Өмір өтіп барады...Өлеңдер

11 февраля 2019 - Кабиева Р.

Құмға шөгіп, келмейді қайырлағым,

Құс боп ұшып кетуге дайын жаным!

Көкіректен Күн-сәуле сөгілгенде,

Дір-дір қағып жылайды қайыңдарым...

 

 

Қайыңдарым жылайды дір-дір қағып,

Көзәйнегі көңілдің бұлдырланып...

Сейілмеген сезімнің мұнарынан,

Нұрын құйған жаныма бір күн жарық!

 

 

Бір күн жарық жаныма нұрын құйған,

Ләззат тапқан аңсатып құйын жырдан.

Жүрегімді жандырған тағдырымнан,

Тегі маған осындай бұйырдың дәм?!

 

 

Бұйырдың дәм осындай тегі маған,

Өрекпіген өмірден көңіл алаң ?!

Көзсіз барып кім отқа түсер дейсің,

Керек болса, кейін де шегіне алам...

 

Отқа түсіп, кетпейді жанып кеткім,

Не болмаса жұлдыздай ағып кеткім?!

Күйзелгенде көңіл-жыр дәптеріне,

Тамшы жас боп байқалмай тамып кеттім..

Асықтырма, әбігер етпе мені

Асықтырма,

Әбігер етпе мені,

Қорыққанда жаман ой көп келеді,

Жапырағым түскелі жаным жүдеп,

Сыр бөлісер жүректің дәптер емі...

 

Жұбандырып,

Ал кейде қуандырып,

Ой бұлағын тұсаулап,

Су алдырып —

Төгілетін жырлар-ай,

Кұйылатын,

Солған гүлдей сарғайды,

Қуарды үміт ?!

 

Көңіл күпті демеймін өткеніне,

Өмір үшін -

Жаз, күзі, көктемі не?

Жыл мезгілі сияқты тіршілік бұл,

Ауыса да бермейді,

Төрт бөліне?!

 

Атар таң мен батар Күн болғасын да,

Өмір-өзен бұрынғы арнасында.

Асықтырма,

Әбігер етпе мені,

Тұрған жанмын шыңырау,

Жар басында...

 

 

Құлар ма екем білмеймін,

Құламаймын...

Қимай мені тұрғандай бұл арай Күн ?!

Тайып кетсе аяғым,

Жалынбаймын,

Тәңірімнен тағы өмір сұрамаймын...

Қымбат маған іңір күн

Тезек иісін ауылдағы іңірдің,

Жұтып өстім,

Аңсаймын-ау бүгін күн ?!

Балқып батқан көкжиекке қол созып,

Келіп кетті жалаңаяқ жүгіргім...

 

Келіп кетті балалыққа оралғым,

Мауқым басып,

Қалай оған қанармын?

Ауыл менің құндағымсың тербеткен,

Құстай ұшып,

ЬІнтықпайды саған кім ?!

 

Бұрынғы емес,

Қазіргі күн — құрамыс,

Балалықтың бар елесі тым алыс...

Қызыл іңірде қызу тірлік көре алмай,

Жан ауырып,

Езіліп қой тұрады іш...

 

Обалы көлдің әр жағынан шағылдың,

Қымыздықты қыр беткейді сағындым.

Бүгіндері батпақтанып бара ма,

Қатып қалған қатпарындай қамырдың??

 

 

Қурай өскен,

Бойымыздан жоғары,

Көлден бұрын,

Жол жиегі қоғалы.

Біз білетін қызыл іңір ауылдың,

Көз алдында сиқы кетіп барады.

 

Бұрынғыдай ақсақалдар дүйім көп,

Кешкілікте бие қосар үйір жоқ.

Балалықтан түк қалдырмай еске алар,

Бәрін жайпап өткендейін құйын кеп ?..

 

Жол тақырды құрған талай асықты,

Боз даланың қияқ шөбі басыпты...

Жоғалған соң тіршілігі іңірдің,

Қөңілдегі көп үмітті жасытты.

 

Сонда дағы қымбат маған іңір күн,

Ұмытылмас сәттері бар ғұмырдың.

Мейлі түгел ауыл көшіп кетсе де,

Қырға шығып келеді бір жүгіргім...

* * *

Өмір өтіп барады,

Ғұмыр ағып –

Қөңілдерден бірі өшіп,

Бірі қалып...

Жарық нұрға жанымды жетелеші,

Уысынан уақыттың жұлып алып?!

 

Көз жүгіртіп, өткеннің сан-сағына,

Аршып алшы,

Қүйдірші болса кінә —

От тіліне жалатшы жан жарамды,

Жанып тұрған жүрегім балшамына...

 

Үміттерім үзіліп елге сенер,

Бұлай ету –

Қолыңнан келмесе егер.

Жағып жібер,

Лаулатып өрте мені,

Күлім қалсын бір шөкім жерге себер?!

 

Өмір өтіп барады,

Ғұмыр ағып —

Ғарыштағы кемедей зымырадық.

Не керегі бар дейсің,

Қайран, дүние —

Қайрылмайтын тірлікте тірі қалып ?!!

* * *

Үйреніскен өмір ғой дүйім ғалам,

Күрделеніп, қалай ол қиындаған?

Біреу мені өзгертіп қойғандайын,

Түсініксіз қазіргі күйім маған ?!

 

Беретіні бар дейсің қайырып қай,

Өмір деген ол да жол айырықтай...

Тірелген тірліктің бұл тұйығына,

Жүрегімнің отырмын жайын ұқпай?!

 

Жан тыныштық табылмас өзі-ақ арман,

Сықырлап келе жатыр қазақ арбам...

Өзімді қоятындай жер таппаймын,

Әйтеуір, бір жайым бар мазаланған.

 

Сағым жылдар сырғытқан бүркеп кейін,

Жанымның жыртығынан жыр көктеймін...

Қорқатындай енді мен ештеңе жоқ,

Өмірдің тек өзінен үркектеймін!

Тойымсыз ындын

 

Кебежедей қарын үрген құр күбі,

Ашқарақтар таңсық емес бұл күні?!

Не жесе де жұмырына жұқ болмас,

Тойымсыз ғой ондайлардың ындыны.

Жемсауынан жел шығарып кекіріп,

Тойдым, — деуі және олардың өтірік.

Өлгенінше тоя жейді бұл ындын,

Кеңірдектен ықылықтап отырып...

Жұтқыншақта жұтылғаннан басқа да,

ашқарақтық жайында сөз масқара.

Сүліктей сорып, бәрін жұта бермекші,

Кебежедей қарындылар тасқара?!

Зая болар судай сіңіп құр құмға,

Тістегені кетті дей бер құрдымға.

Араны ашылып, жатап жатқан барлығын,

Зауал барма, дауа барма ындынға?!!

Құс базары тарады

Оралмасқа кетті күн,

Тізілген тырна, қаз әні...

Бұрынғыдай жоқ бүгін,

Қиқулы құстар базары.

Сағынасың, сенбейсің,

Азайып қалған құс қайғы.

Тырналар легін көрмейсің,

Сұңқұлдап қаздар ұшпайды...

Тынар деп бұпай аяғы,

Болмаған шығар ойда алыс?!

Жыртылып ұшқан баяғы,

Көлдегі қалың қайда құс ?

Тайғаны осы-ау бастан бақ,

Бүгінгі көрініс кім өгей?!

Безіп көлден қасқалдақ,

Қалғаны жалғыз шүрегей...

Қызғыш құс бекер зарлайды,

Оны да тыңдар зауқым жоқ ?!

Зорланып күшке салмайды,

Көл көтерген әупілдек...

Телміріп аспан заңғарға,

Қыран құстары қалмаған.

Көзім ғой әбден талғанда,

Қарақұстарға да алданам ?!

Қанша мүжі өзіңді,

Оралар көкке қай лашын ?

Құстардың бәрі безінді,

Қарлығаштарым, қайдасың?!

Құс базарын жалмаған,

Табиғатқа таңғалам —

Қарқылдаған қарғадан,

Басқалары қалмаған?..

Қаңтардың сарышұнақ аязы

Жұртымның жарайды ғой бұл шыдамы,

Еттен етіп барады қыршығаны.

Батыс Сібір ойпатын жаулап алған,

Сары аяз жерге бұғып, тұншығады.

Қырықтан да асады сынап баған,

Бір аптадай бұл аяз тұрақтаған.

Әсіресе, желінің өті қатты,

Бетті қарып, үсітіп, шыдатпаған.

Тік ұшады мұржалы үй түтіндері,

Аспан асып кетердей бүкіл демі?!

Сүңгі мұртты жігіттер жүр далада,

Жерге мұз боп түседі түкіргені...

Білдірмейді бұл суық бүтін жайды,

Кеуде көрер кең ауа жұтылмайды.

Суық торғай бұтақта қатып қалып,

Басқанда табан ізі сықырлайды.

Қары жұқа қыс қатер дегендейін,

Қата түсер жер тоңы тереңдейін...

Сарышұнақ сары аяз қысып тұрсың,

Өмір бар ма бұл өзі сенен кейін ? 

Орман кезіп бұғы жүр..

Табиғаттың түпкі сырын кім ұғар,

Тундрада қатып жатыр шыны қар.

Тұяғымен азық таппай қиналған,

Біздің жаққа безіп келді бұғылар?!

Солтүстіктің мұзды поляр шеңберін,

Түсінбеймін қалай асып келгенін.

Жолда жолай тастан тауып қына-мүк,

Сар даланың басты-ау ақыр кең жерін.

Ақ қайыңды орманымның сәні боп,

Өзгеріп бұл сала берді төңірек.

Есіп өңір табиғаты шұрайлы,

Бұғы, еліктің жетеді ғой бәріне от.

Биыл өзі түскен жоқ қой қар қалың,

Жүр бәрі де кезіп еркін орманын.  

Шөп үйілген жерлерге де үйренді,

Қорықшыдан тауып тіпті қорғанын.

Дала сиыры аталатын бұрын бұл,

Есімізге түсір соны, біліндір!

Бауыр басып кетері анық бізге де,

Орман кезген бұта мүйіз бұғым жүр?! 


Зікірин Т. Өмір өтіп барады...Өлеңдер./JULDYZ.-1/2019.-128-130 беттер.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий