“Жол таптым бар қазақтың жүрегіне” [Сәбит Мұқанов]

Жаманшұбар - академик-жазушы, қазақ әдебиетінің классигі атанған Сәбит Мұқановтың кіндік қаны тамған киелі жер. Жерлесіміз, ақын Владимир Шестериковтың Сәбит Мұқановқа арнаған өлеңі де осылай аталған. Жазушының кедей отбасында дүниеге келіп, алты жасынан жетім қалғаны белгілі. Балдырған "жалаң аяқ", "жыртық шалбар" жетімдіктің ащы дәмін молынан тартады. Қаламгердің сол кездегі қиын-қыстау өмірін ақын қысқа ғана жырласа да, оның балалық шағын шынайы суреттейді:

Жаманшұбар.

Жусанды мұң.

Ащы дақпен ағарған мына аспан,

Киіз үйде жайылса да мол дастарқан

Сұрамайды ол байдан бір үзім нан.

Таңғаларлығы, ақын Валерий Любушин де Сәбитке арнап жазған өлеңінде осы ащы жусанды еске алады:

Кеңістіктің шеті жоқ, ол бір шексіз

Дәмі де ащы бұл жусанның

Қанға бөкті-ау, күншығыс...

Ақындар қазақ даласында өсетін жусан­ды өлеңдерінің арқауы ете отырып, жазушының жусан сияқты ащы тағдырына мән береді. В.Шестериков өлеңіндегі "жусан мұңы" тіркесі адамның эмоциялық көңіл - күйін бейнелейді. Мұң орыс тілінде адамды билеп алатын ерекше сезімді білдіреді және адам оған қарсы тұра алмайды. Мұң жалғыздықты, адамның мына дүниеде дұрыс бағыт таба алмай, абдырап қалуын да бейнелейді. Өлеңдегі мұң бұл кеңістікке жайылған бейтаныс күш ретінде қызмет атқарып тұр. Бұған қоса ол жусандай, яки ащы деген мағынада. Жусан мұңы - бұл жетімнің ащы тағдыры. Алайда, кедейлік пен аштықта өмір сүрсе де, бала Сәбит бай "қамқоршыларының" алдында абыройынан айырылмай, өзінің туған жерін сүйді, оған адал қызмет етуді арманына айналдыра білді.

Қуанышқа бөлеген мені далам

Әлдилейді бақыттың құшағында.

Осынау туған жерге деген кіршіксіз махаббаты, жүрегінде бұлқынған жарқын болашаққа деген сенімі оның қарымды қаламгер болуына жол ашты. Оның білімге шеккен сапары да жеңіл болмады. Тек 17 жасында ғана Омбыдағы екіжылдық курсқа түсуге шамасы келді. Міне, осы уақыттан бастап өз Отанының және ұлы даланың жыршысы болып қалыптаса бастады.

Сәбең жарты ғасырдан кейін балалық шағы өткен ауылға танымал жазушы ретінде оралды. Әлі есімде, мен директор болған мектептің ұжымы атақты жазушыны қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласында қарсы алған еді. Жас балалар қобалжып, жазушының кітабын құшақтап, ерсілі-қарсылы жүріп: "Сәбит аға кітаптары туралы сұраса, мен абыржып қаламын ба?" деген ойларға ерік берген-ді.

Алайда, кездесуде жазушыға жастар көп сауал қойды. Балаларды алдау мүмкін емес, олар жақсы адамдарды бірден таниды. Біз әйгілі жазушыны қарсы алдық та, көңіліміз орнықты. Қарапайым. Ақжарқын. Мейірімді. Жанын жылылық пен мейірімділік баураған. Сондықтан да болар, оның кітаптарындағы кейіпкерлер "образдар" ретінде қабылданбай, өмірдегі шынайы адамдар сияқты жанымызға жақын болатын. Олар оқырман алдында жанданып, кинофильм кейіпкерлері сияқты есте қалатын.

"Жақсылыққа толы айналам,

Ұшы-қиырсыз кең далам,

Ақсақалдың қолындағы домбыра –

Бұлбұл құстай сайраған".

Бізді, алпысыншы жылдардың студенттерін, Сәбит Мұқановтың шығармашылығымен тамаша оқытушы, ғажап дәрісші Андрей Ефимович Синеруков таныстырды. Ол жылдары С.Мұқановтың шығармалары міндетті бағдарламаға енгізілмесе де, біз білім алған педагогикалық институт мемлекеттік емтихандар бағдарламасына қазақ әдебиетінің үздік шығармалары ретінде қосқан болатын. Ең бастысы, оларды студенттер оқитын. Оқып қана қоймай, жан-жақты талқылайтын, шығармалардың мазмұны, құрылысы, кейіпкерлер тағдыры жайлы пікірталас жүргізетін. Курстасым Володя Шестериковтың жазушыға өлең арнауы, ол туралы очерктер жазуы кездейсоқ емес. Оның жолын кейінгі жылғы түлектер де жалғастырды. Мысалы, Валерий Любушиннің "Нәзіктік алақаны" атты өлеңдер жинағында классик жазушыға арналған бірнеше шығармасы бар. "Кедей жігіт монологы" өлеңінде ауыр балалық шағы туралы әңгіме Сәбиттің өз атынан берілген екен:

"Мен әке-шешені ерте жоғалттым,

Жыртық үйден жаныма пана таптым.

Жаурасам да, ашықсам да, ұры атанбай

 Ебін тауып, байлардың малын бақтым.

Таңның атысынан күн батқанша белі үзіліп істеген еңбегінің ақысы жасөспірімді кедейліктен арылтпады, "кедейлік пен жоқшылық - ағайын", - деп жазады автор.

Жазушының табиғи дарыны оған талай тамаша кітаптар сериясын, кейіпкерлердің толық галереясын жасауға және туған өлкені бейнелеп, оның жазығы мен даласына, ақ селеуі мен жусанына оның оқырмандарының ғашық болуына, ал кейінгі ұрпақтың жазушылары мен ақындары Мұқановша туған өлкесіне деген махаббаты туралы жазуға мүмкіндік берді:

Қарабидай, жайқалған ақ селеуден

Табиғаттың тамаша суретін көрем.

Дала маған қуат бер, құмарлық бер

Бұл ғажапты таппаспын бар әлемнен

Бұл - Валерий Любушин өлеңінің жолдары. Осындай шексіз далаға деген махаббатты жерлес ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мүтәллап Қанғожиннің өлеңдерінен де кездестіреміз:

...суйемін мен даламның жазықтарын,

 Аласартпай тауы мен ормандарын

Сәбит Мұқановтың пиғыл тазалығы, дарынының шырағы, оның Отанға деген ыстық махаббаты ақыннан - ақынға, ұрпақтан - ұрпаққа берілуде:

Жалғыздық, қайғы, қорқыныш

Жасытпайды мені де алмас қылыш.

Алланың сөзінен медет іздеп,

Жүрегімді билеген нұрлы ұмтылыс.

Сәбит Мұқановтың шығармашылығы, Қазақстанның басқа да дарынды жазушылары сияқты, ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен достықтың мықты іргетасын қалаған болатын. Мәселен бұл сарын Альфред Пряниковтың өлеңдерінде де айшықты өрнектелген:

Далада домбырадан жалын алған,

Жанына адамдардың жолын тапқан

Ал қане, толғандыр жүрегімді

Шырқалған аспанымда, қазақ, әні!

Біз оның поэзиясынан ғажайып арнауды көре аламыз - "Қазақ ақынына хатта" ол қа­зақ досын қаламдас болуға шақырады:

Бірімізді - біріміз аударайық,

Мен - орысша, сен - қазақша.

Бейнең мен ырғағыңды сақтайын мен,

Өлеңнің құрылысын да өзгертпегін

Қазақша құйып қойған ұйқасыңды.

Орысша дәл солай ғып берейін

Сәбит Мұқановтың Отанына деген ма­хаббаты қандай тұрақты болса, сондай тұрақтылық пен адалдық достарымен қарым - қатынаста да болды. Оның достары көп еді. Өздерінің ағалары мен тәлімгерлері туралы жерлес жазушылар көптеген естеліктер қалдырды. И.Шухов С.Мұқановқа деген ерекше алғыс сезімін үнемі айтатын. Оның шығармашылық жолының басында оған қолдау көрсетіп, әдебиет олимпіне жолдаманы берген осы Сәбит болатын. Кейін де ол өзінің кіші "тамырына" әрдайым көмектесіп отырды. Өз кезегінде, Иван Петрович те С.Мұқанов шығармаларын аудару арқылы жазушының  орыс тілді оқырмандарға кеңінен та­нымал болуына ықпал етуге тырысты. Олардың достығы көп жылдарға созылды, әрі ерекше сенімді болды. Бұған Иван Шуховтың мына хатындағы жолдар дәлел: "... мен сені тек ірі жазушы ретінде ғана емес, өзімнің ең жақын және сенімді досым ретінде жақсы көремін". Ол хатының соңына "Сенің Ванькан" Алматы, 30 желтоқсан 1947 жыл" деп қол қойған. Келесі бір хатында Иван Шухов Сәбит Мұқановқа "Өмір мектебі" кітабын аудару туралы жаза келіп, хатты былай аяқтайды: "Ал енді аман бол менің аяулы жерлесім. Әрдайым өзіңмен жаны бір Иван. 14 қазан 53 жыл. Пресновка". Сәбит Мұқановтың мерейтойында сөз сөйлеген Иван Шухов"... маған Сәбит Мұқановтың мерейтойы өте қымбат, өйткені, біз жерлеспіз. Біздің жастық шағымыз Солтүстік Қазақстан облысының жайқалған ақселеуінің ортасында, төңкеріске дейінгі патшалықтың және дала феодалдарының залым күшіне қарсы орыс деревнялары мен қазақ ауылдары кедейлерінің достығы өсіп, нығайған өлкеде өтті", - деген еді.

Сәбит Мұқановтың шығармашылығы - бұл қазақ әдебиетінің тұтас бір кезеңі. Уақыт өтсе де, С.Мұқановтың шығармалары өзінің өміршеңдігін танытуда. Қазақ ұлтының ұраншысына айналып, "Жол таптым бар қазақтың жүрегіне..." деп шүкіршілік еткен қаламгер өзін қазақтың қоғамдық өмірінен тыс ұстай алмады. Дарынды сөз зергерлерінің тағдырлары осындай. Олар өз уақытының қатып қалған ескерткіші болып қалмай, келешек көкжиегін кеңейтіп, ғасырлар бойы өз халқымен жасай бермек.

 

Зинаида ТАБАКОВА,

 

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан

мемлекеттік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

 

Табакова З. Жол таптым бар қазақтың жүрегіне// Soltustik Qazaqstan. -57 (22230). -19.05.2018. -5 бет.

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий