Ұлағатты ұстаз [Мағжан Жұмабаев - 125]

15 августа 2018 - Кабиева Р.

                  Мағжан Жұмабаев - XX ғасырдың кемеңгері. Оның азаматтық, ақындық жолы бөлек те, ұстаздық жолы бір басқа. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын қазақ халқының бақыты мен болашағына арнаған Алаш қайраткері ұлтты бақытқа жеткізудің жалғыз жолы - оқу, ағарту iсі екенін ерте ұқты.

Ақынның шығармаларынан туған жерге, туған халқына деген сүйіспеншілікті аңғарамыз. Ол ұлты үшін өз бақытын құрбандыққа шалды. Ұйқыдағы қалың қазағын сезбен емес, іспен оятуға тырысты.

Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты біртуар дарындармен бірге Мағжан да білім саласының дамуына өз үлесін қосты. Қазақстанда сауатсыздықты жою мақсатында ондаған мың данамен басылған "Сауатты бол!" оқулығы шоқтығы биік, құнды мұра десек, қателеспейміз. Ал ақынның "Педагоги­ка" кітабы бала тәрбиелеуде күні бүгінге дейін қалың қауым арасында ерекше сұранысқа ие.

Мағжан кітабының Орынборда шыққан нұсқасына М.Жолдыбаевтың: "Қазаққа "Педагогика" кітабы "Інжілдей", Мағжан азамат Иса пайғамбардай болды", - деуінде үлкен мән бар. Өйткені, бұл еңбек салқын қанды, қасаң тілмен жеткізетін әлдебір оқулықтардай емес-ті.

"Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді", - деп Абай атамыз айтқандай, нағыз көркем сөз ұсталары Мағжан поэзиясына тәнті болған Солардың арасында Мұхтар Әуезов ақын творчествосын дүниежүзі әдебиетінің көркем контексі жүйесінде салыстырып, Мағжанның қазақ әдебиетін еуропалық биікке көтерген зор еңбегін тарихи ерлікке балаған. Оның "... Мағжанды сүйемін Еуропалығың жарқыраған әшекейін сүйемін", - деген сөздері біраз жайды аңғартады.

Мағжанның ұлтжандылығын қала берді түрікшілдігін де біз "жер жүзіндегі адамды адам сүймек" деген мағынада түсінуіміз керек. "Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы - мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын - мұғалімдердікі. Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір, қазақ мұғалімдері! Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам. Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар", - деп ақын "Педагогика" еңбегін ұстаздарға арнаған екен.

Қазақстан бүгін дамыған өркениетті елдер қатарына қосылуға бағыт ұстап отыр. Елбасы ұсынған "Қазақстан - 2030" Стратегиясында еліміздің болашағы жастар, бүгінгі мектеп оқушылары екені айтылады. Бүгіннен бастап олардың бойына ұлттық рухты сіңіре отырып, Отанымыздың шынайы патриоттарын мәдениетті, білімді, парасатты, бауырмал, ізгі ниетті адал азаматтарын тәрбиелеп шығару - қоғамның басты парызы.

"Педагогика" оқулығында тәлімгер - ұстаз: "Тәрбие деген - баланы бетке қақпай, бетімен жіберу емес. Яки, баланы отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, көрбала қылып өсіруде емес. Ба­ланы тәрбие қылу - тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз", - дейді ол Жаны таза, тәлімгер ұстаздың бала тәрбиесіндегі ұлы ниеті осы болды.

Мағжанның бала тәрбиесіндегі ойлары мен пікірлері ешқашан да ескірмейтін ізгіліктің педагогикасы болып табылады. Мағжан ілімі болашақта қазақ педагогикасының алтын қорынан ез орнын алатындығы шүбәсіз.

Қарлығаш БЕЙСЕНОВА, Тоқсан би орта мектебінің мұғалімі. 

Қейсенова. Ұлағатты ұстаз. // Soltustik Qazaqstan.- №73 (22246). -21.06.2018.-12б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий