Өмір өзегі -өлең

5 февраля 2019 - Кабиева Р.

                         Отан

Өтті ғой, достар, сол күндер,

Қатігез күндер қалды артта.

Қабылдап мені мол гүлдер,

Жай тапты жаным жәннатта.

 

Жәннатым - Отан бесігім,

Бесігім менің тербелген.  

Ұлы өмір мұнда есігін,  

Ашқанда жарық мен көргем.

 

Атты таң, торды талқандап,  

Қуанышқа бөлендім.  

Отан деп шат боп айқайлап,  

Еліме тартып женелдім.

 

Ерді де бақытты ететін,  

Өзінің ескен елі екен.

Ақынды бақытты ететін,  

Өзінің туған жері екен.

 

 

 

Туған  жер

Батты-ау тіпті, зар жаныма,

Көзімнен көл тегілген.

Қан майданның ар жағында,

Күтуде анам егілген.

 

Сағындым ғой жасыл белім,

Сағындым ғой кең далам.

О, Отаным, асыл менің,

Кетті шетке жан балаң.

 

Жау қолында болып пенде,

Солдым, қалмай түр деген.

Ащы мұңға толып кеуде,

Сені ойлаймын, күңіренем!

 

Тау мен көлім, ну ағашым,

Шақырады жайқалып.

Өмір-теңіз, қайық-басым,

Келе жатыр шайқалып.

 

Көркейе бер, өскен өлкем,

Ән сала бер, бұлбұлым.

Ұмытармыз күні ертең,

Сұм тағдырдың бұл күнін.

    

Бітер соғыс. Нұрын шашып,

Күн де күлер көгімнен.

Қуантармын, құшақтасып,

Жан анамды егілген.

Есіл

Есілім, менің Есілім,

Сылаңдайсың сылдырап

Арқаның ашып есігін,

Ағасың төмен құлдырап.

Думан-той, у-шу, мереке,

Терістікке баруың,

Жеріңде жүрген береке,

Өлкемді кезген, аруым.

Әкетіп алға ағының,

Тасқының мені тербеткен,

Қуғандай белес сағымын,

Жүзуде жүлде ап ер жеткем.

Жарыссам асау толқынмен,

Ойнаса шоршып шабағың,

Күлкілі күміс шолпыңмен,

Ұрушы ең жардың қабағын.

  Өзімнен жастай сыр ұққан,

  Жатырсың жайнап, Есілім!

  Кездерім болса ұмытқан,

  Ете гөр сен де кешірім.

 

 

Жолдыөзегім

Мұнарланған сенің ну мен көліңді

Қостым жырға, туған Жолдыезегім.

Жырлайын да қандырайын шөлімді,

Келгеннен соң өлең жазар кезегім.

Нәзік қолға әуел қалам алғанда,

Тұңгыш жырды дәл өзіңнен бастағам.

"Туған жер!"- деп,мынау жалпақ жалғанда,

Менде сені жаздым, Жолдыезегім!

Жүрген шақта жаудың қиып желкесін,

Ойлап сені, шерге толды өзегім.

Жыр, хикая, томдар жазса, теңіздей

Толқып әркім, дәріптейді өз елін.

Жолдыөзегім, туған екі егіздей

Есіл менен қосады Ертіс өзенін.

Айтып бірі Қарқаралы, Баянды,

Кетереді көкке бірі Көкшесін,

Жолдыөзегім, сүйем сенің саяңды,

Жатқан сұлап, жанап Көкше өкшесін.

Асан данам желмаясын шалдырған,

Жолдыөзектің көріп жасыл даласын.

Ескерткіш қып талай атты қалдырған,

Нулы өлкеде сүйіп қазақ баласын.

Ойдым-ойдым сансыз айдын көлінде,

 Жүзіп аққу, қаңқылдайды қаздарың.

 Мен туғам жоқ сонау Бетпақ шөлінде,

 Сенде өткіздім өмірімнің жаздарын.

 Шие терсем мені әнге бөлеген

 Боз торғайы бұтасында теректің.

Табиғатқа емеспін құн төлеген,

Тапсам-дағы жанға бәрін керектің.

 

Ертіс

Ағады Ертіс есіліп,  

Таппай бір тыным тағатын,

Теңселіп жатыр кесіліп,

Жайып сап жалпақ қанатын.

 

Шулатып асау Зайсанды,

Аралап алтын Алтайды,

Жөңкиді Ертіс байсалды,

Алты рет аттап алты айды.

 

Халқымның ойлап бар қамын,

Қуантады елдің ұл-қызын,

Жеріне жалпақ Арқаның,

Бұршақтай сеуіп жұлдызын.

 

Ақпаса, өзен тоқталса,

Ерінін туған ел тістер.

Елімде шіркін көп болса

Ертістер, асыл Ертістер.

Хамза Абдуллин

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий