«Ақын едің елге татыр іргелі»

8 февраля 2019 - Кабиева Р.

Менің Ерік Асқаровпен таныстығым 1975 жылы басталды. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тамамдап, туған өлкем - Қызылжарға ат басын бұрдым. Арманым қазақтың белгілі ғалымдарынаң танымал тұлғаларынан алған білімім мен тәжірибемді өзім туып-өскен өңірдің өрендерінің бойына сіңіру еді. Сол кездегі қазақ тілінде білім беретін жалғыз қарашаңырақ - №2 мектеп-интернатына (қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия- интернат) мұғалім болып жұмысқа орналастым. Бұл оқу ордасында сол жылдары қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарындағы механизаторлардың, сауыншылардың балалары оқитын.

Әдебиетке, тілге жақын балалардың ынтасы менің өз мамандығыма деген сүйіспеншілігімді одан сайын арттыра түсті. Оларға студент кезімде оқып, көңілге тоқыған ауыз әдебиеті үлгілерінің, қазақтың тарихы жайлы кітаптардың мазмұнын жиі айтып беруге тырысатын едім. БІр күні әдебиет пәнінің қосымша сабағына дайындалып отырып "Қазақстан пионері" атты газеттен ұйқасы шымыр, ойы шырайлы елең шумақтарына көзім түсті. Бірден қолыма алып, сүйсініп тағы бір мәрте оқып шықтым. "Авторы Ерік Асқаров, Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы" деп жазылыпты шығарманың соңында. Сол күннен бастап Ерік Асқаров есімді жас ақынмен танысуды, кездесіп, пікір алмасуды ойлай бастадым.

Еріктің жергілікті, республикалық басылым беттерінде жарияланған ел, Отан, кітап, балалық шақ туралы өлеңдерін шағын шығармаларын кездестірген сайын мұқият, зейінмен оқып шығуды, оқушыларыма айтып беруді де дағдыға айналдырғаным шындық.

Оның туындыларына сырттай тамсанып жүрсем де кездесудің сәті түсе қоймады. 1980 жылдардың басында Шәкірбай есімді інім Алматыдағы медициналық институтқа оқуға түсіп, ол Ерікпен танысыпты. Ерік сол кезде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының режиссура факультетінде оқиды екен. Қызылжар жерінен Алатау баурайына арман қуып, білім іздеп барған бір топ адам жерлестер кешін өткізіп, сол жиынға менің інім де барады. Шәкірбай жас күнінен гитарамен ән айтатын. Ерік өлең жазады, суырыпсалмалық қасиеті бар. Содан бастап екеуі шығармашылық байланыста болып, жақын араласып кетті. Інім алғаш рет Ерікпен достығы жайлы айтқанда таңданғаным да рас. Өйткені, университетті енді бітіріп келген маған Ерік Асқаров таудай тұлға болып көрінетін. Демалыс күндері туған жерге келгенде Ерік біздің үйге соқпай кетпейтін болды. Осылайша, отбасымызбен жақын араласып кеттік. Біз де оны ерекше құшақ жая қарсы алып, өлең-жырын, астарлы әзілдерін таң атқанша аузымыздың суы құрып тыңдаушы едік.

Сонау 1980 жылдардан басталған достық қарым-қатынас ол өмірден озған 2003 жылға дейін жалғасты. Осы уақыт бедерінде ол өзінің тік мінезімен, аппақ қардай көңілімен баурап алды. Жалған сөйлемейтін. Жақсылыққа жақ болды. Жанындағы жолдасын өкпелеткен, орынсыз ренжіткен кезін көрмедім. Үлкен-кіші демейді, әділетсіздікті бетке айтатын. Небәрі қырық төрт жыл өмір сүріп, ұрпағына, ағайын-туысына, еліне, жұртына ғибратты ғұмырдың үлгісін көрсетіп кетті.

Ғибрат дегеннен шығады, оның аз ғұмырына терең бойласаңыз, бұған лайық екеніне әбден көзіңіз жетеді. Небәрі отыз жасында - 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. 1988 жылы Қазақстан Ленин комсомолының, келесі жылы Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты иеленсе, 2002 жылы Халықаралық поэзия фестивалінде жұлдызы жарқырап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Алғашқы жыр жинағы "Көгілдір" деген атаумен шықты. Содан кейін баспа бетін көрген "Қарлығаш", "Жетіген", "Астана жұртын айналсам", "Қазақстан ғасыры" атты жыр жинақтары ойлы оқырманға зерделі тарту болды. Аламан айтыстарда Айы оңынан туып, талай рет өнерсүйер жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленгенін айта кеткеніміз жөн.

Турасын айтқан туысына да жақпайды ғой. Ол бозбала кезінде ауылдың тұрмысы, кеңшар басшыларының жымысқы әрекеттері туралы әзіл-сықақ өлеңдер, қағытпа қалжыңдар, шым- шымалар жазып, қоғамдағы орын алып отырған келеңсіздікерге үн қататын. Еріктің астарлы әзілдерін оқып, өз қылықтарына ұялып, теріс әрекеттерінен қайтып жатқан адамдарды да кездестірдік. Айтпағымыз, Еріктің қарапайым халықтың мүддесін қорғаған нағыз ақын екендігі. Оның бұл қасиетін Көкшетау қапасындағы төрт бөлмелі пәтерін Ауған соғысына қатысқан екі баласы бар адамға тегін бергені, қаржыдан қысылып жүрген талай адамға кемектескендігі дәлелдей түседі.

Алла тағала өзі жаратқан пендесіне көтере алатын дарын береді ғой. Еріктің бойындағы таланты теңіздің жарға ұрған толқынындай асау болды. Ол ақындықты қара басының қамы үшін пайдаланбады. Құр әншейін қосақта жүрген ақынның бірі болмады. Өлеңнің киесінен шынайы қорықты, көзі жұмылғанша өлеңге, домбыраға, киелі сахнаға адал болды. Өзін басшылармен де, қосшылармен де тең ұстады. Қазақы қалжың мен мысқыл әжуа, сынды өмірлік қағидаттарды шебер пайдаланатыны сондай, ақынның астарлы сөзінен жақындары да, жоғарыдағылар да сескеніп жүретін-ді.

Екінші бір айтпағым, оның ізденімпаздығы. Ерік Алла бойына дарытқан талантының ғана арқасында жүрмеді. Оны еңбегімен ұштай түсті. 1988 жылы ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасының негізгі прототиптері туралы терең зерттелген көркем туындысын "Жұлдыз"журналына жариялады. Есімі халықтың ортасына оралған Мағжан мұрасына ерекше ден қойды. Бір кездескенімізде маған қазіргі әдебиеттің жай-күйі, айтыстың, поэзияның тағдыры, Тәуелсіздікті баянды етудің жолдарын айтып: "Мағжанның қилы ғұмырына арналған драмалық шығарма жазғым келеді. Бар арманым осы", - деген еді. Ол арманына жетпей кетті.

2002 жылы әкем Ғалым Малдыбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласында бір көшенің аты берілді. Жаңажолдағы мектеп әкемнің есімімен аталды. Бұл іс-шараға Алматы мен Астанадан арнайы делегация келді. Алатаудың ақын- жазушыларын жерлесіміз, жазушы Сафуан Шәймерденов, ал елордалық зиялы қауым өкілдерін Ерік Асқаров бастап әкелді. Жа- нында ұлы Бекзат бар. Осы жиыннан кейін екеуі ағамның үйінде бірнеше күн қонақ болды. Менің соңғы көргенім де сол еді. Бір күннен кейін жол апатына ұшырағанын естідік. Ауыр қаза Ерікпен аралас-құралас болған дос-жолдастарының ғана емес, оны танитын, өнеріне сырттай сүйсініп отыратын әрбір қазақтың қабырғасын қайыстырды. Халыққа, қазақтың өнеріне де берері көп азаматтың қапыда ажалдың құрығына іліккеніне сенер-сенбесімізді білмедік.

Бүгінде Ерік Асқаровтың артына қалдырған мол мұрасы бар. Оның өлеңдері, айтыстары, уытты әзіл-қалжыңдары, әндері қазақ өнерінің алтын қазынасы саналады. Біраз өлеңдеріне әндер жазылды. Мысалы, "Кірлеме менің жүрегім", "Күзгі эллегия", "Құлыншақтарым" өлеңдеріне есімі елімізге белгілі сазгер Еркеш Шәкеев ән жазды. Бұл туындылар бүгінде қазақ сахнасында орындалып жүр.

Әркімнің кіндік кескен туған жері бар. Сол қасиетті мекенді дәл Еріктей сүйген, жырлаған ақынды өз басым аз кездестірдім. Оның төртінші сыныпта оқып жүргенде жазған "Туған жер" деген өлеңі бар. "Мен ертең Қызылжарға тағы аттанам", "Қызылжар", "Қыс болса, Қызылжарға кеткім келер", "Қызылжарда биыл тіпті қар қалың", "Көргің келсе қар бұрқаған боранды", "Барады ағып ерке Есіл" сияқты, тағы басқа өлеңдері өскен өңіріне арналған.

"Кіндік кескен жерім, сені жырға мен,

     Қосам талай, саған тәнті бір жан ем.

     Іздеп мені ақ бораның ұли ма,

     Құлдыраңдап тауды кезген құлжаң ем.

 

 Көкірегімде бораның бар, қарым бар,

 Жүрегімде өзің жаққан жалын бар.

 Маған берген аманатың мойнымда,

 Өзіңменен бірге жетіп дамылдар", - деп туған аққайыңдар өлкесін жырға қосқан ұлын бүгінде Қызылжар жұртшылығы іздейді.

Өмірінің соңғы күндері асыл жары Нәсіпжанға "Нәсең мен бір жақсы түс көрдім. Мағжан екеуміз ұшып жүр екенбіз", - депті. Арамыздан осылай ұшып кетті.

Әлия МАЛДЫБАЕВА, ардагер ұстаз.

 

Малдыбаева А. «Ақын едің елге татыр іргелі» . / "Soltustik Qazaqstan". -14.-7 aqpan.-2019 jyl.-6 bet.

 

 

 

Аз ғұмырында-ақ алты Алаштың ауызына іліккең жалпақ жұрттың жүрегіне жол тапқан Ерік бауырымыз ерекше отты еді. Тектіге тән өзгеше өр еді. Рухы биік болатын Еріктің суырыпсалмалығы қандай болса, табан астында ойына оралатын шумақтардың салмағы да батпандай еді. Оның өлеңдерінің өн бойынан атылып шығатын көпір күш боксердің дәлдеп ұрған соққысындай қарсыласын есеңгіретіп тастайтын. Ерік жас та болса көп оқитын, көп білетін. Осы білімділігі сахна төрінде отырғанда көмекке келетін. Оның әдебиетте өзіндік ізі бар, артында отын өшірмей отырған адал жары, алтын асықтай балалары бар.

Қонысбай ӘБІЛ.

 

Мағжан туған ауданның киелі топырағында дүниеге келіп, жас күнінен Мағжаннан қалған жыр пырағының жалынан тартып мінген жалғыз ізбасар інісіндей, рухани жалғас ұрпағындай көрінген Ерік ақынымыз дәл Мағжан бабасының жасында өмірден озды. Ерік еліміздің еркесі еді. Ерік жүрген жерін жыр-думанға бөлеп, шындық құсын шарықтатып, рухты көтеріп, жігерді жанып, өзіне тән ақындық өр мінезінен әсте бір айнымайтын. Сонау Колбиннің тұсында қазақ теледидарының тікелей эфиріндегі айтыста өзге ешкім айта алмаған ел мұңын өткір айтып, басына төнер қауіпті де бүгіп жасырмаған Ерігін ел екінші Мағжанына балап, сүйгені де рас.

Қуат ЕСІМХАНОВ.

 

Ерік айтысқа абайламай кірді, сонысымен ол Ерік болды. Қазір айтылып жүрген ұлттық мәселелерді Ерік сол кезде айтып кеткен еді. Табиғи ақын еді ғой. Сахнаның сыртында жүрісі қандай болса, сахнада да сондай еді, онда жасанды мінез жоқ болатын.

Есенқул ЖАҚЫПБЕК.

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий