"Мағжантану" зерттеу орталығы ашылды [Мағжан Жұмабаев - 125]

10 августа 2018 - Кабиева Р.

   «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады ...» - деп, заманынан оза туған ақын Мағжан айтпақшы әрбір жаңа бір «толқын-ойдан туады ғой. Олай болса бүгінгі мақаладан оқитын жаңалықтарыңызға бастамашыл болған жандар өз арамызда. Олар жас, әрі білікті мемлекеттік қызметкерлер: аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық білім бөлімінің басшылары Сәуле Нұрқайдарова мен Рысжан Нұрғалиеваның ізденістерінің арқасында ақын атамыздың асыл мұраларын зерттейтін орталық ашылмақшы. Ендеше сүйінші!!!

   Ақын шығармаларын одан әрі әспеттеу үшін ауданымыздың орталығы Булаев қаласының құзырына кіретін Медвежка ауылындағы орта мектепте жоғарыда аты аталғандардың бастамасымен және мектеп ұжымының қолдауымен 31 мамыр - сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының әруақтарын еске алу күні филология ғылымының кандидаты Сәуле Зейнішқызы Темірханова атындағы Мағжан шығармаларын зерттеуге арналған «Мағжантану» зерттеу орталығының ашылу салтанаты болып өтті. Ашылуды ауылдық мектептің ұжымы жоғары сынып оқушыларымен біргелікте ұйымдастырсақ. Аталған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары - Салтанат Әріпхан, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасыньің бірінші орынбасары - Болат Қазанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы - Оралбай Сағындықов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы - Сәуле Нұрқайдарова, аудандық білім бөлімінің басшысы - Ырысжан Нұрғалиева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы - Алтыншаш Хасенова, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Серік Жұмағұлов, бірнеше мектеп директорлары, БАҚ өкілдері және өзге де қоғам мүшелері қатысты.
   «Қазақтың елі мен жерің тілі мен ділін жан-тәнімен беріле сүйіп, өзінің жақұт жырларына арқау еткен, осы орасан еңбегінің арқасында қазақтың атын әлемге асқақтата білген ұлы ақын, шебер аудармашы, педагог-ұстаз, ғалым-ағартушы Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың туғанына маусым айының 25-ші жұлдызында 125 жыл толады. Осы айтулы мерейтой республикалық деңгейде ғана емес, сонымен қатар, бүкіл түрік әлемінде және Еуропа елдерінде де халықаралық деңгейде тойланатын болады. Осындай ғұлама дананың біздің елдің және біздің ауданымыздың тумасы екендігіне жүрегіміз жарыла қуанамыз және біз сол ұлы Мағжанның ұрпақтары мен ізбасарлары екенімізді мақтан етеміз.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «100 жаңа есім» жобасы жүзеге асып, еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл жоба жайында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп айтқан және «Жаңа есім» жобасы - өзінің батыры мен ақынын, ғалымы мен данасын білікті, саналы маманын көрсеткісі келетін қалың жұртшылық тарапынан кең қолдау тауып, республикалық маңыздағы үздік тұлғалармен қатар әрбір облыстың, әрбір ауданның, тіпті, әрбір мек¬теп пен ауылдың, әрбір қоғамдық ұйым мен ұжымның үздік 100 тұлғасын тізімдеп шығу керек екендігін көрсеткен.
   Міне, Президент мұрындық болып жүзеге асырылып жатқан осы ауқымды жоба аясында Медвежка орта мектебінде осындай атақ пен құрметке лайықты, мектептің дамуына талай жылдар бойы еңбек сіңірген, данышпан Абай айтқандай баланы үйретіп, ұстаздық етуден ешқашан жалықпағаң саналы ғұмырының 42 жылын жас ұрпақ тәрбиесіне жұмсап, оның 31 жылында осы мектепте ұстаздық етсе, 17 жыл бойы мектеп ұжымын басқарған Сәуле Зейнішқызы Темірханова солардың бірі. Ол өзінің педагогикалық және басшылық қызметімен қатар ғылыми жұмыстармен шұғылданып, Мағжан шығармашылығын зерттеумен айналысып, осы және педаго¬гика саласында бірнеше жаңалықтарға қол жеткізуінің арқасында еліне елеулі, халқына қалаулы тұлғаға айналды. Ғылыми атақ жәй беріле салмайтыны белгілі ғой, ол үшін талай жылдар бойы көз майыңды тамыза отырып, күнді түнге ұра дамылсыз еңбек ету қажет екені мәлім.Сәуле Зейнішқызы - жоғары санатты орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, филология ғылымының кандидаты. Мағжан шығармашылығының зерттеушісі, 11 ғылыми мақалалардың авторы, көптеген Халықаралық ғылыми конференциялардың белсенді қатысушысы, орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне арналған бірнеше әдістемелік нұсқаулықтардың авторы.
   Ол - көп жылдық адал еңбегі үшін білім беру және ғылым салаларының дамуы¬на қосқан айтулы үлестері үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде көптеген «Мақтау қағаздармен» және «Алғыс хаттармен марапатталған қарапайым еңбекқор жан.
   Ашылғалы отырған зерттеу орталығы - мақтанышымыз Мағжанның шығармаларың әсіресе, жас ұрпақтың арасында кеңінен дәріптеуге, олардың ақынның жақұт жырларымен жақыннан, етене танысуларының нәтижесінде өз елінің, Отанының нағыз отансүйгіш патриоттары болып қалыптасуларына ықпалын тигізері анық. Сонымен бірге, оқушылар Мағжанның әлі бізге белгісіз туындыларын тауып, оның жарыққа шығуына атсалысары ақиқат. Зерттеу сыныбына қатысушы әрбір оқушы немесе жас жеткіншек ақынның кез келген шығармасындағы әрбір сөздің мәйегін ашып, мағызын шағып өздері ұғынып қана қоймай, соны өзгелерге де қаз-қалпында жеткізе ала¬тын ұрпақ тәрбиелеуге жетелейді.
   «100 жаңа есім» жобасы аясында Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай өсіп келе жатқан ұрпаққа Мағжандай нар тұлғаны танытуға, оның шығармаларын жалпы жас жеткіншектер мен жастар ара¬сында әспеттеуге, болашақ ұрпақ үшін үлкен ғылымға жол ашатын ақын қалдырған мол мұраны зерттеуге зор мүмкіндік беретін жоғарыда атап өткеніміздей мектептің да¬муына үлкен үлесін қосқан филология ғылымының кандидаты Сәуле Зейнішқызы атындағы арнайы жабдықталған зерт¬теу орталығы салтанатты түрде ашылды. Шараға қатысушылардың сөз сөйлемегені, ой қоспағаны қалмады. Барлығының сөздері, ой-пікірлері жоғарыда келтірілгендей бір жер-дей шықты.
Зерттеу орталығын ашу, яғни лентасын қию мәртебесі Сәуле Темірқанова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы — Оралбай Сағындықовқа бұйырды.
   Зерттеу орталығын шара қатысушыларына осы мектептің биология пәнінің мұғалімі Жәмила Досова таныстырды. Ол өз сөзінде «Елді түзету үшін бала оқыту ісін түзеу ке¬рек» деген ұлы Мағжанның даналық сөзін бағдаршам ете отырып, зерттеу сыныбының мақсаты, бағдарламасы және міндеттері туралы баяндап етті. Сосын осы зерттеу сыныбының ашылуына бастамашы болған Сәуле Еркінқызы мен Ырысжан Бекетқызына алғысын білдіре отырып, жалықпай ізденіп, Астанада жасап жүрген Сәуле апайды тауып, келіссөздер жүргізіп, көндіріп, бүгінгі ашылған зерттеу орталығының жұмысын бастап жіберуіне септігін тигізген мектеп ди¬ректоры Бәтима Бейсембаеваға және оның қол астындағы ұжымға ризашылық танытты. Ол өз сөзінде Сәуле Зейнішқызының еңбектері мен шығармашылығы жайлы толық әрі кеңірек әңгімелеп берді. Зерттеу сыныбының алғашқы қарлығаштарының бірі, осы мектептің 11 сынып оқушысы, аудандық қазақ тілі мен әдебиет пәнінен олимпиада жүлдегері, «Жарқын болашақ» олимпиадасында Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңінің қазіргі таңдағы өзектілігі тақырыбы бойынша аудандық кезеңінің жеңімпазы, қазақ тілінен әртүрлі қашықтық олипиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған Фарида Нұрмұқанова қатысушыларды өзі айналысқан ғылыми жұмыстарымен таныстырды.
   Қорыта келгенде, бұл бастама Мағжандай алып атамыздың өмірінің, шығармашылығының, педагогикалық және басқа да ғылыми еңбектерінің аудан, облыс, қала берді республика жұртшылығына кеңінен жариялануына, сонымен бірге ғұлама жерлесіміздің әлі де болса бізге белгісіз жырлары мен өлеңдерін тауып жариялауға үлкен септігін тигізеді деп сенеміз!

 

 

Мекебай Оңай. «МАҒЖАНТАНУ» зерттеу орталығы ашылды. // Мағжан жұлдызы. 8.06.2018. №23. 5б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий