Түркі әлемінің тарланбозы [Мағжан Жұмабаев - 125]

16 августа 2018 - Кабиева Р.

 Өмір сүріп жатқан кезеңнің рухы суреткердің шығармашылық ізденісімен үндескен сәтте жергілікті жердің үні қалыптасып, өлең, әңгіме, роман, драма секілді әдеби жанрлар арқылы болашаққа қадам басады. Бұл үнді, яғни халық пен жердің тағдырын тіл арқылы жеткізуде ақын-жазушылардың рөлі маңызды.

      Мағжан Жұмабаев та осыған байланысты жазған "Қазақ тілі" өлеңінде шындықты шығармашылық идеямен араластырып, ұлттық сана-сезімнің кілті болып есептелетін тілдің мән-маңызына назар аударады. Ақын өмір сүрген заманда орын алған үдерістердің салдарынан қазақ тілінің кейінге қарай ығыстырылуы, сөйтіп, осы олқылықтан ұлттық сана-сезімде пайда болған бітеу жара Мағжан Жұмабаевты қатты алаңдатты. Әр ұлт ана тілінің арқасында өмір кешеді. Ана тілі қолданылмаса, ұлттық рух жойылып, сана-сезім, мәдениет, дәстүр мен тарихи құндылықтар ұмытылады. Осыны терең ұғынған Мағжан елінің болашағы бұлыңғыр болмасы үшін халқын о баста ескертті, қазақ тілінің ығыстырылуын сынады, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға, барша түркі әлемін біріктіруге барынша күш салып бақты. Сондықтан да болар, ақынның өлеңдері тек Қазақстанда ғана емес, күллі түркі әлемінде әлі күнге дейін құндылығын жойған жоқ. Мағжан Жұмабаев - жан-жақты тұлғалығымен танылған, ұлттық мәселелерге сезімтал ақын және ойшыл.

"Жүсіпбек Аймауытов: "Мағжан балалық шағында туған жерінде білім алуды бастаған, үлкейгеннен соң шетел асып, Уфадағы та­тар медресесі "Ғалияда" оқыған. Мағжанның екінші тәлім-тәрбие алған жері осы болды. Ғалия медресесінің ұстаздары Мысырда, Ыстамбұлда білім алған татар зиялылары еді. Ислам тәрбиесін көріп өскен, мұсылмандыққа, түрікшілдікке махаббаты бар татар ұстаздары шәкірттерін де осындай рухпен тәрбиелеген. Ұлтшылдық, түркішілдік, оның үстіне мұсылманшылдық байрағын желбірете отырып, Ғалия медресесінің ез кезеңінің қазақ, татар, башқұрт секілді халықтарының жастарына көптеген сезім ұялатып, Ресейдің езгісін көріп жатқан түрік балаларын жігерлендіріп, патшаның басқыншыл саясатына қарсы қоюды жоспарлады. Ресейге бағынышты ұлттардың осылайша оянуы және осы сынды сезімдері, әлбетте, өмірдің айтып отырған бір шындығы еді. Тарих білімі мен ұлттық сана-сезімі жоғары ақынның "Орал тауы", "Алыстағы бауырыма", "Тез барам", "Түркістан", "Тұранның бір бауында" және басқа өлеңдері - ұлттық поэзиямызда түркішілдік тақырыбы алғашқы бо­лып қолға алынған керемет еңбектер",  - деп жазады.

Мағжанның әдеби әлемінің қалыптасуына Шығыс мәдениетінің ғана емес, Батыстың да әсері мол болғаны анық. Мысалы, Мұхтар Әуезов: "Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан ете мәдениетті бір ақын", - деді.

Мағжан өз өлеңдерімен және басқа да жазбаларымен халықты жігерлендіріп, олардың сауатсыздықтан арылып, ағартушылықпен қауышуы жолында жауапты қызметті сәтті атқарды. Ақын өзі өмір сүріп жатқан қоғамның ар-ожданын жүрегінде сақтады. Мағжан халқының ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарын қайтадан жаңғырту мақсатында өте ауыр жүкті өз мойнына алды. Мәселен, Мағжанның бір ғана "Қазақ тілі" өлеңінен ұлттық сана-сезімді оятуға деген зор талпынысын көруге болады.

Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен еңбектеріне мұқият зер салсақ, ақын ұлттың өткен шағына сүйене отырып, қазіргі жағдайды сынайды және келешекке қатысты уайымын 83 шығармаларында асқан шеберлікпен білдіреді. Сонымен қатар адамның қоғамға, болмысқа және дүниеге деген жауапкершілігін символдар арқылы бейнелейді. Ақын "Қазақ тілі" өлеңінде де символикалық тілмен халқы мен кеңес тәртібін сынағанын көруге болады.

Тіл - бір ұлттың ең маңызды тіршілік коды және ең кең мағынада өмірінің сан жылдар бойы қалыптасқан қалпы және ұлттың ғасырлар бойы бастан кешірген тарихының түйіні. Қазақ тарихының түйіні болған қазақ тілі әліпби өзгерісін, кептеген саяси және мәдени үдерістерді бастан кешірді. Соның зардабын аңғарған ақын "Күш кеміді, айбынды ту құлады" деген өлең жолы арқылы қазақ тілінің алдында тұрған қауіп-қатерге назар аудартады. Абай сынды Мағжан да ез халқын көп сынайды. "Кеше батыр - бүгін қорқақ, бұғады", - деген өлең жолында жаулап алу, маргинализация сынды үдерістерде, өткен заманда өз-өзін дәлелдеген батырлар қайтадан халықтың үміті болуы қажет екендігін тілге тиек етіп тұр. "Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде... Қан суынған, жүрек солғын соғады...", - деген өлең жолдарында болса, қазақ халқының зиялыларының қырылуы, абақтыға жабылуы және қуғын-сүргінге ұшырауы меңзелген.

Мағжан да басқа зиялылар секілді Кеңес үкіметі тарапынан қуғындалып, бас бостандығынан айырылды. Өмірге деген үміті солып бара жатқанын ақын: "Қан суынған, жүрек солғын соғады", - деген сөзбен өлімге жақындай түскенін білдіреді. Шын мәнінде, 1935 жылы атақты орыс жазушысы Максим Горькийдің көмегімен түрмеден шыққан ақын 1937 жылы Алматы қаласында тағы да тұтқындалады және бір жылдан кейін көз жұмады.

"Қыран құстың қос қанаты қырқылды, Күндей күшті күркіреген ел тынды" деген өлең жолдарындағы қыран бүркіт Қазақстанның байрағында белгіленгендей, қазақ халқының тәуелсіздігін білдірсе керек. Қыран бүркіттің екі қанаты қырқылғаны қазақ халқының еркіндігі қолынан кеткенін көрсетеді. Бір кездері "Күндей күшті күркіреген ел" бастан кешірген үдерістен соң үнсіз қалады. Өйткені, халықтың үні болып есептелетін зиялылары жеке-жеке тұншықтырылды. Әсіресе, Алаш қозғалысымен жанданған ұлттық рух біраздан соң тоталитарлық режіммен бастырылды. "Асқар Алтай - алтын ана есте жоқ" сөзі Шыңғыс Айтматовтың: "Бәріміз Алтай қазанынан шықтық", - деген сөзін еске салады. Түркілердің алтын бесігі есептелетін Алтай ананың ұмытылуы ақынды қатты алаңдатады. Тоталитарлық режім ұлттық сананы өшіруге тырысқанын, ең кене дәуірден бері бір тамырдан қоректенген түркі ұлысының жады өшіріліп, мәңгүрттендірілгенін көрсетеді. Шынында да, ақынның сөзімен айтқанда, соның салдарынан "Батыр, хандар - асқан жандар ұмытылды!"

Өлеңнің үшінші шумағында ақын жауыз тағдыр халық бірлігін, тыныштығын, бақыт пен намысын жойғанын айтады. Тағдырынан қынжылу ақындардың өлеңдерінде ұдайы орын алады. Мағжан да осындай бақытсыздық халықтың жойылып кетуіне бастайтынын айта отырып, онтологиялык бір мәселеге көңіл аудартады. Қолындағы бар нәрседен айырылған ақын былай дейді: "Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!"

Тіл - бір ұлттың өзегі. Өз тілін қолдана алмайтын ұлт - өзегін жоғалтқан, жолынан адасқан ұлт. Қолда тек тілдің қалуының маңызы зор. Қазақ тілін жоғалтпау қажеттігін айтқан ақын болашаққа да хабар жолдайды. Әсіресе, бүгінгі күні түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан жүзеге асырылып отырған "Рухани жаңғыру" бағдарламасының ең маңызды кезеңдерінің бірі есептелетін әліпби өзгерісі және қазақша сөйлеу науқаны Мағжанға жауап іспетті.

Тамыры терең һәм байырғы бо­лып есептелетін қазақ тілінің ұмытылуы қазақ халқының өзін, өзегін ұмыту дегенді білдіреді. Мағжан өлеңін осы оймен жазды. Соғыс, саяси алауыздық, аштық пен жұт секілді кептеген себеппен тарап кеткен түркі балаларын тек қана тіл қайтадан бір арнаға тоғыстырады. Саяси тұрғыдан түркі әлемінде әр түрлі әліпбилердің қолданылуы түркі халықтарының арасын алыстату мақсатымен жасалған еді. Бұл жөнінен сол кездің өзінде хабардар болған Мағжан, әсіресе, қазақ тіліне, жалпы алғанда, түркі тіліне үн қата отырып: "Тарап кеткен түркі балаларыңды бауырыңа ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!"- дейді.

Ақын-жазушылар - халқының шаншуын жүректерімен сезетін, оларды қараңғыдан жарыққа шығарған қалам ұсталары. Қазақ әдебиетінің ең беделді ақындарының бірі Мағжан Жұмабаев та халқының өмір сүрген "тар заманды" жан-жүрегімен сезінген, келешегі үшін уайымдаған. Өлеңдерінде ұлттық тақырыпты қозғаған, әсіресе бүтін түркі әлемі халықтарының өзегін жоюға бағытталған әрекетке қарсы мызғымас қалқан ұстаған ақын оларды бірігуге үндейді. Мағжан Жұмабаевтың, сондай-ақ, түркі әлемінің басқа зиялыларын олардың еңбектерін оқу, ойлану және зерттеу арқылы ғана түсіне аламыз. Та­мыры терең, тарихы ортақ түркі әлемі халықтары зиялы қауымының бастауымен өзін-өзі жоғалтпай сақтап қалып, бір-бірімен тарихи байланысты үзбей, ауызбіршілікпен келешекке нық қадам басады деген сенімдемін.

 

Самет АЗАП, Түркияның Кастамону университетінің профессоры,

PhD докторы.

Самет Азап. Түркі әлемінің тарланбозы // Soltustik Qazaqstan.- №73 (22246). -21.06.2018.- 8-9 беттер.


Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий