Шебер аудармашы

5 февраля 2019 - Кабиева Р.

  Грузин халқының ұлы ақыны және терең ойшылы Шота Руставели XII ғасырдың екінші жартысында дүниеге келді де XIII ғасырдың бірінші жартысының аяқ шеніне дейін өмір сүрді. Шотаның 800 жылдық тойының қарсаңында грузин ғалымдары ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеу саласында көптеген ғылыми жұмыстар жүргізді.

Оның "Жолбарыс тонды жаһангез" дастанында кілең мұсылман мемлекеттері жыр етіледі. Асылы, ұлы ақын қай-қайдағы шалғай жатқан елдерді суреттей отырып, өзінің туған Грузиясын тебірене, күңірене жыр еткен. Екіншіден, Тамараға Шотаның, іштей ғашық екенін, "Жаһангездің" дүниеге келуіне де осы жағдайдың басты себеп болғандығын естен шығаруға болмайды.

"Жолбарыс тонды жаһангезді" қазақ тіліне аудару мәселесімен шұғылданып жүрген ақындардың саны өте көп болды. Бірақ солардың ішінде ұлы шығарманы игере алған бір де бірі болмады. Поэзиялық және ғылыми тұрғыдан көз салсақ, тек X. Абдуллин аудармасының солардың бәрінен де жоғары, дара тұрғанын байқаймыз.

Дастанның арғы тегі грузиннің сегіз буынды халық жыры болғанымен, бұл сол кездегі әлем әдебиетіне келген кесек жаңалық "Жаһангез" - көп жылғы ой-толғаныстарының жемісі. Бұған ақын, сөзсіз, үлкен дайындықпен келген, шығарманың қазақшасын оқып отырғанда, оқырман өзін жаңа бір жыр дүниеге тап болғандай сезінеді. Мұның құпиясы аударма авторының тек Руставелиге ғана тән поэтикалық әдісті түгелдей түсініп, түгелдей сақтай алуында жатыр. Хамза Шотадан үйренген ақындық әдісін одан әрі дамыта қолданады. Мұнда біз кейде жолдың бірінші жартысының аяғындағы сөздер мен екінші жартысының басындағы сөздердің ұйқасып отыратынын көреміз.

Руставелилік маджамдарды да аударма авторы, мақтауға тұрарлықтай етіп, шебер бере білген:

Міне, мұның бәрі де "Жаһангезді" аударуда кездесетін ерекшеліктер. Былай айтқанда, Руставелидің адам жанын әсерлі күйге бөлейтін сиқырлы өлеңдерімен рухталынған ойларын басқа тілге көшіру мейлінше қиын: мазмұнын толық берсең, сұлулығы ақсап, сұлулығын толық берсең, мазмұны сылти басып қалып отыруы ықтимал. Сол үшін, алдымен, дастанның тұңғиық рухын терең түсінген жөн. Тек сонда ғана аударманың идеялық ішкі сырына оның сыртқы сұлулығы сайма-сай келіп, бір-бірімен ұдайы үйлестік және үндестік тауып отыруы мүмкін. X. Абдуллиннің, сарылып отырып, көп жыл  істеген еңбегі бізге осыны айтады.

Руставели жырларындағы осындай тылсымға толы құбылыстарына егіле білмеген ақынның оның шығармасын аударып, кәдеге жарата алуы неғайбыл. Ал X. Абдуллин осы бір кесек дүниеге кірісер алдында кездесетін - қиынықтардың бәрін де сезінгенге ұқсайды. Шота сияқты алыпты аударатын ақынның, шынында да, өз поэзиясын ғана терең түсінетін, өз елінің жырын ғана ұршықтай иіре алатын ақыны болуы жеткіліксіз. Ол сонау Гомерден бастап кешегі Абайға дейінгі бүкіл әлемдік өлең- жырды, әсіресе, Шотаның ақындық арнасының бір саласы - классикалық Шығыс поэзиясын жақсы білуге тиіс. Біз Шотаны аудармақшы болған адамға, ең алдымен, осы тұрғыдан қараймыз. Біздіңше, Хамзаның күші де осында.

Осы аударма арқылы қазақ поэзиясына бұйра бөрікті, күміс кіселі Шотаның дәл өзі келгенін байқайтындаймыз. Ашып айтқанда, біз мұнда Шотаның тау тасқынындай ақындық рухының түгелдей сақталғанын көреміз.

Екіншіден, үлкен дастанның бастан аяғына дейінгі біркелкі құлпырмалы да ырғақты сарыны, бәсеңдетілмей, ылғи көтеріңкі қалпында берілген.

Үшіншіден, аударма авторы Шота теңеулерін, метафоралары мен афоризмдерін өз қалпында түсіре алған. Сөйтіп, "Жаһангездің" бізге тек ішкі мазмұнымен ғана емес, түрімен де, барлық ақындық әсем әуенімен де жақын екенін аңғарамыз. Осыны ең алдымен дастанды аударған адамның білгені, сақтай алғаны қатты қуантады.

Аударманың ішкі жан дүниесі мен сыртқы түр-сипаты да тең түсіп отырады. Мұнда ұлы ақынмен үлкен үндестік бар. Дастандағы оқиға желісін, кейіпкерлер бейнесін, автордың асқақ ой сезімін аудармашы түгелдей ұға білген. Аударма авторының тілі сауатты және мәдениетті.

Х.Абдуллин жеті мың жолға таяу аударманың көпшілігін төрт буынды ұйқастармен берген. Төрт жолдың төртеуін де төрт буынды ұйқастармен беру қаншама қиын болса, соншама сұлу. Мұндай ұйқастың тағы бір аса айрықша қасиеті - оның қайталанбауы. Оның үстіне осы жеті мыңға жуық жолдың ішінде ұйқастан тыс тұрған бір де бір жол жоқ. Демек, әр шумақтағы төрт жолдың төртеуі де ұйқасып отырады. Бұған тармақтарда жиі-жиі кездесіп отыратын ішкі ұйқастарды қоссақ, қазақ өлеңдерінде бұрын аз кездесетін сұлулықты көреміз. Осының бәрі де аударма авторының өз басына өзі тілеп алған барып тұрған ауыр, барып тұрған қиын әдісі. Соның өзінде де мазмұн мен түр, тізе қосып қатарласа, бірінен-бірі қалып қоймай, ерегісті екпінмен алға қарай жүйтки түседі.

Хамза Абдуллиннің 25 жыл еңбек етіп, қазақ жыр әлеміне тарту еткен бұл баға жеткісіз дүниесін әдебиетіміздің өміріндегі аса бір үлкен, айтарлықтай мәдени табыс деп таныған жөн. Адам баласының дүниелік алтын қорына жататын көркем шығармалар өз қалпында, өз бояуларында, өз стилінде аударылуға тиіс. Хамза осы жолмен аударған.

Ғабит МҮСІРЕПОВ.

 

 

 

(Хамза Абдуллин аударған Шота Руставелидің "Жолбарыс тонды жаһангез" дастанына жазылған алғысөзден, ықшамдалып алынды).

 

Мүсірепов Ғ. Шебер аудармашы. / "Soltustik Qazaqstan". -№13.-5 aqpan.-2019 jyl.-4 bet. 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий