған жоқ.

- Мен драматургпын ғой, білетін шығарсың, - деді Мұхтар Омарханұлы, - бақылау, көру, көңілмен талдау керек. Үйренер өнегесі мол Ленинград театрларының... Олқылықтары, олқылықтары да жоқ емес..." - деді.

Ұстазымыздың Мұхтар Әуезовті алғаш көргендегі ұзақ естелік әңгімесінің әлқиссасы осындай. Темең баяу үнмен асықпай сөйлейтін дағдысымен дәрістерінде соны пікірлер айтады. Сәбит Мұқанов шығармашылығын түбегейлі зерттеп, жазушының жетістік, кемшіліктерін саралай талдап, "Жазушы және өмір" атты монографиялык еңбегін арнаған сыншы - ғалым Темірғали Нұртазин болатын.

"Творчестволық жолы кең, дарыны күшті Сәбит Мұқанов қазақ совет әдебиетінің дамуына, марқайып, баюына зор үлес қосты. Ол әрі ақын оннан астам роман, повестер жариялаған және көптеген әңгімелері, очерктері жарық көрген прозашы, қазақтың драматургиясы мен сахна өнерінің дамуына елеулі сыбаға енгізген драмашы, сын мен әдебиеттану салаларында да күрделі еңбегі бар, екі жүзден астам мақалалар мен бірнеше кітаптар шығарған ғалым", - деп түйіндейді.

Әсемдікті, сұлулықты санасымен, жанымен ұнататын Ғабит Мүсірепов жайындағы дәрістерінде ұстазымыз Темірғали Нұрта­зин көп айтатын. "Ғабит Мүсірепов - қоғам өмірінің күрделі мәселелерін көтеріп, шығармаларын эстетикалық сәнді жарасымға бөлейтін талантты да шебер жазушы. Шымшыма, қалжың, ұлы сықақ Ғ.Мүсіреповтің шығармаларында көп. Әңгімелерінде астар - подтекст мол. "Қасқырды атқан қайсысы?" деген әңгімеде оққа қасқыр емес, еліктің лағы ұшады. Ендеше, қасқырдың атылуы жөнінде сөз қозғаудың қажеті жоқ. Әңгіменің астында астар бар. Үш аңшы - министр, ғалым, жазушы еліктің лағын қуып келе жатқан қасқырды атамыз деп уәделескен болатын. Бірақ қарауылға қасқыр емес, лақ ілікті. Өзінен өзге жәндікке зияны жоқ, дәрменсіз, қорғансыз, жұдырықтай лақтың түбіне қасқырдан бұрын жаңағы үш мәртебелі адам жетті. Ендеше, ол үшеуі қасқырдан да өткен солардың қайсысының оғы лаққа дарыды, қайсысы қасқыр? - соны ашу керек. Автордың қойып отырған сұрағы осы", - деп еске алатын.

Ұлылыққа жарасатын кең маңдайы жарқырап, қолында қоңыр былғары портфелі, маң-маң басып келе жатқан Мұхтар Әуезовті университет дәлізінде жиі көретінбіз. Мұхаң филология, журналистика факультеттерінде қазақ фольклоры мен Абайтанудан дәріс окитын. Абайтану үшінші курстан бастап оқылатын. Өкінішке қарай, Мұхтар Әуезовтен дәріс ала алмадық. Біз бірінші курсты бітірген 1961 жылы Мұхаң дүние салды. Алдынан дәрісін ала алмасақ та, оның сөзін тыңдау бақытына ие болғанымды өз шәкірттеріме айтудан жалыққан емеспін.

Әдебиет теориясынан дәріс оқыған ака­демик Зейнолла Қабдолов ұстазымыз Мұхтар Әуезовтің шешендігі жайлы "Қанатты кісі еді ғой, шабытсыз сөйлемейтін. Көл - көсір білім, ақыл, ой шәкірттерін әлдебір абзал арман, асыл - мұрат аясында әлдилеп, әлде - қайда алысқа, биікке көтеріп әкететін...Мұндай шешен адамды өз басым көріп - білген емеспін", — деуші еді.

Әдебиеттің уызына жарыған, осындай тумысы бөлек ұстаздардың тағылымын көр­ген, университетте бес жыл бірге оқыған курстастарымнан - Дүйсенбек Қанатбаев, Төлен Әбдіков, Жарылқасын Нұсқабаев, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев, Ұзақбай Доспанбетов, Қажығали Мұқанбетқалиев, Адам Мекебаев, Иген Хасенов, Төлен Қаупынбаев сияқты ақын жазушылар шықты.

- Бірде кейіп, бірде қайта жарасып,

Жүруші едік біз бақытқа бал ашып.

Думаны мол студенттік кездер - ай,

Таң атқанша ұйықтамайтын таласып, - деп курстасым, ақын Дүйсенбек Қанатбаев айтқандайын, бұл күндері ұлағатты ұстаздарымызды, думанды студенттік шақтарымызды сағына еске аламыз.

 

Қарақат ШАЛАБАЕВ, ардагер ұстаз.

Қызылжар ауданы.

 

 

 

Шалабаев Қ. Ұстаздарым // Soltustik Qazaqstan. -61 (22234). -26.05.2018. -5 бет.

 

 


Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий