“Елім-ай” деп өткен ер баба

28 января 2019 - Кабиева Р.

 Биыл дауылпаз жырау, қаһарман қолбасшы, көрнекті қайраткер, ділмар шешен Қожаберген Толыбайұлының туғанына 355 жыл толып отыр. Атақты “Елім-ай” дастанының авторы, “Жеті жарғы” заңдар жинағын жазуға қатысқан тарихи тұлға жайлы бұған дейін көп зерттеліп, ондаған еңбек жазылды. Жыраудың өмірі мен ерліктері жайлы қалам тербегендердің алғашқы легінде көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев жүрген еді. Марқұмның халықтық гимнге айналған “Елім-ай” дастанын жан-жақты талдап, жыраудың қазақ тарихындағы орны туралы жазған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Өткен бабаларымызды құрметтеу кезінде әрқайсысының елге сіңірген еңбектері мен артында қалған мұраларының салмағы мен ғибраты міндетті түрде есепке алынуы шарт. Әйтпесе, тарихи оқиғаның қою-сұйығы, ауыр-жеңілдігі, парасаттылығы мен парықсыздығы араласып кетуі ғажап емес. Осы тұрғыдан келгенде Үкімет тарапынан мән беріліп, тізімге түскендердің республикалық деңгейде аталатын тұлғалар жайлы арнайы шешім жасағанның ешбір артықтығы, сөкеттейтіні жоқ. Атақты тарихшы, академик М.Қозыбаевша айтсақ, “біз соңғы он жыл шамасында, әсіресе, тәуелсіздік алған жылдары ата тарихымызға үңілу үстіндеміз. Оның басты себебіРесей империясы тұсында тарихымызды отаршылдар жазды, советтік заманда Қызыл империяның мүддесіне негізделіп жасалдыдеген еді. Манаш большевиктік идеологияның тоқпағын біраз соқса да өз халқына жаны ашығандықтың белгісін сездірген кезде талай сөгіс естіп, сөзге қалуды басқалардан көп көріп, марксшіл тарихшылардың ішінен шындықтан қорықпай, шын ой-пікірін айтқан, соған жету үшін өмір тауқыметін талай тартқан, сөйтіп, ұлттық таным, намыс деңгейіне алғаш жеткендердің бірі болған ірі азамат еді.

Елім-айдыестімегендер, қазақтың соңғы шоқына бастаған, тілін ұмыта бастағандары болмаса, төрт ғасырдай зарлана айтылатын халықтық гимнді білмейтіндер аз болар. Оның авторы кім дегенге қателескендер де, білмейтіндер де, тіпті, қысыр есеппен пікір айтатындар да, ол фольклорлық бейне ғой дейтіндер де кездесіп жатады.

Мен өзім тарихи деректерсіз сөйлеуді, пікір толғауды білмейтін пенде болған соң бұрынғының үстіне көп құжаттарды қарас­тырдым. Әсіресе, қазақ тарихшыларының пікірінен Манаш Қозыбаевтың ізденістеріне қол қоятынымды жасырмай айтатын болсам, ҚазКСР Ғылым академиясының Тарих, археология, этнография институтының директоры болып тұрған шақта тарихқа, оның ішінде қазаққа жаны ашитын зиялыларын, профессорлар мен академиктерінҚожаберген жырау Толыбай ұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орныдеген тақырыпта республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізу үшін сонау солтүстік өлкеге алып баруы, ойлантуы әншейінгі рушылдықтың белгісі емес, Қожабергентану ілімін қалыптастырудың нақты қадамы болған еді.

Мен өзім бұл үдеріске тоқсаныншы жылдары араласып, профессор А.Күзембаев басқаратын заң институтының қолдауымен Қожабергеннің, Сегіз серінің өлең-жырла­­­рын жинап бастыруға аспирантым М.Дас­танбаеваны жіберіп, біраз қозғау салғанмын. Және Сегіз сері жөнінде кандидаттық диссертация жазған марқұм, дарынды қаламгер Төлеш Сүлейменовтің кітап шығаруына демесін жасағанмын. Сол кезден басталған ізденіс бүгінгі тарих, этнография институты 2013 жылғы наурыз айында Алматыда өткізген үлкен ғылыми конференцияға жал­ғасты. Мені айрықша қуантқаны Үкіметтің мәдени-тарихи құбылыстарға мән беріп, халықтық гимн авторының 350 жылдығын айрықша атап өту жөнінде шешім жасағандығы. Мұны елдігіміздің, ұлттық танымымыздың тамыр жая бастауының алғашқы нышаны деп қабылдаған жөн.

Ең алдымен, кәрісі бар, жасамысы бар бүкіл қазақтың:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,

Ел-жұртынан айрылған жаман екен,

Мөлтілдеп екі көзден жас келеді”, – дегенді қазақтың зарлап айтпағандары кем. Халықтық мұңға, ұлттық гимнге айналған шығарманы, шығарма емес-ау, бір ұлттың таным-түсінігінде, есінде жүретінЕлім-айдыңдұрыс бағаланбауы, оны шығарған дарынның тарихтан ойып тұрып орын алмауына не себеп болды дегенге Қозыбаевтың пікірін келтірейік: “біріншіҚожаберген баба орыс империясына ашық қарсы, оныңЕлім-айыимперияға қарсы туынды, екіншіқазақ хандарының төре тұқымынан сайлануына қарсыдегеніне өз танымымыз тұрғысынан қосарымыз, үшінші, жалпы қазақтың демей-ақ қояйын, ел сөзін айтатын билікке ие төреқаралардың, басшылардың, зиялылардың саясатшылдығы еді деп түсінген орынды болар. Елдің рухани сусыны, аттанар өрісі болғанЕлім-айәнінің, жырының, дастанының иесі Қожабергеннің тарих қалтарысында қалып қойғанын мойындасақ, онда рухани жағынан шығындалғанымыз өте мол және ірі болғанын көреміз, өкінішіміз өксітпей қоймайды.

Бүкіл халықтық гимннің қасиетіне дер кезінде жетпеуіміз біздің бүкіл мәдение­­­тіміздің орынсыз датталуына әкеп соқты. “Жа­зуы болмаған елде қандай мәдениет, әдебиет болмақ?” деген евроцентристік көз­қа­рас біздің қазақ хандығытұрақты мем­ле­кеттігіміз батыс елдерінен әлдеқайда бұрын салтанат құрғанын айта алмай, соң­ғы төрт ғасыр бойына бөтеннің қасы мен қабағына қарап, емеурінін бағумен өткіз­­­­геніміз ең өкінішті дәуір демеске шараң жоқ.

Қазақ халқының оның ұландарының адамзат тарихында ірі де мәнді істерді тындыра білгендігі дерексіз емес қой. Әз-Тәуке хан тұсында жазылған, атақты би Төле, Қазыбек, Әйтекелермен ақылдаса отырып, “Жеті жарғыныдүниеге әкелген кемелділігін, бес жыл бойына елшілікпен айналысқанын былай қойғанда (1688 жылдан 1710), 23 жыл бойына қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен қолына сардар болып, өз еркімен қолбасылықты қалың қауымның алдында Түркістан қаласында қанжығалы Бөгенбай батырға тапсырғанын қалай ұмытармыз. Мемлекеттік істі ұзақ жылдар атқардым дей салу қиын болмағанмен, Әз-Тәуке ханның қарсылығына қарамай болашағы зор батырға сардарлықты ел көзінше табыс етуі әшейінгі пенденің қолынан келе бермейтін ерлік қой. Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, Ер Жәнібек пен Тұрсынбай батырларға ақылшы болу, үлгі көрсету аз абырой болмаса керек.

Қазақ елін орысқа да, қытайға да жем қылмай, тәуелсіздігін сақтай білген Абы­­лай­дың батырлары әңгімеге араласып жатқан соң 1879 жылы шыққан кітапқа дұрыс­тап мән берілмегенін айта кетейін. Ол әрі ақын­дықтың, әрі ақылдылықтың, әрі көре­­­гендік пен мәрттіктің куәсі болуға жарайтын дерек.

Ыбырай Алтынсарин өзініңҚырғыз (қазақ) хрестоматиясындаАбылай ханға арнаған тараудаҚожаберген жырауға Абылай: “Мені мақтап жыр айтшыдейді. Қо­жаберген айтты: – Абылай, сені мен көргенде тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің. Әбілмәмбет ағаңа, қызметші болған ұл едің. Үйсін Төле билердің, түйесін баққан құл едің. Сен жиырмаға келгенде, ақ сұңқардай түледің. Алыстан тоят тіледің. Ақтан болды қүніңіз, арсы мен күрсіге, тайталасты үніңіз. Енді сіздің бұл күнде, бір көшеге сыймайды, азаткерде құлыңыз”.

Осы идеяны жырға айналдырған Бұқар жырау, оның кейіпкері Абылай бүкіл қазақ халқына күні бүгінге дейін қазақ елінің ұлылары, данышпандары ретінде өмір сүріп келе жатқанын ескерсек, онда Бұқардың өзі Қожабергеннің шәкірті болғандығы, “Қожаберген ұстазымдеп мақтанатыны тек өнерпаздық тұрғыдан ғана емес, тарихи тұрғыдан да құнды ғой. Олай болса, адалдық тұрғыдан да, адамгершілік келбеттен де жалғыз төңірегін ғана емес, бүкіл елін ұйыта білген данышпандығының еленбеуіне таңғалмасқа болмас. Қожаберген қол бастаған сардар ғана емес, сөзге құдірет бітіре алған ақын, үнге жан бітірген сазгер, айтқанына елді сендірген дастаншыл жырау болғандығын естен шығаруға болмайды.

Қожаберген қайраткерлігін жіліктей бастасақ, “Елім-айдышығарған сазгерлігі алдымен әуен ұйқастылығына, сөз үйле­­сімдігіне негізделгені айдан анық. Олай болса, азаматтық келбетін айқындай түскен батырлығы, батылдығы, сардарлығы, мәмі­легерлік қайраткерлігі ұйқасты сөзбен көмкерілгені, әсіресе, “Елім-ай”, “Баба тілдастандары, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама”, “Жақсылық пен жамандық жайында хикая”, “Ата тек” , “Әулие Қойлыбайсияқты дастандарының, қиссатолғауларының, “Абылай ханға айтқан ақылықара сөзбен болса да ұйқасқа негізделуінің өзі оны кемеңгер ақылдылықтың ғана емес, ақын­­­­дықтың биігінен көрсетері сөзсіз.

Сөз өнері арқылы сыртқа шығып, елдің таным-біліміне арқау болған Қожабергеннің тарихшылығын айрықша атау керек. Фольклорлық туындыларды көркемсөздің екінші сорты, еріккеннің әшейінгі ермегі деп түсінудің қырсығы оның ел-жұртқа жеткізіп жатқан дерек шындықтарына мән бергізбегені өкінішті. Осы өкінішіміздің кейбір мезеттерін атақты ғалым Ақселеу СейдімбектіңҚазақтың ауызша тарихыдеген тамаша еңбегінде еленгенінің өзі қуанышты. Ал архивтік өзектерге әбден иманын беріп қойған орыстілді тарихшыларымыз қазақтың жыр-дастандары мен қиссаларын, аңыздарын оқи алмағандары өкінішті. Олардың мән-мағынасын білмегендері елді өз тарихынан мақұрым қалдыруға дейін апарғанын енді қысылмай айтуымыз керек. Тәуелсіздіктің арқасындаМәдени мұраныақтаруға қолымыздың жеткеніне қуанайық.

Мен мұны Қожабергеннен, оның жасампаз ұрпақтарынан қалған, соңғы уақытқа дейін еленбей келген том-том әдеби көркем шығармаларды ежіктей оқудың нәтижесі арқылы айтып отырмын. Ұлы аңдампаздығымен, ақындығымен қатар Қожаберген жырау өз заманының ғана емес, өзіне дейінгі дәуірлердің шежіресін дәйектеп жасаған ұлы ғұлама тарихшы екенін енді бағаламасақ, онда біздердің зиялы елміз дегеніміз шындықтан шалғай жатқан жалғандық, қып-қызыл өтірік болып шығады.

Бұл мәтінді ойды ежіктеп таратпай-ақ тек сүбелі де мәнді тарихи оқиғаларды Қожабергеннің қалай жеткізгеніне, айтқанына назар аударайық. “Баба тілдеген дастанда тарихшы Әбілғазы Баһадүр (1603-1663) өзініңТүрік шежіресіеңбегінде қазақты атамай, Үш жүз деген атаудың сырын ашпай кеткенін сынап, “Айналайын, Үш жүзім, Әбілғазыға налыма, шежіресі бар елімнің, қоймаспыз жатқа жалынадеп алады да, “Шыңғыс ханнан көп бұрын, қазақ пен үш жүз бір атаудеп ой түйгенін естен шығармайық. Жойқын Жоңғар шабуылына дейінгі дәуірдіӨткен кезеңдастанында тарата, тіпті ежіктей баяндап, бүкіл Сібірді жайлаған елдерді, әсіресе, татарлардың әр тайпасына дейін таратып, қазіргі айтылып, жазылып келгендердің шындықтан алыс екенін көзге елестетеді. “Жасымда жасап сан жорық, Байкөлден аса мен бардым. Ордабасы боп жүріп, көп ел мен жерді таныдымдегенін дастанның әр тарауынан ғана емес, тіпті әрбір шумағынан аңғарып, тарих тереңіне сүңги бересің. Қалмақтардың ата-бабасына дейін таратып шығады.

Ұрынып Найман, Қоңырат, Жалайырға

Мазасын кетірді елдің шабуылдап, – деген сияқты жолдарға бүкіл Байкал, Сібір өңірін ғана емес, әр ру, тайпаның тегін де, көшіп қонуын да дәлелді баяндайды. Осы тұрғыдан келгенде біздің қазақ тілін білмейтін қандас тарихшыларымыз ауыз әдебиетінің үлгілеріне айрықша зейін салып, халық тарихын бөтендердің айтқанымен емес, өздерінің танымымен ғасырлар қойнауындағы шындықты бүгінгі ұрпаққа жеткізуі керек.

Міне, Қожаберген жыраудың ғұлама тарихшылығын тек осыдан ғана танып қоймай, бүкіл ауыз әдебиеті үлгісіне тарихи-мәдени тұр­ғыдан қарау қажеттігі өзінен-өзі көкейге оралады. Қожабергеннің өнерпаздығын әнші, күйші болды, айтқыш шешен, емші-балгер, тілші, полиглот болды деп тарата бергенше қазақ халқына белгілі болған өнерпаздардың біразына ұстаз болғандығын айтып, өткен та­рихтың қыр-сырын дұрыс аңғарту арқылы ғұлама ұстаздың деңгейіне көтерілгенін көреміз.

Батыр-бағландар, әрине, Қожаберген сардардың ығына жығылып, көз қиығына қарағанын былай қойып, әр шығарманың мән-мағынасына шырақ қойып қарайтын болсақ, сөз зергерлігінің өзін қазақтың ұлы ақыны С.Торайғыровтың ойымен түйіндейік:

Толыбайсыншының баласы Қожаберген

Тарихынан оғыз-түрік хабар берген.

Үмбетей, Бұқар жырау, Тәтіқара

Үшеуі Қожабергеннен үлгі көрген”, – дегенін немесе Қожаберген бабамыздың үлгісі дарыған қазақтың сөз өнерін 20 том көлемінде жинап, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп кеткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының:

Қолбасы, ақын-жырау һәм елші, би,

ШығардыЕлім-айдайтамаша күй.

Елім-айәні мен жырындағы

Шығарған Қожаберген бабаңды сүй”, – дегенін ұмытпау керек. Тарата берсек, бабамызға айтылар сөз де жетеді, ой-пікір де аз болмас.

Өзіңді-өзің қадірлеп құрметтемесең, басқа біреу сенің жоғыңды жоқтамайтынын, әсіресе, бүгінгі жастар мықтап ұғып алғаны дұрыс.

Тұрсынбек КӘКІШЕВ.

                                                                                                                                                                                                                                             

Кәкішев Т. “Елім-ай” деп өткен ер баба / Soltustik Qazaqstan. – 27 қыркүйек.- 2018 жыл.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий