Құлагер ғұмыр

23 августа 2018 - Кабиева Р.

Ақан серілік құрып жүргенінде Тінәлі қажының қызы Ұрқияға ғашық болады. Ұрқияның атастырылып қойғанына қарамастан алып қашады. "Мұның арты кейін үлкен дауға айналып, сол кездің Тулақ дейтін батыры Ақанды атып өлтірмекші болған екен", - деген әңгімелер де бар. Алайда, ел жақсылары ара түсіп тоқтатып, "Серінің аты сері ғой. Осымен дау бітсін", - деп, ақыры Ұрқияны Ақанға қосып, қалың малын Қорамса төлейді.

Осылайша, дау басылып, өмір енді өз арнасына түсе бастағанда, үш айдан соң Ұрқия шешек шығып, қайтыс болады. Ұрқия өлгеннен кейін біраз жүрген Ақан Ақтоқтымен қайта табысқысы келеді. Бұған қатысты бірнеше дерек бар. Ақан сері қайта оралғанда Ақтоқтының көңілі суып қалған екен "Бұрын мені тастап, Ұрқияға кетіп қалған едің", - деп, көңіл түкпіріндегі өкпесін айтып, көнбейді. Ақыры "Ақтоқты ұзатылайын деп жатыр" дегенді естіген Ақан бір сапардан келе жатқан Ақтоқтыны алып қашады. Ол туралы да әртүрлі деректер бар. Бір деректе "Қуғыншылар қуып жетіп қалғаннан кейін Ақтоқты: "Сен елдің серісісің ғой, қашып құтыл. Мыналар ұстап алса, өлтіреді. Ма­ған не қылар дейсің", - деп қалып қояды. Ақан қашып құтылып, қуғыншылар жете алмай қалды" делінеді. Бірақ маған бұл деректер сенімсіз көрінеді. Ақтоқтының көңілі қалғаны соншалық, Ақанға илікпей қояды. Мен осы кейінгі деректі жөн көремін. Сөйтіп, Ақан сері Ақтоқтыдан айырылады. Ол Жолмұқанға қосылып, тәуір өмір сүрген екен деседі. Ақтоқты 1932 жылы ашаршылық кезінде қайтыс болды деген дерек бар.

Медреседе оқып, діни сауатын жетілдірген Ақанның қөңілі кейін біржола өнерге ауады. Домбыра тартып, әнмен әуестеніп, серілік құра бастайды. Сол кездің өзінде - ақ Ақанның бәйге алып жүрген Қоңыр ат деген жүйрігі болған Қоңыр атты төрелер өлтіріпті. Оған себеп: төрелер ол атқа қатты қызығады. Тағы біреулері: "Қорамсамен құда болыспақ болып келіп, Қоңыр атты сұраған", - дейді. Әйтсе де, Ақан сері оны бермей қойып, ақыры олар Қоңыр аттың түбіне жетіп тынады. Қоңыр ат жөніндегі деректерді алғаш тауып жариялаған өнер зерттеуші, ком­позитор Ілия Жақанов осылай дейді.

Қоңыр ат өлгеннен кейін Ақан жақсы ат іздеп алыс туысы Шөкетайға барады. Сонда Ақан Құлагерді байқайды. Құлагер тай күнінің өзінде мұз үстінде төрт аяғын төрт жаққа жіберіп жатады екен. Мұз үстінде жатқанына қарамастан бой - бойы шығып, терлеп жататын көрінеді. Бірақ түрі ұсқынсыз, өлі жүні түспеген арық тай дейді. Сыншылар Құлагердің бойындағы алапат қуатты байқайды. Оған Ақан серінің де көзі түседі. "Ақан сері алады" дегенді естіп, оны саудалаушылар көбейеді. Әйтсе де, Ақан сері Құлагердің құның төлеп, 100 сом беріп алған деседі. Ол кезде 100 сом деген - көп ақша. Бір қойдың құны сол уақытта 1 сомдай тұрған. Оның үстіне және бірнеше ірі мал берген дейді.

Құлагердің атағын аспандатқан бәйге Керей елінің асына барған сапарында болды. Ол кездері кез келген жалғыз адам немесе кедей жігіт бәйгеге ат қоса алмайды. Жуандық көп. Бәйгеден атың келсе, оны тартып алады немесе атты соққыға жығады. Сол себепті де Ақанды Әлібек батыр қамқорлығына алады. Арқада Атығайдың бетке ұстары болған Зілқара Байтоқаұлы деген атақты адам өткен. Оның ұлы Әлібек те әкесі Зілқарадай айбынды, тегеурінді жан екен.Кеуделі шонжар бола тұра, зиялы адам болған деседі. Ақан мен Әлібек Керей еліндегі үлкен асқа бірге барады. Осы сапарда Құлагер бас бәйге алып, Әлібек бастаған жігіттер қисапсыз жылқы айдап қайтады. Сері олжалаған дүниесін өзіне мал қылмайды. Құлагерден басқасының бәрін ел - жұртқа бөліп береді.

Қанша қамқор болғанымен сол сапарда, Әлібек Құлагердің керемет тұлпар екенін, әлі талай бәйге аларын біліп, атқа көңілі ауып, Ақанның тамырын басып көреді. Алғашында "балама аға бол" дейді. Сосын қызын бермекші бола­ды. Ақан сері үндемейді. Жол бойы бұл мәселе тағы бірнеше мәрте айтылады. Батыр болмағаннан кейін Ақан жауабын ертең бермек болады. Жол ұзақ. Екеуі бір жерге келгенде кеш батып, екі бөлек түнейді. Ол уақытта адамдар далада ер-тоқымын жастанып ұйықтай беретін. Таңертең Әлібек батыр оянып, жан-жағына қараса, Ақан сері көрінбейді. Әлібектің ойына қауіп кіреді. "Апыр-ай, Ақан сері атын қызғанып, бергісі келмей, кетіп қалмаса не етсін?" - деп ойлайды.

Атына мініп, сәл жүргеннен кейін бір сайда Ақан сері мен Құлагердің ұйықтап жатқанын көреді. Қараса, екеуі бір-бірімен адамша құшақтасып жатыр екен. Ақан сері атының мойнынан құшақтап алған басын соған төсеп ұйықтап жатыр. Құлагер де төрт аяғын төрт жаққа жіберген. Екеуі де қаннен - қаперсіз. Әлібек көшелі, ізгі жан болса керек. "Менікі иттік екен ғой. Мыналар адамнан бетер дос екен. Осыларды айырмай-ақ қояйын. Өз аты өзіне қалсын", - деп, Ақан серіні оятып, "Құлагер екеуің бірге болыңдар, мен сендерді айырмайын"- депті.  Ақан сері балаша қуаныпты. Осы оқиғадан кейін екеуінің арасындағы ағалы-інілі достық қарым-қатынас одан сайын нығая түссе керек. Құлагерді Ақан сері Әлібектің де атынан қосып, бәйгеден келтірген екен. Қарыздар болып қалмай, Әлібектің де атын елге жаяды.

Бір жылы Торғай қыпшақтары үш жүзге сауын айтқан ұлан-асыр ас береді. Осы аста да Құлагер басқалардан оқ бойы озық келеді. Алайда, мәреге таянғанда алдынан лап берген халықтан үріккен Құлагер жалт беріп, қарақшыны айналып өтеді. Осыны сылтау қылып, ас иелері дау шығарғанда, ортаға Әлібек батыр шығып, айбатымен даугерлерді жасқап, бәйгені Ақан серіге алып беріпті. Осылайша, Құлагердің даңқы өрлей береді.

1873 жылы Аққошқар Сайдалының асы өтеді. Бүкіл қазаққа, бар жүйрікке сын болған бұл аста да Құлагер тағы да топ жарады. Батыраштың Көктұйғын Торғайкөк, Топайкөк деген үш аты болыпты. Көктұйғын Құлагерден қалып қояды. Осы сәттен Батыраштың ішінде дерт пайда болады. Қазір "Құлагерді Батыраш өлтірмеді" деген де әңгімелер шығып жүр. Алайда, оған көзіміз жетпейді. Бір жорамалда Ақан серінің Құлагерін Батыраш өлтірді делінеді. Оны Сәкен Жүнісов те, Ілияс Жансүгіров те, Ахмет Жұбанов та жазған. Ал Мағжанда Барақбай өлтірді делінеді. Дегенмең Барақбай мен Батыраш - бір топтың адамдары. Осыған дейін Арқада ешкімге бәйге бермей келген Көктұйғын екі рет Құлагерден қалып қойғаннан кейін, Батыраштың ішкен асы бойына батпайды. Батыраштың атын қосқандағы ұраны "Бегайдар" болатын. Ол кезде ел ішінде тіпті "Атыңды бәйгеден келтіремін десең, балаңның атын Бегайдар қой" деген сөз де болған. Сондай Батыраштың аты бәйгеде оза алмапты деген сұмдық нәрсе еді.

Аққошқар Сайдалының асында Ақан серімен сөйлескен Батыраш Ақан серіге: "Екеуіміз дос болайық, мен саған Алтайдан өзің таңдаған ең сұлу қызды қалыңсыз алып берейін, Көктұйғынды қоса ал", - дейді. Ақанұлагер менің атым екені рас, бірақ аттың иесі Атығай Қарауыл ғой, елмен ақылдасайын", - дейді. Келесі жолы кездескенде Ақан Батырашқа: Өкпелеме, елім рұқсат етпеді,- дейді. Содан 1876 жылы Керей Сағынай асына сауын айтылғанда Батыраш он жетідегі жалғыз ұлы Жүніске: “Мына Қарауылдың екі рет алдаған ызасы өтті” Менен туған ұл екенің рас болса, Құлагер енді қайтып Көкшетауға бармайтын болсын. "Осыдан кейін Жүніс әкем төсжара қайыңға айбалтасын саптапты. Бала кезімізде "Құлагер" әнін айтқанымызда, Жүніс әкем кішкентай балаларды үйден қуып шығатын" деген әңгімені жазушы Асан Жұмаділдин Қотыраштың ұрпағы Төкіштің өз аузынан жазып алған. Қарағандылық жазушы Жайық Бектұровқа кезінде Батыраштың ұрпақтары осы оқиғаны айтып берген.

Құлагерді өлтіруге Барақбай да, Батыраш та мүдделі болған. Тіпті екеуі бірігіп сөз байласқан да тәрізді. Оның ақ-қарасын әлі күнге дейін айыра алмай отырмыз. Әйтсе де, "айбалтаны саптады" дегеніне қарағанда, өлтіруді Жүністің өзі ұйымдастырған тәрізді. Керей Сағынайдың асында аттарды біреулер 120, енді біреулер 90 шақырымға айдады дейді. Үш жүз аттың алдында келе жатқан Құлагерді сайлау жерге түскенде ұшқыр атпен көлденең жанаса беріп, айбалтамен шабады. Кей деректерде "бүйірден атпен келіп, соққан кезде Құлагер ұшып түсіп, белі үзіліп кетті" делінеді. Біреулер "шоқпармен ұрып өлтірді" дейді. Елмен бірге қарақшыда тұрған Ақан сері Құлагердің басқа аттардан қара үзіп келе жатқанын көреді. Сайға түскеннен кейін Құлагер қайтып шықпайды. Ақан сері бір сұмдықтың болғанын сезіп, сайға шауып түседі. Барса, Құлагер қорқырап, қанға бөгіп жатыр екен.

Құлагердің өлгенін естіген жұрт дурлігеді. Астың астан-кестені шығады. Адам өлгеннен әрмен дау-дамай басталады. Ақанды жақтаушы қалың ел көп болғанымен Батыраш жуандыққа салып, теңдік бермей кетеді. Ақан серіге ел басу айтады. Ақан зар төгіп, Құлагердің басында бір күн бір түн отырыпты деседі. Ақыры Құлагерінің басын кесіп алып, матаға орап, еліне кетеді. Сол қу басты бұтаға іліп қойып, қалған ғұмырында Құлагерін жоқтап өтіпті.

Ақан серінің Құлагердің өліміне қатысты теңдік ала алмауының бір себебі: жанында өз елінің Әлібек батырдай ықпалды адамдарының болмауынан. Негізі, қалың Қарауыл Ақанның асқа баруына рұқсат етпегендіктен, Ақан сері асқа үлкендердің батасын алмай аттанған-ды. Елдің үлкендері бұл асқа бармаған. Оның себебі: Әлібек батыр мен Сағынайдың баласы Паң Нұрмағамбет арасында дау болған. Ел мен жер дауы осылай Қулагердің тубіне жетіп тынады.

Құлагердің өлімінен кейін қусы Қараторғай да, тазысы Базарала да өледі. Қараторғай - Ақанның Әлібек батырдан алған құсы. Құстың батырдан алғанда қаншада болғаны белгісіз. Қараторғай Ақанның қолында қартайыпты. Қанатын қағып ұша алмайтын, ұшса қона алмайтын боп қалады. "Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады" дейді ғой. Құсбегілер құсты қартайғанда өз бетімен қоя беретін болған. Қараторғайды да еркіне жіберсе, ұшып кетпей қайтып келе береді екен. Бірақ құйрығының қауырсыны түсіп қалғандықтан жерге қона алмай шырылдайтын көрінеді. Қанатын қаққан кезде шаршайды, қауырсын аз. Шырылдаған сәті тіпті аянышты. Сол кезде қанатына тер шығады. Аспанда ұшқан кезде қанатының астынан шыққан тер күнге мөп- мөлдір болып шағылысады деседі. "Келеді қараторғай қанат қағып, Астына қанатының маржан тағып" дегені сол екен Ақанның.

Ал тазысын біреулер "у жеп өлді" десе, енді біреулер "қастық жасалды" дейді. Ол да өз ажалынан өлмейді. Осының барлығы бір жылдары болған Ақан осы соққылардан кейін өмірден баз кешеді. Науан хазірет атты бажасының ықпалымен дін жолына түседі. Сарыкөл деген жерде мылқау ұлы Ыбанмен бірге тұрады. Тағдырдан қатты соққы алған адам оңала алмай дінмен жанын тазартпақшы болады. Бірақ Ақан діннен де жанына тыныштық таба алмайды. Жападан-жалғыз күңіреніп, Сарыкөлдің жағасында отырады екен. Сол кезде Ақан жайлы өсек сөздер өреді. "Ақан сері жынданыпты, перімен шатыс екен" деп, Ақанды аңдығандар да болыпты. "Орыстың қыздарымен әуейі бол­ды" дейді. Орыс қыздарымен қарым-қатынаста болғаны рас. Ақанның орысша өлеңі де бар. Қазақтың өлеңдеріне орысшаны алғаш кіргізген де осы – Ақан. Қазір халық әні болып орындалып жүрген "Он алты қыз" да Ақан серінің әні.

Ақанның тағы бір трагедиясы - өзі өмір сүріп жатқан Сарыкөлін мұжықтар тартып алады. Ол жер дауына ұласады. Ақан жерсіз қалады. Ол кезде Ақан қартайып, шал болған. Сол уақытта серіні көрген адамдар да бар. "Сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім - бір төбе" дегендей, Ақтоқты, Ұрқия, Фатима, Қараторғай, Көкжендет - бәрі бір төбе де, Құлагердің қайғысы бір төбе еді. Ақан серінің ішін жегідей жеп өткен дерті - Құлагер дерті. Өйткені, Құлагер жайлы әңгіме болса, Ақан сері бірден жүдеп кетеді екен. Сәбит Мұқановтың ол туралы естелігі де бар. Сәбең жылқышы жамағайынымен қыстың ішінде қосқа барады. Бір күні жылқышылар қауқылдасып отырып, Ақан серіні қонаққа шақырады. Басында шеті қырқылған тозған бөркі бар екен. Бөркінің селдіреп қалған үкісі де болыпты. Өңі жүдеу. Жас жігіттер "Ақан аға, ән айтыңыз! "Құлагерді" айтыңызшы!" деп қолқалап қоймайды. Ақан сері ықылассыз домбырасын алып:

"Жел соқса, қамыс басы майда деймін,

Жығылмаса Құлагер қайда деймін", - деген кезде жылай жіберіп, жатып қалыпты. Ақан сері сол жатқаннан мол жатып, жылқышылар Ақанды әнін тыңдай алмаған күйі шығарып салыпты.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,

өнертанушы, дәстүрлі әнші.

 

Төлеутай Е. Құлагер ғұмыр // Soltustik Qazaqstan.- 98 (22271). -16.08.2018.-7б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий