ҰЛЫ АҚЫННЫҢ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ

26 марта 2018 - Нугуманов Арсен

   Қазақ халқының беткеұстар мақтанышы бола білген ұлдарының бірі әрі бірегейі - ұлы Мағжан ақын. Ол ұлт қайғысын жырға қосқан ақындардың ең күштісі. Ақын өмірге қазақтың қалың бұлттай мол қайғы-қасіретін бейқамдығын, ашықауыздығын жырлай келді.
  Басқа халықтардан артта қалған қазақты сол озық халықтардың қатарына қоспақ ниетте ол әуелде қазақты Абайша сынай бастады, одан соң Ахмет, Міржақыпша өнерді, білімді насихаттады, соңында ұлт қайғысын өзінше жырлады. Мағжан қазақтың ұлттық сезімін ояту бәрінен де жемісті жол екенін ұқты. Өзін-өзі біртұтас ұлт ретінде сезінген халық қана басқаға бағынусыз, тәуелсіз ұлт болып өсіп - өркендей алады деп ойлады. Сондықтан да ол қазақтың отаршылдық жылдарында басылып қалған рухын көтеруді бірінші міндет деп санады. Осы ойларын іске асыру ушін Мағжан сонау 1911 жылдан бастап бірталай өлеңдер жазды. Оның ондай өлеңдерінің біразы 1912 жылы Қазан қаласында шыққан "Шолпан" жинағында жарияланды. Оларда қазақтың қараңғылығы, ауыр халі суреттеледі. Мысалы, "Сорлы қазақ" атты өлеңінде ақын:

Сорлы қазақ жаны алқымға тығылып,
Қара күн кеп тіккен туы жығылып.
Алға баспай барлық ісі кер кетіп,
Нәр тата алмай күшсіз, әлсіз бүгіліп.

Оқу-білім жақындатпай, жолатпай,
Қырын қарап, қазақ ісін ұнатпай.
Пыр-пыр ұйықтап сорлы қазақ
тек жатыр,
Қанды жаспен екі кезін шылатпай, -
дей келе:
Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді,
Қылыш алып "надандық" саған кезенді.
Шетке лақтыр, тымақтай алып, елден қу,
Ертелі-кеш басыңа мініп езгенді, -
деп үгіттейді.

  "Туған жерім Сасықкөл" деген өлеңінде атамекеніне деген ыстық сүйіспеншілік сезімін білдіреді де, соңында патшаның отаршылдық саясатына қарсы жазады. Елдігінен айырылған қазақ даласына қаптай еніп жатқан қара шекпенділердің енді жергілікті халықты жерінен айырып, жұрдай етіп тонайтынын болжап көрсетеді.

Айдын көл атақоныс, құт болған көл,
Сусын боп сұрағанға от болған көл.
Кешебірлік, ынтымақ түгел шақта,
Бейне бір сенің басың сот болған көл.

Білмеймін, нe боларын қайран көлім?
Жарайды тең болмаса күн мен түнің.
Итиіп қара шекпен келіп қонса,
Басыңнан құсың ұшып кетер сенің, -
деп туған жерінің зарын жырлайды ақын
осы өлеңінде.
"Орал тауы" өлеңінде отаршылықтың адресі анықтала түседі:

Қарашы төңірекке мойның бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрік.
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,
Жоғалған әлде қайда іріп-шіріп, - дейді.
Бұл - езілген түрік халықтарының ынтымақтастығының идеясы.
Ал "Есімде...тек таң атсын" деген
өлеңіндегі:
Мезгілше, мейлі келсін тісі батсын,
Сұр жылан өзі оятар, қатты шақсын.
Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,
  Көрелік төңіректі, тек таң атсын, - деген сөздер Машанның әлеумет ақыны бола бастағанының белгісі еді. Патша өкіметін сұр жыланға теңей отырып, сол жылан қазақты қаттырақ шақса, қазақта қатты қимылдар еді, бостандыққа ұмтылар еді дегенді айтқысы
келген.
  Мағжан алты Алаштың азаттығын армандап, бостандықты бүкіл шығармаларының алтын арқауы етіп, қасиетті туындай аялап ұстады. Кеңестік идеология қанышер деп сипаттаған Абылайды ол өз шығармаларында қазақтың асқан батыры әрі ақылды қорғаушысы етіп көрсетті. Мысалы, "Батыр Баян" поэмасында:
Қиын күн туған Алаш баласына,
Шұбырып жапанның cap даласында.
Кез болған жаудан үркіп "Ақтабанға",
Дұшпанның қалғандай боп табасына.

Арқаға аяқ салып, түскен барып,
Екі оттың-орыс, қытай арасына.
Күндерде сонау-қара, тапсырған ел,
Тағдырын Абылайдай данасына.
Сол күнде ел қорғаған Абылайдың,
Қылсаң да аз қанша тәуіп моласына, -
деп Абылайды жоғары бағалайды.


  Ал Ресей патшалығының отаршылығына қарсы қазақтан қол жинап, қанды жорыққа көтерілген қазақтың соңғы ханы Кеңесарыны: "Оқжетпестің қиясында" поэмасында:
Арқада Бурабайдай жер болмайды,
Алашта Кенекемдей ер болмайды.
Кене арыстан мезгілсіз мерт болды ғой,
Алашқа бұдан да зор шер болмайды.
Ел азды, Арқа тозды, қайғы басты,
Күңіреніп біздей бейбақ жыр толғайды...
Кене жоқ, ізін басар іні де жоқ,
  Дариға, жүрегімді дерт улайды, - деп қайғыра жоқтап, Кенені аспанға көтере жырлаған ұлтжанды ақынды кеңес үкіметінің идеологтары, әрине, ұнатпады.
  Мағжан 1929 жылғы 14 шілдеде түрмеде тергеушіге берген жауабында: "Мен өз нанымым бойынша 1911 жылдан Москва қаласына келгенше ұлтшыл болдым", - дейді. Ұлтшыл деген сөзге ол уақытта қылмыс деп қарамайтын елін сүйген азамат деп түсінетін. Бірақ бұл ұғым "байшыл", "жат", "жау" ұғымдарымен қосылғанда Мағжан "ұлтшыл" кеңес үкіметінің "жауы" болып шыға келді.
  Шындығында, Мағжан кеңес үкіметіне "жау" емес, тек өз ұлтын шынайы сүйетін ақын еді. 1914-1915 жылдардан бастап оның ұлтқа деген сезімі жетіле түсті. Ол бұрынғыдан гөрі қаттырақ жырлайды. 1917 жылғы кузде Омбы түрмесінде жазған "Са- ғындым" атты өлеңінде ол:
Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сарыарқадай сайран жерді сағындым.
Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,
Арқадағы айдын көлді сағындым, - дей келе,
"Не көрсем де Алаш ушін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, Алаш елмес, керкейер,
  Істей берсін қолдарынан келгенін!" - деп айға шапқан арыстандай қайсарланады.
  "Жауынгердің жыры" деген өлеңінде Мағжан - қазақ әдебиетінде "ұлтым" деген сөзді алғаш қолданған ақын.

Ұлт дегенде көпіріп,
Жарайсың қаным қайнадың.
Ұлтымнан мен садаға,
Бекіндім, басты байладым, - десе,

"Жолдасқа" атты өлеңінде:
Мен киелі Алашпын,
Іргемді, сасық, ластама.
Ойнама, жолдас, менімен,
Бар бұзыққа бастама.
Кіршіксіз ақордамын,
Сала алмассың бір тап та.
Бұзылмаған қордамын,
Бөле алмассың тап-тапқа.
Тапсыз бүтін бір елмін,
Тәңірге жалғыз ұқсармын.
Көбікті күміс бір селмін,

  Сасықты сендей басармын - деп кеңес белсендісіне өзінің және Алаштың күшін білдіріп сес көрсетеді.
  1915-1920 жылдары қазақ жастарының жұмыла оқуға кірісуі, олардың әр қалада мәдениет, ағарту ұйымдарын ашып, кеңес құрып, ұлт мәселесіне, баспасөзге араласуы Мағжанның өз халқына деген сүйіспеншілігін күшейтеді. Жастардың жігері, талабы мұны да жігерлендіреді. Ол жастарға сенеді, олардан зор үміт күтеді. "Мен кім?", "Тез барам", "Мен жастарға сенемін" сияқты жалынды өлеңдерін шығарады.
  Мағжанды ұлт ақыны деп алғаш дұрыс түсініп, оның шығармашылығы туралы жазған әдебиетші Жүсіпбек Аймауытов еді. Ол 1923 жылы Ташкентте оқып жүрген қазақ студенттерінің алдында "Мағжанның ақындығы туралы" атты баяндама жаса- ды. Баяндаманың мәтіні сол жылғы "Лениншіл жас" журналының №5 санында жа-рияланды. Мағжанның ұлтшыл ақын болып қалыптасуының себептерін Жүсіпбек Аймауытов былай түсіндіреді: "Бір жағынан үй іші - әкеге, әлеумет, ру басыға бағынған тапқа, жікке бөлінбеген қазақ ішінде туып-өскен болса, екінші - татар медресесінде оқып, түрікшілдік, исламшылдық рухында тәрбиеленсе, үшінші - патша саясаты шымбайға батып, отаршылдық зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің ұлы болса, төртінші - орыс зиялыларының қаймағы бұқарашыл халықшыл болып жатқанын сезіп білсе, бесінші - батыстың, қала берсе орыс ақындарының санашылдық (идеализм), дарашылдық школынан сабақ алса, енді Мағжан қай пікірдегі ақын болып шығу керек? Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, санашыл, дарашыл ақын болып шығу керек. Олай болып шықпауы мүмкін емес. Әлеумет ортасының, заманының жағдайы солай".
  Жүсіпбек Аймауытов Мағжанның ақындық тәжірибесі туралы былай дейді: "Ақын бір жағынан өз табының" әлеуметінің жоғын жоқтап, мүддесін көксеп жүрсе, екінші жақтан оның бір артықшылығы өзгеден тәжірибелігінде, өзгеден өмірді анық, жете білуінде. Өзі өмірді анық, жете біліп, өзгелерге жөнсілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық етіп көрсете алмаған ақын - ақын емес. Сондықтан ақын жалғыз ғана таптың пайдасын көздеп, сойылын соға бермейді. Өмірді анық танып, кемшілікті түгел көріп тұрған соң, ақын кейде тап көлемінен шығып, жалпы шындыққа, жалпы адам баласының қамына да құлақ ұрып кетеді".
  Мағжан өзі де "Педагогика" атты кітабында (1922 ж.) осындай тұжырым жасаған.
 "Кімде-кім өзін сүйсе, туысқандарын сүйсе, өз елін сүйсе, әсіресе, бүкіл адам баласын бауырым деп білсе, сол адамды ізгі деп атаймыз. Адамның шын мағынасымен адам болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай жалпы адамзатты сүюі шарт. Өзінің һәм жақындарының ғана пайдасын іздемей, жалпы халықтың пайдасын іздеуі шарт. Халық пайдасын ез пайдасынан да ілгері қоюы шарт. Адам шын ізгі адам боламын десе, халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін Алашты халық десең, халықты шын сүйген адам "жарты жаңқасы" қалғанша халық үшін қызмет істеуге тиісті. Өз елін сүю дегеннен - адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр болып тисін деген сөз шықпайды. Әрбір халық бір-біріне жау болсын деп ұғу - қате. Адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті", - дейді Мағжан ақын.
  Мағжан халқының қараңғылығына күйзеле отырса да, сол халықты жанындай сүйеді.
Ұйқы басқан қабағын
Бастыра киген тымағын.
Жалқаулықты жар көрген,
Жүрген ескі заңымен.
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген.
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін, - дейді ол "Сүйемін" деген өлеңінде.
  Мағжан байшыл, буржуазияшыл болды деген пікір түбірінен қате. Ол не жазса да, бәрі байшылдық, ұлтшылдыққа жатқызыла берді. Ал төптеп келгенде, Мағжанның еңбекші елге көбірек жаны ашиды. Соған іш тартады. Ол "Шын сорлы" деген өлеңінде:
Күн суық, қатты аяз, шыдар емес,
Қар-боран соққан желмен қылып елес.
Кедейлер үсіп-тонып, дір қалтырар.
Жылы үйде байлар жатар уайым жемес, - деп кедейлерге жанашырлығын білдіреді.
  Мағжан халқын бөле-жарған жоқ. Кеңеске бір табан жақын саналатын "Қызыл жалау" өлеңінде басты тұлға - жалпы қазақ. Жалындаған кызыл қан жалау, азаттық жалау кімдікі? - деп сұрақ қояды да, ол езілген еңіреген тепкіде өткен, енді ғана азаттыққа жеткен бұрынғы теңсіздердікі, ендеше, ол қазақтыкі, - деп жауап береді. Сөйтіп, өз ұлтының бостандық туына ие болғанын қуана паш етеді.
  Сөзімізді корытындылай айтсақ, Мағжан - қазақтың ұлы ұлттық ақыны. Ол қазақ кауымын кұрайтын барша әлеуметтік таптардың қой-қоймасының да бір адамына дейін бүкіл өлеңімен өмірімен жанын сала қызмет етті. Оның шығармашылығының ең сүйкімді каһармандары - Алаш жолында "жарты жаңкасы" калғанша күресіп жанын пида ететіндер. Ақынның жеке өз басы, жағымды кейіпкерлері ұлт пайдасын өз пайдасынан жоғары қойды.
  Мағжан келер ұрпақ көкірегінде ұлтжандылық қасиеттің мықты болуына қатты көңіл аударған. Оның түсінігінде Отанына деген суйіспеншілік халық үшін кандайда бір кұрбандықтарға баруға апарады. Өзі де соның кұрбаны болады.
   Мағжан келер ұрпақ ел тарихын, салт-дәстурін әдет-ғұрпын ұлттық сезімін жоғалтып алмаса екен дел мазасызданады. Ол, ең алдымен, қазактың бай, кедей болып бөлінбей, ұлттык тәуелсіздік жолында бірауыз болып бірігуін қалады. Қазақ халқын ортақ атаумен "Алты Алаш" деп атады.

Қайролла МҰҚАНОВ, ардагер ұстаз, өлкетанушы.
Петропавл қаласы.


МҰҚАНОВ Қ. ҰЛЫ АҚЫННЫҢ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 15 наурыз. - 5 Б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий