ҚАЖЫМАС ҚАЙРАТ ИЕСІ

 Қызылжар өңірінің білім беру саласына бар саналы ғұмырын арнаған, облыс тарихын зерттеуге ерекше еңбек сіңіріп, күні бүгінге дейін қолынан қаламын тастамай келе жатқан Қайролла Муқанов ағамызды солтүстік - қазақстандықтар жақсы таниды. Ұлағатты ұстаздң сексеннің бесеуіне келсе де, соңғы жылдары денсаулығына байланысты үйден ұзап шыға алмаса да, зерттеумен айналысуы, ел ардақтылары жайлы ой-толғауы, жиған - тергендерін "хатқа түсіруі", сөйтіп, жыл сайын кітап шығаруы - бір сөзбен айтқанда, тынымсыз өмірімен өрге өрлегені - "елім, жерім!" дегені көпке үлгі - өнеге боларлықтай. Өзіміз ұлағатты ұстаз ретінде бағалайтын, тарихшы, өлкетанушы ретінде құрметтейтін Қайролла ағамыздың орасан зор еңбекқорлығы кімді болсын қызықтырады, таңдандырады.

Таяуда қаламы мен дәптерін және қос балдағын жанына серік еткен Қайрекең телефон шалып, үйіне келіп кетуімді өтінді. Оған дейін облыстық "Солтүстік Қазақстан" газетінен еңбекқор ағамыздың кезекті кітабының жарық- қа шыққанын оқып, мәрттік танытып жатқанына риза болған едім. Осы жолы сыйлас ағамыз соңғы шыққан кітабы арқылы 85 жылдық өміріне қорытынды жасағанын айтып, әр жылдары жазған мақалалары мен очерктері топтастырылған "Ел ардақтылары" жинағы мен әлі сиясы кеуіп үлгермеген "Өмір белестері" кітабын қолтаңбасымен тарту етті.

Қайролла ағамыз "Өмір белестері" ғұмырнамасының алғысөзінде: "Абай атамыз отыз жетінші сөзінде: "Дүние үлкен көл заман - соққан жел алдыңғы толқын - ағалар, артқы толқын - інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай керінер", - депті. Шынында да, солай. Бізден бұрын қанша аталарымыз, ағаларымыз өмірден өтті. Енді біз де ата болдық. Бізден кейін інілеріміз, балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз өсіп келеді. Өмір осылай жалғаса береді. Алдыңғы толқын аталар мен ағалар кейінгі толқынға, кейінгі жас ұрпаққа өз көргендері мен білгендерін тым болмаса өз өмірі арқылы қалдырыл отырғаны дұрыс қой деймін", — деп осынау жасқа кепгенше өткен өмір өткелдерін, сол жолда кездескен үзеңгілес жора-жолдастарының, туған-туыстарының, бірге еңбек еткен әріптестерінің адами қасиеттерін көрсетуді мақсат тұтыпты.

Кітаптың "Атамекен, құт мекен. Ататек" тарауында: "Менің де өз туған жерім мен ауылыма, оныһ адамдарына деген сүйіспеншілігім ерекше. Жырақ, сыртта жүрсем де, туған жерім, туған ауылым әрдайым жадымда болады. Ұзақ уақыт көрмесем, бойымды сағыныш билеп, көңілім қобалжиды. Ал елге қарай жол түсе қалса, оған жақындаған сайын көңілім толқып, бойымды қуаныш сезімі билей жөнеледі. Менің туған ауылым - Тимирязев ауданындағы шағын ғана Ынтымақ ауылы", - деп ауылдан қанат қаққандарға тән сағынышқа толы ыстық сезімді көз алдына әкеледі, әрі қарай өскен ортасына қарай жетелейді.
Анасынан үш жасында жетім қалған Қайракең әжесінің бауырында тәрбиеленіп, өмірдің тауқыметін сезіне қоймапты. Сұрапыл соғыс жылдарындағы қиындық та кейуананың арқасында бұғанасы қатпаған балаға салмақ түсірмепті. Әліппені оқымай жатып-ақ хат таныған зерек бала Ынтымақтың бастауыш, Дмитриевканың жетіжылдық мектептерін үздік, Марьевканың орта мектебін күміс медальмен аяқтап, Алматыдағы қазіргі әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түседі.

Жоғары білім алған жас маман Шал ақын ауданындағы "Целинный" кеңшарының орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, Городецкий сегізжылдық (кейін орта мектеп) мектебінің директоры болып 14 жыл қызмет атқарады. Қайролла ағамыздың содан кейінгі өмірі мен қызметі облыс орталығында жалғасын тауыпты. Өзін білікті басшы, жаңашыл ұстаз ретінде танытқан ағамыз 1971 жылдан ширек ғасырға жуық үзіліссіз облыстық халыққа білім беру бөлімі (қазіргі облыстық білім басқармасы) меңгерушісінің орынбасары қызметін абыроймен атқарады. Одан кейін алты жыл облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының аға оқытушысы болып еңбек етті. Ағартушылыққа жаратылған жан, осылайша, бар саналы ғұмырының 44 жылын өзі туып-өскен өңірдің білім беру саласына арнады.

Ол оқушы кезінен бастап мақала, жыр жазуды машық қылған. Мектептің қабырға газеттерін керкемсөзбен безендіруге атсалысқан. Аудандық және облыстық газеттерге оқушы кезінде-ақ мақалалар жазып тұрған. Қызмет істеген жылдары облыстық "Ленин туы", "Ленинское знамя", республикалық "Қазақстан мұғалімі", "Учитель Казахстана" газеттері мен "Қазақстан мектебі" журналында педа- гогикалық тақырыптарға өзекті мақалалар жариялап, олардың штаттан тыс тілшісіне айналыпты. Осылайша, Қайролла Мұқанов ғылыми-педагогикалық материалдарымен өзін әдіскер, зерттеуші және жаңашыл ұстаз ретінде танытқан. Облыстың білім беру мекемелеріне, әсіресе, қазақ мектептері мен ин- тернаттарына 24 жыл жетекшілік еткен басшының еңбегі ұшан-теңіз. Соған орай ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. "Құрмет белгісі" орденімен, "Ерен еңбегі үшін" медалімен және бірнеше мерекелік медальдармен Қазақстан Республикасының Прези¬денті Н.Ә.Назарбаевтың Құрмет грамотасымен және "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Алғыс хатымен, өңір басшысының, облыс және республика деңгейіндегі ведомстволардың Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталды, "Ыбырай Алтынсарин", "академик Е.А.Букетов" медальдарының және Е.А.Букетов атындағы сыйлықтың иегері атанды.

XX ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақ балалары Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға келе бастады. Олар орыс тілін нашар білетін. Сондықтан ЖОО ректоратының шақыруы бойынша КСРО мен ҚазКСР-нің оқу ісінің үздігі Қайролла Мұқанов білім іздеп келген қандастарымызға және студенттерге қазақ тілінде Қазақстан тарихынан лекция оқыды. Бірнеше жыл тарих факультетінде мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндамалар жасады, сөйте жүріп жоғары оқу орнының қоғамдық өміріне белсене араласады. Өскелең ұрпақ тәрбиелеуге, білікті маман әзірлеуге ерекше мән беретін Қайрекең күні бүгінге дейін университетпен байланысын үзіп көрген емес. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің құрметті профессоры атанып отырғаны да, аталмыш жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесінің шешімімен "Үлкен алтын медальмен" марапатталғаны да содан болар.

Қайролла ағамыз зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылыққа, өлкетануға, зерттеушілікке кіріседі. Оның "екінші тынысы ашылған" кезеңі - облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жанындағы "Асыл мұра" ғылыми, әдеби-тарихи әдістемелік орталығында қызметкер болып істеген жылдары деуге әбден болады. Оған да 16 жыл болып қалыпты. Сырлас, пікірлес, замандас ұстаздар Ғалым Қадыралин, Социал Жұмабаевпен бірге Кайролла Мұқанов та Петропавлдағы облыстық, Алматыдағы республикалық және Ресей Федерациясының Омбы, Тобыл қалаларындағы мемлекеттік мұрағаттарда сарыла отырып, атақты солтүстікқазақстандықтар жайлы материалдар жинады, өңірдің және шекаралас облыстардың өздеріне белгілі, бейтаныс шежіреші көнекөз қарияларымен кездесіп, туған жеріміз бен елімізге қатысты құнды естеліктер, аңыздар мен жырлар жазып алды. Социал Жұмабаевпен бірге жинаған материалдар Қызылжар өңірінің тумасы, XIX ғасырдың атақты биі "Тоқсан Жабайұлы" (Токсан би), революционер ақын Баймағанбет Ізтөлиннің өміріне арналған "Арманды ақын", Барлыбаевтар отбасының өткені мен бүгінгісі жайлы "Бір әулеттің тарихы" кітаптарына арқау болды.

Қайролла Мұканұлының мектептегі және университеттегі шақтарын, сол жылдары қарым-қатынас жасаған замандастарын ерекше құрметтейтіндігін естелік кітабынан ғана емес, әр жылдары жазған мақалаларынан да байкауға болады. Мысалы, елімізге әйгілі экономист ғалым, академик Аманжол Қошанов Марьевка мектебінде Қайрекеңнен бір сынып жоғары оқыпты. Бұл таныстық студентік шақта нығайып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан көрінеді. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, атақты химик, ақын, жазушы, аудармашы, Қарағанды уни- верситетінің алғашқы ректоры Евней Букетов те - Марьевка мектебінің түлегі. Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылында дүниеге келген белгілі сәулетші, елтаңба авторы Шот - Аман Уәлихановпен ақын қоғам қайраткері, Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылының тумасы Кәкімбек Салықовпен университетке түскен жылы етене араласқан.
Қайролла ағамыздың Қожаберген жырау, Сегіз сері, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мәсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов жайлы жазған зерттеу мақалалары да танымдылығымен ерекшеленеді.

"Алаш" партиясының мүшесі, 1928-1931 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған даңқты жерлесіміз Абылай Рамазанов, Петропавлдағы казак педагогикалық техникумының алғашкы директоры Жұмағали Тілеулин жайлы қыруар материал жинап, "Елін сүйген азамат" және "Жумағали Тілеулин - Алаш орда қайраткері" атты кітап шығарған да - Қайролла Мұқанов.

"Ұмсын сұлу" - феодалдық-патриархалдық қоғамның кұрбаны, "Ақын ізі" - акиық ақын Мағжан Жұмабаев, "Ұстаз тағылымы" - Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қағида Базарбаева, "Халқы қадірлеген қайраткер" - қоғам қайраткері, фольклоршы, құсбегі Қошан Жантілеуов, "Арманда өткен асыл тұлға" - қуғын-сүргіннің кесірінен елден кеткен Хамза Ыбыраев жайлы сыр шертетін кітаптар.
Оқушы кезінен өлең жазумен айналысатын акынжанды Қайрекеңнің "Арнаулар" атты жыр жинағының екі кітабы Алматы және Петропавл қалаларында басылып шықкан. Бірлесіп шығарған кітаптарды есепке алмағанда, Қайролла Мұканов жеке 21 кітаптың авторы екен. Бұлар - қыруар еңбектің, тынымсыз ізденістің нәтижесі.
- Менің осылай көп оқып, көп жазып, көп еңбектеніп, көп жұмыс тындырып жүргенім - сүйікті зайыбым Күлзағи Ақанкызының арқасы. Ол әрдайым мені қолдап, жұмысыма, қызметіме, шығармашылықпен айналысуыма қажетті жағдай жасап отырады. Осылай тылым берік болғасын мен еш алаңсыз қызметімді де атқарып, шығармашылық жұмыспен де айналыса бердім, - дейді Қайрекең.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қайролла Мұқанов Құдай қосқан қосағы Күлзағи апаймен 4 бала тәрбиелеп, немере - шөбере сүйіп отырған жайлары бар.

Нұрсайын ШӘРІП


ШӘРІП Н. ҚАЖЫМАС ҚАЙРАТ ИЕСІ // Солтүстік Қазақстан. - 2017. - 26 қыркүйек. - 5 бет
 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий