Өлеңмен өрілген өмір

27 февраля 2018 - Нугуманов Арсен

  Жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов: "Сексен ақын бізге көптік етпейді, сегіз ақын бізге аздық етпейді", - деп ақын қоғамның шамшырағы, ұлттың рухы екенін меңзесе керек. Қаламгер жырсүйер қауымды жаңа өлеңдерімен қуантып жатса, оқырмандар үшін бұдан үлкен олжа бар ма? Әдебиет әлемі жерлес ақын Тоқтар Зікіриннің жаңа жыр жинағымен толықты. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада поэзия мерекесі өтті. Бұл кешке ақынның шашбауын көтеріп өзі ұзақ жылдар еңбек еткен "Солтүстік Қазақстан" облыстық газетінің ұжымы, ауылдас- тары, мектеп оқушылары, алдыңғы толқын - аға буын өкілдері қатысты.

"Тіршілік тынысы" атты жаңа кітапты қолына алған көпшілік Тоқтар Зікіриннің сөзі салмақты, өлеңдері еміршең екеніне көз жеткізеді. Өйткені, оның поэзия әлемінде өз жолы, өз орны бар. Қарағанды кооператив институтында оқып жүрген кезде-ақ Сағат Әшімбаев секілді белгілі сыншыдан өз бағасын алған екен. Сол уақытта бұрынғы "Лениншіл жас" республикалық газетіне өлеңдерінің жариялануы бекер емес. Белгілі ақын-жазушылар: "Болашағынан зор үміт күттіретін жас ақын", - деп оның ертеңгі күнін болжаған болатын. Ал бүгін сол сенім шыңына шықты. Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне келген қадірлі қонақтардың сөздерінен осылайша ой түйдік.

- Қырық жылға жуық газеттің қым-қуат тіршілігімен жүріп, қолы босай алмады. Соның өзінде уақыт тауып, кейінгі ұрпаққа жүрек сөзін арнады. Тоқтар Нұрахметұлы ауыл, өмір, қоғамның беталысы туралы толғанып, тебіреніп жазады. Оның өлеңдерінен жастар да ой түйеді деп ойлаймын - деді "Қызылжар-Ақпарат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры - бас редакторы Жарасбай Сүлейменов.

Шынымен де, өлең - ақынның рухани перзенті. "Өлең деген өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей", - деген екен Абай Қунанбаев. Тоқтар Зікіриннің поэзиясынан да ақынның шынайы болмыс-бітімі, жүрек сыры, көңіл хошы анық байқалады. Бірде ақын :

"Толғанысқа түсемін тебіренем,
Жолға тастап кетердей өмір - өлең.
Боздап жылап аламын боз іңірде,
Өксігімді баса алмай еңіреген..." –

деп жырласа, енді бір сәт:

"Сағынамын, сені ұмытқан емеспін,
Алыс жылдар арасынан елестің.
Өзіңді аңсап, жыр жазамын маздатып,
Сүймеген де шығар мендей сені ешкім", -

деп сырлы сезімге бой ұрады. Осылайша, ақын "Тіршілік тынысы" атты жыр жинағына жастық сағынышын, естен кетпес өткен күндер елестерін, туған жерге деген іһкәрлігін, табиғаттың тәңірлігін сездіретін өлеңдерін топтастырыпты.

  Ақынның жыр кешіне келіп, сөз арнағандардың бәрі де оның "Елім, жерім" дейтін патриот ақын екенін, рухани құндылықтарға үн қосқан азаматтығын, атақ-даңққа бой ұрмайтын мінезінің қарапайымдылығын айтып өтті.

  М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің "Қазақ филологиясы" кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанбай Қадыров: "Поэзия - өмір энциклопедиясы. Сондықтан өлеңнің өмірге келуі - ақын үшін бақыт. Тоқтар Нұрахметұлының бір деммен жеңіл оқылатын өлеңдері бірде оқырманын тұңғиыққа батырса, енді бірде адамгершілік, ақыл-ой, имандылық секілді ізгі қасиеттерге үндейді. Сондықтан ақын шығармаларынан бос қиял арзан сөз орын алмаған",- деді.

  Амандық Жантеміров, Зарқын Тайшыбай, Зейнолла Әкімжанов, тағы басқа да кешке қатысушылар ақын шығармаларына өз бағаларын берді. Ал облыстық "Жас ақындар" мектебінің оқушылары кеш авторының өлеңдерін нақышына келтіріп, оқып шықты.

  Жырсуйер қауымның көңілінен шыққан жаңа кітап бес бөлімнен тұрады. Оған "Жанарымдағы жарық дуние", "Сен дегенде үзіледі жүрегім", "Бізден де өткен бұла күн", "Табиғат құндағында" тараулары және ақынның арнаулар мен толғаулары кіріпті. Тоқтар Зікіриннің өлеңдерімен көпшілік бұрыннан таныс. Өйткені, оның бұған дейін де "Көңіл көкжиектері", "Жан шуағы" атты жыр жинақтары жарық көрген болатын.

  Айтыскер ақын Мухаммед Қоңқаев: "Балуан деген ауылдан түлеп ұшқан ардақты аға, бүгінгі поэзияның палуанысың", - деген айшықты ой айтқан еді. Шынымен де, өңіріміздегі ақындар көшін жалғаған Тоқтар Нұрахметұлын өз ортасы ерекше құрметтейді. Осындайда Қасым Аманжоловтың: "Шарлаған жолым жатыр Жер бетінде", - деген сөзі ойға оралады. Тоқтар ағамызға да поззияда айшықты қолтаңбаңыз қалсын деген жүрекжарды тілегіміз бар.


Айгул ЫСҚАҚОВА,
"Солтүстік Қазақстан".

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
 


ЫСҚАҚОВА А. Өлеңмен өрілген өмір // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 24 ақпан. - 6 Б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий