Ұлт ұстазы

Абайдан кейін қазақ поэзиясына тың жол салып, әлем әдебиетінің алтын қорына өз үлесін қосқан ақын Мағжан Жұмабаев өткен ғасырдың 20-30-ыншы жылдары ұлттық педагогика әлемінде де айрықша із қалдырды. Оның ақындығы туа біткен табиғи дарындылығы болса, өмірдегі негізгі кәсібі-ұстаздық.

ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен "Алаш" партиясы аясына топтасқан зиялылар бостандық алудың бір вана жолы халықты қараңғылық буәауынан босату деп білді. Сол себепті де am төбелендей аз ғана топ саналы ғұмырын оқу-ағарту ісіне арнады. Бабаларымыздың бірі ақын, бірі әдебиетші, ендігілері инже­нер, зерттеуші, саясаткер бола тура, ағарту ісіне берілді. Бәрі бірігіп халықты оқу-білімге шақырды. Әрі олар осы мақсатта барлық мүмкіншіліктерді пайдалана білді. Соның арқасында "Қазақ", "Айқап", "Жаңа мектеп", т. б. баспасөз беттерінде оқу-ағарту ісі туралы көптеген мақалалар жарияланып, түрлі пәндер бойынша оқулықтар мен әдістемелік құралдар жарық көрді.

Мағжан Жұмабаевтың әдеби-поэзиялық мұрасына шолу жасағанда байқайтынымыз, оның шығармаларының барлығы дерлік ұлттық нақышта жазылып, патриоттық рухқа толы идеялар өзекті орын алған. XX ғасырдың 20-30-ыншы жылдары қазақ халқы үшін үлкен қасіретпен бірге ояну кезеңі де туды. Дәл осы уақытта халықтың білімге деген көзқарасы мен ынтасы арта түсті.

Қазақ даласында оқу-ағарту ісіне ерте заманнан ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Орта ғасырлық ағартушы ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Жүйнеки, Қожа Ахмет Яссауи, Хорезми, Саиф Сараи, т.б. бұл салада өздерінің өшпес іздерін қалдырды. Олардың дүниетанымдық ілімдерін XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтың жазба әдебиеті мен ұлттық тәлім-тәрбиесін қалыптастырушы Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин дамытты. Ал XX ғасырдың алғашқы ширегінде Әубәкір Диваев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ғұмар Қарашев, Спандияр Көбеев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев жалғастырып, ұлттық педагогика ғылымының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Олардың есімдері мен еңбектері еліміз егемендікке қолы жеткеннен кейін ғана қайта оралды.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары аралығында қазақ педагогикасының негізін қалаушылардың бірі ағартушы-ұстаз Мағжан Жұмабаев болды. Оның Омбыдағы мұғалімдер семинариясын тамамдауы 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси кезеңмен тұспа-тұс келді. Түрлі жіктер қақтығыстарының нәтижесінде, Мағжан "Үш жүз" партиясының қаулысымен қамауға алынады. 5-6 айдай түрмеде отырып, Омбыны Колчак әскері басып алғаннан соң босатылады. Түрмеден шығысымен ол тікелей оқу-ағарту ісімен айналысып, ұстаздық етеді. Мұғалімдер семинариясын тамамдаған Мағжан Омбыдағы бұратана халықтар (қазақ-татар жастары) үшін ашылған мұғалімдер курсында тарих, әдебиет пәндерінен дәріс оқиды. 1920 жылы Петропавл қаласында қазақ мұғалімдерінің Омбы губер- ниялық курсы ашылады. Онда еңбек еткен Мағжан өз қолымен толтырған анкетада негізгі мамандығы "киргизская словес­ность" деп көрсетілсе де, педагогика, қа­зақ тілі мен ұлт тарихынан лекциялар оқып келгенін жазыпты. Еңбек өтілі деген жолдарда жеті жыл әдеби іспен айналысқаның 1918 жылы Омбыда педагогикалық курстардың лекторы болғанын, ал 1918- 1919 жылдары Омбы қаласында екі жылдық педагогикалық курстарда оқығанын жазады. 1919 жылы Омбы уезінің Белиевка (Полтавка) ауылында қысқамерзімді курстарда лекция оқығанын және Троицкіде жалпыпедагогикалық мәселелер жөнінен "Айқап" журналында қызмет еткенін көрсеткен. Осылайша, Мағжанның Омбы, Атбасар мен Қызылжарда халықты сауаттандыруға байланысты көп жұмыстар атқарғанын көруге болады. Солардың көш басында мұғалімдер даярлау ісі тұрды.

          Белгілі жазушы Сәбит Мұқанов мұғалімдер курсында оқыған кезде Мағжанның үйінде тұрғаны белгілі. Мағжан оған   өзінің дәрістерін беріп, оқытып, көп көмек көрсеткен. Ақынның бұл кезеңдегі ұстаздық қызметі туралы Сәбит Мұқанов “Өмір мектебі” атты мемуарлық романында көп деректер жазады.

          Мағжанның өтінішімен курсқа қажетті оқу құралдары, атап айтқанда, Міржақып Дулатовтың "Қирағат кітабы", Ахмет Байтұрсыновтың "Тіл құралы", Ғалымжан Ибрагимовтың "Грамматика татарского язы­ка", "Педагогика және дидактика" оқулықтары жеткізіледі. Мұндағы кітаптар қоры 6600 дананы құрайды. Ал курсқа жалпы 163 қатысушы тіркеледі. Олардың қатарында Әбдірахман Айсарин, Баймағамбет Ізтөлин, Жұмағали Тілеулин, Сәбит Мұқанов сынды тұлғалар болды. Кейін курс тындаушылардың талабы бойынша ол екі айлық болып қысқартылған. Курсқа бай­ланысты Мағжанның жазған хаттары бар.

Мағжан, әсіресе, 1922-1926 жылдар аралығында ұстаздық іске ерекше ден қойып, ізденушілікке берілді. Бұл кезеңде ол "Бастауыш мектепте ана тілі" (Ташкент, 1923 ж.), "Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы" (Мәскеу, 1925 ж.), "Педаго­гика", "Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз", "Бала тәрбиелеу жолдары" (Ташкент, Орынбор, 1922-1923 жж.), "Сауатты бол" (Мәскеу, 1926 ж.), "Қызыл әскер әліппесі" және т.б. оқу-әдістемелік еңбектерін жазды. Ол өзінің 1922 жылы жазған "Педагогика" оқулығының кіріспесінде: "Бұл оқулық бұдан бұрын мұғалімдер дайындау курсында оқылған дәрістердің негізінде жазылды. Алдыма әртүрлі оқымыстылардың кітаптарын жайып қойып көшірген емеспін. Қазақ баласы үшін қазақ қанына жақындастырып жаздым... кінә кеш шығып отырғаны менен емес, бүлінген замандыкі...", деп сол кездегі қиын жағдайды меңзейді. Мағжан оқулығының ғылыми жаңалығы - ол тұңғыш рет ұлттық педагогиканы психологиямен байланыстыра отырып, оқытудың тәсілдерін қарастырып, бала тәрбиелеудің және олармен қарым-қатынас жасаудың жолдарын ғылыми тұрғыдан негіздеді. Психологиялық ғылыми қағидаларды зерттей келе, оларды қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық психологиясына жақындатуды қарастырды. "Педаго­гика" оқулығы халық педагогикасы мен психологиясына тұнып тұр. Онда халықтың мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, бала тәрбиелеу тәсілдері жан-жақты суреттелген. Бұл оқулық Қазақстан үшін ғана емес, сол кездегі бүкіл орта Азия елдеріндегі үлкен жаңалық болды. Ортаазиялық педагогикалық жоғары оқу орындары Мағжанның осы оқулығын пайдаланған. Бүгінгі күні де оны қолданушылар аз емес. Мәселең, өз басым диссертациялық зерттеуімді осы оқулықты кеңінен пайдаланып жүргіздім.

 Мағжан Жұмабаев халық педагогикасының бәрін оқу-тәрбие ісіне талғаусыз енгізе бермей, уақыт талабына сай келетің жаңаша, өркениетті жағдайда пайдалануға болатын тетіктерін таңдайды. Баланы оқытқанда сылдыр сөз емес, ғылыми жаңалықтар, қиял-ғажайып дүниелер пайдаланылып, тәлім алушының қиялына ерік беруі керек деген тұжырымын айтады. "Қазақтың кең даласы сияқты бала қиялының ұшы-қиыры жоқ... Баланы ойландырып, аспандатып, қиялына қиял қостыру керек", - деп ақыл-кеңес береді. Баланың сабақты білмеуі мұғалімді ойландырып, кінәні баладан емес, өзінен іздеуі керек деген пайымын да айтады. Тіл мәселесіне келгенде, баланың бастауыш сыныптарда тек өз туған тілінде оқу керектігін дәлелді түрде жеткізе білді. Сонымен бірге, баламен жұмыс істейтін үлкендер әдеби тілде сөйлеп, тіл тазалығын сақтауы тиіс екенін айтты.

Мағжан Бекенұлы баланы оқыту-тәрбиелеу жұмысын халық педагогикасының негізінде жүргізуді насихаттап, "Әр тәрбиешінің қолданатын жолы - ұлт тәрбиесі" деген тұжырым жасаған. Оның ойынша, тәрбие берудің басты ұстанымдары адамзаттық тұлғаны қалыптастыру және өз халқының тілің мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрін сүйдірте отырып, өзгелердің де ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға үйрету болып табылады.

Мағжан Жұмабаев өзінің "Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз" деген еңбегінде; "...біздің дағдарып тұрған мектебімізді бастап алып кететін даңғыл жол жоқ... Сондықтан оқу құралын жазып жатқан азаматтар бұл оқу құралы қандай мінезді мектепке арналады, сол туралы ой жүгіртсе игі болар еді... Кең қазақ мектебіне негіз іздегенде, таза, пәк кезінен, яғни мектеп құрылысының қазақ жанына қабысуы жағынан келуі дұрыс болар еді", - деп жазады. Оның бұл ойы қазіргі күнде де маңызын жоғалтқан жоқ. Себебі, оқулық - мектеп үшін де, оқушылар мен қоғам үшінде ең басты білім беруші және тәрбиелеуші құрал. Өкінішке қарай, бүгінгі оқулықтар арасында көңіл көншітпейтіндері баршылық. Мектептегіні жөндейміз деп соқыр еліктеуден аулақ болу керектігін де Мағжан көрегендікпен айтқан екен "...Мектебімізге негіз саламыз дегенде ескертетін іс - соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп барады. Міне, осыдан сақтану керек", - деген.

Мағжанның педагогикалық еңбектерінің негізгі идеясы тәлім-тәрбие мәселелерін парасаттылықпен шешу болып та­былады. Оның ез заманында айтқан озық ойлы тұжырымдары бүгінгі таңда да аса өзекті. Әсіресе, баланы заманына лайық етіп оқытып, тәрбиелеу керек деген сөзімен келіспеуге болмайды. Мәселен, қазіргі кейбір рухани құндылықтар теріске шығарылып, жастардың сана-сезіміне кері эсер ететін көріністерді насихаттайтын ақпараттық қысым жасалып отырған кезде, олардың бойына жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, тұлғалық ерек- шеліктерін тиісті бағытта дамыту, әлеуметтік және моральдық, психологиялық қолдау көрсету ісі алдыңғы орынға қойылып отыр.

Ұлы ақын Абайдың "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың" деп ұлтының болмысы мен болашағына алаңдап, жанашыр болған жанның сыни, өткір сөздерінен осы күнге дейін сабақ ала алмай келеміз. Өсек, өтірік, мақтаншақтық пен көре алмаушылық, өкінішке қарай, бүгіндері де қазақтың бойында бар. Мағжан да ұлт келешегі үшін қатты алаңдайтын. Сондықтан ол қазақ халқын оқу-білімге үгіттеп, биіктерді ба- ғындыруға шақырды:

...Кітап әпер, оқысын балаң, қолына

 Малды аяма оқу-білім жолына.

 Өнер алып басқалармен қатар бол

 Қосыл бірдей адамзаттың тобына! - деді ол

Сөз арасында айта кетсек, Батыс елдері қазіргі күні ортаазиялық ойшылдардың еңбектерін өз тілдеріне аударып, солардан нәр алуда. Мәселен, Германияның көптеген жоғары оқу орындары Жүсіп Баласағұнның еңбектерін немісшеге ау­дарып, теория ретінде пайдалануда. Сол сияқты бірқатар елдер Яссауидың, әл- Фарабидің, Жалайырдың ілімдеріне ден қойғак Көршілес қытайлықтар Абай ата- мыздың "Қара сөздерінен" нәр алуда. Біз оқушыларға Монтессори педагогикасын жеке пән ретінде оқытып жатырмыз. Оның қажеттілігі туралы кері пікірлер айтушы- лар кеп. Өйткені, оның еңбектерінің Мағжанның педагогикалық ілімдерінен еш артықшылығы жоқ. Оның сөздерін кезінде Мағжан мен өзге де зиялыларымыз біршама жоғары деңгейде айтып өткен. Сондықтан алдымен ез ұлыларымыздың ілімдерін оқып, санамызға сіңіругетиіспіз. Мен Мағжанның "Педагогика" оқулығын леда- гогикалық факультеттерде жеке пән ретінде оқытып, "Мағжантану" курсын енгізу қажет деп есептеймін. Жастарды әдебиет саласына ынталандыру мақсатында Мағ­жан атындағы шәкіртақылар мен гранттар тағайындалса да құба-құп болар еді. Сана-сезімді жаңғырту осындай іс-шаралардан да бастау алса керек.

Болмаса басыма да бармас па екен?

Атымды аузына да алмас па екен?

Қарайып жапан тузде жалғыз тұрған,

Молама кез қырын да салмас па екен?

Дариға сол кездерде күнім қараң,

Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған:

Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,

   Кінәні жүрекке қой, қойма маған, - деген сөздері қазаққа айтқан аманаты іспеттес. Тағдыры тәлкекке түсіп, қасірет пен қайғы шырмауынан шыға алмай, қатыгез заманның құрбаны болған осынау аяулы жанның армандарын біз орындай алдық па? ил аңсап өткендей ұлт бола алдық па? Мұны әркім өз пайымынша шешер.

"Біздің алдымызда бабаларымыздың игі дәстүрлерін сақтайтын күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр", - деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев. Ұлтжандылық пен отансүйгіштікті жастар бойына құрғақ сөздермен қалыптастыру мүмкін емес. Оны тек қана Мағжандай жалын жүректі бабалар рухында ғана тәрбиелеуге болады.

 

Сабыр СЕҢКІБАЕВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Сеңкібаев С. Ұлт ұстазы. // Soltustik Qazaqstan. -59-60 (22232-33). -24.05.2018. -6 бет.

 

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий