«Қазақ үшін көрдім көбін азаптың»

5 февраля 2019 - Кабиева Р.

 Былтыр Алаштың ардақты перзенттерінің бірі - Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде тойланып, ұлт қаламгерлерінің мақалалары, зерттеу еңбектері баспасөз беттерінде жарияланды ғой. Солардың көбін зейін қойып оқып шығып, ақын әлеміне терең үңілгендей күй кешкенім рас.

Мені жергілікті қаламгерлердің бірінің өз мақаласында Мағжан туралы толғана отырып, ақын Хамза Абдуллиннің де көрген қорлығын тілге тиек еткені ойландырды. Шыны керек, бұл есімді бұрын естімеген едім. Оның кім болғанын, қандай шығармалары бар екенін білмек болып, С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға бардым. Кіталхана мамандары қолыма "Теңізден теңізге" атты пышақтың қырындай ғана кітапты ұстатып, одан өзге туындыларының жарык, көрмегені жайлы айтты.

Кітаптың мұқабасы жұқа болғанымен, парағындағы өлеңдердің әрқайсысы бес атанға жүк боларлықтай тамаша туынды екенін алғашқы бетіне көз жүгірткенде-ақ аңғарған едім. Бұл Хамза Абдуллиннің 1965 жылы жарық көрген жалғыз кітабы екен. Ол туралы мағлұматтар жинастыра жүріп көзі тірісінде белгілі тарихшы болған Хасан Оралтайдың "Алаш - Түркістан түріктерінің ұлтты ұраны" атты кітабын кезіктірдім. Онда Хамза ақын туралы былай делінген: "Ол мақалаларын да, өлеңдерін де "Сайран" деген бүркеншік атпен жазды. Оның журналдарда жарияланған өлеңдері Мағжан Жұмабаевтың шығармалары сияқты қуатты және өзіне тартатын болғандықтан жұртшылық сүйіп оқитын. Өкінішке қарай, бұл біреулерге ұнамады. Сондықтан жазықсыз жала жабылды".

Көзі тірісінде небір қорлықпен қиындық көрген Хамза Абдуллиннің аталмыш еңбегіне жүзден астам өлеңі мен "Теңізден теңізге" атты поэмасы топтастырылған. Оқып отырып тебіренесің, бірде шаттанып, бірде жанарыңа жас үйіресің. Әр өлеңінің ұйқасы шымыр, бейнебір зергерді қолынан шыққандай шеберлікпен жазылған.

Оның "Мен - қазақпын!" атты өлеңінде:

"Мен- қазақпын!

Қазақ үшін көрдім көбін азаптың!

Шыда, бауырым, Алаштың жас ұланы,

        Азаттыққа қалды, тіпті, аз-ақ күн", деген жолдар кездеседі. Халқымыздың тәуелсіз ел атанатынына періштедей пәк пейілмен иланғаны оқыған адамның ішкі рухын одан сайын қайрай түседі. Қарап отырсам, қазақ поэзиясында "Мен қазақпын" деп өзінің қазақ болып туғанын кеңес дәуірі  кезінде мақтанышпен, ерекше асқа үнмен жырға қосқан ақын ол - Жұбан Молдағалиев екен. Оның өзі бұл өлеңін Хамза ақыннан он бес жыл кейін жазған. Ендеше, өзінің қазақтығын мақтаныш еткен осындай айбынды да айбарлы ақынымызды насихаттау біздің парызымыз болмақ.

Алмагүл ТАСТАНОВА,

М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті.

Тастанова А. «Қазақ үшін көрдім көбін азаптың» . / "Soltustik Qazaqstan". -№13.-5 aqpan.-2019 jyl.-5 bet. 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий