Өмірі - өнеге [Қанапия Мұстафиннің өмір жолы]

25 августа 2018 - Кабиева Р.

       Заманында Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындагы Телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі комитеттің басшысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған, журналист, жазушы Қанапия Мұстафиннің өмір жолы бүгінгі жастарға да үлгі болғандай.

     Ол 1906 жылы Петропавл уезінің Төңкеріс болысындағы №4 ауылында - қазіргі Тимирязев ауданындағы ЬІнтымақ ауылында туған. Әкесі Мұстафа Шорағұлұлы қазақ, орыс тілдерін жақсы білген, көзі ашық әрі еті тірі адам болыпты. Ол баласы Қанапияны жастайынан оқуға берген. Алайда, кедейліктің салдарынан Қанапия 14 жасынан байдың малын бағып, жалшы болады. Кейін әкесімен бірге ұжымшарға кіреді. Комсомол қатарында белсенділік көрсеткен жасты аудандық ком­сомол ұйымы Қызылжар қаласына тракторшылар даярлайтын курсқа оқуға жібереді. Курсты жақсы бітірген Қанапия сол кездегі Бейнетқор (қазіргі Аққайың) ауданындағы "Шағалалы" кеңшарында тракторшы болып істейді.

1929 жылы құрылған кеңшардың жұмысымен танысуға Уаэптон Стивенсон деген инженер бастаған америкалық делегация келеді. Осы делегациямен бірге болу үшін округтік партия комитеті сол кезде газетте істеп жүрген Сәбит Мұқановты жібереді. Америкалықтар жас тракторшы Қанапиямен кездескен сәтін Сәбең былай суреттейді: "Америкалықтар қазақ трактористері ішінен әуелі Қанапиямен жолығысты. Биік, балуан денелі, таңқылау мұрынды, қарақоңыр өңді, қабағы қалың бұл жігіттің қарамағында "Универсал" деп аталатын трак­тор бар екен, оны Қаналияның ұршықтай үйіруіне америкалықтар қайран қалды".

"Қазақ түгіл орыста да жөнді тракторист жоқ" деген ұғымда келген олар Қанапия Мұстафиннің және онымен біргө келген басқа трактористердің бұл техниканы мейлінше жақсы білетіндіктерін көрді. Кеңшар даласын аралап, орталығына қайтып келе жатқан шақта: "Россияда тракторист жоқ" деген ойымыз қате екен", - деді Уаэптон Стивенсон, бүгінгі көрген трактористеріміз, бильярд тілімен айтқанда, Американың ең таңдаулы тракторисіне бес шарды бұрын бере алады". (С.Мұқанов. "Есею жылдары". Алматы, 1984, 432-ші бет).

Осы кеңшарда ерен еңбегімен және қоғамдық жұмыстағы белсенділігімен көзге түскен Қанапия Мұстафаұлы Қызылжар қаласына партия-кеңес мектебіне оқуға жіберіледі. Мектепте оқып жүріп, партия қатарына қабылданады. 1931 жылы мектеп бітіргеннен кейін ол Ақмола ауданында Семе­нов машина-трактор станциясында парторг, директордың орын­басары, аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық "Ақмола екпіндісі" газетінің жауапты хатшысы болып істейді.

Бұдан кейін, 1934-1937 жылда­ры, Алматы қаласында Қазақстан коммунистік журналистика институтында, Қазақстан марксизм- ленинизм институтының аудармашылар бөлімінде оқиды. 1937- 1938 жылдары Қанапия Мұстафин Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы радиохабарларын тарату жөніндегі комитеттің әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Бұл бүкіл республикада жаппай "халық жаулары" іздестірілген, саяси жағынан ең қиын жылдар еді. Зобалаңның оның да басына үйірілген кезі болатын.

Кейін өз қолымен толтырылған өмірбаянында Қанапия Мұстафин 1937 жылы 19 қазанда партия қатарынан шығарылғаның жазыпты. Сонда оған “Сәбит Мұқановтың сыбайласы” деген айып тағылыпты. Екеуінің Солтүстік Қазақстан облысында туғаны белгілі. Қаншалықты "сыбайлас" екенін сол кездегі сталиндік "үштік" анықтап үлгермесе керек. Өйткені, жазушы С. Мұқанов өзінің кеңестік үкімет пен большевиктік партияға адалдығын дәлелдеп шығады. Нәтижесінде, 1937 жылғы 17 қарашада Сәбит Мұқановпен бірге Қанапия Мұстафиннің де парт­билеті қолына тиеді.

Айта кету керек, Қазақстанның телевизия және радиохабарлары комитетінің бірінші басшысына әр кезеңде белгілі мемлекет және партия қайраткерлері жақсы мінездеме берген, өз қолдарымен жоғары қызметке ұсынған. Мұрағат құжаттарына қарағанда, оның жолын ашқан басшылар арасында Ж.Шаяхметовтің, Н.Скворцовтың, Г.Борковтың қолы бар.

Отызыншы жылдардың соңы мен қырқыншы жылдардың басында Қанапия Мұстафин Ақтөбе облыстық "Социалистік жол" га­зеті партия бөлімінің меңгерушісі, сол облыстың Жұрын аудандық партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитеті кадрлар бөлімінің хатшысы болып істейді. 1943-1945 жылдары Мәскеу қаласында БК(б)П орталық комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінде оқиды. Оны бітіріп келгеннен кейін Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы бо­лып сайланады.

1950 жылы Қ.Мұстафин Қазақ КСР Министрлер кеңесінің жа­нындагы радиохабарларын та­рату жөніндегі комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалады. 1951-1956 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің мәдени ағарту мекемелері жөніндегі комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Елуінші жылдардың екінші жартысында Қазақ КСР Министр­лер кеңесінің радиохабарларын тарату жөніндегі комитет телеви­зия және радиохабарларын тара­ту комитеті болып қайта құрылғанда, республика Үкіметін басқарып отырған Дінмұхамед Қонаевтың өзі Қанапия Мұстафинді төрағалыққа ұсынады. Қайта құрылған комитет жұмысының жандануына Қанапия ағамыз көп еңбек сіңірді.

Елімізде 1957 жылдың 29 маусым күні Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанынан "Телевизия және радиохабарлары жөніндегі коми­тет" құру туралы қаулы қабылдағаны белгілі. Оның тұңғыш төрағасы болып Қанапия Мұстафин, ал Алматы телестудиясының алғашқы директоры болып Хамза Әбілғазин тағайындалғаны мұрағатта сақталған құжаттардан белгілі болып отыр.

1958 жылғы 8 наурыз күні көгілдір экран арқылы Қазақстан кеңістігіне алғаш хабар тарады. Теледидардың қалыптасу кезеңінде оның іргетасын қалаушылар бой көрсетті. Олардың қатарында Ж.Өмірбеков, Ж. Смақов, М. Барманқұлов, Ж. Рсалдин, С. Естемісова, Ә.Дүйімбаев, С.Шәріпов, С. Тәжіғұлов, Ж. Нұсқабайұлы тәрізді шығармашылық топ мүшелері бар.

Алғашқы дикторлар Зұлқия Жұматова мен Нэлли Омарованың, бас редактор әрі жүргізуші Совет Масғұтовтың алмастың жүзіндей жарқылдайтын кездері де сол тұс болатын.

Қ. Мұстафаұлы басқарган кездегі бұл комитеттің жетістігі тура­лы журналист Қайнар Олжай бы­лай деп жазды: "Бірінші төрағаның (Қ.Мұстафиннің - Қ.М.) тұсындағы елеулі оқиға Қазақ КСР өнері мен әдебиетінің Мәскеуде өткен онкүндігі еді. Орталық телевизиядан қазақ өнер шеберлерінің бағдарламалары көрсетілді. Жекен Жұмахановтың "Жаңа қоныстанушылар" атты телеқойылымы ең өзекті тақырыптың - тың игеруге арналды. Келесі телехабарға Құрманғазы атындагы ұлт аспаптар оркестрі қатысып, концерт берді. Орталық телевизиядағы бағдарламаның шарықтау шегі "Дударай" операсының телевизиялық нұсқасы еді. Оны бүкіл елдің телекөрермендері жақсы қабылдады. Республика басшылығында жүрген Д.Қонаев, Ж.Тәшенев сынды қайраткерлер жас ұжымды табысымен құттықтады".

Алпысыншы жылдары Қ. Мұстафин Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде өз күшін бұқаралық ақпарат құралдары - радио, те­левизия, баспасез, полиграфия, кітап басып шығару ісі және кітап саудасын дамытуға жұмсады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін (1970 ж.) ол Қазақ КСР Министр­лер кеңесінің баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Қанапия Мұстафаұлы 1948-1950 жылдары Ақтөбе облыстық және қалалық кеңестерінің депутаты, 1959 жылдан КСРО Журналистер одағының мүшесі болды.

Қ. Мұстафиннің еліне сіңірген еңбегі кезінде жоғары бағаланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1967 жылғы 4 мамырдағы Жарлығымен оған "Республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілді. Ол екінші дәрежелі "Отан соғысы", "Құрмет белгісі" ордендерімен, бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1970 жылы оған одақтық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындалды.

Қанапия Мұстафин өте кішіпейіл, қарапайым, адамгершілігі мол жан еді. Сонысына қарай оның жақын жолдастары мен достары да көп болды. Олардың ішінен халқымызға белгілі Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді, Жұмабай Шаяхметовті, Қаныш Сәтбаевты, Саттар Имашевты, Сабыр Ниязбековті, Дихан Әбілевті, Бауыржан Момышұлын атасақ та жеткілікті. Ол, тіпті, бүкіл одаққа әйгілі диктор Левитанмен де достық қарым-қатынаста болыпты.

Қанапия Мұстафин әртүрлі қызметте жүріп, баспасез бетінде көптеген көсемсөздер, очерктер, мақалалар жариялады. Ол жазушылықпен де айналысып, бірнеше кітап шығарды. Мысалы, оның "Қыр жігіті" повесі Алматыда 1964 жылы және 1969 жылы екі рет басылып шықты. "Ақ тарының атасы" (Шығанақ Берсиев және оның тары өсірудегі озық тәжірибесі туралы) кітабы 1967 жылы “Қыз шоғы повесі 1983 жылы баспадан шықты.

         Қайролла  МҰҚАНОВ,

білім беру саласының ардагері, өлкетанушы.

Мұқанов Қ. Өмірі-өнеге // Soltustik Qazaqstan. -59-60 (22232-33). -24.05.2018. -10 бет.

 

 

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий