Түркі әлемінің ақберген перзенті

27 февраля 2018 - Нугуманов Арсен

  Ыстамбұл топырағына табанымыз тигеннен құжынаған халықтан басымыз айналғандай еді, биік-биік таулардың баурайын қуалай салынған тақтайдай тегіс жолмен жуйтки женелген жүйрік көлік тез-ақ у-шуы көп бас қаланы артқа тас- тап, қою қараңғылыққа сүңгіп кетті. Бағытымыз - Анадолы жұртының солтүстік аймағында орналасқан, бүгінде бүкіл Түркі әлемінің назары ауып отырған Кастамону қаласы. Жолбасшымыз Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің халықаралық "ТҮРКІСОЙ" ұйымындағы өкілі Асқар Тұрғанбаевтың айтуына Караган¬да, Кастамону - Түркиядағы тарихы катпар-қатпар ең көне қалалардың бірі. Қабырғасы есте жоқ ескі замандарда каланған, әр-түрлі тайпалар мекендеген, біресе римдіктер, біресе византиялықтар билеген бұл өңірде әйгілі Әмір Темірдің де табанының ізі бар. Қазір үлкен провинцияның орталығы. Бүгінде Түркі әлемінің назары осы қалаға ауып отырса, оның басты себебі каланың биыл түркілердің мәдени астанасы мәртебесін иеленуіне байланысты. "Таңдаудың бұл қалаға түсуі тегін емес. Мұнда құнды-кұнды тарихи мәдени ескерткіштер шоғырланған", - деді Асқар Тұрғанбаев.

  Бес жүз шақырымды артқа тастап, Кастамонуға жеткенде таң ата қоймағанмен, төңірек бозамықтана бастаған еді. Кешікпей алдымыздан керемет керініс ашылды. Теңіздей толқыған бұйра-бұйра қарағайлы ну ормандар, бойжеткеннің мойнындағы моншағындай тізілген біркелкі тұрғын үйлер. Қаланы қақжарып ағып жатқан Қарашомақ өзені... Десек те, Кастамону мәдени-тарихи орындарымен де әйгілі екен. Сапар бағдарламасына сәйкес солардың біразына бас сұқтық, сыртқы жаулардың талай шабуылына тосқауыл болған қала іргесіндегі атақты тас қамалға, Ылғаз ұлттық ларкіндегі шыңқұздары ақ ұлпаға оранған тау басына көтерілдік. Осылардың бәрі қырда өскен адамға керемет әсер етеді екен.

  Мағжан Жұмабаевтың кіндік қаны тамған қасиетті Қызылжар өңірінен келген делегация мүшелерін осы аймақтың губернаторы қабылдады. Яшар Карадениз өте ақжарқын адам екен, бірден өзі басқарып отырған өңірдің арғы-бергі тарихы, бүгінгі тіршілік-тынысы жайлы әңгімелеп, бәрімізді баурап алды. Теңіз деңгейінен 780 метр биіктікте қоныс тепкен Кастамону өлкесінде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Ішкі жалпы өнімнің 40 пайызы осы салаға тиесілі көрінеді. Табыстың қалған бөлігі ағаш өңдеу енеркәсібінен, мал бағудан, балық аулаудан және мыс өндіруден түседі. Ауылдық елді мекендер саны жөнінен елде екінші орын алады. Бұл жаққа келетін туристерді қызықтыратын мәдени-тарихи орындар да аз емес. Губернатор Кастамонудың биыл Түркі әлемінің Астанасы атанғанын, Түркі елдерінде Мағжан Жұмабаевтың жылы деп жарияланған салтанатты шаралардың осы қаладан бастау алатынын мақтанышпен айтты.
 Қала басшысындағы қабылдау да жылы шырайлы жағдайда өтті. Тахсин Бабаш бізді ұзын саны 19 ауданды біріктіріп отырған провинция орталығында 114 мың адам тұратынынан хабардар етті. "Қаламыз өте көрікті жерде орналасқан, өздеріңіз де көресіздер", - деді ол.

  Қаланы аралай жүріп кастамонулықтардың тарихи-мәдени ескерткіштерін мақтаныш ететініне көз жеткіздік. Мұнда ат басын тірегендер Анадолы жұртына аты мәшһүр тұлға шейх Шабан-и Велидің мешітіне соқпай кетпейді екен. Мешіт алаңындағы айтулы тұлғаның Гелишиниз гүле-гүле, Гитишиниз гүле-гүле..." деген сөздері бірден көзге түседі. Қазақшалағанда кереметтерге толы кентіміз- ге күліп келіп, келіп кетіңіз дегенді білдіреді екен.

 Этнография музейінде де біраз жайға қанықтық. Ерте заманда қалабасының отбасы тұрған ғимарат ішіндегі жәдігерлер көздің жауын алады. Темір шығыршықтармен тоқылған сауыт, қару-жарақтар ер түрік ұрпақтарының өршіл рухын айғақтап тұрғандай. Алтынмен апталған әйелдердің әшекейлері, күміспен күптелген ат әбзелдері бұл өңірде қол өнерінің жақсы дамығанын аңғартады. Сапар бағдарламасына сәйкес басқа да нысандарда болдық.

 Бағдарлама демекші, біздің сапарымыздың мақсаты осы қасиетті өлкеде бастау алатын қазақтың ақ-сұңқар ұлы, ақберен ақыны, бүкіл түркі әлемінің мақтанышы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған шараларға қатысу еді. Кешікпей салтанат та басталып кетті. Оған өлке, қала басшылары тайлы тұяғымен жиналды. Анкарадан аттерлетіп Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хусейн Яйман, сол сияқты Межилистің бір топ депутаты да жетіпті. Әйтеуір, жиналған халыктың қарасы қалың болды.

  Алдымен ақынды бір минуттық үнсіздікпен еске алған жиынға қатысушылар оның ғұмыры мен шығармаларынан сыр шертер бейнефильмді тамашалады. Қазақ зиялылары арасында түрік бауырларымыз Мағжан Жұмабаевты бізден бұрын таныды деген сөз бар. Оның шындығына осы салтанат үстінде тағы бір мәрте көз жеткіздік.

  Жиналғандар Кастамону өңірінің губернаторы Яшар Карадениздің, қала басшысы Тахсин Бабаштың сөздерін ықылас қоя тыңдады. Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хусейн Яйман Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа айтқанда зал, тіпті, дүрлігіп кетті.

  Түрік әлемінің тұтастығына, бауырлас халықтардың ынтымақ-бірлігінің одан әрі нығая түсуіне қызмет ететін осынау ауқымды шараны ұйьімдастырып отырған халықаралық "ТҮРКІСОЙ" ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Мағжан жайлы сөз сабақтады, атаулы жыл аясында желтоқсан айына дейін ақынды еске алып, түркітілдес елдер арасында кеңінен насихаттауға арналған елуден астам іс-шара мен түрлі кездесулер ұйымдастырылатынын тілге тиек етті, "Мағжан Жұмабаев жылына арналған арнайы бағдарламалар тек Кастамонуда ғана емес, Түркияның басқа қалаларында да ұйымдастырылады", - деді ол.

  Меймандар бірінен соң бірі сахнаға көтеріліп, Мағжан жайлы ой толғады, осындай шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болған халықаралық "ТҮРКІСОЙ" ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке ризашылыктарын білдірді. Ал Дүйсен Қорабайұлының өзі болса, мұндай шаралардың қайтарымы мол болатынына сенімді.

 Жерлестеріміздің атынан сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов түркиялық бауырларға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың ыстық сәлемін жеткізіп, бүкіл Түркі әлемінің мақтанышьіна айналған қазақтың ұлы ақынын ұлықтап жатқан туысқан Түркі елінің басшылығына шын жүректен шыққан алғысын арнады. Кеш солтүстікқазақстандық өнерпаздардың концертіне ұласты.

  Мағжан Жұмабаевты еске алып, түркітілдес елдер арасында кеңінен насихаттауға арналған іс-шара 19 ақпан күні Анкара қаласындағы Гази университетінде жалғасты. Шараға "ТҮРКІСОИ" ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түрік Республикасы Президентінің кеңесшісі Ялчын Топчу, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хусейн Яй¬ман, астаналық Кечиорен ауданы муниципалитетінің басшысы Мустафа Ак, Гази университетінің ректоры, профессор Ибрагим Услан, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Омероглу және басқа да белгілі тұлғалар, Астанадан, Алматыдан конференцияға арнайы келген әдебиетші ғалымдар қатысты.

  Өз сөзін: "Түрік-ислам әлемінің әулие ақыны Мағжан Жұмабаев Алаш қозғалысында маңызды рөл атқарды. "Не көрсем де Алаш үшін көргенім, маған атақ ұлтым үшін өлгенім" деп жырлаған ол сталиндік режімнің құрбаны болды. Алайда, халқы оны ұмытпайды, түркі әлемінде оның жұлдызы жарқырай бермек", - деп бастаған Түрік Республикасы Президентінің кеңесшісі Ялчын Топчу біздің ортақ жеңістеріміздің түп-тамыры Тәуелсіздікте, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сындар- лы саясатта екенін атап көрсетті.

  Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Омероглу аласапыран оқиғаларға толы, дүйім дүние дүрлігіп жатқан XX ғасырдың басында "Мен кім?" деген өлеңінде:

"Көкте күнмін, көпке нұрым
                                          шашамын,
Көңілге алсам, қазір ғарышқа
                                            ұшамын.
Шеті, түбі жоқ теңізбін қара-көк,
Еркемін-толқып, шалқып,

                                   тасамын", -
деп бүкіл түркі халқының болмысын, арман-мақсатын айдай әлемге паш еткен Мағжан Жұмабаевтың поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс екенін, оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін XX ғасырдың басында-ақ Еуропа әдебиетінің биік деңгейіне көтергенін айтты. "Мағжан Жұмабаевтың "Алыстағы бауырыма" деген өлеңін оқығанда менің отандастарым әрдайым көздеріне жас алады. Бұл - нағыз бауырдың сөзі", - деп түйіндеді ол өз сөзін.

  Мағжан Жұмабаев шығармашылығы туралы Түркияда ең алғаш ғылыми еңбек жазып, 1993 жылы ақынның өлеңдерін түрік тіліне аударған ғалым Ферхат Тамирдің баяндамасы да әсерлі шықты. Ол жиырма бес жылдан астам уақыт бойы туысқан түрік елінде Мағжан шығармаларын насихаттаумен айналысып келеді. , Ол Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты деректер ұсынып, бірнеше өлеңіне ғылыми талдаулар жасады. Мағжан Жұмабаевтың бүкіл түркі халықтары поэзиясына қосқан үлесі туралы сөз қозғап, ақын өлеңдерінің туысқан халықтардың тарихындағы ерекше қызметін атап кетті.

  Бір айта кетерлік жай, түрік бауырларымыз осы шараның қарсаңында Мағжан өлеңдерін өз тілдеріне аударып, жеке кітап етіп шығарыпты. Ақын Әли Акбаш турікшеге өзі аударған Мағжан өлеңдерін оқыды. "Машанды аудару маған оңай болған жоқ. Оның рухын сезінуге тырыстым. Жүз жыл бұрынғы қазақ поэзиясында Мағжандай қуатты, ұлтшыл, лирик ақын болған жоқ",-деді ол.

  Түрік бауырларымыздың қазақтың ұлы ақынына деген сүйіспеншіліктерінің зор екенінің тағы бір жарқын көрінісі - Кечиореннің Анкар ауданындағы ақынның ескерткіші. Бұл - Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізден тысқары жерде бой көтерген тұңғыш ескерткіш. Осыдан едәуір жыл бұрын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты Анкараға жолымыз түскенде арнайы іздеп барып Мағжан бабамызға тағзым еткен едік. Сол кезде ескерткіш күтімі төмендеу, саябақ та елеусіздеу жерде тұрғандай көрінген. Осы жолы жаңартылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатыстық. Біз көрген саябақтың ізі де жоқ, бәрі өзгерген. Бұл жерде де Мағжан жырлары оқылып, оның өршіл рухы тағы бір асқақтады. Шара соңында жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлы ақынға тағзым етті.

  Келесі күні қазақстандық делегация мүшелерін Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, "ТҮРКІСОЙ" ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қабылдады. Осы арада түбі бір түркі жұртының ортақ материалдық және мәдени игілігін сақтап, дамыта отырып, болашақ ұрпаққа аманат етуді көздеген түркітілдес елдердің халықаралық ұйымы "ТҮРКІСОЙ", оны он жылдан астам уақыт бойы басқарып келе жатқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов туралы айтпай кетуге болмайды. Дүйсен Қорабайұлы Түркі жұртының рухани ордағына айналған ұйым мүшелдерінің ортақ күш-жігерімен түркі халықтарының мұраларын қорғауда, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіруде, дәстүрлері мен салт-санасын зерделеуде жемісті жұмыстар жүргізіліп отырғанын дәттеді. "Мұндай қызмет тіл мен тарихтың, мәдениеттің ортақтығының арқасында, сондай- ақ, өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде іске асуда. Ортақ мәдениеттің негізінде құрылған ұйым қазір ешқандай саяси астарсыз, тек халықтар арасындағы достықты нығайтуға қызмет етіп келеді. Мәдени байлықпен, біздің ең қымбат байлығымызбен алмаса отырып, біз үнемі дамимыз, кеңейеміз, халқымыз үшін жаңа биіктерге жетебереміз",-деді ол.

  "ТҮРКІСОЙ" ұйымы ең алдымен түркі дүниесінің мәдениетін, оның рухани байлығын бір-біріне таныту үшін өте қажет. Екінші Мәселе - түркі дүниесінің тұтас байлығын, өнерін, әдебиетін, мәдениетін дүниеге таныту. Бас хатшының айтуынша, бұл бағыттарда көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ауқымды шаралар ұйымдастырылып, түркітілдес мемлекеттер қаламгерлерінің еңбектері бірнеше тілге аударылып, өз оқырмандарын табуда.

  Бұл халықаралық ұйымның қай жағынан алып қарасақ та, маңызы өте зор. Біздің мәдениетіміз, тіліміз, діліміз және жалпы тарихымыз да ортақ. Демек, бұл - түркітілдес мемлекеттердің жақындасуына мүмкіндік туғызатын алаң. Бүкіл түркі әлемінің өркениеті Алтайдан тараған. "Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді" демекші, басымыз бірігіп жүрсе, болашақ жас ұрпақтың, Отанымыздың келешегі жарқын болмақшы. Осы үрдісті әрі карай жалғастыра берсе, түбі бір түркі халықтары үлкен күшке айналады. Сапар соңында біздің көңіліміз осындай ойлармен көркейді.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, "Солтүстік Қазақстан". Петропавл - Ыстамбул -Кастамону - Анкара -Петропавл.



СҮЛЕЙМЕНОВ Ж., Түркі әлемінің ақберген перзенті // "Солтүстік Қазақстан". - 2018. - 24 ақпан. - 4,5 Б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий