Құлагер, құлыныңнан керім едің!

30 января 2019 - Кабиева Р.

             Қазақта “Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра” деген мақал бар. Құдайға шүкір, азды-көпті ғұмыр кешіп, қалтарысы мен бұлтарысы көп өмірде жақсы мен жаманды, бар мен жоқты көріп, керегін көкейге түйген жайымыз бар. Бұл орайда аға буынның асыл парызы – жастарға өсиет айтып, өнеге көрсету емес пе? Әсіресе, ән патшасы – Ақандай замана заңғарының өмірі мен өнерін жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектерге үлгі етсек, әбестік емес. Аспандағы аққуға үнін қосқан дара дарын, тума талант Ақан Қорамсаұлы туралы ел арасында тараған аңыз-әңгіме аз емес. Ақынның адамгершілігі туралы үлкендердің аузынан естігенімді қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.

Арқадағы аты мәлім Жылқараның Әлібегі әрі батыр әрі аузы дуалы адамдардың бірі болған. Бірде Ақан сері Әлібекке келіп: “Әлеке, сізді Кіші жүздің үш жүзге сауын айтылған асына жүргелі жатыр деп естідім. Жүйрік құла атым бар, сол аста жарысқа қосып, атымның атағын шығарып берсеңіз”, – деп өтініш айтыпты. Ол кезде Құлагердің шаң жұқтырмас жүйріктігі әлі дүйім елге белгілі болмаса керек. Ал Әлібек секілді белгілі адамның атынан қосылса, жүйріктігі мен даңқы үш жүзге тез танылары хақ. Сонда Әлібек: “Ақан шырағым, жарысқа қосуға өзім де үш жүйрік апарғалы отырмын. Сенің атың сол үшеуінен озса апарайын”, – дейді. Келісілген уақытта Ақан бабында жүрген жүйрігін Майбалық көлінің жиегінде отырған Әлібектің ауылына әкеледі.

Бірінші күні Қарақұйын деген бедеу биемен құла атты Майбалық көлін бір айналдырыпты. Бір айналымның өзі жеті шақырым болса керек. Мұнда Ақанның құласы қалып қойыпты. Бұған Ақан қатты қиналады. “Ұрғашы жылқымен жарыстырған соң бой жазып шаппады. Ертең Ақиық торымен жарысқа түседі. Шын өнерін сонда көреміз”, – депті.

Айтқанындай ертеңіне құла ат талай жарыстардан бәйгенің алдын бермей жүрген Ақиықпен екі айналымға жарысқа түсіп, жарты шақырымдай алда келеді. Бұған риза болған Әлібек “Атың жарады, ертең Шаңтиместен озатын болса, асқа дайындала бер”, – деп Ақанды қуантыпты. Әлібектің Шаңтимес күреңі аламан бәйгенің алдын бермей жүрген аттардың бірі екен. Ақан қанша қуанғанымен, әлдеқалай болар екен деп, іштей күдіктенеді. Бір күн демалдырып, Әлібектің Шаңтимесімен Майбалық көлін үш рет айналдырыпты. Құла бұл жолы бір шақырымдай алда келіпті.

Көп ұзамай айтулы асқа Әлібек батыр қасына серіні алып аттанып кетіпті. Жол ұзақ, бір ауылға түстеніп, келесі ауылға қонып, он күнде ас болатын жерге де жетіпті. Ас көпшіліктің күткеніндей, жоғары деңгейде өтеді. Аламан бәйгеде Ақанның құласы жеке дара келіпті. Бірінші келген атқа отыз жылқы бастаған тоғыз бәйге беріпті. Бәйгенің соңында Әлібек батыр: “Уа, жамағат, озып келген құла ат менің атымнан қосылғанымен, шын иесі мына Ақан деген азамат. Бұдан кейін бұл атты “Құлагер” деп атап, иесі Ақан деп біліңдер, – деп ұрандатқан екен. Елге қайтарда Әлібек: “Құлагердің бәйгесінен маған он жылқы бер”, – депті. Сонда Ақан: “Әлеке, ол не дегеніңіз, бәйгесін түгел алыңыз, маған атағы да жетеді”, – деп шын пейілмен кішілік жасапты.

– Ақанжан, ниетіңе рахмет! Құдайдың берген дәулеті жетеді. Он жылқыны да алмаймын. Өзің білесің, келер жолда көп ауылда қонақ болдық, қайтар жолда да бұйырған дәмді татармыз. Сол тілектес елжұрттың босағасына байласақ әрі ел риза әрі өзіңнің де, атыңның да атағы кең жайылады, – дейді. Жолда Әлібек Ақанға “Оң жақта отырған қарындасым бар, сол қарындасыма аға бол”, – деген ұсыныс айтыпты. Бұған Ақан да: “Ұсынысыңызды қуана қабыл аламын”, – деп ырзалық білдіріпті. Елге келген соң Әлібек жолда айтылған әңгімесін қайта қозғай: “Ақанжан, қарындасым саған лайық, күйеу бол, азар болса айттырған жеріне малын қайтарармын деп түйіп отырмын”, – депті. Ақан “Апырмай, бұл кісі Құлагерді сұрамаса жарар еді”, – деп іштей қауіптенеді. Айтқанындай, Әлібек сөзін одан әрі сабақтай отырып: “Ақанжан шырағым, сырты түк, іші боқты бір мал ғой, табынымнан таңдап бір үйір жылқы алып, Құлагерді маған байла”, – дейді.

Ақан Құлагерді қанша қимаса да, Әлібектей ел адамына атымды бермеуім жарамас деп ойлайды да: “Әлеке, үлкен қолқа салып отырсыз, оны кері қайтару маған да сын. Айтқаныңыз болсын. Тек Құлагердің жанында бір түнеп шығайын”, – деп өтініш білдіреді.

Кешке қарай Ақан Құлагерді ауылдың маңайындағы сайға түсіріп, тұсаулап, өзі де сонда түнейді. Әлібек батыр таңертең тұрса, ауыл маңындағы сайда Ақан да, тұсаулы Құлагер де жоқ екен. “Е, бұлар қайда, қашып кетті ме? Ақан ондай жан емес секілді еді ғой”, – деп ойлап, екінші сайға асып түссе, ертоқымды жастанып Ақан, Ақанды жастанып Құлагер жатыр екен. Сонда Әлібек “Бұлар тек бірі иесі, бірі аты емес, екеуі бірінен-бірі ажырамас дос та екен, екеуін екі айыру күнә болар” деген байламға келеді.

Таңертеңгі шайда Әлібек: “Ақанжан, іштей қанша қиналсаң да, менің сөзімді жерге тастамай Құлагерді сен бердің, мен алдым. Ниетіңе ризамын. Ойланып-ойланып, екеуіңді айырмаймын деген шешімге келдім. Қарындасымның да ақ батасын бұзбайын”, – депті.

Ақанның азаматтығына риза болған Әлібек батыр бәйгеден алған малына мал қосып, еліне құрметтеп шығарып салған екен.

Рахмет ЖҰСЫПОВ,

 еңбек ардагері.

Қызылжар ауданы.

Жұсыпов.Р. Құлагер, құлыныңнан керім едің!/ Soltustik Qazaqstan. – 29 qantar.- 2019 jyl.

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий