Шерменде ақын, шексіз мұң

8 февраля 2019 - Кабиева Р.

 Пролог:

Аймалап аспанменен аспандасқан, 
Алтайдың асқар басы асқарды 
асқан.
Көресің көз жіберсең талай 
сырды, 
Асусыз астам сол бір асқар 
тастан.
Қарт Алтай, қасиетті Ата 
жұртым,
Жас жаным жабыққанда 
дертпен бүгін.
Қосылып қойныңдағы сол сырыңа
Қолға алдым қайғы басқан өмір 
кілтін…
Алтайдың ардагері Абылайды, 
Ел үшін алтын таң мен жарық 
айды. 
Жад етіп жырлар болсам 
Абылайды 
– Аруағы қалай мені танымайды!
 Осы бір шексіз мұңды менің құлағым шекараның арғы жағында жүргенде шалған еді. Шығыс Түркістан дейтін ғұмыры қысқа республиканың «Білім Жұрты» деген бас гимназиясын бітіріп, орта мектепте дәріс беріп жүрген білдей «білімдінің» бірімін. Жасым 18- де. Сол жылы Үрімжі түрмесінен шығып Әбдірахманұлы Нұрсағит деген жақын ағам да келген. Жеті жасында туған жерден табаны көтеріліп, он алты жасына дейін жалда жүрген жетімек байларға түскен бала салығының орнына Қытай оқуына жіберіліпті. Былай да тесікөкпе жасты оқуы мен ойпыл-тойпыл кезеңі тез есейтіпті. Оқу бітірген соң бәрібір сағынып тұрған жері, күтіп тұрған елі болмаған соң, қайнаған қаланың қым-қуыт әрекетіне араласып кете беріпті. Қазақ зиялылары Нығмет Мыңжани, Сәліс, Жанымхандар құрған «Сәуле» деген саяси ұйым-ның үгітін айтамын деп жүріп, Қытайдың құрығына ілініпті.
Жеті жылды қойып, Үрімжіде жеті күн болып қайтқандар «мыңқылдап» қытайша аралас-ты-рып әлек болатын еді. Ал, сөйлегенде қытайдың өзін жаңылдыратын менің ағамның аңсайтыны – Атамекен, айтатыны Алтай жыры.
Алтайдың сол бір асқар аңғарына, 
Ертеде кірлеп көңіл барғанымда.
Жалықпай жас та болсам, оқушы едім – 
Жазылған жазуларды тастарына, – дейді де дастанның мазмұнын «Әл-қиссалап» баяндап тастайды.
Талпынса талап етіп татар асын,
Жас бала жар етпей ме, ата- 
анасын.
Сәбидей зарлап саған зарымды 
айтсам,
Тебіренбей, Алтай, қалай жата аласың! – деп жалынады. Естіп отырып менің де жүрегім жұлқынады. Туған жерден медет тілеп мен де жаутаңдаймын.
Шығыстан Алтай шыңы 
сәулеленіп,
Сол сәуле жүрегіме сәуле беріп.
Көңілімді көкке өрлетер күн болар 
ма,
Шет жұртта жүргенімде әуреленіп, – деп тұнжырап отырып қалады. Мен де тарығамын. Тағы да «Әл-қисса» кетеді.
Ақыры «А, Құдайлап» жаратқанға жалбарынып, «Абылайлап», әруақтан дәрмен тілейміз…
– Тәулігіне неше өлтіріп, неше тірілтеді, – дейтін, абақтының азабын айтқанда. – Бірде естен тандырып, басқа бір тас есіктен ішке қарай итере салды. Іштегі жалғыз адам маған қараған жоқ. Шикі моманы (нан) қара суға езіп, шақайының жыртығын жабыстырып, отыра берді. Екі күн тіл қатыспадық. Мені екі рет сұраққа алды. Бұрынғы бұрауды одан әрі қатайтып, ақыл-естен адасқан тұста «Анау не дейді?» – деп сұрайды. Тіпті, – «Түсінде қалай сандырақтайды?» – дейді…
Есімді жидым. Ол да есін жиыпты.
– Сұм бала, менен ештеңе біле алмай сорлап жүрсің, ә? – деп, аяныш білдіргендей болды бір күні. Тіл қатқанына қуанып кеттім де, «осылай да осылай» дей бердім.
–Айтпа,- деді сәл ғана зілді үнмен. – Құдай аузыңа не салса соны соға бер.
Сол күні түнде ол шын сандырақтады. Құлақ түре қалдым. Ағызып өлең айтып жатыр. «Алтай, Алтай, Алтай…» Жүрегім өртеніп, іші-бауырым езіліп бара жатты. Солқылдап тұрып жыладым… Содан бастап ол мені ылғи да осы өлеңмен жұбататын болды.
– Бала, ертең сен менің «азабымнан» құтыласың. Екеуіміз енді айырылысамыз,- деді бір күні. – Атыңды білдім. Басқасының керегі жоқ. Тек, тегің түркі, ұлтың қазақ, ата мекенің Алтай екенін ұмытпа!
– Ағатай, – деп аяғына құладым. Ішім өртеніп, көзімнен жас құйылып кетті. – Тым болмаса аты-жөніңді айтыңызшы.
– Атым – Атабек. Туған жерім – Тұран. Азап қуып, аттай желіп жүрген бір жанмын.
– Алтай, Абылай өзіңіздің өлеңіңіз бе?
– Ол – Қорқыт сарыны. Ондай әулиені естіп пе едің?
…Атабек туралы түрмеден шыққан соң болымсыз бірдеңелер естіпті. Отан соғысы кезінде неміске тұтқын болған қазақ екен. Америка елшілігіне кіріп-шығып жүретін еді. Бірталайдан бері көрінбей кетті депті.
Хан атаулыдан қазақтың жаны шошып, жағы қарысып қалған тұста жау ішінде, жорық үстінде, қарманатын қару, алданатын арман қалмағанда ұлы рухты оятқан, содан өзі қуат алған, ойран-топыр от кешкен отандастарын да сол рухпен жебеген, ұлы бабаның аруағын ерте таныған Қобызшы Қорқытты – Мәжит Айтбаевты бүгінге дейін білетіндер аз, біл-мейтіндер көп еді. «Егемен Қазақстан» газетінің 2004 жылы 24 қараша күнгі санында Сауытбек Абдрахмановтың «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» антологиясында сырбаз сөзбен сықпалап жазған таныстыруымен сол ақынның біраз өлеңі жарияланды. Ақындықты өлеңнің өзі-ақ танытар. Бірақ, бұл қобыздың сарыны да, бұл ақынның дарыны да, тағдыры да бөлекше. Қазір оның замандастары жоқ. Бүгінгі қазаққа Мәжит Айтбаевтың соғысқа дейінгі өзі де, соғыстан кейінгі ізі де мәлім емес.
Осы Қорқыт қобызы мені қашан баурады, қалай естіп, қанша іздедім?
Мұңлы үн мұңлықтың жүрегіне тез жетеді. Осы ақын екеуміздің тағдырымызда бір ұқсастық, бір айырма бар. Ұқсастық – ол торға түскен тоты, мен жөргегімде жер ауған жетімекпін. Айырма – ол шерменде күйі шетте жүріп көз жұмды, мен елге ерте келіп, шерден шықтым.
1955 жыл, 23 мамыр. Ластының жіп-жіңішке өзені бөліп жатқан шекарадан талтүсте өте шықтық. «А, Құдай, ақсарбас!» Түсіпхан ағам мәшинеден қарғып түсіп, туған жерінің топырағын құшты. Кеден кедергісі кешке дейін созылды. Құдай оңдағанда, бізді алысқа айдамай, баяғы өз ауылымызға алып келді.
Қас қарайған шақ. Бізді күтіп тұрған оншақты адамды екпіндеп келіп тоқтаған мәшиненің шаңы басып қалды. Сол топтан аңыраған үн шықты.
– Әкем-ау, мынау Бибала ғой! – Мәшиненің алдыңғы орнында отырған ең үлкен Қалимаш апайымыз да озандай ұмтылды. Қызыл іңір. Қып-қызыл жылау.
Ішке кірген соң әлгі екі апам қатар отыра қалып, ал кеп жоқтассын. Танығандарын ыммен икемдеп, бір қолын оның иығына іліп қойып, шер төгеді. Кезек маған келді. Аты-жөнімді сұрап алды да Бибала апам солқылдап жылап, сарнай жөнелді.
Дүниенің шарам бар ма, 
жалғанына?
Жетпеді-ау әке-шешең арманына.
Аллаға мың шүкірлік дейін, қарғам,
Бір тұяқ асылдардан қалғанына.
Аллалап ала таңнан тұрды ма 
екен,
Түсіне бір жақсылық кірді ме екен!
Адасқан жалғыз қаздай Мақсұт 
ағаң
Дәл бүгін сен келерін білді ме екен?
Қалимаш апайымның үні бұзылып, сөзі үзілді.
– Бибала-ау, не дейсің, кімді айттың? – деді ышқынып.
– Мақсұтты айтам, Қалимаш. Ол бар. Алматыда тұрады.
Апайым шайқалақтап шалқая берді, ықылық атып мен отырып қалдым.
Мақсұт менің жалғыз ағам. Біздің әулет түгел нәубетке ұшырап, әкеміз екінші рет ұсталарда бәрімізді шұбыртып, арғы бет асырып әкеткен жас жеткіншек сол ағам екен. Шекарадан тым алыстамай, Ертіс жағасынан жеркепе қазып, мекен тұтыпты. Ілгері-кейін өткендер сол төңірекке жинала беріпті. Араларында кім барын, іштерінде не жатқанын кім білсін, екі-үш адам із-түссіз жоғалыпты. 1939 жылы шекарашы орыстар келіп Мақсұтты алып кетіпті. Бұл жақта соғыс. Біз оны да өлдіге санап, жыл сайын хатымға қосып, құран оқып жүретінбіз. Сонда қалған жеті жаннан, он алты жыл өткенде келген жалғыз мен.
Жағдай бұл жақта әлі ауыр екен. Соғыс табы кете, көз жасы әлі кебе қоймапты. Тапқаны лағын, тап-пағаны тауығын сойып, күнде бір үй шақырады. Күліп барамыз, жылап қайтамыз. Біз өлең айтсақ:
Қиыр қонып, шет жайлап,
Келдік бүгін дәм айдап, – деп бастаймыз да шеттегі шерді қозғаймыз. Олар айтса:
Ахау-айдай уысым,
Армияда туысым.
Туысымды ойласам,
Тараяды тынысым, – деп егіледі.
…Мақсұт келді. Тайлы- таяғымызбен тас жолға шығып қарсы алдық. Анадағы жылау жолда қалды. Өз басым дәл сол күндердей ауыр, дәл сол күндердей жеңіл сәтті қайта кезіктірген емеспін.
Сағыныш басылды, той тарады. Әңгіменің аузы ашылды. Жасынан өлеңге құмар жанның жалғыздықтағы жолдасы да өлең болыпты. Екі шумақтың біреуі – Алтай.
Не айтса да Алтайдан бастайды, Алтаймен өрбітеді, әйтпесе, Алтаймен аяқтайды. Еуропаның сәнді сарайлары, ғажайып ғима-раттары селт еткізбейді. «Алтайдың самалды сайларындағы аласа үйлерден садаға кет» дейді. Бал-быраған бақ, жайнаған гүл көрсе, «сенің өсетін жерің Алтай ғой» деп, қызғанады. «Мендегі жара оқ жарасы емес, жан жарасы, мендегі шөл дерттің шөлі емес, Алтайды аңсау шөлі» деп, дәрігерден су емес, у сұрайды…
«Құр дәріңмен қалай ғана 
жазбақсың,
Бұл өмірде улар сіңген жанымды.
Дәріңді емес, уыңды бер, жан 
достым.
Ащы уыңды жаным бүгін 
сағынды…».
Қарыңдағы майды, қара сабынды қақ жарып, еттің жілігіне дейін шағып тексергенде, түбіне дейін тінткізбей, кеденнен аман алып өткен бір сандық кітабым бар-тын. Әкем марқұм 1940 жылы қайтыс боларда өлеңмен жазған өз өсиетін қосып, «Көрісетін күн болса, Мақсұтқа бер» деп, шешеме бір бума қағаз қалдырыпты. Шер жұтып жүріп, 1946 жылы шешем де дүние салған. Сол буманы бердім. Жарғақтың тігісін жылап отырып сөкті де әкесінің өсиетін, өзі көшірген «Батыр Баян», «Сәтбек батыр», «Оян қазақ», «Сәлиха-Сәмен»… қиссаларын көргенде отқа түскен көбелектей, өртене өксіді. Мен әке аманатын орындағаныма қуандым.
Соңғы түндер осы қиссаларды оқумен өтті. Мұндағы ағайындардың ондай ермекке уақыты да, тыңдауға құлақтары да аз. Біз үшін бәрі арман, бәрі сағыныш. Алтай – Мақсұттың туған жері, біздің атамекеніміз. Мақ-сұт оны жау ішінде жаны өртеніп, жалғыз жүріп сағынса, біз ауыл, әулет болып аңсайтынбыз. Сондайда, сол ғасырдың басында арғы бет ауып, жат өлкеде 40 жыл өлең төгіп, күңіреніп көз жұмған аса үздік ақын Арғынбек Апашбайұлының «Жер – адамның анасы» дейтін сағыныш толғауын топтасып отырып оқытып, өзімізді өзіміз жұбататынбыз. Онда:
«Ұшқыр-Менкер, Төрқуыс,
Сай-саласы ел қоныс.
Дөртуылға ежелден 
Ата жолдас, бір туыс» болған қайран Алтайдан орыс тартып алған жүзден астам қонысты жылап отырып жоқтайды. Мақсұт мұны да жатқа соғады. Сол толғауды жылқының түнгі күзетіне бармай тыңдаған Мәсәлім ағамыз көзінің жасын сүрте отырып: «Осыны аңырата бермеші, Мақсұт! Айтсаң да «орыс тартып алды» деген жерлерді өзгертші» – деді. Түсіндік…
Қайтар күнгі «тоқымқағарда» Мақсұт бөлекше бір әуен аңғартты.
Атасы асқарлардың аялы Алтай,
Саясын Сарыарқаға жаяды 
Алтай. 
Қырмызы-қызыл гүлді жер 
жәннаты,
Қарт Алтай, қадірлі Алтай, баяғы 
Алтай. 
Ел қайда Алтайдағы өз елімдей, 
Ер қайда Алтайдағы өз ерімдей.
Алтайда астам өскен елді ойласам 
Көз жасым ағады Алтай 
өзеніндей…
Жыр жарты сағат айтылды. Алтайдың атақты қобызшы қарты айтатын «Киік зары» деген аңыз екен. Жонға жайлыш, желіні сыздап оралған ана киіктің екі лағы ойнағанда жоқ. Аю жеді десе қан, адам алды десе өзі көрінбейді. Үрпінен сүті сорғалап сарнайды, зарлайды.
Зарлады сонда киік от боп жанып, 
Сарнады сабыр таппай естен 
танып.
Аңырады аялы Алтай сай-саласын
Шомылтып, шерлі болған күйге 
малып.
Маңырады маңайдағы тауды 
тербеп, 
Жамырады таудың үні тауды 
кернеп. 
Қызарып күн батардың 
қарсаңында 
Сайлардан көтерілді сағым 
өрлеп…
Толқыған көлден, ескен желден, гүлден, күннен сұрайды. Күйін ешкім ұқпайды, күйігін ешкім түсінбейді.
Еріліп ести-ести зар мен мұңды,
Арқада өткізіп ем талай күнді.
Албырт шақ астамдықпен зулап 
өтіп,
Жиырма бес көрінбейді бір күн 
құрлы.
Ел үшін көрсетпесем ойынымды, 
Қай кезде қандырмақпын 
тойымымды. 
Алтайда азат туын тіге алмасам, 
Қара жер әзірлей бер қойыныңды!..
Кім болса да, жиырма бес жасында жазыпты. Ұлы зар Алтайында азаттық туын тігуге, соған дейін бүгілмеуге бекінген антпен аяқталған.
– Бұл кімнің өлеңі? – дестік.
– Е, бір Мұңлықтыкі де, – дей салды. Біз оны өзіне жорыдық.
1968 жылы Мақсұт ағамның үйіне барсам, шымыр, ширақ, өңі сұсты, үні қатқыл бір адам отыр. Таныдым. Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасын қазақша аударған ақын Хамза Абдуллин. Екеуі де орып сөйлейді. Ас ішіп, еттері сәл қызған соң Хамза өзбекше бір маршқа басты. Легиондар гимні. Денем шымырлап кетті. Мақсұт «Киік зарын» біраз зырылдатып барып басылды.
– Қобызшы Қорқыттың күңіреніп жүріп жазғаны ғой, – деді Хамза. – Алтай, Арқа, Сыр, Тұран, Түркістан біздің ұлы арман, ортақ ұранымыз болып еді. Енді, міне…
Тіксіне, түсіне қалдым. Хамзаның халінен ептеп хабарым бар. Ал, Мақсұт арғы беттен ұстап әкелінген, итжеккенге айдалған. Меңіреу Тайғада мәңгілік сүргінде қалған соң өзі тіленіп соғысқа барған, жараланып жауға түскен жан. Бірімізді-біріміз аяп, жан жарасын екеуміз де тырнай бермейтінбіз. Дегенмен, Қобызшы Қорқыттың шын аты кім екенін сұрадым.
– Мәжит Айтбаев дейтін қызылордалық ақын. Соғыста тұтқынға түскен. Өлеңнің өрен жүйрігі еді… «Жаңа Түркістан», «Ұлттық Түркістан» газеттерін шығарысқан. «Милли әдебиет» журналында ол редактор, мен жауапты хатшы болғам,- деді Абдуллин.
«Киік зарының» авторын–Қобызшы Қорқытты – Мәжит Айтбаевты мен сол күні білдім.
1988 жылы Еуропаға бардым.Германия, Австриядағы қазақтарды көрдім. Ойымда Мәжит Айтбаев жүрді. Азаттық радиосында істеген Азамат Алтан деген қырғыз оны білетінін айтты. «Абылай хан» деген кітабы болған. Оны Хасен Оралтай қайта бастырған деді. Хасенмен жолығудың жөні болмады.
1990 жылы Түркияға жол түсті. Стамбулдағы, Анкарадағы, Измирдегі қазақтармен қауыштық. Стамбул университетінде оқитын Ахмет Түркез, Қалман Қошжігіт, Мехмет Доғу деген студенттер көп кітап тауып берді. Сыдыхан Улучай, әлде «Тарихи-Рашиди» болар ма деп бір кітап әкеліп еді. Тым ертедегі діни қолжазба болып шықты. «Абылай ханды» тауып бермек болып, хабарласпай қалды.
Түркияның Анкара қаласында тұратын Ұядан Ақай дейтін қарт бар-тын. Өр Алтайдан өткен ғасырдың 30-жылдары үркіп, қанды жолдарды жиырма жылдай шылқылдатып басып, шалпылдатып көшіп өтіп, Анадолыға жетіп жығылған. Оқығаны аз, тоқығаны көп, тақуа. Әсіресе, түркі әлемін тінте сөйлейді. Қазақтың бар қасіретін орыстан көреді. Оның да қойын-қонышы толған Алтай.
– Әй, Алтай, әттең Алтай, көркем 
Алтай.
Кір жуып, кіндік кескен өлкем 
Алтай.
Армансыз бұл дүниеден өтер едім,
Бір иіскеп топырағыңды өлсем, Алтай! – деп соға берді. Сырт жақтан Алтай, Арқа, Тұран, Түркістан туралы өлең естісем, мен енді Қобызшы Қорқытқа ғана телитін болып алғам.
– Бұл Шаймерден деген ағамыздың көз жұмарда жоқтап кеткені. Қорқыт десең, оны да айтайын, – деп, «Абылай» дастанының әр тұсынан төгіп-төгіп жіберді. Бірақ қанша қиылып сұрасам да маған қимаған. Біздегі биліктің сол тұстағы үлкен мекемесінде істейтін зерделі, зиялы азамат – Сауытбек Абдрахманов шежіре шалдың тілін тауып, 1991 жылы Қобызшы Қорқыт кітабының көшірмесін алып келді.
«Асса, түрік танысын, қала берді, осындағы өз ағайындарымыз қазақты ұмытпасын деп, болымсыз бір баспа ашып… «Биук Түркелі» («Үлкен түрік елі») деген журнал шығара бастадым. Түркия кітапханаларынан табылған алаш ардагерлерін жариялаған соң ұрымтал ештеңе кезікпей жүргенде қолыма Қобызшы Қорқыт түсті, – депті кітаптың екінші басылымына алғы сөзінде Хасен Қалибекұлы Оралтай. – Оқыдым, тебірендім, көзіме жас келді. Сосын, 1971 жылы Мюнхенде (Германияда) қайта бастырып та-раттым. Біздің «Биук Түркелі» кітапханасының бірінші кітабы осы болды».
Біз де оқыдық. Түсіндік, түйсіндік, күрсіндік. Қорқыт қобызының күңіренісі, зұлматтан шыққан зар келді құлаққа. Тозған түрік бірлігін, ұлт тәуелсіздігін ерте аңсап, сол арманмен арпалысқан азаматтарды Тәуелсіздікке қолымыз жеткен шақта жатсыну жараспас деп білдік. Бірақ, кітаптағы екі алғысөзде де (1943 және 1971 жж.) Қобызшы Қорқыттың кім екені айтылмапты. Автордың дерегін іздедік. Бір тәуірі, сол жылы ақын Сырбай Мәуленов «Қазақ әдебиетіне» «Мәжит Айтбаев кім еді?» деген мақала жазды. Сырағаңа қолқа салып едім, «Сырқаттанып жүрмін. Осыны пайдаланшы» – деді.
Сыр ағаң айтады:
– Осыдан көп жыл бұрын белгілі ақын Жақан Сыздықов екеуміз көшеде жолығып алма-кезек өлең оқыдық. Көп адамды еске алдық.
– Менің шығармамның шыңы «Әли қарттың әңгімесі» еді ғой. Өкінішке орай, ол жарық көрмейтін болды, – деді.
– Неге?
– Жазушылар одағы арқылы Орталық Комитеттің бір қызметкері тығыз шақырды. Бардым. Қабағын қарс жауып, «Сенің жазғаныңның бәрін жаулар пайдаланып жатыр» деп алдыма «Милли әдебиет» деген журналды тастай салды. Ішінде «Әли қарттың әңгімесі» жүр. Зәрем зәр түбіне кетті. Журналдан «Қобызшы Қорқыт», «Адасқан құзғын» деген бүркеншік аттар көзге түсті. Қобызшы Қорқыт – Мәжит Айтбаев екенін бірден білдім. Баяғыда ҚазПИ-де оқыған. Өлеңді жиі жазатын танымал ақын. Оның тұтқынға түскенін, Мюнхенде шығатын журналда істейтінін еміс-еміс естігем. Әлгі азамат: «Жағдайың оңып тұрған жоқ. Шет елде де байланысың болып шықты» деп түйіле қарады…
Айтпақшы,Жақан Сыздықовтың «Азаттық» радиосы екі дауыспен жазып таратқан «Әли қарттың әңгімесінің» инсценировкалық үнтаспасы менде бар.
– Мәжиттің Қызылордадағы өмірін мен жақсы білемін, – дедім. Онда айт деген қабақ танытты.
1938-1939 оқу жылында Мәжит Қызылорда пединститутының студенттер дарлайтын бөлімін басқарды. Мені (Сырағаңды – У.Қ), Оразгүл Нұрмағамбетованы, Әсия Жаналиеваны, бізден кейін Роза Бағланованы сол бөлмеде өзі қабылдады. Қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берді әрі Жазушылар одағының облыстағы өкілдігін атқарды. Орта бойлы, қара торы, қалың қасты, 25-тер шамасында еді…
Мақалада одан әрі бұрын астана болған қаладағы қызу өмір, техникумдар мен мектептер көп болғаны айтылады. Сауда техникумында атақты Абдолла Жұмағалиев сабақ беріп, №6 мектептегі әдебиет үйірмесіне жетекшілік етіпті. Темір жол техникумындағы әдеби үйірмені өлеңді қазақ, орыс тілінде бірдей жазатын Асқар Нұртазин жүргізіпті. Педучилищедегі әдебиетшілерді сол институттың ұстазы ақын Мендияр Киікбаев тәрбиелепті.
– Абдолланы бар қазақ біледі. Мендияр кім? – деп сұрадым Сырағаңнан.
– Өте зерделі, зиялы, әдебиетші, пединститутта біздің ұстазымыз болған, – деді.
Сол Мендияр Киікбаев туралы соңғы жылдары мерзімдік басылымдардан екі мақала оқыдым. Қарт қаламгер, ұлағатты ұстаз өмір бойы тепкіленіп, тергеліп, жан азабынан айыға алмай дүние салыпты. Бір ұл, бір қызы жындыханамен жазаланып көз жұмыпты. Үлкен қызы Нұрхан мен кіші ұлы Болат та көрмегенді көріп, әйтеуір, тірі қалыпты. Қазір Алматыда тұрады екен. Зобалаңның басталуын өжет қыз Розалияның Америкаға кетемін дегенінен көреді екен. Шешелері Мұстафа Шоқайдың қарындасы, әкелері Мәжит Айтбаевтың досы болса, тергелудің бір тегі осында жатпаса нетсін деген ой келді.
Сырағаң айтатын:
– 37-нің ызғары Қызылорданы да шарпыды. «Жастық шағың бір күні көтерер де орамал, таудан аққан бұлақтай сылқ-сылқ күліп жоғалар» деген өлең жолдары үшін «Мағжанның шәкіртісің, Асан Қайғы, Қорқытты көксейсің» деген қудалауға шыдамай, Абдолла Жұмағалиев Алматыға бір-ақ тартты. Мәжит Айтбаевты өзі Жазушылар одағының өкілі болса да Одақтың съезіне сайлатпай тастады. Облыс жазушыларының тақырып жағдайындағы ауытқуының бәріне Мәжит кінәлі болып шықты. Соған қарамай, ол қаламды қарышты сілтеді. «Болат құюшының жыры», «Қарлығаштың қанатындай», «Қытай қызы» деген өлеңдері «Әдебиет майданы» журналында, газеттерде басылды. «Толқын жыры» поэмасын жазды. Лебедев-Кумачтың «Если завтра война», Светловтың «Каховка», «Гренада», Гетенің «Орман патшасын» аударды.
Бұрнағы жылы бұлбұл әнші, халық қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағлановамен әңгімелестім. Бәрі есінде. Сырағаң айтқандарды түгел растады. Ақынның түр-тұлға, мінез, мәдениетін дәл сипаттады. Өзі де әнші еді. «Баянауылға» ырғалып еріп, айтып отыратын. «Сырымбетті» әннің төресі, «Айнамкөзді» дала ариясы, «Зәурешті» трагедия дегенді тұңғыш рет сол кісіден естідім деді.
– Өз тағдырыңызға тікелей әсері болды ма?
– Енді қалай? Оқытса, әннің ырғағын бұзбауға, сөзін анық айтуға үйретсе, ол әсер емес пе екен.
Әнші қабағын шытып, «әттеген-ай, сақтай алмадым ғой. Өз қолымен жазып берген ән мәтіндері болған еді» деп ойланды.
– Мені «бұлбұл қыз» дейтін еді. Ұстаздан гөрі әнші болғанымды құптайтын. Ақыры институтты үшінші курстан қалдырып, өнерге кеттім ғой.
– «Если завтра война» дей бергенімде Роза іліп ала жөнелді.
– Ойбай-ау, әлгі жоғалды деген мәтіннің бірі осы болатын. Оны алғаш рет қазақша, орысша мен айтқам! – Әннің бір шумағын айтқанда ырғаққа қарай даусы да, өңі де құбылып- құбылып кетті.
Сырағаң:
– 1939 жылы Мәжит армияға алынды. Мендияр Киікбаев екеуміз шығарып салуға үйіне бардық. Үшеуміз перзентханада босанып жатқан Мәжиттің зайыбына соқтық. Әйел бізге терезеден тырбаңдаған қызылшақа нәрестені көрсетті.
– Бұл да азамат болып, ат жалын тартып мінер ме екен, – деп ақын біраз ойланып тұрды.
– Бір кезде: «Аттанған жері жігіттің, іші еді қалың шіліктің» деп өзіңіз айтқандай, бұл да қалың шіліктің арасына армияға өзіңіз сияқты аттанар ,- деп күлді Мендияр.
Кешке қарай қызыл эшелон Мәжитті Қызылорданың құшағынан алып, батысқа қарай жол тартты.
1998 жылғы 27 ақпан. М.Әуезов мұражайында М.Шоқаев қоры ұйымдастырған «Түркістан ле-гионының шындығы» деген жиналыс болды. Қобызшы Қорқыт жайын мен баяндадым. Легион туралы Амантай Кәкен айтты. Жиналысқа Мәжит Айтбаевтың немере інісі, белгілі суретші Салахидин Айтбаевтың қарындасы қатысты. Ақын әулетінің мән-жайын білдік. Бабалары Шо-йынбайдан Айтбай, одан Мәжит пен Әбдісадық туыпты. Салахидин, Күлайым Әбдісадықтың балалары екен. Мәжиттен Пахридин (баяғы тар-баңдаған сәби) жалғыз. Мәжиттің әйелі Елена Лукич, венгр қызы, мұсылман болып, Мария деген ат алған. 1997 жылы қайтыс болыпты. Пахридин Чапай деп аталып кеткен. Өмірі бір зауытта қарапайым жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Бала-шағалары бар, Қызылорда қаласында тұрады. Мәжит «Бесік жыры» деген өлеңді осы ұлға арнап жазды десті.
Кітапта «Бесік жыры» (Пашаға) деген өлең бар. Пашасы Пахридин дегенге келеді. Сырағаң: «ақын сол кеткенінен қайтпады» деген-тін. Өлеңде: «Күлгеніңді көрсем де, жүргеніңді көрмедім» дейтін жолдар бар. 1940 жылы жазған «Орамал» деген жырында: «Сүртерсің сонда жасыңды, бердім саған орамал. Орамалым – мәңгіге сүйгендікке жорамал», – деп, жарым берген орамал да көз жасымнан шіріді, – дейді.
«Сенен қалған қолымда, үш айлық сәби ұлым бар. Мен сүйермін ұлымды, сенің онда кімің бар?» дегенін айтып егіледі. Бұған қарағанда Мәжит әскерге тарбаңдаған сәбимен терезеден қоштасқан күні емес, ұлы үш айға толған – 1939 жылдың күзінде аттанған. Оны өзі қызмет атқарған әскери бөлімнің «Бөлімше командирі М.Айтбаевтың өзі және отбасы (20.10.1939-20.10.1941 жж.) тиісті жеңілдіктерді пайдалана алады» деген анықтама да дәлелдейді (М.Айтбаев архивінен.)
Мәжиттің әскерде жүріп жазған «Туладан аттандым», «Қарағай», «Винтовка» деген өлеңдерін де Сырағаң оқыпты. «Винтовка»- мылтықтың бар тетігіне қазақша балама тапқан өлең. Соғыстан соң ақыннан көз жазып қалдық», дейді.
Қай жылы екен, Ғабеңнің (Ғабит Мүсіреповтың) алдынан шағын ғана екі жыр жинағын көреді де Сырағаң оның кімдікі екенін сұрайды. «Тұтқындағы Мәжит Айтбаевтың кітабы. Сөзді ойната алатын ақын екен», дейді. Ол ақынды танитынын айтып, бір күнге бере тұруын өтінеді.
– Хатшы Имашевтан екі күнге өзім әрең сұрап алдым. Оған профессор Сайым Балмұханов әкеліп беріпті. Сен қолқалама, – дейді.
Хамза Абдуллин Мәжит үш кітап шығарды деуші еді. Екеуі жаңағы Ғабең оқыған «Абылай хан» мен «Толқын жыры» болар. Үшінші кітаптан дерек жоқ. Оны Хасен Оралтайдан да, 1995 жылғы Абайдың 150 жылдық тойына келген Баймырза Хайттан да сұрадым. Білмеді. Болса, компьютердегі тізбелерден іздеп көрмек болды. Сұрапыл жылдардың бар архивін сақтаған сол адам.

***
Сауытбек әкелген кітап қолға тиген соң Сырбай Мәуленовтің сол мақаласын алғы сөз етіп, ішінде екі дастан, бес баллада, үш ән, жеті аударма бар, Мәжиттің 54 өлеңін еларалық «Шалқар» газетіне түгел жарияладым.
Өзі бар қазаққа дәнекер газетке тіл қатушылар тіпті көбейіп кетті. Хамзаға сөз берілді. «Атылып кеткен Абдуллин, қайдан шыға келдің? Тұтқындардың Сайранын (бүркеншік аты) советтер де сайратып қойғанба? Шын Хамза болсаң хат жазшы»- депті Нью-Йоркте тұратын Зайда Әли деген ханым. Мәжиттің жатқа білетін екі өлеңін жіберіпті, өзі «Милли әдебиетте» машинистка болған.
«Мен тірімін» деп Хамза да үн қатты. Бірі ондағы, бірі мұндағы тағдырларды айтысты. Ел ішінен жазылған күмілжу хаттардың астарынан да тауқыметті тағдырлар аңғарылып тұрар еді.
1994 жылы Еуропаға тағы бардым. «Азаттық» радиосы қазақша хабарлар бөлімінің сол тұстағы бастығы Хасен Оралтайда аса бай архив бар екен. М.Шоқайдың « Жас Түркістанынан» бастап, легион басылымдарының бәрін көрдім.
– Бұл жабық жатқан тақырып. Сірә, жуырда ашыла қоймас. Қызығып жүрген ешкім жоқ. Бәрін көтеруге жалғыз менің әлім жетпейді,- деген өкініш айтты Хасен мырза. Сол басылымдардың әрқайсысынан бірнеше санның көшірмесін алдым. Осылардан ғана Мәжиттің 22 өлеңі табылды. «Милли әдебиеттің» 1944 жылғы бір санының ауданы Мәжиттің 30 жасқа толғанына арналыпты. Түркі тектес ақын- әріптестерінің бірталайы өлең жазған. Тағдырлас, армандастар Мәжитті шыдамға шақырады, үмітіңді үзбе, қобызыңды Түркістан тойында аңыратасың, азаттық туын Алтайыңа өлеңмен көтересің,- дейді.
«Теңіздей шайқалып толқын ұрады.
Қорқыттың көкірегінде ізгі 
жүрегі.
Ойменен Алтайда зор тахт 
құрады,
Ел демек, ерік демек жалғыз 
тілегі»
Өзбек ақыны М.Раушан тағдырлас досының жанын осылай сипаттаса, Атабек Абдуллаев (Хушнуд):
Ал, көтер, іш шарапты халық 
үшін!
Көп жаса, 30 емес 100-ге дейін.
Тарт тағы қобызыңды көрсет 
күшін,
Халқыңнан арылғанша қайғы мен мұң,– деп дем береді.
«Күз». Ызғар үдеп барады. Тон (көңіл) жыртық. Одан әрі қыс бар», -деген Мәжиттің өлеңіндегі күйзелісті «жыртық та болсын тоның бар» деп, жуып-шайып, ақын Бекзада: Ызылдап боран, қар жауып,
Өтті ғой күздің жарымы.
Қорқытым, шыда бір күні
Тәңірдің түсер жарығы,-деп төзімге шақырады.
«Күрес пен қиын кезеңнен өттік. Енді Ақ Еділдей өзеннен өтейік. Ар жағында Алатау, Алтай, Көкшетау тұр» – дейді Сайран (Хамза Абдуллин).
«Жүр, кетейік Түркістанға, 
алысқа, 
Ессіз қауым тиіп болды намысқа!»-деп, ақынның жанын жани түседі.
Осы мұңды мүшеліне өзі арнаған өлеңінде: «бар өмірім от ішінде өтті. 30 жылда ашылмаған қайнарым қашан ашылады», – деп, шер-мұңын шығарып-шығарып алады да:
«Тұрмыстың жеңілі мен 
ауырында,
Ұлы едім еркін өскен ауылымда.
Тілегім – енді еркіндік заманында
Жырлайын алтын Алтай бауырында», – деп, өзін-өзі жұбатады. Көз алдыңа қан-жоса болған сүлделерін сүйретіп, біріне-бірі сүйеніп, бірін-бірі сүйреп келе жатқан тұтқын солдаттардың сұмдық суреті дәл келеді.
«Шерменде ақын, шексіз мұң» деген айдар тағып, Мәжиттің әлгі өлеңдерін де, «Торға түскен тотылар» деген тақырыппен әріптестерінің арнауын да жарияладық.
«Тордағы тотылар» демекші, от кешіп жүріп жыр төккен жалғыз Мәжит емес екен. Қолдағы аз ғана сандардан бүркеншік атпен жыр жазған 20 шақты есім кезікті. Сағым, Сабыр, Сырбаласы, Сайран, Бати, Бекзада, Зарлық, Айдын, Манас, Ғайып… Бірталайының дерегін білдік. Өлеңдері отты, «Ұлы адамның арманы» (Сырым батыр туралы) деген пьеса жазған Қ.Қази – Қази Қазбеков еліне келген соң да жаза тартқан қостанайлық азамат. М.Дара – Мәжит Аяпбеков түңіле-түңіле Түркияға шығып кетіпті. Асан қайғы – Мәулікеш Қайболдин Германияда қалады. 1950-60 жылдары «Азаттық» радиосын құрысады. Дәулет Тағыберді, Жәкей Бапыш та сондай.
Сайран – кәдімгі Хамза Абдуллин. Соғыстың соңғы кезеңінде легионерлер арасындағы фашизмге қарсы жасырын ұйымның мүшесі деген күдікпен аңду түскенін аңғарып, Берлиннен қашқан он бірдің біреуі. Словакияда СС қолына түскен. Жасырын ұйымның жетекшісі Арзыхан Жұмабаев бастаған алтауы қашып құтылып кеткен де Мұрсалиев, Қалдыбаев, Бейісов төртеуі ұсталып қалады. Бұларды Берлинге қайта әкеліп, атуға бұйырып, өлім камерасына қамап тастайды. Үкім орындалар тұста түрмеге бомба түседі де күзетшілер қашып кетеді. Ғайыптан аман қалған төртеуі Кеңес армиясына қосылып, бір жылдай жауынгерлік міндет өтейді. Мен әкелген тігінділерден сол Сайранның – Хамза Абдулиннің де он екі өлеңі табылды. Соларды ақтау комиссиясының ең жоғарғысына апарып, «осыдан жаудың бір сөзін тапсаң атып таста» деп жүріп, өмірінің ақырғы жылы ақталып барып көз жұмды.
– Абылай ханның суретін Мәжиттің сипаттауы бойынша Манас-Мінәсіп Нұғманов салды. Шоқанның портретін алдарына қойып ақылдасып отыратындары есімде, – дейтін Хамза Абдуллин. 1994 жылы Мюнхенде Жәкей Бапыштан (1973-1978 жылдары «Азаттық» радиосының қазақша хабарлар бөлімін басқарған) сұрадым. «Манас жақсы суретші еді. Мәжиттің ондай өнерін білмеймін. Сірә, осы сөздің жаны бар шығар» – деді. Дегенмен, Мәжиттің соғыстан бұрынғы өлеңдерінде сызық-сұлбалар (штрих) кезігеді («Даладағы мола»). Мәжиттің немере інісі Салахидин Айтбаев айтулы суретші еді ғой. Сонда, сурет те бұлардың әулеттік өнері ме дейсің. Бірақ, Абылай әуесқойдың емес, дәулескердің қолынан туған бірегей бейне!
Манас – Мінасып Нұғманов. Зайсандық. Жас педагог. Суретші, сазгер. Ақын, әнші. Үйленгеніне ай толмай әскерге алынып, жаттығудан өткен жас сардар. Соғыстың алғашқы алқын-жұлқынында тұтас шебімен тұтқынға түскен. Өзектегі өртті өлеңмен өшіріп, лагерьдегі лағнет тіршілікті суретпен сұлбалап жүргенде тұтқындағы француздармен бірге қашып, партизандар аймағына өтіп кеткен. Қашқындардың телім- телім топтарынан жауынгер жасақ құрап, бірталай елдімекендер мен қалаларды азат етуге қатысқан. Тулуз қаласын азат етудің айбынды шеруінде жеңіс туын көтеріп өткен. Тар жол, тайғақ кешулерде тағдырлары тоғысып, Алис деген француз қызына үйленген. Соғыс біте сала елге қайтып, туған ауылына табаны тиген күні қайта тұтқындалып, орыс орманына азапқа айдалып кеткен.
Француз кәсіподағының шақыруымен сол елге барған қазақтарды (1990 ж.) баяғыда Манас жеңіс туын көтерген Тулуз қаласындағы құрбандар қорымына қаралы діңгек (обелиск) орнату шарасына қатыстырыпты.
– Сіз, сірә, менің әкемнің жерлесі боларсыз,- деп жанаса кетіпті бір француз әйел, қазақ қабірлеріндегі жазуларды оқып тұрған Бақыт Садықованың білегіндегі «Невада – Семей» белгісіне төне қарап.Шүйіркелесе кетісіпті. Аты-жөні Моник Легр – Светлана Нұғманова.Баяғыда Манас елге қайтқанда іште қалған. Өмір бойы әке дерегін іздеп жүрген мұңлық екен. Кеңес Одағының тиісті орындарына да хатпен шыққан екен, олар «Жапония майданынан қайтпады» деп, жалған жауап қайтарыпты.
– 1991 жылы Қазақстан кәсіподағының қарымта шақыруымен келген француздардың арасында Дениз Фукор деген саркідірлеу, тым ширақ, келбетті бір әйел болды, – деп жазады «Доживем до понедельника» газетіне Огулбиби Аманниязова деген автор. – Алғашқы отырыста-ақ сөз ұсынылды. Мейманымыздың жүзіне мұң ілініп, сәл бөгелді де, бір ән бастады. Қазақ әні. «Қараторғай».Ашық дауыс, анық сөз. Сызылтып, үзілтіп бара жатыр. Тосын құбылысқа таң қалдық.
– Қазақстанды, қазақты Еуропа енді ғана ести бастады,- деді, ән тынғанда. – Ал, біздің тағдыр қазақпен сонау соғыс сұрапылында тоғысқан. Мен, жандары жорық жолдарында жарасып, сіздердің Манас деген батырларыңызбен Еуропа орманында отасқан француз қызы Алистің сіңлісімін. Мынау сол жездемнің Әлпі аспанында әліге дейін шырылдап ұшып жүрген Қараторғайы. Әуенінде ауытқу болса кешірерсіздер. Мен мұнда сол жездемнің мән-жайын білейін, бар болса «Француздардың фашизмге қарсылық» күресіне қатысқан қазақтармен жолығып, деректі фильм жасайын, жоқ болса, Қараторғайдың қанатын жайып, рухтарына тағзым етіп қайтайын деп келдім. Жерлеріңіз әндей әсем, жүздеріңіз менің жездемдей жарқын екен. Бастарыңызға оралған бақыттарыңыз баянды болсын!- деді.Бәрімізді бір жабырқатып алып, жадыратып жіберді, – деп жазыпты журналист.
Дениз Фукор ертеңінде теледидарға шығып, Манас – Мінәсіпті білетіндер, француз партизандары күресіне қатысқандар болса, тілдесулерін өтініпті. Оған он екі қазақ үн қатыпты…
Асай-мүсейлерін асынып, операторын ертіп, 1994 жылы Моник Легр – Светлана Нұғыманова келді. Әкесі туған топыраққа барып тәу етті. Ол кісінің соғысқа аттанар алдында үйленген әйелінен туған Ғазиза апасымен құшақтасып қауышты. Мінәсіптің тіршілігі тұйықталған Курганға барып, орыс әйелі Валентинамен танысып, екі інісімен туыстасып қайтты. Ана жылы тіл қатқан тұтқын-қаһармандардың кейбіреулерімен кездесіп, таспаға түсірді. Осы жансебіл жандарды саяси ақтау туралы тиісті орындарға тілек енгізді. Кезінде тұтқындар лагерінде, партизандар құрамасында дәрігер болған, бүгінде Шымкент облыстық емханасының бас дәрігері Ахмет Бектаевті Францияға апарып, жорықтар жолымен жүргізіп, қаруластарымен қауыштырып, шерлі шежірелер шерткізді. Осының бәрі аса зор оқиғалы, толық метражды, деректі фильм болып шықты. Тек оны қазақ көрмеді. Әрі сұрапыл соғыстың азапкері, әрі Еуропаның азаткері болған жандарды өз елінде тартқан жазадан ақтау тілегіне ешкім жауап бермеді. Ең сорақысы – Мәжит Айтбаев пен Мінәсіптің бұғауда булығып жүріп салған Абылай хан суретін, 1944 жылы Мәжит кітабында жарияланған, Қазақстанға содан бері мағлұм суретті «мен салдым» деп жарапазандап жүрген жалған суретшілер де пайда болды…

***
Б.Ғайып – Бейісов Ғайпен. Атыраулық. Жоғары білімді инженер. 1939 жылы әскерге алынған. Ауыр жараланып, тұтқынға түскен. Легионға 1943 жылы қосылып, ТҰК бас штабында істеген. Басқалардан гөрі өрісі кең, жүрісі еркін, әскери фототілші. «Жауынгердің күнделіктері» деген аса оқиғалы жазбаларын әуелі «Милли әдебиет» журналында жариялап, кейін кітап етіп шығаруға Мәжит Айтбаев көмектесіпті. «Жасы әлі отызға толмаса да жасамыс адамдай еді. Біз оны қобызсыз Қорқытқа, асатаяқсыз Асанға, ақ шалмасыз Абызға теңейтін едік. Отты, ойшыл, сыршыл, мұңшыл ақын, аса сабырлы, өте сақ, бәріміздің саяси сақшымыз еді» дейді.
– Тұтқын. Аяусыз азап. Ашу-ыза. Уытты өлең… Бірақ, мұның үшін сенің маңдайыңнан неміс сипамайды. Ал, сен аса керек адамсың. Сезіміңе ие бол, – депті Ғайпеннің өткір бір өлеңі туралы.
– «Аса керексің» дегенінің мәнісі қалай?
– Мен фототілшімін. ТҰК-нің тапсырмасымен сол төңіректегі басқа да легиондар мен лагерьлерге барып жүруге еркім бар. Олар мендегі осы мүмкіндікті пайдаланады екен.
– Демек, легионерлердің құпия ұйымына сіздің де қатысыңыз болды ғой?
– Жоқ, арыз жазып, ант беріп кіргенім жоқ. Ондай ұйымның барын білген де емеспін. Менің білетінім Сайран ғана. Қайда барсам да әйтеуір бір елеусіз жұмыс тапсырады.
Бірде Ғайпен Словакиядағы Солтүстік Кавказ легионына барарда Сайранға соғады. Дәлізде Арзыхан Жұмабаев деген қырғыз кезіге кетеді де «Әзиев деген полковникке бір аурушаң туысымды тапсырып едім. Жолықсаңыз соны сұрай салыңызшы. Тек, біреулер естіп қоймасын» деп өтінеді. «Өзі бір аурудан айықпайтын жан екен. Дегенмен жуықта таудағы госпитальға жіберетін болдық» деген жауап әкеледі Әзиевтен. Содан көп ұзамай әлгі Әзиев легиондардан жабдықталған полкты Словакия партизандарына алып кеткенін естиді. Бұл және Мұса Жәлилдің әшкереленген тұсы екен.
– Жасырын ұйым жұмыс істейтінін осыдан аңғарып, оның егжей-тегжейін кейін білдім, – деді.
– Мұса Жәлилді де білетін бе едіңіз?
– Берлиндегі бір ғимараттың екінші қабатында Түркістан легион-дарының басылымдары болды да үшінші қабатында «Еділ-Орал» легионы орналасты. «Ақ Еділ» деген журналдары болды. Жай оғындай өлеңдері өз алдына, мен оның өзі әшкереленгенде Мәжитті әшкерелемегенін жоғары бағалаймын…
– «Антифашист» атты он-дай ұйымның 1942 жылдан жұ-мыс істегенін, оның Түркістан легионындағысын Мәжит Айтбаев, Еділ – Оралдағысын Мұса Жәлил басқарғанын, оған қатысы болғандар өзіне тапсырма беретін және өзі тапсырма берген адамнан басқаны білмеуге тиіс екенін Сайран – Хамза Абдуллин де айтатын еді. Ал, Арзыхан Жұмабаев бұрын Қырғызстан КГБ- сында басшы болған адам екен. Оның арнайы жіберілгенін немесе тұтқын екенін екеуі де білмейді.
…1945 жыл. 12 ақпан. Түн ортасы. Ғайпенді жұлқып оятып, тез жиналуға асықтырады Сайран. «Бұл бұйрық. Бір минут аялдауға болмайды» дейді. Содан, ТҰК-нің танымал он бір адамы поезға отырып, партизандар аймағына – Чехияға жүріп кетеді. Словакияда СС-тің қолына түседі. Әккі барлаушы Арзыхан бастаған алтауы сытылып кетеді де төртеуі ұсталып қалады. Атуға бұйырылады…
– Өлең шіркін әр кездің тынысына қарай туа береді ғой. Ал, Мәжит бір ғана мақсатқа, ұлттың өшіп кеткен үмітін оятуға ғана қызмет еткен ақын, – деді Ғайпен. Қобызшы Қорқыттың 1944 жылы Берлинде басылған «Абылай хан» кітабын аударыстырып отырып. – Бұл бүкіл түркі әлемін (тұтқындарын) оятқан дабыл ғана емес, қол басында қасқайып тұрған Абылайдың өзіндей болған кітап еді..
Сөз хан суретіне ойысты.
– Кім салғанын дәл айта ал-маймын. Манастың іздері легионнан гөрі француздар арасында көп қалған…
Суретті қолына алды. Таңыр-қады, басын шайқады.
– Неткен айбарлы әлпет. Қандай қаһарлы қабақ, өткір көз. Не деген сұсты сыйпат… Сірә, мұнда екеуінің де қолтаңбасы бар болар. Ұлы тұлғаны ақын әуелі өлеңмен сомдаған да, суретші оны бояумен бейнелеген. Мен мұны өлең мен өнердің ортақ туындысы дер едім…
Ғайпеннің терең толғанысы мені қатты толқытты.
Бейісов Ғайпен елге келген соң қайта ұсталып, орыстың азап аймағына айдалыпты. Он жылдық тауқыметті Тайгада өткізіпті. Одан соңғы өмірі Оралдағы бір зауытта өтіпті. Легион басылымдарының мендегі көшірмелерінде тұтқында жазған туындылары бар екенін Хамза Абдуллиннен естіпті. Бастан кешкен тағдырын едәуір баяндап, әрі жазбаларын сұрап хат жазған еді. 1997 жылы іздеп келді.
– Реті келсе кітап етіп шыға-рармын. Әйтпесе, Абдуллин сияқты ақталуыма септігі тиер,- деп, «Жауынгердің күнделігі» повесі мен «Ана жүрегі» атты хикаятының фото көшірмесін алып кетті. Кейін естідім, осы дүниелерін дәлел етіп ұсына жүріп, ақталғанын әл үстінде жатып естіп, 2005 жылы дүние салыпты. «Өмір от ішінде» деген кітап жазған екен. Оны көре алмадым.

***

Мәжит Айтбаевтың архивінде Хакім Тыныбековтың 1939 жылы жазған хаты жатыр. Алматыдан әр жаққа тарағандарына әлі жыл тола қоймаса да сырластық пен қимастықтың лебі сезіледі. Өлең әлеміне бір кезде қатар келген Қасым Аманжолов, Қалижан Бекқожин, Қапан Сатыбалдиндердің қалам тартыстарын, қадам алыстарын айтады. Астанадан алыстап кетіп, өлеңіңді ақсатып алма дегенді аңдатады. Сол Хакімнің де тағдыры тайғанақтап барып, тұтқында тоқайласыпты. Түркістан ұлттық комитетінде насихат жұмыстарын басқарып, «Милли Түркістан» журналына редактор болған. «ТҰК басылымдарының мақсаты айқын болды ,- деп жазыпты сол комитеттің вице-президенті Баймырза Хаит. – «Біздің жол – Аталар жолы. Біздің мақсат- ел тәуелсіздігі» деген бас мақаламен шыққан «Милли Түркістан» осы ұранды соңына дейін көтеріп өтті».

Мұстафа Шоқай тағдырына байланысты қауесет бар, Уәли Каюмханның дара билігі күшейіп, басқа ұлттарды қиынға салып, қырғынға айдайтыны бар, ТҰК-де алакөздік көріне бастайды. Қарыс Қанатбай, Мәулікеш Қайболдин, Дәулет Тағыберділермен тізе қосып, ТҰК-нен «Орта Азия – Қазақстан» құрылымын бөліп шығарады. Оның Президенті Қарыс Қанатбай, бас хатшысы Ғазиз Әбішев болады. М.Айтбаев, М.Тыныбеков, Б.Бұрхановтар басылымдарды басқарады. Кейінірек бірыңғай қазақ, қырғыздардан «Алаш» отряды жасақталады. Сол ұйымның тілі ретінде «Түрік бірлігі» газеті ашылып, оның редакторы да Х.Тыныбеков болады.

Үлкен Түркістанның босап бара жатқан буынын тағы бір бекітіп қою үшін 1944 жылы мамыр айында Австрияның астанасы Венада «Түркістан конгресі» шақырылады. Оған 400 делегат қатысады. Осы конгресте Хакім Тыныбеков «Тіл бірлігі – ұлт бірлігі» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасайды. «Соцреализмнің сұмдығы – орыстан басқа ұлтты құрту. Ол үшін ең әуелі тілді құртуы керек. Оның алғышарты – ұлт иелерін, тілдің туын ұстайтын тұлғаларды құрту. Қазақ халқының рухани ұстаздары, ұлт әліппесінің атасы Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбановтардың көзін Сталин осы мақсатта жойды» дейді. «Әр ұлт әуелі өз тілін сақтауы керек.Сонда ғана түркі ұлттарының бірлігі сақталады» дейді.
Осы конгресте, Венаның опе-ра және балет театрында Қази Қазыбековтың «Ұлы адамның арманы» атты Сырым Датұлының азаттық күресіне арналған екі актылы пьесасы қойылады. Сырым ролін белгілі әнші Мұхаметқали Батыргереев ойнайды. Сахнаға Мәжит Жақсылықов (бәлкім ақын Мәжит Аяпбеков) қояды. Музыкасын сол тұста Түркістан легионерлерінің көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік ететін, кейін қазақтың Паганиниі атанған ұлы скрипкашы Айткеш Толғанбаев жазады. Осы пьесадағы «Соқыр абыздың күңіренісі», «Зеренің за-ры», «Батырдың қаһары» сияқты монологтарды ағам Мақсұттан естігенім бар еді. Кейін «Милли әдебиеттен» пьесаның басылымға ықшамдалған нұсқасын таптым.Ақын Хамза Абдуллиннің айтуынша оның авторы Қази Қазыбеков (бүркеншік аты – Қ. Қази) Қостанай облысының азаматы. Соғыстан бұрын да әскери қызмет атқарған, Халқынгол, Фин соғыстарына қатысқан Кеңес ар-миясының майоры. Түркістан Ұлттық Комитетінде, Чехословакиядағы легионерлер арасында болған. Елде көресісін көріп болған соң облыстағы бір елеусіз мекемеде (суретшілер үйінде) жабдықтау, күзет қызметтерін атқарған. Ал, Сырымды Еуропа сахнасына шығарған Мәжит Дара -Мәжит Аяпбек өлеңі елге соғыстан бұрын жеткен қарқаралылық ақын. Соғыстан соңғы бар ғұмыры Түркияда құпия қызмет атқарумен өтіпті. Жазғандарын Хасен Оралтай жиып- теріп кітап етіп, елге жеткізді.
Тұтқында жүріп-ақ елінің тәуелсіздігін тілеп, ұлтының тілін ұлықтап, «Алаш» туын көтерген осы оқиғалар айналасынан Хакім мен Мәжиттің іздері бірге көрінеді.
Хакімді 1947 жылы Алматының әскери трибуналы атуға бұйырып, оны өмірлік түрме жазасына ауыстырған. Өмірінің соңы Алматының іргесіндегі бір елді мекендегі мектепте неміс тілінен сабақ беріп, күзет жасаған күйкі тірлікпен аяқталған… Мәжиттің тағдыры Дрезденмен бірге бітті деседі. Ол 1945 жылдың 13-14 ақпаны. Сол түні ағылшынның төрт моторлы 773 ұшағы бір жарым сағатта 576 500 бомба төккен. Таңертең көшеде тәлтіректеген адамдарды көзі шалған АҚШ-тың 516 ұшағы 2000 бомбаны тағыда тастаған. Сөйтіп, 15 шаршы шақырым аумағы, 76000 пәтері, 50 шақты тарихи ескерткіштері бар, ең бейбіт, ең әдемі қаланы тып-типыл еткен (Қ.Исабаев, «Қала өлді». «Қазақ әдебиеті». 20.05.2005ж). Хиросиманың алдындағы осы жантүршігер жарылыс Мәжиттің де жас жанын қиып кеткен…

***
Татар Мұса Жәлилдің «Моабит дәптері» сияқты «Абылай» да тордағы тотының үні, төккен зары, шеккен азабы. Бір жылда бір кітапқа сыймайтын өлең жазған ақынның күңіренбеген күні де, түні де жоқ екен. «Милли әдебиет» альманағының бір жылдығына арнаған үлкен мақаласында ТҰК вице-президенті Сәттар Алманбетов (Бет Алман) «Қорқыттың көп өлеңдері әлі көрінген жоқ. Мәселен, «Солға – солға!» деген өлеңі күрескерді ширақ қимылға, сергек ақылға шақырады. Осыны – « Асқақ ұран – футуризм» деп, жинағына қоспады. Таң нұрына табынған, сұлулыққа сұқтанған табиғат лирикалары да бар еді» – дейді.
Қорқыттың тұтқында жүріп жазғандарын түгендеу үшін ле-гион басылымдарының 1945 жылға дейінгі бар санын қарап шығу керек еді. Оған мүмкіндік болмады. Абайдың өлең өрнектерін, ой тереңдігін, Махамбет, Мағжан мәнерлерін талдаған, жас әде-биетшілерге ақыл айтқан мақа-лаларын жинаққа қоспадық.
Тегінде, екінші жаһан соғысының жаңғырықтарын тарихтан өшіре алмасақ, нағыз тозақ ішінде туған шерлі шежірелерді де мансұқ ете алмасақ керек. Ол бір Қорқыт емес, керзаманның кер толғауларын түгел көтерсе ғана ұлт қазынасына қосылатын қомақты мұра. Тек, әлі иесіз, зерттеусіз, жоқтаусыз жатыр. Мұстафа Шоқайды, ТҰК мен тұтқындар тағдырын зер-делеп жүрген Бақыт Садықова мен Амантай Кәкеннің үндері де баяғы сужүрек саналарға әлі жете қойған жоқ. Мәжит мәселесінде майырылып қалған сәттерде осы азаматтардың жазбалары мені жебеп отырды.
***
Мәжит Айтбаевтың соғыстан ілгергі жазбаларын таяуда ғана тауып, таныстым. Ақынның өз қолымен жазған өмірбаянында айтқанындай – «Әкеден екі-ақ жасында қалған інісін» аялап, қамқор болған ағасы Әбдісадық Айтбаев бауырының бар жазбаларын ешқайда таратпай, ешкімге талатпай түгел сақтапты. Ол кісі көз жұмғанда суретші ұлы Салахиддинге өтіпті, одан қызы Күләйім Айтбаеваның қолында қалыпты.
Өлеңдер үш жинаққа бөлініп, іріктеліпті. Бірінші – «Толқын жыры» – бес поэма, он екі баллада, отыз жеті өлең, жеті мысал, он шақты аударма. Екінші – «Алтай тұтқыны» – үш поэма, он тоғыз баллада – романс, жиырма үш өлең, аудармалар, этюдтер. Үшінші – «Қолқанаттар» атты, екі бөлімді, балаларға арналған жинақ. Дені латынша, біразы араб әліпбиімен жазылған. Бумаларды бұрын зерттеген ешкім болмаған. Архив тым тозыңқы. Жоғалған, жыртылған, бүлінген беттер, бас-аяғы жоқ газет қиындылары көп.
– Әкем кезінде өлеңге Мәжит ағамен бір мезгілде келген танымал (жерлес) ақындармен ақылдасқан,- дейді Күләйім. – Олар ат-тондарын ала қашқан. Үлкен бір ақын қол-жазбаларды өзіне беруін, соңынан сөз қозғамауларын сұраған. Содан, «күні туғанша ешкімге бермеңдер» деп, бізге тапсырған. Ал, біз арабшаны да, латыншаны да оқи алмадық…

***
«Достарым, мен сендер үшін 
көтердім,
Бұл арақты, көз жасындай 
көрінген.
Мас болармын, бұл өмірден 
өтермін,
Бірақ, жырым өлмес, өшпес 
көңілден!..»

Ақынның айтқаны келді. Өлеңі өлген жоқ. Қазақ жерінде ол аңсаған тәуелсіздік орнықты. Ұлттық ен-таңбаларымызды түгендеп алдық. Тарихымыздағы ақтаңдақтарды тазартып келе жатырмыз. Тек, осы тұтқындар мәселесін тасадан шығара алмай келе жатқанымыз ұлтымызға тым жарасып тұрған жоқ. Ұрандап жүріп рухын өзіміз оятып алған Мұстафа Шоқайдың идеясы «Үлкен Түркістанның» күйреуін (С.Шәкібай) білсе де, бүгінгі буын оның күңіренісін біле бермейді. Сөз етіп отырған соғыс тұтқындары сол арман үшін арпалысқан. Мәліметтерге бақсақ, 1942-1945 жылдары түркі тектес төрт жүз мыңдай тұтқын «Түркістан легионына» топтасып, жан сақтапты. Франциядағы «Алаш» отрядында отыз мыңдай қазақ болды деседі. Солардың бәрі қаруларын лақтырып тастап, жауға қашып кірді деп кім айтады? Отқа да Отаны үшін түсті. Елге келгендері тамұққа екінші рет күйді. Қайта алмағандар өмір бойы өксіп өлді. Олардан қалған тұяқтар тектерін таба алмай тентіреп жүр. Өркениетті ел сырттағы ұлдың ұрпақтарын қойып, жатқа тиген қыздардан туған жиендерге дейін жіпке тізіп отырады. Ал, біздің бейбақтар жандарының жараларын үш ұрпаққа дейін жаза алмай, ақталуға септігі тиетін себептерді баяғыда жазған өлеңдерінен әлі іздеп жүр.
Тарихтағы соғыс жалғыз бұл емес, әлемде әлек-шәлектің талайы болған. Сол атамзаманның өзінде соғыс тұтқындарына адамгершілікпен қараған. Әуелі Гаага (1899-1907 ж.ж.), одан соң Женева (1927 ж.) конференцияларында қабылданған халықаралық қарарлар бар. Біз, сірә, Сталиннің «Бізде тұтқын жоқ, сатқын бар» деген қатігез сөзінен әліге дейін қаймығатын сияқтымыз. Егер, тұтқынның бәрі халық жауы саналатын болса, сол немістің өзінде тұтқын болған де Голльді француздар, Черчилльді ағылшындар, орыс тұтқыны Титоны югославтар неге атып тастамаған? Айтар болсақ, Абылайдың өзі Қалден Цереннің қақпанынан шығып келген соң хан болып еді ғой?!

 

Эпилог

Көп күннен күйік тартып, болған арман,
Бітірдім дастанымды көңілге алған.
Достарым, оқыңдар да, еске алыңдар,
Құрбыңды қасірет шегіп,күйіп-жанған.
Жад етсе егерде кім Абылайды,

Ел үшін алтын таң менжарық айды. 
Сарыарқа алыбының аруағы
Қалайша жеткіншегін танымайды!!!

Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ, 
жазушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

Қыдырханұлы У. Шерменде ақын, шексіз мұң. /AQIQAT.-№1.-Қаңтар.-2019.-56-71 беттер.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий