"Атымды «Шағырай шешен» халқым жайған!"

7 декабря 2018 - Кабиева Р.

 Әр заманның өзіне лайық бейнесін өлең-жырмен өрнектеген өткір тілді, өжет жүректі ақындар, шешендер, данышпан билер тірлік кешкені әмбеге аян. Әттең, сондай сүлейлердің су-жорғадай мінсіз әуездері қалпымен сақтала бермегені де ақиқат. Атадан қалған асыл сөздің қадірін білген жан осынау өлең-жырларға құмартады да, қадірін білмегендер құлақ қоймайды. Бұл да – шындық.

 

Осындай қадірі кемімейтін жүйелі де, киелі өлең-жырдың бір иесі - Уақ Шағырай Төбетұлы. Оның туып-өскен жері - Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданындағы Есперлі ауылының төңірегі. Уақ руының Бұйдалы (Бидалы емес-З.Ә.), Жансары, Сарман, Баржақсы, Шәйгөз аталары қоныстанған бұл өңірді "Молалы", "Шәліңке" деп те атаған.

Мен Уақтың жиені болғандығымнан шығар, нағашыларымнан бала кезімде есімін жиі еститін Шағырай ақынның жырларына құмар едім. Өкінішке қарай, оның өмірбаянын, өлеңдерін жетік білетіндер шамалы болды. Әсіресе, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында ден қоя бастағанымда кейбір ағайындар Шағырайдың өлеңдері қайда, өзін де үстірт, яки шала- шарпы білетіндеріне көзім жетті.

Өткен ғасырларда ғұмыр кешкен ақын- жыраулардың кейбірін зейіні аса күшті, жаттау қабілеті ерекше шешемнен естуші едім. Солардың бірі - осы Шағырай Төбетұлы. Шешем мазасын алғанда: "Оны менен гөрі Бекі Құсайынов, Сейтен Сауытбеков жақсы біледі", - дейтін. Бұлардың алғашқысы Қызылжарда тұрды. Көзім көрді, бірақ тілдесе алмадым. Ал Сейтен аға үйімізге келіп-кетіп жүрді. Алайда, ол Шағырай жайында әңгіме қозғай қойған жоқ. Дегенмен де, Шағырай өлеңдерінің көбі осы бір аса білікті, зерек, арабша әліпбиге жетік адамның арқасында аман-есен кейінгі буынға жетті десем, артық емес.

Дей тұрғанмен, Шағырай Төбетұлының өмір дерегінде бірізділік жоқ. Ол жайында жазылған болмашы мақалалар анық дәйек ұсынуға дәрменсіз. Мысалы, 2006 жылы шыққан облысымыздың энциклопедиясында "1838 жылы туып, 1921 жылы қайтыс болды" делінген. Ал енді бір деректе оны "Жамбыл ауданындағы Архангелка ауылында 1836 жылы туып, 1933 жылы өмірден озған" деген әңгіме айтылады. Үшінші бір жазу бойынша ақын "1932 жылы жетпіс жасында дүние салған" екен. Демек, ол 1862 жылы туған болып шығады.

Бұл орайда ақын өмірін зерттеуге аса тиянақты құлық қойылмағаны айқын аңғарылады. Зерттеушілер оның қолға тиген өлеңдерін түбегейлі пайымдамағаны сезіледі. Өйткені, ол бір өлеңінде;

"Сайраған Орта жүздің бұлбұлы едім,

Алып тұр аяғымнан мына тоқсан.

Бетіне ақ қағаздың бірі түспей,

Өтеді-ау өмір зайғы, сөзім бостан", - дейді.

Осы бір шумақ өлеңнің өзінде бұлтартпайтын екі ақиқат бар. Бірі оның тоқсан жасқа таяп дүние салғанын айғақтаса, екіншісі ақынның хат танымағанын дәлелдейді.

Зерттеушілердің бірі (мысалы, Социал Жұмабаев, "Шағырай шешен", Петропавл, 2007жыл! Шағырайды Балуан Шолақпен, Үкілі Ыбыраймен "Жолдас болған екен" деп жазды (Аталған кітаптың 6-беті - З.Ә.). Шағырай Балуан Шолақтан (1864-1919) жиырма алты, ал Үкілі Ыбырайдан (1860-1930) жиырма екі жас үлкен болса, бота жанын- дағы тайлаққа ұқсап, оларға еріп жүруі ерсі емес пе? Бұл қисынға келе ме?

Жоғарыда айтқанымдай, Солтүстік Қазақстан облысы энциклопедиясында ақын 1921 жылы қайтыс болды делінеді (Энциклопедия, 2006 ж. 625-бет - З.Ә.). Ал басқа, деректерде, Шағырайдың 1923 жылы Қарсақ ақынмен айтысқаны жазылған ("Айтыс", Алматы, "Жазушы" баспасы, 1966 ж.). Ендеше, энциклопедиядағы деректің дұрыстығын нақтылай түсу керек шығар.

Тағы бір тайғақ дәйек, 1915 жыпы Шағырай Бұйдалы Уақ Баймағамбет Ізтөлинмен айтысқанын алға тартады. Меніңше, сенімсіз. Мәнісі - сексен жасқа таяп қалған Шағырай он алтыдағы бозбала Баймағамбетпен (1899-1921) сөз жарыстырды дегенге илану қиын.

Анығында, қойлары қоралас, қотандары аралас, бір атадан тарайтын қыран-шәулі мен жас қаршыға қайымдаса қоймаған.

Баймағамбет ақ дария ақыннан бата тілегені ықтимал. Ол былай депті:

"Ақын әке, жүйріксің ағындаған,

Жан болмайды сөзіңді сағынбаған.

Қисықтарды түзеттің тезге салып,

Жуасыттың тарпаңды бағынбаған".

Одан арғы сөздері беймәлім. Шағырайдың азды-көпті белгілі өлеңдерінде, негізінен, сол заманның тұстас ақындарына тән - өмірдің өтпегіне, қолдың қысқалығына өкіну, адамдықты, адалдықты мансұқ ету, әлділердің әлімжеттігін әшкерелеу, дәрменсіздерге демеу болу, ғұмырлық ғибратқа бас ию тәрізді мазмұндағы ойлар басым.

Мысалы: Аяма қолда барда адамыңа; яки: Кемге- рақым, ашуға - сабыр керек; немесе: Сөз қадірі болмайды жас жеткен соң; неболмаса:

"Әділдік жоқ, әділ жоқ,

Зұлымдарға өлім жоқ.

Мейірім жоқ, шафқат жоқ-

Түнеріп тұрған заманым".

Бірде Шағырай Бурабай атты құрдасының  " Жаман бала мен жақсы баланы сипатташы" деген өтінішіне орай ұзақ өлеңді табан астында шығарып:

 "...Ата - балаға қазық,

Осы сөз керек болар,

Бурабайым, алсаң жазып.

Мұның несін сұрадың, Бурашым,

Алты ұлы бар сенен де

Артық екен менің қу басым", - деп тамамдапты.

Өйткені, жалғыз ұлы өмірден ерте өткен Шағырай осылайша ақиқатты ойып тұрып айта біліпті.

Ақынның ең бір есте жүрер жыры Қарсақпен арадағы ғибратнама іспетті өлеңі. Мұны "Айтыс" деуге келмейді. Бұл - аға ақын мен ізбасар інінің дидарласуы. Ақындар 1923 жылы кездесіпті.

Шағырай:

 

"Аралап жүруші едім едден-елге,

Кез болып бұйырған көп тұз бен дәмге.

Отырмын қартайған соң халім кетіп,

Шыға алмай қадам басып ешбір жерге.

Тасқұлдың баласынан алған олжаң,

Қайырлы болсын, інім, бір мың теңге.

Әдетім ескілікті еске түсті

Өзіңдей кез болған соң кемеңгерге!

Дауысың бұлбұл құстың сайрауындай,

Сөзің бір бейне ұқсас шалқар көлге.

Адамның өзің қатар жүйрігісің,

Келіп тұр айтқаныңның бәрі жөнге.

 

Жасымда ақын болып еттім сайран,

Атымды "Шағырай шешен" халқым жайған.

Сыртыңнан атынды естіп құмар едім,

Дәм тартып, Қарсақ інім, келдің қайдан?

Сырнайға әнді қосып өлең айтқан

Отырмын даусыңды естіп сонадайдан.

Өнердің артық біткен арқасында

Біздердей қарт ағаңа тисін пайдаң.

Қарсақ:

 

Ал, аға! Құмар болған мен Қарсағың,

Жел сөзге қайым біткен тіл мен жағым.

Атанған "Шағырай шешен" атағың зор,

Халыққа мәшһүр болған аруағың.

Кетпекке сәлем беріп, жүзің көріп,

Менің де әдейі іздеп келген шағым.

Сыйласқан аға болса, сыйлап кетем,

Сынбайды дүние үшін менен сағың.

Мінеки, кәрілігіңді есіме алдым,

Сүйейді үкіметте кедей табын.

Ақындық атамда жоқ бұрын-соңда,

Берген соң сөз ілхамын болдым жорға.

Отырсың қартайған соң қозғалмастан

Секілді ақ сұңқардай түскен торға.

Атанып "Шағырай шешен" халқың сыйлап,

Қолыңды сермегенсің оң мен солға.

Өз жолың бұрынғылар бастап келген,

Ауылыңнан ат пен шапан алдым олжа.

Баласы Тасқұлының сыйлап берген

Ал, аға! Риза бол бір мың сомға.

Жастықта тірлік бер деп тілегім сол,

Партия өркендетті, дәулетім мол.

Халықты мұңсыз етіп байытпақшы

Алдымда Ленин бабам бастаған жол.

Саяси басшылықтың арқасында

Жауларға маңайдағы құрылған тор.

Партия басқа елдермен теңестірмек,

Жастардың жаңа тілек, мақсаты зор.

Байлық пен бостандықтың бәрі бізде

Ал аға! Қартайсақта болмаймыз қор.

Рұқсат бер, кәне, енді аттанамын,

Келгенше тағы айналып қош, есен бол!

                        1923 жыл.

Осы мақаланың авторы "Мен білемінге!" салынып отырмағанын оқырмандарға ескерте келіп, текстолог, өлең табиғатын талдаушы-танушы ретінде мына төмендегідей ойларымды алға тартамын.

Біріншіден, Шағырай туралы жазған кейбір зерттеушілер деректерге терең үңілмей, үстірт, асығыс, жедеғабыл ой түйеді. Бұл ретте облысымыздың энциклопедиясында оны "1921 жылы қайтыс болды" деп жазған Қосыл Омаров ағаттыққа жол берген. Туған жерін де қате көрсеткен.

2007 жылы "Шағырай шешен" кітабын шығарған Социал Жұмабаев: "1853-1854 жылдары жас жігіт шағында Шағырай Сегіз сері бастаған өнерпаздар тобында болып, тәлім-тәрбие алады" деп жазған ("Шағырай шешен", 2007ж. 5-бет). Сегіз сері 1854 жылы қайтыс болған. Сонда айналасы бір жылдың  ішінде Шағырай серіден қандай үлгі алып үлгерді екен?

Кітаптың 29-бетінде қазіргі Новорыбинка ауылында медресе болғаны жазылады. Жамбыл ауданының орталығы - Пресновкадан жиырма шақырым жердегі бұл төңіректі қазақтар "Болотный" атаған. Онда атақты базар, жәрмеңке өтеді екен. Мен көне көздерден осыны ғана естігенмін. Бірақ "Болотныйда" медресе болды дегенді ешкім айтқан жоқ.

Шағырай өмірінен қатысты мына бір сәйкессіздікке де назар аударайық. Оны мен Социал Жұмабаевтың жоғарыда аталған кітабынан алып отырмын. Осы біздің өңірде ғұмыр кешкен бай Құрымбайдың асында бес жүз дей ат қосылған бәйге етіпті-міс. Сонда Шағырайдың кертөбелі алдына жылқы түсірмепті-міс ("Шағырай шешен", 2007ж.21-бет).

Сол 2007 жылы оқыған соң-ақ ойыма күмән кірді. Қазақтың ең зор бәйгесі - Ақан серінің Құлагері қатысқан, 300 ат қосылған Керейдің асқан алпауыты Сағынайдың асы. Сағынайдың даңқы үш жүзге бірдей жайылған. Асты беріп отырған оның баласы - Сарыарқаның он мыңнан аса жылқы, жүздеген келелі түйе айдаған, ондаған отар қой өргізген даңғайыры Паң-Нұрмағамбет.

Паң-Нұрмағамбетпен салыстырғанда бір төңіректің ғана атқамінері Құрымбай теңіз жанындағы жылға емес пе?! Қайдағы 500 жылқы?!

Мен осы жайында Қазақстанға белгілі атбегі, республикалық "Қазанат" журналының бас редакторы, жазушы әрі жылқы шаруашылығының даму тарихының білгірі Сәдібек Түгелден ол Аққайың ауданындағы "Дайындық" ЖШС-інде өткен республикалық ат-жарысқа келгенде арнайы сұрап едім.

- Бұл асыра сілтеу. Тіпті, шындыққа жанаспайды. Соншалықты ат қатысқан бәйгені естіген емеспін! - деді Сәкең.

Оның бұл орайдағы ойы менің күмәнімді айғақтай түсті. Осы әңгімеге қанық болған өзге азаматтар да Сәдібек Түгелдің шынайы сөзіне ұйып отырғаны тап бүгінгідей көз алдымда.

Деректердің ең нанымдысы әрі нақтысы аса мұқият, әр дәйекке өте ыждағатты, сауатты Сейтен Сауытбековтың жазғандары болуға тиіс. Оның қолжазбаларына зерттешілер ден қойса, нақты, қоспасыз ақиқатқа жолығуы қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Сондай-ақ, Қызылжардың Жұмысшы кентінде тұрған Қазкен Оразбекұлының Шағырай туралы жазбалары жаңсақ емес деуге болады. Бұған дәлел - ол Мағжанның "Батыр Баян" поэмасын "Ленин туына" әкеліп тапсырып еді. Мен сол қолжазба арқылы жариялағанмын. Кейінгі басылымдармен  салыстырсам - нақпа-нақ. Өзгеріс жоқ! Өте риза болғанмын. Міне, осы кісілердей зерек тиянақты, сөзіне талапшыл зерттеушілерді  бағалай, құрметтей білу-жөн.

Шағырай шығармалары ғибраттық ғақлияларға толы. Оның жырларында өңіріміздің өткені, белгілі тұлғалар туралы танытық айғақтар баршылық. Тек, зерделеп, екшеп, зейін қою керек.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

 

 


Әкімжанов З.Атымды «Шағырай шешен» халқым жайған!/Soltustik Qazaqstan.-1qarasha.-2018 jyl.-№131.-8bet.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий