Қожаберген Толыбайұлын ұлықтаудың тарихи және саяси маңызы.

13 декабря 2018 - Кабиева Р.

 Бүгінгі таңда Қожаберген Толыбайұлының халқымыздың тарихындағы орны мен рөлі туралы айтып жатудың үлкен бір қажеттілігі жоқ. Бұл туралы ғылыми конференцияларда беделді академиктердің, ғылым докторларының, өлкетанушылардың, белгілі жазушылардың және басқа да зерттеушілердің баяндамаларында айтылып жүр. Кітаптар шығарылды, жүздеген ғылыми- зерттеу мақалалар жазылды.

Қожаберген жыраудың мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметің шығармашылық мұрасын зерттеушілер оның өз өңірінің немесе руының өкілі болып қана қоймай, барлық Қазақстан халқына, барша қазаққа ортақ тұлға екенін дәлелдеп берді. Өйткені, осыдан 300 жыл бұрын сол бір тағдыршешті ауыр кезеңде ол жеріміздің, барша қазақ халқының және ортақ Отанымыздың мүддесі үшін жауға шауып, ерлік көрсетті.

Қожаберген жыраудың мемлекеттік және қоғамдық қызметі, оның шығармашылығы жайлы ХVIII-ХХ ғасырларда өмір сүрген көрнекті тарихи қайраткерлер, жазушылар қалам тербеп жоғары баға берді. Жыраудың шығармашылығы мен қызметін тереңірек зерттегендер қатарында Ы.Алтынсарин, С.Сейфуллин, Б.Момышұлы, С.Зиманов, Д.Қамзабекұлы, А.Айталы, М.Мырзахметов, С.Негимов сынды тұлғалар, Е.Бекмаханов, М.Қозыбаев, Б.Аяған, А.Күзембаев, Т.Омарбеков, К.Серікбаев, Х.Әбжанов, З.Қабылдинов сынды беделді тарихшы ғалымдар және басқалар болды.

Олар жырауды қазақ халқының тарихындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қолбасшы, жоңғарлармен соғыста қазақ жүздері мен руларының басын біріктіруші, көршілес жатқан империялардан қорғануда түркі халықтарының бірлігін насихаттаушы басты идеологтардың бірі, әйгілі "Елім-ай" дастанының және басқа да шығармалардың авторы, "Жеті жарғының" жазбаша мәтінін жазған авторлардың бірі деп есептейді. Олардың пікірлерімен санаспау дұрыс болмаседі.

Қожаберген жыраудың ісін жаңғыртудағы және өміріне әділ баға беруде Қазақстанның барлық өңірлеріндегі зиялылардың бірлігі назар аудартпай қоймайды. Мысалы, Қожаберген жырау туралы алғашқы ғылыми форумды Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының президенті Н.Айтхожинаның басқаруымен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болған, Шығыс Қазақстанның тумасы Ғалым Мұтанов ұйымдастырғанын айтуымыз керек. Осы отырыста академик М.Қозыбаев өзінің баяндамасын жасады. Ал алғашқы болып мазар салғызған асын ұйымдастырған Солтүстік .Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, павлодарлық Қуат Есімханов екенін де білсе, біреу білмес. Қожаберген жыраудың қызметін республикалық деңгейге шығарумақсатында үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Оңтүстік Қазақстанның тумасы Бекет Тұрғараев көп іс тындырды, арнайы қор құрып, төрт республикалық іс-тәжірибелік конференция өткізді, бес кітап шығарды, ескерткіш бюст орнатты.

Қожаберген жыраудың ісін жаңғыртуға және есімін мәңгі ел есінде қалдыруға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің басқа да азаматтары белсенді атсалысты. Бұл - біздің халқымыздың озық және патриот өкілдері рулық немесе өңірлік санамен өмір сүрмейтіндігінің айқын көрінісі. Олар жалпыұлттық сананы және қазақ халқының мүддесін ұстанады. Сондықтан осындай дертке ұшыраған немесе ол дерттен сақтануға иммунитеті жоқ, болмаса құйтырқы ойдың жетегінде жүрген біздің кейбір "қайраткерлерімізге" (орталықта да, жергілікті жерлерде де) тоқтайтын уақыт жетті, олар ұлттық сананы улайтын ортақ халықтық мақсаттарды тиімді іске асыруға кері әсер ететін осы келеңсіздіктен арылулары керек.

Ескерткіш ашылып, жырауға ас беру кезінде ақсақалымыз Жақсылық Ысқақов келелі сөз айтты. "Қожаберген жырауға ескерткіштің қойылуы көптен күткен оқиға, бұл жеріміз және қазақ халқының бостандығы үшін күрескен қаһармандарға деген құрмет. Бұл - біздің ортақ жеңісіміз. Осылайша, туған өлкеміздің шынайы тарихын қалпына келтіреміз",-деді ол.

Біз бүгін Қожаберген жырауды мөңгі есте қалдыруға арналған салтанатты іс-шараларға қатыса отырып, "Қазақ елі" деп аталатын кең-байтақ Отанымыз үшін сол кезендегі халық рухы мен патриотизмінің жаңғырғанының және салтанат құрғанының куәсі болып отырмыз. Біз бүгін таңда Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында күрескендерге қатысты "Ешкім де ұмытылмайды, еш нәрсе де ұмытылмайды" деген қағиданы ұстанып отырмыз. Бұл Мемлекет басшысының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын нақты іске асырудың керінісі болып табылады, өйткені, бұл құндылықтар біз үшін асыл мұра жөне мәңгілік рухани азық. Олардың арқасында ұлттық еркіндікке қол жеткіздік, тәуелсіз мемлекет құрудамыз, әлемге танымал ел болып отырмыз.

Қожаберген жыраудың есімін, оның жоңғар шапқыншыларынан қазақ халқын қорғаудағы қызметін қайта жаңғырта отырып, біріншіден, біздің ұлттық бостандығымызды, мемлекеттігімізді ерлікпен қорғағанын атап көрсетеміз, екіншіден, біз өзіміздің ішкі және сыртқы қарсыластарымызға біздің солтүстіктегі шекарамыз 300-400 жыл бұрын сенімді түрде қорғалғанын және мызғымас берік болғанын, болашақта да солай болатынын дәлелдейміз. Солтүстік Қазақстан - біртұтас Қазақстан жерінің ажырамас бөлігі және солай болып қала бермек. Қазақстанның патриоттарының бәрі дерлік дәл осы Петропавлда Қожаберген жырауға ескерткіш тұрғызылғанына дән риза. Бұл - барлық халық үшін атаулы тарихи оқиға.

Зерттеушілер Қожаберген жыраудың білім деңгейін, бірнеше тілді білгенін, шығыс халықтарының сол кездегі қайраткерлерімен таныс болғанын жоғары бағалайды. Шығармашылық мұрасының биік шыңы - "Елім-ай" дастаны, оның отты, патриоттық үндеулері академик Х.Әбжанов атап өткендей, өзінің мазмұны бойынша 18 ғасырдағы қайта өрлеу дәуіріндегі көрнекті Еуропа ағартушыларының деңгейіне сәйкес келеді.

Қожаберген жыраудың есімін қайта жаңғырта отырып, оның халыққа қызмет етудегі үлгілі ісін ел есінде қалдырамыз. Біз халықтың бостандыққа деген шөлі басылмағаның өз жерін қорғауға дайындығын үш ғасыр өтсе де және әртүрлі қарсылықтарды бастан өткергеніне қарамастан халық рухының терең түкпірінде ұлы перзентінің мемлекетшілдігіне, Отанымыздың игілігі жолындағы қоғамдық қызметіне және өлмейтін шығармасына деген құрметі мен алғысы сақталғанының куәсі болып отырмыз. Халықтың мұндай ризашылық сезімі мен махаббатын ешқандай желмен де, күшпен де жойып жібере алмайсың.

Кіші отанымыздың тағдыры туралы ойлаған кезде ұзақ әрі жоспарлы отарлағанына, мәңгүрттендіруге, қазақ халқының және еліміздің бостандығы идеясына тыйым салғанына және оны қудалағанына қарамастан менің жерлестерім өмірлерін құрбан ете отырып, Қожаберген жыраудың, Мағжан Жұмабаевтың, басқа да өлкеміздің шынайы патриоттарының шығармалары арқылы, ауыздан-ауызға жеткен бостандық пен әділеттілік жолындағы ұлы рухының арқасында адамгершілік, азаматтық ресурстары мен рухани күш-жігерлерін сақтап қалғанын көреміз.

Қожаберген жырау, Мағжан Жұмабаев сынды тұлғалардың есімдерін жаңғырта отырып, олардың қазақ халқының мүддесіне қалтқысыз қызметін, махаббаты мен адалдығын көрсетеміз, олардың ерліктерін мәңгілік ете отырып, біз өз перзенттік парызымызды бұл тұлғалардың алдында ғана емес, өзін халқының бостандығы жолында құрбан еткен басқа қаһармандардың алдында да орындамақпыз.

Қазақстан ұлттық бостандығын ала отырып, қазақ халқының шынайы тарихың әсіресе, оның ұзақ жылдар бойғы бостандығы, тәуелсіздігі және Отанымыздың аумақтық біртұтастығы жолындағы күресінің тарихын жазуға мүмкіндігі бар. Тарих өз халқының ерік-жігері мен мүдделерін білдіріп, соған арқа сүйей отырып, тұлғаларды (хандарды, батырларды, қаһармандарды) тудырады. Қазақстанның бостандығы жолындағы күрескерлердің ерлігі туралы жазуға бұрын мүлдем тыйым салынды немесе бұрынғы отарлаушы елдің тарихшылары олардың қызметін толығымен бұрмалап көрсетті. Өкінішке қарай, біздің халқымыздың мұрағаты мен дамыған төл жазуы болмады.

Осыған байланысты, қазіргі ғалымдардың, тарихшылардың, өлкетанушылардың, зерттеушілердің алдында Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігіүшін күрескен батырлардың ерлік істерін қалпына келтіру, бүгін және келешек ұрпақтың жадында мәңгі қалдыру үшін күш-жігер біріктіру міндеті тұр. Есімі ұмыт қалған және тиісті бағасы берілмеген қаһармандар еліміздің өңірлерінде аз емес. Міне, мемлекетіміздің, ғалымдардың, зиялы қауымның және жұртшылықтың идеологиялық және ұлт-насихат қызметтерінің ғылыми, патриоттық әлеуеті осыған бағытталуы тиіс. Бұл мәселеде біз мемлекетшіл болуға тиіспіз.

Сабыр ҚАСЫМОВ,

"Қаһармандар" республикалық қоғамдық қорының президенті,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты.

 

Қасымов С. Қожаберген Толыбайұлын ұлықтаудың тарихи және саяси маңызы./ Soltustik Qazaqstan. – 15 qarasha .- 2018 jyl. - №137. – 7 bet.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий