Тағдыры қиын талант

5 февраля 2018 - Нугуманов Арсен

"Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын.

Күнге ғана бағынам! - деп ұлтының аспандағы Айы, көгіндегі Күні, мақтанышы, тағзым етер тұлғасына айналған ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 125 жыл толады.

"Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар" - деп өзі айтқандай кейінгі ұрпаққа жақұт жыр қалдырған, көзі тірісінде тауқыметі мол жолдан өткен ақынның халқына қайта оралуына көп еңбек сіңірген азаматтың бірі - белгілі жазушы марқұм Жайық Бектұров. Оқырмандар назарына оның "Тағдыры қиын талант" атты көлемді зерттеу еңбегін ұсынып отырмыз. "Мағжан өлеңдері мен әндері соқыр адамның айналасындағы жарық дүниені алғаш көзін ашып көргендей әсер етіп еді. Содан да Мағжан ерте күннен көңілімізге қонған ақын еді, - дейді жазушы Мағжанға деген ынтық сезімі жайлы.

  Мағжан жайлы осы мақаланың екінші, негізгі бөлімі 1961 жылы жазылған еді. 1988 жылдың аяғында Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов біржолата ақталып, олар қазақ әдебиетінің, тіл ілімінің, аударма өнерінің, әдебиет сынының көш басына қайта шығып, халық қалаулыларының бүгін қақ төрінен лайықты орындарын алғанда, Мағжан өмірі мен еңбектері туралы бұдан көп жыл бұрын жазылған шо- луымыздың қазіргі дәрежедегі тілек-талап деңгейінен төмендігін түсініп, осыған біраз түсінік бергіміз әрі сол мақаланы жазуға жетектеген себептерді шет жағалап айтып, қазақтың сүйікті ақыны жайлы кейбір мағлұматтарды толықтырғымыз келді. Біз Мағжан жайлы мақаланы әуелде тайсақтап та, жалтақтап та, қорқақтап та, тіпті, тіліміз көрмеліп те, құлағымыз кереңірек болып та жазып едік. Көбінде көңіліміздің жетегінде, ертедегі сезіміміздің шылауында болып едік. Әрі ол тұста Мағжан жайлы қолымызда дәл қазіргідей біркелкі толығырақ мағлұмат-деректеріміз де жоқ еді.

  Ақын Шәкәрім "Еңлік-Кебек" дастаны соңында: "Жігіттер, бұл өлеңді жазған мәнім, емес қой жастықпенен салған әнім" атақты Жаяу Мұса өзінің шарықтаған келісті әндерінің бірінде: "Көкаршын көңіліме қонған әнім", - дейді.     Дәл сондай, біз жас шағымызда, жиырмасыншы жылдарда Мағжан өлеңдерін жаттап өстік, алғашқы совет мектеп- терінде оның термелерін тақпақ етіп айттық. Алғаш бала кезімізде молда алдынан "әліпби", "әптиек","иманшарт" оқып, хат таныған біздерге Мағжан өлеңдері мен әндері соқыр адамның айналасындағы жарық дүниені алғаш көзін ашып көргеніндей әсер етіп еді. Содан да Мағжан ерте күннен көңілімізге қонған ақын болатын. Өз ұрпағым қатарында мен өз әлімше Ахметтің, Мағжанның, Жүсіпбектің, Мәдияр-Міржақыптың, Шәкәрімнің, Қырбаласының кітаптарын,мақалаларын, өлеңдерін жаңа шыққан көкке қадалған жас төлдей көз алмай оқыдым,солардың еңбектерін жинап, қолтығыма қысып өстім. Бұл біздің айып-кінәміз да, мақтанышымыз да емес, бұл - біздің өміріміздің нақты көрінісі. Бұл адамдардың көбісінің шығармаларын олардың өздерінің көздері құрып кеткен  кезде де ертедегі әдетпен сақтап жүрдім. Тек өз еркіңді өзің билей алмайтын кезеңге тап болғанда, ақыры бірте-бірте олардың бәрінен де жұрдай болып, құр алақан қалдым.

  1937 жылдың аяғында "Лениншіл жас" га­зеті редакторының орынбасарлығынан алындым. "Халық жауларына" байланысты десті. Орталықтағы залым басшылар жұмысымызда қате болыпты, оны түзетеміз деп біраз көпіріп, жұртты алдаусыратып сөйлеген кезде "Социалистік Қазақстан" газетіне қызметке жіберілдім. 1939 жылы         жаңадан Жамбыл облысы құрылып, облыстық га­зетке жауапты редактор болдым. Алайда, баяғы түнгі қоңырау сылдыры құлаққа шалына берді. Соғыс басталған кезде, әскерге алындым. Бұл тұста отыз жетінші жылғыдай газет беттерінде анау жау, мынау жау деп айғайлау басылып, көгендеулі қозының құйрығын түнде келіп соратын борсықтай үн ­түнсіз адам ұстау басылмады. Ақыры соғыс басталғанда, Жамбыл қаласында құрылған 105-ұлттық атты әскер дивизиясының "Кы­зыл семсер" атты дивизиялық газетіне ре­дактор болдым. Ташкенттегі Орта Азиялық соғыс округінде өткен редакторлар кеңесінен №82 Ташкент-Новосибирь поезының төртінші вагонымен Жамбылға келгенімде, жолаушылап оралған сүйікті туысын күткендей алдымнан көк жағалары тікірейген үш-төрт адам шыға келіп, тұтқынға алды. Бұрынғы, отыз жетінші жылғы жазылған лас, былапытжала, жағылған қара күйе қағаздар көктемде қоқыс астынан қыбырлап шыққан қара қоңыздардай, сары бас жылан құрттардай жан бітіп, қайта тіріліпті.

  Тұтқындаушылардың қолдарында рес­публика НКВД бастығы Бабкин, республика прокуроры Баранов бұдан он күн бұрын қол қойған бір жапырақ ордер бар. Бір ғажабы, сол кездегі адам тұтқындаушылардың киімдерінің жағалары жұртқа әрі көк, әрі тік көрінетін. Дәл бір қотандағы қойға шапқан көк - серектің тіп-тік құлағындай қорқынышты көрінетін. Мені поездан түсіріп алып, Жамбылдың ішкі түрмесінің кереуетсіз, тіпті, атымен төсеніш-төсегі жоқ түпкіргі бір қуысына сүңгітіп жіберді. Біраздан соң: "Киін, үйіңе апарамыз, үйіңді тінтеміз", - десті. Мен үй-іші жандары көзінше өз үйімде базаршылар алдарына салып айдаған малдай болғым келмеді. Мүсәпір, кіріптар тұтқын болып, жендеттердің алдына түсіп, аузымда аша ал­май, қақпайда жүруді намыс көріп: "Бармаймын. Өздерің тінте беріңдер. Өз қағаздарым, документтерім салынған   шкафтың, сейфтің кілттерін өздерің қалтамнан алдыңдар. Соны апарсаңдар, жетіп жатыр", - деп үйіме бармадым. Москвада СССР Ғылым академиясының тіл-әдебиет институтының аспирантурасындағы оқуынан соғыс басталғанда елге қайтқан сол күндері Жам­был обкомында нұсқаушы болып қызмет істейтін қарындасым, 1942-1982     жылдары тура қырық жыл Қарағанды педагогика институты мен мемлекеттік университетінде қазақ тілі пәнінен   ұстаз болған доцент, ғылым кандидаты Фатима кейін былай деді:

  Парткабинетте жиналыста отыр едім. Есік жақтан біреулер ымдап шақырады. "Бізбен жүріңіз", - деп машинаға мінгізді. Алдында өзің пәтер ауыстырамын деп жүргенің есімде. Соған келген кісілер ме деп калдым.  Бірақ қолдарында сенің кілттерің бар: "Ағаңыз әзір тергеуде болады. Алматыға жөнелтеміз. Ертең келіп қоштасуға болады. Қазір үйден қағаздарын көреміз", - десті. Есімнен танып қала жаздадым. Сені Ташкенттен бүгін-ертең келеді деп күтіп отырғанбыз. Ақыры үйге келдік. Әскерге кеткен ағамыздың әйелі: "Мына қарақтарың кім? Қайдан? Қайдағы жоқты неге қасыңа ертіп жүрсің?" - деп сұрай бастады. Бұлардың кімдер екенін түсінгенсоң, отыра қалып жылады. Келгендер үйді тінтті. Кітаптарың (көбін Алматыдан әкелмесең де) мұнда да көп-ақ екен. Баяғыда Алматыдан Шымкентке, одан Арысқа, әрі қарай Мақтаралға, қайтадан Алматыға, енді Жамбылға тасыған кітаптарыңды ақтарып, төңкеріп, көбісін алды. Бір жақтан бірнеше қап әкеліп, қаптап-қаптап алды. Суреттерің, документтерің, жазған қағаздарың, өлеңдерін түгел кетті. Келгендердің біреуі өзіңді де, мені де таниды екен. Содан ба, әйтеуір, диваныңның астын қарамады. Біреуі сыртта теле­фонның сымын қиып тастады.

  Ертеңінде Базар көшесіндегі НКВД-нің алдына келдік. Жүк машинасының үстіне көп кісі мініпті. Бәрі де жолаушы, жұмысшы сықылды. Көбісі түрегеліп тұр. Солардың арасында үстіндегі шинеліңмен сен де түрегеліп тұрдың. Шамасы, мына адамдар сені жұрт көзінен жасырып тұрғандай. Heг сенгеніңді білмеймін әлде көңіліміздіаулағаның ба: "Мен тірі келемін Сәйділдағ хабарла", - дедің. Ағамыз Қажыбай майданға аттанған күні туған бесіктегі ұлы қолымызда шырылдап тұрды. Жылап-сықтап қала бердік. Аспан асты қуыс қой деп Алматыға көшіп кеттік. Диванның астында сақтайтын біраз кітаптарыңды алдым. Бірі - жиырмасыншы жылдардың бас кезінде С.Қожановтың беташарымен шыққан Мағжанның өлеңдері. Алматыға келген соң, бұрын өзіммен ҚазПИ-де бірге оқыған Ахмадия Ысқақовтың Комсомол көшесіндегі жатақханада тұратын бір бөлмесінде coл кітапты екеулеп оттың күлін көсеп отырып отқа жақтық. Кітап отқа жанбайды екен. Көсеумен аударып, төңкеріп, көл әуре болдық. Бұрын кім кітап жағып көрген...

  Осы күні бұрын тұтқында болып, сан қыспақтан тірі қалған біраз адамдар: Бірнеше күн ұйқы бермеді. Күні-түні тергеуде болдық. Талай күн камерада жалғыз отырдық", - десіп зарлайды. Расы шығар, ал мына мен Алматының Виноградов, Калинин, Дзержинский көшелеріндегі бір квартал НКВД-нің ішкі түрмесінде сегіз ай жалғыз         отырдым. Оның үш айдай уақытын атылатындар қамалатын тас қуысында өткіздім. Жаз бес тәулік бойы қысқы   карцерде шала-жансар жаттым. Айлап ұйқы көрсетпеді. Үш кісі кезектесіп, демалыс күндеріндеде тергеуде       ұстады. Таңғы сағат бесте қайтарып, алтыда өріске қуалайтын малдай тік тұрғызады. Күндіз өз алдына, түнгі он  бір - он екіде тағы әкетеді.

  Кейін шетелдің бір коммунисі түрмедегі совет азаматына: "Сен тергеушіге қарсы күресіп бақ, оны өзіңнің       қасжауың деп түсін", - деп ақыл айтыпты. Бұл - орынды ақыл. Бірақ бұл капиталистік елдердегі тұтқын коммунистерге тән қасиет, өйткені, капиталистік елдердегі фашизмге қарсы күресушілердің таптық намысы, мақсаты бар,   сондықтан да олар үстем тап тергеушілерін өздеріне жау деп санап, олармен тергеу үстінде қарсыласып бағады. Ал біздің совет елінде барлық азаматтар бірыңғай коғамның мүшесі болып отырғанда, тұткындағы совет         коммунистері өздерін кинаған тергеушілерді кас жауым деп санай алмайды. Сөйтсе де, жастайымнан өзімнің     қоғамым алдында ешбір кінәм, жазығым жоқ деп, шамам келгенше комсомолда, баспасөзде адал кызмет еткен мен өзімді кинаған кыстаған тергеушілерімді өзіме жау адамдар деп санадым. Қиянат - қысастығына шыдамағандыктан, әділеттіліктері болмағандыктан тамағы тоқ, көйлегі көк тергеушілердің бәрі маған жау болып көрінеді.     Сол себепті де күшім жеткенінше карсы алдымда сүзеген бұкадай жер тарпып отырған жендеттерімді ит етіндей жек көрдім. Тегінде, тірі калуымның бір себебі - осы өмір үшін, адалдык, әділдік үшін күрес болар.

  Ақыры қанша алысып, айқасқанмен ештеңе шықпады. РСФСР Қылмыстық заңының 58-тармағының 10 және 11-баптарының екінші тарауына іліктіріп, ату жазасына айыптау қорытынды шығарылды. СССР НКВД  жанындағы Айрықша кеңес сырттай үкім шығарып, тізімдегі сегіз адамның алдыңғы үшеуін атқызды. "ВМН" дейтін сақау да сұмдық үкім жазылды. Бұл үкімге қарсы шағым жазуға болмайды. "Высшая мера наказания" деп аталады. Тізім соңындағы мен тірі қалдым. Үкім шығаруда да орта есеп, процент болса керек. Міне, осындай      қатаң қиянат тергеуде, сұрапыл қысым, қорлықта күніне бірнеше рет сұрақ-жауап жазылады. Тергеушілер өздері жазса да, көңілдеріне қонбаған соң қағазды быт-шыт жыртады да, "Бізге керегі, партияға керегі бұл емес. Бізді    бүйтіп алдама! Қылмысың бізге белгілі. Сен Отанға опасыз жаусың, сатқынсың, троцкийшіл гитлершілсің!"-деп бетіме лақтырады. Шашылған қағазды қайтадан жиып алып, түкірінетін-қақырынатын түкіргіштеріне тастай салады.

  Міне, осындай арпалыс, алыс-жұлыс үстінде тұтқын ұйқыдан әбден қалжырайды, есеңгірейді. Қалғып-шұлғып бара жатса, тергеушілер ес кіргізеді. Сондай шақта адам нелер өтірікті мойындайды. Бір күн де болса тыныштық іздейді. Көз іліп, бір мызғып алғысы келеді. Мұндайда тас камера оған мейманханадай, курорттай көрінеді. Осын­дай есеңгіреген шақта тұтқын өзінен мықтап айып, кінә, қылмыс іздейді. "Шпионмын зиянкеспін фашиспін", - деп  сандырақтайды.

  Жеке таныстығым жоқ. Тек сырттай ғана білемін -дедім.
Оның Мағжанды жоқтап жүргенін білесің бе?
Онысын, да естіп жүрмін.
Ендеше, осы Махмудов жолдас осы съезде сөйлегісі келеді. Мағжанды жарыққа шығаруды айтқысы келеді. Әне, әркімге барып, сөз сұрап жүгіріп жүр. Оған сөз беретін емес. Сен сөз сұра. Өзіңнің жұмысың жайлы сөйлейтіндей сөз сұрасаң, саған облыстан келген кісіге береді ғой. Әуелі жергілікті жазушылардың жұмысы жайлы бірдеңе айтқан болып,сонсоң мына Махмудов баяғы ұлтшыл Мағжанды жоқтап жүр. Алашордашыларды тірілткісі келеді деп соған тиісіп, қатты сына. Сонсоң саған жауап қайтару үшін оған сөз береді, -деді жолдасым.

  - Өй, денің дұрыс па? Ағамызды өзім жоқтап жүргенде, әрі баяғыда осы кісілер үшін айыпталып, абақты азабын тартып келіп, енді Махмудовқа сөз әперем деп, көптің көзінше жексұрын болар жайым жоқ. Бүйтіп арандатпа. Кейін қай жұртқа мен осылай айламен Махмұдовты сынап едім деп түсіндіре аламын? Олай Мағжанды жоқтағанын құрысын! Мағжанның да, өзгелердің де ертең-ақ жарқ етіп жарыққа шығатынына көзім жетеді. Танымайтын кісіге бұлайша тиісуің, жұртқа жаманатты болуың өлім емес пе? Мағжан әзірше ананың ішінде жатқан шемен. Ананың ішінде айынан асып кешігіп туған баланы қазақ шемен, қатпа бала дейтін. Біздің Мағжан ағаларымыз да кешіккенімен, ертең осындай шемен бала болып туып, уыз емген соң, жетіліп-ақ кетеді. Бұлардың күні туады. Бұлар қара тасты қақ жарып шығатын көктемнің гүліндей-ақ әлі ертең-ақ көздің құртын алады. Бүйтіп жаманатты болып, Мағжанға септік тигізбей- ақ қояйын! Өйтіп жұртқа мазақ болғанша, жанымды күтіп жай жүрейін, - деп әлгі жайсыз ұсыныстан ат-тонымды ала қаштым.

  Міне, осыдан кейін М.Жұмабаев жайлы Уфадан келген хат-мақаланың қағаз бетіне түсуі осы кездің бір әсері мен сілемі еді. Бұрын да әртүрлі алып-қашты сөз, сыбыс, ызың құлаққа тие беруші еді. "Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды" дейтін мәтел бар. Кейін Башқұрт жеріндегі "Яктикөл" - "Светлое озеро" дейтін санаторийде демалғанымда, курортқа ойын-сауық көрсетуге келген сахна шеберлеріне, қайсыбір оқымыстыларына, үгітшілеріне кездестім. Осылардың көбісі-ақ өз еліндегі, өз жеріндегі оқиғаларды, әсіресе, отыз жетінші жылдардың аласапыранын дәл біздегідей ауыздарына ала берді. Осының бәрінде де Сәйфи ақсақалдың есімі жиі аталды. Әлбетте, біреу біліп айтады, енді біреу сырттай жорамалдай салады. Өткендегі қалай болғанымен С.Құдаш ағамыздың қазақтың ғажап ақыны Мағжанды жоқтаған сүбелі де іргелі еңбекке қол қоюын елемей өту орынсыз болар.

                                                                    
                                                                                                                                   

СУРЕТТЕ: Мағжан Жұмабаев Ташкентте (бірінші қатарда сол жақтан екінші).

  Шәкәрім, Мағжан Ахмет, Жүсіпбек жоғалып табылған алтын кездіктей, тот баспай жарқырап, халқының қолына қайта түсті. Асыл тас топырақта қанша жатса да, оған кіршік тұрмайды. Тастың асылдығы күннің көзіне, от-жалынына ұстап көргенде бірден белгілі болады. Ол жарқ етіп күнге, отқа шағылады. Мағжан ақынның да бұдан көп жыл бұрынғы өлеңдері біздің көзімізге осы асыл тастай жарқырап көрініп тұр. Тек ұзақ та азапты жолдан көп жапа шегіп, Мағжанның мұрасы көп жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, көп жапа шегіп келді. Ақын нелер ой-жоспарларын сыртқа шығара алмай, оның ішінде кетті. Ақын ғалым Мағжан жақсы жағдайда қалыпты еңбек етсе, халқымыздың рухани байлығын толтырып, кемересінен асыратын білімпаз, өнерпаз адам еді. Сыртқа шығарған еңбектерінің өздерінің де көбісі жан-жақта аяқ асты шашылып, ит-құсқа жем болып кетті, абақты отына жағылды. Бұл ағаларымыз, әлі де ауызға алына қоймаған өзге де бірқатар қоғам қайраткерлеріміз, әдебиетшілеріміз жемісі төгілген мәуелі ағаш еді. Тек жемістері ұзақ жолда көп кейістік көрдік, лай суда көп малтықтық, шалшықтан көпке дейін өте алмадық. Ақыры еңбек жанды, уақыт жеңді. Орнында бар оңалып та жатыр... 

  Жөні келгенде айта кетейін, біз Омбыда Сәкен, Нығмет, Мағжан қазақтың өзге де бір топ таланты жастары оныншы жылдарда оқыған бұрынғы оқытушылар семинариясының үйін жақсы білеміз. Бұл оқу орны XIX ғасырдың жетпісінші жылдары ашылған. Ол тұста оны Сібір университеті деп те атаған. Омбы қаласының Декабристер көшесіндегі екі қабат қызыл кірпіш үйде қазір байланыс құралдары училищесі бар. Мұнда Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің ұсынысы бойынша, 1967 жылы С.Сейфуллин мен Н.Нұрмақовқа мәрмәр тастан ескерткіш тақта орнатылды. Мен осы салтанатты рәсімге қатысып, Қазақстан жұртшылығы атынан омбылық достарға алғыс айттым. Семинария үйінің үшінші қабаты қазір шағын кинозал болыпты. Ол бұрын ғибадатхана болып саналыпты. Мұнда христиан діні сабағы оқытылыпты. Бұл діни-тәңірі заң- қағида дәрісінен мұсылман дініндегі қазақ балалары бос, салауат болыпты. Бірақ олар бұл сағаттарда оқу орнынан ұзап ешқайда кетуге тиіс емес екен. Содан әлгі ғибадатхана қабатының кішкене ғана сыртқы ауыз бөлмесі босағасында тапжылмай отыратын көрінеді. Міне, Сәкен мен Мағжанның Омбыдағы алғашқы жастық шақтағы біраз өлеңдері осы есік көзінде, осы оқу орнының астыңғы қабатындағы жатақханада жазылыпты. Мұны біздің осы ағаларымызбен сол тұста бірге оқыған Омбының ауыл шаруашылық институтында көп жыл доцент болған, марқұм К. В. Иванов бізге кезінде егжей-тегжейлі айтып берді. Ол, тіпті, Мағжан туралы естелікте жазған еді.

  Омбының орталық Ленин көшесінде, бір кезде Ш.Уәлиханов оқыған кадет корпусына таяу жерде қазір "Сібір" атты мейманхана бар. Бұл ертеден келе жатқан қонақүйі болса керек. Осының астында қазір шағын ресторан бар. Оны Мағжандардың тұсында "Алтын мүйіз" ("Золотой рог") деп атапты. СССР Географиялық қоғамының өзімді бір салтанатты жиынында мүшелікке алған жиналыстарына жиі барып жүрдім. Мағжанның шығармалары ішінде дастан да, баллада да деп айтуға болатын "Алтын мүйіз" атты көлемді өлеңі бар. Ақын осы туындысында өз тұсында Омбының қыздар семинариясында оқыған Әмина Кемелова құрбысына әзіл-қалжың, сықақ айтады. Әмина апай осы беріде Алматыда қайтыс болды. Мағжан сұлу құрбысын "Алтын мүйіз" ресторанында орыстың Соловьев балуанының қасынан көретінін әзілдейді. Беріде Әмина апаймен көп әңгімелестім. Ол кісі жұрт көзінше Мағжанды көрсеқызар, әйел құмар деп ұнатпай отыратын еді. Бірақ оңаша сөйлесе келгенде, Мағжанды жек көрмейтінін тіпті, бір бауырсақты екеуі бөле жеп, бір шумақ өлеңнің екі жолын Мағжан шығарса, қалған екі жолын Әмина өзі қосады екен. Жүре келе Әмина Мағжанның жолдасы, көкшетаулық, өз кезінің белгілі математигі Кемеловке тұрмысқа шығыпты. Әминаның өз айтуынша, ері сонда: "Апыр-ай, саған үйленем деп, бір жақсы жолдасымнан айырылып қалмасам жарар еді", - депті. Онысы - Мағжан екен. Кемелов математикадан Семейдегі әуелі С.Сейфуллиннің есімі, кейін Н.К.Крупская аты қойылған педагогика институтында ұстаз болып жүргенде, "халық жауы" аталып, ұсталып кетіпті.

  Омбыда болған сайын әлгі бұрынғы "Алтын мүйіз" ресторанына көп барамын. Шағын, күңгірт зал. Жұрт мұнда көбіне салқын сыра ішуге келеді. Қазір мұны ресторан деуден гөрі сырахана деуге де болады. Бұл үйдің дәл қай жылы салынғанын білмеймін. Бұрынғы Батыс Сібір генерал-губернаторы үйінің, қазіргі өлкетану музейінің дәл қарама-қарсысында тұрған ескі үйдің өткен ғасырда салынуы ғажап емес. Олай болса, бұл "Алтын мүйізде" біздің Шоқанымыздың да болуы ғажап емес. Ал мұнда алғашқы советтік ақындарымыз Сәкен мен Мағжанның жиі болуы хақ. Сол себепті де осы сырахана-ресторанға кіргенде, әрдайым бір коңыр салқын шағын залдың әр мүйісінде сыра ішіп, көп отырамын. Сонда көзімді жан-жағыма салып, Мағжан ағамыз, Сәкеніміз осынау бір мүйісте, әлде ана бір ортада отырған шығар деп көңіліммен, көзіммен солардың бір кезде отырып кеткен орындарын көздері түскен қабырғаларын көңіліммен көп шоламын. Өткендегі естеліктің, ескі мұралардың, айғақты заттардың осындай бір ой, бой толқытатын кезеңдері болады.

  Мағжанның қысқа өмірі ішінде тұрған, оқыған азды-көпті қызмет істеген, барған қалалары, аймақтары онша көп емес. Оның тұсында өмірдің өрісі онша кең бола қойған жоқ. Ақынның тұрған оқыған қызмет еткен қалалары Омбы, Қызылжар, Уфа, Қазан, Ташкент, Орынбор, Қызылорда, Пішпек, Көкшетау, Бурабай, Алматы, Москва... Одан кейін тұтқындалған кезде, бірқатар жы теріскейде, Карелия, Мурманск жақтағы суық аймақта азап шегіп жүрді. Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде Кызылжар - Петропавлда шығатын Ақмола губерниялық "Бостандық туы" (қазіргі "Ленин туы") атты газетінде біраз уақыт қызмет істейді Одан кейін Ташкентте, Москвада баспа маңында қызметте болады. Мағжан – жалпы айтарлықтай жауапты қоғамдық, саяси жұмыста бола қоймаған адам. Революцияның алғашқы отты, дауылды, аласапыран жылдарында ұлт-азаттық ұранымен құрылған "Алашорда" ұйымының тізіміне ілігіп, Мағжан соның болашақ оқу-ағарту ісін басқарушылардың бірі қатарына қосылады. Не ұйымдық, не саяси негізі жоқ алашорда көпке бармай, таратылады. Оның басшыларына, мүшелеріне көп кешікпей Бүкілроссиялық Орталық атқару комитеті 1919 жылы кешірім-амнистия жасайды. Содан оның жетекшілері - қазақ халқының алғашқы оқыған бір топ көрнекті адамдары тікелей совет құрылысы жолына түсіп, 1920 жылғы құрылған Советтік Қазақстан 1918 жылы құрылған Советтік Түркістан республикаларының оқу-ағарту, әдебиет, мәдениет, тіл ғылымы салаларында жемісті еңбек етіп кете барады.

  Бірақ сонда да Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов тәрізді ақын - жазушылар, ғалымдар біздің бірқатар ұшқалақ, солақай сыншылардың қаламына алаш ақын-жазушылары деп жиі іліге берді. Содан да жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде бұрын алашордашылар деп аталған бір топ оқымыстыларымыз, әдебиетшілеріміз, атап айтқанда, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және басқа да бір топ көрнекті қайраткерлер тұтқынға алынады. Қазақстанда болған ашаршылыққа, шаруаларды зорлық - зомбылықпен жаппай колхоздастырудың салдарынан туған қиыншылыққа, жан-жаққа тараған көшпенділікке осы ақын-жазушыларды кінәлайды. Қазақстанды басқарған әйгілі асыра сілтеуші Ф. Голощекин шала белсенділерге дем беріп, республикамыздағы ақсүйек алапат жұтты әлгі бұрынғы алашордашылардың қырсығы деп айғайлап бақты...

  Белгілі жазушымыз Сәбит Мұқановтың аузынан әр кездерде естіген, қойын кітапшама түртіп алған көп сөздерінен азды-көпті деректер келтірейін.

  Мағжанның ақындығы да, кісілігі де ерекше, бөлек еді, - дейді өзінің көңілді кезіндегі көп әңгімелерінің бірінде Сәбит ағамыз. - Тек ақындық жолы бізден бұрысырақ бағытта болды да, кейін оның аты аталмай қалды. Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді, қалтқысыз жан еді. Ол әуелде, маған Омбыда ұстаз да болған. Білімді, алғыр, ойшыл орысшаға, Шығыс тілдеріне ерекше жетік-ті. Пушкин Лермонтов поэмаларын бастан-аяқ жатқа айтатын. Орыс тілі оқытушыларына орыс әдебиетінен сабақ беруші еді. Тек біз идеялық жағынан келіспедік. Мағжан бізге көп ретте қарсы шықты. Шын мәнінде қарсы ма, жоқ па, оншасын бүгін кесіп айту қиын. Әйтеуір, оның шығармалары жиырмасыншы жылдары бізге жат болып көрінді. Ол советтік дәуірді, оның табыстарын жырламады, ескіні, байшылдықты, ұлтты көкседі. Көпке дейін қазақ ауылындағы тап тартысын бай-кедейдің жігін мойындағысы келмеді. Ол орыс халқының ұлы ақын-жазушыларын құрмет тұтты. Оларды қазақшаға аударды. Бұл ойымның көбісін өз еңбектерімде жаздым да. Ал Мағжанның жеке өз басының кісілігінде, адамға, жолдастарға қалтқысыз қарым-қатынасында зәредей қалытқы жоқ-ты. Ақындық өнеріне, біліміне келсек, Алаштың екі күшті адамының бірі, тіпті, ең дарындысы, күштісі Мағжан болатын. Бірі біздің осы күнгі Мұхтар Әуезов еді.

  Мен Мағжанға 1932-33 жылдары Москвада оқуда жүргенімде, ГПУ-ден рұқсат алып, оған лагерьге, Мурманск жағына хат жазып жібердім. "Коммунистік партия сені тәрбиелейді, сен айып-кінәң үшін жазаңды тарттың. Енді бетіңді бізге бұрып, еліңе, халқына адал еңбек ететін бол! Біз сені сыртқа теппейміз", - деп жаздым. Хатымды Москва ГПУ-і арқылы жібердім. Мағжан Мурманск жағынан лагерьден Қызылжарға қайтып келген соң, бізге Алматыға хат салды. Сауатты, білімді адам ғой, лагерьде фельдшер болып жүріпті. Мен Жазушылар одағының бастығы болатынмын бұл - 1936 жыл еді.

  Сол кездегі республика басшылары Л. Мирзоян, О. Исаев, С. Нұрпейісов жолдастарға барып, Мағжанды 1936 жылы Алматыға шақырттық. Келді. Телеграмма беріпті. Мен оны вокзалдан қарсы алдым. Қонақүйінен орын алып қойғамыз. Мағжан маған: "Сәбитжан, сен мені мейманханаға апарма, әуелі Сәкеннің үйіне апар", - деді. Үн-түнсіз барсам қолайсыз болар деп, Сәкенге телефон соқтым. Сәкен "келсін" деді. Алып бардым. Мағжан Сәкеннен кешірім сұрады. Сәкен: "Саған бәрі де кешірілді, бізден енді кешірім сұрама", - деп жақсылап құшақ жая қарсы алып, қонақасы берді. Ақшалай да көп көмек көрсетті. Біз Мағжанға Алматының Өзбек көшесінен екі белме пәтер әпердік. Ол кезде жаңа үйлер салынбайтын ғой. Әйтеуір, үкіметтің көмегімен үй таптық, қызметке орналастырдық.

  Сәкеннің оған "кештік" деуінің мәні бар. Бұл екі ақын Омбыда бірге оқығанда да, кейін де бір-біріне кекесін өлең жазысқан, тіпті, бір-бірінің әдеби жолық еңбектерін ұнатпаған кездері де болған. Бәлкім, іштей бір-біріне елеулі өкпе-наздары да болуы керек. Мұның ішінде мен өзім де бармын. Сөзіміз, сынымыз Мағжанға қаттырақ тиген, тым асып та кеткен кездеріміз де болған ғой. Сіздер білсеңіздер, Мағжанның "Терезеден қараймын, қарындашты жалаймын Фэттен ептеп ұрлаймын", - дейтін жолдары Сәкенге айтылған ғой. Ал Сәкеннің де "Ұлтшылдың сандырағы" деп аталған өлеңі, оның ішінде "дай, Компрес", - деп келетін сөздері осы Мағжан құрбысына айтылған сөз ғой. Ол ол ма, бұл күнде жасыратын ештеңесі жоқ, Мағжанның "Кинематограф" дейтін өз құрбыларына жазған кекесін қалжың, әзіл сөздерінің бірінде Сәкенді тым қаттырақ түйреп кеткен. Мұнда "Фуллин Сәкен, кекең-кекең футурист", -дей келіп, тілі өткір Мағжан тым қаттырақ кеткен. Сөйте тұрса да, бір кезде өзі де Колчактың "азап вагонында" азап шеккен тұтқынның, түрменің не екенін білетін Сәкен Мағжанға: "Сенің кінәң кешілді", - деуі шын көңілден айтылған сөз еді. Мағжан жоғарыдағы әзіл-қалжың, кекесін суреттемесінде өз тұстастарының, өзінің алды-артындағы оқыған білікті қазақ азаматтарының бәрін солардың өздерінің мінезіне, қылығына, қызметіне, өнеріне, жеке бір ерекшеліктеріне қарай бір-бір ауыз сөзбен суреттеп баққан ғой.

  Мағжанды Алматыға шақыруға үкімет басшыларынан рұқсат алдық, бірақ қашаннан сақ келетін Қазақстан Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев жолдас: "Әзір Мағжанның өлеңдерін баспай қоя тұрыңыздар, жұмыс беріп, аударма жасата тұрыңыздар", - деп еді. Біз Мағжанға кітап аудартқыздық. Л.Фейхтвангердің "Семья Оппенгейма" романын аударттырдық. Бұл фашизмге қарсы жазылған сол кездегі ең күшті шығарма болатын Баспадан көп ақша бергіздік. Әрі тез, әрі өте жақсы, жатық аударды. Әдебиетке қарая қоймаған, қаламы да мұқала қоймаған екен. Бұл кісі аудармаға әуел бастан-ақ өте шебер еді ғой. Ол - орыс тіліне де, өз тіліне де жетік адам. Шынында, біздің қазақ әдебиетінде аударма өнерін көп жұрттан бұрын бастаған Мағжан болатын. Тек неміс жазушысының әлгі күрделі кітабы баспа бетін қазақша көре алмай қалды. Менің 1937 жылы күз көп айғайда партиядан шығып қалуыма, сөйтіп, үш-төрт жыл бойы партия қатарынан тысқары жүруіме Мағжанды Алматыға шақыртуым басты себеп болды. Екінші себеп: Сәкенге ертеден жақын жүруім болды. Газеттерге үстімнен Мағжанды, Сәкенді қолдады деп мақалалар жазылып жатты, партия ұйымдарына арыз қаптап түсіп жатты. Сол тұста Мағжан әлдеқалай көшеде кездесіп, маған "Сәбит қарағым, менің сіздерге қырсығым тиді-ау! Кінәм болса кешіріңіз. Заман өзі не болып барады. Енді қайтып көреміз бе, көрмейміз бе", - деп қош айтысып, кешірім сұрады.

  Бұл байғұстың не кінәсы бар? Бар жазығы шалғайдағы лагерьде алты-жеті жыл отырып шыққаны, елім, жұрттым деп жаны қалмай өлең жазғаны. Иә, оның маған ешбір жазығы жоқ. Менің бар кінәм - Мағжанды Қызылжардан шақыртып алдыруым. Ол менің екі туып, бір қалғаным емес. Біз оның адамгершілігін, ақындығын сыйладық, қазақ әдебиетінің қамын ойладық. Түбі мұндай қырсыққа ұшыраймыз деп әсте ойлағанымыз жоқ. Мағжан жан-жақты жазушы еді ғой. Ол берірек келгенде, отыздың үстіне шығып тоқтаса бастағанда, орыстың ұлы ақыны Пушкин сықылды ертегі де жаза бастаған еді. Оның "Өтірік ертегісі", "Шын ертегісі" ақынның отызға келген тұста жазған еңбектері еді. Мағжанның бір ғажап ертегісін осы беріде газеттен көшіріп алдым. Тек оның "Қорқыты"сақталмады білем. Шығаратын болсақ, Мағжанда жарық көретін өлеңдер, ертегілер, дастандар, әңгімелер, мақалалар көп қой, - деп Сәбит ағамыз осы бір шешіле, ағытыла айтқан әңгімесін Алматының бұрынғы, ескі Үкімет үйі алдындағы, одан кейін Комсомол көшесі бойына салынған жаңа Үкімет үйі арасындағы әдемі мәуелі ағаштың Киров көшесі бетіндегі орындықта отырып, жаздың бір көңілді кезінде айтқанда, біздің қасымызда ақын С. Мәуленовте бар еді...

  - Мағжанды 1936 жылы ақын анамыз Аймангүл үйге қонаққа шақыртты, - дейді Әбділда Тәжібаев. - Мағжан ағаңнан бата ал! Елге аман оралғанына құтты болсын айтайық. Ақсарбас сойғызып, қонақасы берейік, - деді қадірлі анамыз. Шақырдық, сыйладық, құттықтадық. Менің атымды Мағжан ылғи Абдолла деп атап отырды. Әлі ешқайда жарияланбаған он жеті өлеңі бар екен, ішінде орысша жазғандары да бар. Бұл кісі орысша да өлең жаза алады екен. Бір өлеңін ақын партияға арнапты. Мирзоян жолдас атына жазыпты. Жамбылға арнаған да өлеңі бар екен. Мақаң маған үйде отырып: "Қарағым, Абдолла, осы өлеңдерімді сен алшы", - деді. "Ойбай, Мақа-ау, Сәкен, Сәбит, Ілияс, Мұқтар, Ғабит құрбы-құрдастарыңыз, өкшелес інілеріңіз тұрғанда, маған сіздің өлеңіңізді алу ұят қой", - деп әдептілік көрсеттім. Кейін бұдан бір пәле келе қояды деген ойым болған жоқ. Ол күндері дәл отыз жетінші жылғыдай үрей-қорқыныш туа қойған жоқ еді. Шыным - ұялдым. Ол кезде біз өзімізді әлі бас емес, жаспыз деп ойлайтынбыз ғой.

  Ақыры, Мағжанның сол өлеңдері ешқайда сақталмапты. Пәле менің өз басыма 1937 жылы Мағжансыз-ақ келді. Мені шырылдатып комсомолдан шығарды, тіпті, қазақ театрының жазғы залында қалалық комсомол активінің жиналысынан маған саяси сенімсіздік жариялап, тапа тал түсте қалың көптің ортасынан қуып та шыққанын өзің білесің. Екінші бір пәле өзің білетін әдебиетші Рақым Уәлиахметов болды. Ә.Қонырбаевты менің жерлесім деп айтулары сөзге сыяды. Ал Рақым Көкшетаудың жігіті. Оны байдың баласы деп айыптады. Мені сонымен де дос болды десті. Тіпті, мен оның мінезін менменсінген өр көкірек қылығын жақтырмайтын да едім. Сонда да пәле қайдан дерің бар ма, мені Рақымға да қосақтады. Қалалық комсомол активі жиналысынан шығарып жібергеннен кейін, ертеңінде мені өзіміздің одақта комсомол қатарынан да шығарды. Баспаның директоры, бұрынғы басшы партия қызметкері Қ. Жүсіпбеков, партия ұйымының секретары Қ. Әбдіқадыров, П. Кузнецов сықылды комсомолдан баяғыда қол үзген адамдар шығарды мені. Әр заманда бір сұрқылтай деген ғой...

  - Мағжанды мен ең алғаш рет 1928 жылы Бурабайда көрдім, - дейді Ғабит Мүсірепов. - Әрине, Мағжанның атағын ертеден естігенмін. Өлеңдерін де қызығып оқитынбыз. Омбыда ауыл шаруашылық институтында оқып жүр едім, өз еліме Қызылжарға демалысқа келдім. Мұнда Ақмола губерниялық партия комитетінің секретары Садықбек Сапарбеков мені губкомға шақырып алып, орыс тілінен "Американың ақ бидайы" дейтін бір мақаланы қазақшаға аудартты. Бұл кезде "Тулаған толқында" дейтін повесімді жазып бітірген едім. Садықбек әрі шығармамды, әрі аудармамды оқып: "Ғабит, сен енді оқуға бармай-ақ қой. Оқығанды қайтесің! Онсыз да жазушы болып тұр екенсің, Бурабайға барып, сондағы Мағжанның орнына орман шаруашылығы техникумында оқытушы бол", - деді. Бурабайға келдім. Мағжанды осында бірінші рет көрдім. Ол өзінің пәтерін маған беріп, Қызылжарға кетті. Сонда барып совпартшколда сабақ берді.

  1936-1937 жылдары мен Қазақстан Орталық партия комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі едім. Мағжанды жұмысқа орналастырдық. Ол жұмысына құлшына кірісті. Дінге қарсы орысша бір трактат іспеттес еңбек жазып әкелді. Жұмысының өзі де дінге қарсы үгіт-насихат жүргізу еді. Мағжан христиан дінінің тарихын діннің жалпы еңбекшілерге зияндылығын жан-жақты терең көрсеткен. Ол - болса, болмаса да ісләм дінінің тарихын жақсы білетін адам. Ақынның бұл қолжазбасының сақталған-сақталмағаны белгісіз, сірә, сақталған жоқ шығар.

  Менің ойымша, Мағжан шығармаларын басуға бұл күнде совет өкіметінің еш бөгеттігі жоқ, бұлай деу бос сөз. Оның шығармаларын жарыққа шығаруға біздің өзіміздің көптен бергі бір беткей қалыптасып кеткен теріс дағдымыз, теріс көзқарасымыз, Мағжанды ұлтшыл деп жамандап қалған ескі әдетіміз бегет. Біз біреуді жамандасақ, тасқа басқан таңбадай, өмір бақи өшпейтін қара бояудай көреміз. Кейде, тіпті, қайсыбір ақындарымыздың іштей қызғаншақтығы да бөгет болып жүр. Әйтпесе, ағын ақ, қарасын кара деп бар-жоқтың жігін ашып алуымызға әбден болады. Мағжанның әйел теңдігі махаббат, табиғат жайлы, ағартушылық бағыттағы ертеректе жазған өлеңдерін мақалаларын, әңгімелерін бүгінгі әдебиетіміздің қорына қосуға әбден болады. Шынын, әділін айтсақ, біздің бірқатар ақындарымыз, әдебиет тарихын зерттеушілеріміз өздерінің өлеңдерінде, мақалаларында Мағжанның көп-көп нелер терең ойларын тіпті, жеке сөздерін былай қойғанда оның толып жатқан өлең жолдарын, шумақтарын ұрлап-жырлап пайдаланып жүр. Мағжан - сұлулықты, әсемдікті сүйген ақын. Оның ән-өлеңдерін де бірқатар композиторлар сәл өзгертіп, пайдаланып кетіп жүр. Мәселен ана радиода күнде айтылатын "Бәрінен де сәулем маған сен сұлу" дейтін ән-өлең Мағжанның шығармасы ғой. - Ғабең осылай дей келіп, бір белгілі ақынның бірқатар өлеңдерінің жеке жолдарын - Міне, мынау Мағжанның сөздері деп жатқа айтып беріп отыр. Бірақ мен бұл сөз жолдарды жадыма онша сақтай алмай қалдым. Жалпы, сырт көзге Ғабит ағамыз байсалды, сөзге сараң, аузы берік кісі болып көрінетін. Ал әңгіме желісі өз көңіл-күйіне дөп келгенде, ағытылып та, ағынан жарылып та кететін еді. Ғабеңнің жадына берік тоқып, жасынан жаттаған өлең-хиссалары, айта берсеңіз Құран-аяттары да өте көп болатын.

  Кезінде болашақ Қазақ советтік социалистік автономиялық республикасын құруға басшылық ету жөніндегі Кирревком мүшесі ретінде В. И. Лениннің өз қолынан мандат алған сол кезде Қазақстан Орталық Атқару комитетінің екі рет мүшесі болып сайланған басшы қызметкер, оқымысты геолог әрі математик Әлімхан Ермеков: "Мағжан алғашқы эшелонға ілігіп кетті ғой, - деуші еді. - Әйтпесе, бастапқы көш басына ілікпегенде, біздің ордашылардың қатарында сотталмағанда, сіздерге, советке ең жақын да бейім тұрған осы кісі еді, - деп Әлімхан ақсақал талай айтты. Ол - Мағжанның өзімен бірге жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде тұтқынға алынған адам. Сондықтан оның сол кездегі сырын да, өткен шағында жақсы білетін адам еді. "Тоқсанның тобын" жұртқа белгілі толғау-поэмасын ол беріде, отызыншы жылға жуықтағанда, алғашқы ұсталарының алдында ғана жазған ғой. Сонысында Мағжан: "Мен тоқсанмен біргемін, анау тоғыздан аулақпын" деп, бай мен кедейдің жігін айырып, енді өзінің еңбекші халық жағына шыққанын, қалың бұқараға қосылатынын жарлы-жақыбайлар табының сөзін сөйлейтінін, совет құрылысына, коммунистік қоғамға қалтқысыз қызмет ететінін ашық айтқан еді.

  Мағжан жиырмасыншы жылдардың тым дөрекілеу, үстіртіндеу, сыңаржақты, тым солақай сынына көп ұшырап, сол жиырмасын¬шы жылдардың орта кезінен былай әдебиетке араласа алған жоқ, әлгі поэмасынан өзге келемді ештеңе де жарық көре қойған жоқ. Мағжан қазақ жазушыларының ең алды болып, Ахмет Байтұрсыновтан кейін орыс тілінен көп еңбек аударған да адам еді...".

  - Мағжан 1936 жылы Қызылжарда бір топ мұғалімдерге жаздыгүні орыс әдебиетінен сабақ берді, - деп еді Көкшетау жағының бұл күнде қайтыс болған Байқонов дейтін оқытушысы. - Күн ыстық-ақ. Қала іші қапырық. Курста көбіне орыс мұғалімдері болды. Ыстықта қалғып-шұлғып отырамыз. Ал Мағжан келіп орыс әдебиетінен лекция оқығанда, жұрттың бәрі сергіп кетеді. Үстіндегі киімі жұпыны. Сөйтсек, бұл кісі дәл сол кезде айдаудан лагерьден келген екен Мағжанды білмейтін орыс жолдастар: "Бұл кісі кім? Қайдан келген?" - деп оның лекциясына таңырқап отырады. Өйткені, ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Брюсовтың, Блоктың нелер поэмаларын, өлеңдерін әдемілеп жатқа айтады. Ұзақ шьғармалардан тиісті үзінді келтірерде, әуелі ішінен дыбысын шығарар-шығармас етіп белгілі бір ұзақ поэманың бас жағын есіне күбірлеңкіреп түсіріп алады да, айтуға керекті үзінділерін нәшіне келтіріп, жатқа шұбырта жөнеледі.
Өлеңді оқу үлгісі қандай жатық! Нелер білімді орыс мұғалімдері бастарын шайқап, сабақтан таңырқап шығады. Қалғып-шұлғу қайда, оның сөзін қызыға тыңдайды. Мағжанның лекциясынан ешкім қалмайтын...

  Мағжанға жас жағынан өкшелес, ақынның дарынын өнерін ерекше қадір тұтатын тарихшы, әдебиетші ғалым Әлкей Қақанұлы Марғұлан ағамызға бірде: "Отызыншы жылдардың бас кезінде түрмедегі, лагерьдегі тұтқындарға бостандықтағы жай адамдардың көмектесуіне, хатжазуына болатындай жағдай бар еді ғой. Әлеке, сіз сол кезде өзіңіз жақсы көретін Мағжанға қол ұшын бере алдыңыз ба?" - деп аңдаусызда бір сұрау беріп қалдым.

  Сонда Ә. Марғұлан ағамыз: "Мағжан Карелия, Мурманск жақта, қысы суық, жазы салқын, жері сызат, тіпті, тоң аймақта жүрді ғой. Аяғына сыз өтер деп Ленинградта жүргенімде аяғымдағы калошымды Мағжанға жұбайы Зылиқадан беріп жібердім", - деп мұңайып қалды. Иә, сол кезде Әлекеңнің қаражаты жоқ, өзі де бір шәт-шәлекей қырсыққа ұшырап, ауруханаға да түсіп қалып жүрген кезі екен...

  Ақынның зайыбы Зылиқаның айтуынша, Мағжанның көп өлеңдері, қолжазбалары Сасықкөл маңының көлі астында шіріп қалыпты. Енді біразы Зылиқа апай айдаудағы Мағжанға жақынырақ боламын деп Ленинградтан пәтер жалдап тұрғанда, қолды бол¬тан Зылиқа байғұс теңізден өтіп, нелер батпақ, тоң жерді белшесінен кешіп, Мағжанға талай рет барыпты. Тамақ апарып тұрған. Жалпы сонау өткендегі декабристерден бастап тұтқындағы ерлеріне, әкелеріне, аға-інілеріне өзге туыстардан гөрі әйелдердің жәрдемі көп болған ғой. Әйел заты алды-артын саясатты, ертеңгі тағдырды көп ойламай, кезжұмбайлықпен асқан ерлікке, жанын шүберекке түйіп, өзін құрбан етуден тартынбаған. Осындай батыл ештеңеден қорықпаған, жасқанбаған жары жолында жанын пида қылған әйелдердің бірі Зылиқа апай болған. Бұл айдаудағы Мағжанға күш көңіліне көп демеу болған. Түрмедегі, айдаудағы тұтқынға артынан жары іздеп келу үлкен күш, әрі қуаныш, әрі мерей.

 

  Мағжан - өз халқының өте бір дағдарыс шағында, аласапыран кезеңде, тоғыз жолдың торабында тұрған тұста, арпалысы, адасуы, асқын-тасқыны, дағдарысы, құйындай құбылмалы күндері көп кезде туған адам. Оның ақындық дарыны өткен күннен, көне емірден нәр алды. Алды оған күңгірт болды. Революциядан кейінгі жаңалыққа оның бірден ілесіп кете алмауы да содан еді. Дұрысы сырт көзге айғайлап, ұрандап, қиқулап үн қоса алмады, революцияға құр айғайшы болу ақындыққа онша бедел, мерей бола қоймаса керек. Мағжан ел көшкенде қалың шаңдақ астында адасып қалған жас төлдей жалғызсырап, алдағы тозаңы көп соқпақты, топырағы тұтқыр сүрлеудің бұрылысы, бұлтаңы көп ирек жолдың қайсысы түзу, қайсысы бұрыс екенін жете түсіне алмай, бетін қайда бурарын анық біле алмай торығып, жалғызсырай берді. Сондықтан да кейде: "Мені де, елім, әлдиле", - деп қалды. Бұл сарында ол жалғыз емес-ті. Күні өтіп бара жатқан орыс буржуазиясының, қазақтын ескішіл жер-су жағалап, тау сағалап, өз шаңырағынан өзге биік мұнара көрмеген бұрынғы күйрек, зар заман ақындарына, жырауларына қарайлайды. Түрік нәсілдес жұрттарды бірыңғай жырлау, Барак батыр, Қойлыбай бақсы, Кенесары тұсына күрсінді. Бұл күнде ақынның мұнысын біз бүтіндей теріске шығарып, cөгe де алмаймыз. Мұның бәрі қазақ елінің өз тұсының ұғымы, талап түсінігі. Ақын өз ортасынан шеттеп кете алмақ емес. "Қойлыбайдың қобызы", "Оқжетпестің қиясында", "Түркістан", "Орал", 'Пайғамбар", "Айда атыңды, Сәрсенбай" және басқа шығармалары - осы бір өткеннің көрінісі. Алайда, өз елінің өткендегі болмысын керкем әдебиетте суреттеу қай ақынның болсын мұраты, бірақ кінәсі емес. Қайта білгірлігі, азаматтығы.

   Абылай да, Кенесары да, Қойлыбай да қазақ елі үшін еткен күндердің айқын белгілері, нақты тарихы, өткен шақтың шындығы. Өзге жұрттардай қазақ халқы да өзінің белгілі бір кезеңдерін мақтан еткен жақсы деп білген адамдарын жоқтаған, солардың жолын көксеген тұстары болған. Түзу болсын, теріс болсын әр халық өз тұсының әртүрлі көрнекті адамдарын бірде мадақтап, мақтап, бірде даттап отырған ғой. Ақын Мағжанның біраз туындылары да осы шындықтың ай- насы. Мағжанды Кеңесарыны жоқтадың, өткенді көкседің деп айыптау қиын.

  Ғасырлар бойы патша отаршылығынан, азып-тозған қазақ халқын бұрынғы хандықты көксемек болсын, әлде елдің бірлігін тәуелсіздігін көздемек болсын Кенесарының қалайда қол бастап, патша үкіметіне қарсы шыққаны даусыз. Патша үкіметінен оның күші көргені де белгілі. Бурабайда "Кеңесары үңгірі" дейтін тізе бүгіп отырғанда он шақты - ақ адам сыятын бір тас үңгір бар. Аландай ғана қуыс. Қолбасы қысылғанда осы тас қуысқа тығылыпты.

   Патшашыл, отаршыл саясаттан қорлық- зорлық көрген, жапа шеккен қағажу қазақ халқын Кеңесары осы сыртқы жаудан қорғады деп білді ақын. Бұл ұғым ол тумай тұрғанда, жарты ғасыр бұрын ел құлағына, халық санасына сінген берік қағида болатын. Міне, содан да Мағжан: "Қазақта Кенекеме ер жетпейді, Көкшетауға жер жетлейді", - деп жырлаған болатын. Бұл үшін Кенесары қозғалысына арада 160 жыл өткенде, Мағжанды кінәлау, айыптау, сөгу бүгін орынсыз - ақ. Өйткені, ақын - өз тұсының өзінен бұрынғы дәуір ұғымының шежірешісі. "Жан сөзінде" ақын "Кінәні жүрекке қой, қойма маған", - деп осындайдан, бойын сезімге билеткендіктен айтқан. Өткендегі шындық, жүрек қылындағы нәзік сезім ақынның жанын билеп, оны баурап алған. Мағжанның бүгінгі күнге бағалылығы да, бүгінгі ұрпаққа түсініксіздеу көрінетіні де осынысында. Бірақ оның сырына бүгінгі ұрпақ түсіне алады. Ақын өз дәуірі ұғымының, түсінігінің айғақ куәсі.

  "Қойлыбайдың қобызындағы" ескіні көксеуді түсіндіруге де, түсінуге де әбден болады. Ақын үшін өз елінің өзіне түсінікті, өзіне лайық ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі, салты, әдет-ғұрпы, мәдениеті бар. Ол: ас беру, той жасау, балуан күрестіру, бәйгеге ат қосу, балпан басқан батырлар, екі иығынан дем алған байлар. Патша, король, князь, граф, барон, хан, шах қай елде жоқ. Бай, би, бек, ақсақал батыр, шешен, ақын, жырау, балуан, әнші, сұлу қыз, бақсы, балгep - бұрынғы қазақ елінде де беделді тұлғалар. Әр елдің, әр ауылдың көркі, тұтқасы, кіндігі, атағы осындай адамдарға тікелей байланысты болған. Цезарь, Македонский, Кир, Дарий, Шыңғыс, Темір, Наполеон, Буд¬да, Ғайса, Мухаммед...

  Өз елімізді алсақ, Абылай; Россияны алсақ, Невский, Суворов. Дүниеде атақты сиқыршылар кеп болған. Бірі - доктор Фауст, бірі - қазақтың Қойлыбай бақсысы. Қойлыбайдың сұпылап салған моласы Ұлытауда әлі тұр. Ұлытаудың басында Едіге батырдың тұлпарының бас сүйегі де қалыптымыс. Қойлыбай осы беріде болған адам. Әрідегі сиқыршы Фауст та тарихта болған адам. Ол, тіпті, университет бітірген оқымысты кісі. Қойлыбайдың топ алдынан сексеуіл сүйретіп өткен қобызын жаздың, енді осындай керемет, ғажап көрініс бұдан былай болмайды деп опық жедің деп, Мағжанды сөгу қисынсыз. Бұл - өзі сюжетті арқауы бap келісті баллада. Жоғарыда айтқанымыздай, Қойлыбай бақсының тарихта болғаны рас. Руы - қыпшақ, Қойлыбай аңызы Арқа елінде әлі де көп айтылады. Тұрған жеріне қарай болуы керек, Машан бұл бақсыны бағаналы-найман елінен депті. Алайда, Ұлытауда мекендеген найман жұрты Қойлыбайдың руын қыпшақ деп атайды. Бұл ретте бағаналы найманның мәтелдері де бар. Қойлыбай - Европаның білімді доктор Фаустындай университетте оқымаса да, ол да сондай табиғатында, жаратылысында ерекшелігі бар жұмбақ адам. Мұндай керемет бақсыларды Ш. Уәлиханов та кезінде жазып кеткен болатын.

  Сырт көзге Мағжанды нәсілдік әлде нәсілшілдік деп айтуға келерліктей ақынның "Түркістан" поэмасына да тоқтала кетейік. Мұның желісіне де себеп, дәлел табуға әбден болады. Азияның нелер атақты ғалымдарын ақын дұрыс бағалай білген. Мысалы, ақынның Ибн Сина Әбуғали туралы "Молдығы білімінің сиқыр дерлік, дүниеге мұндай адам туды ма әлі?" немесе "Сырласқан үйде отырып аспан көкпен білгіш аз жеткен жүйрік Ұлықбекке", - деуі асыра айту да, әсірелеу де емес.

  Ақын мұнда Орта Азия алабының табиғи ерекшеліктерін, жер-су қасиеттерін, көне мәдениетін, көрнекті қайраткерлерін, ғалымдарын, қолбасыларын суреттейді. Бірақ ол мұны баяндағанда, Орта Азия атырабын, туркі нәсілдес жұртты мадақтағанда дуниежүзінің өзге халықтарын әсте кемітпейді.

  Қазақ еліне: "Далада жайылудың мәні қалай, біле білсең, Тұран да сенің елің, сенің бесігің", - дейді ақын. Туран - көне мәдениет бесігі, сәулет өнерінің кең сарай-көрінісі. Нелер ұлы ақындар ордасы. Патша үкіметі кең даланы отарлап алғаннан былай мәдениетін, тілін жоғалтып, өшіп-сөніп барады, көне мәдениетің жойылмайтын тұтас ел бол десе, ақынның мұнысы қаншалықты сөкет?

  Оның алдында "Мыс салт атты" тәрізді әйгілі дастандар жазған ақындар да тұр. Расында да, қазақ халқының өткендегі тарихы, тағдыры, мәдениеті Тұранмен ұштасып жатыр. Бабаң, атаң бейіті сонда жатыр дейді ақын. Бұл керітартпалық па, білгендік пе, түсінбеушілік пе? Мұны кәрі тарих болашақта өзі талдап шешеді. Қалайда Мағжан - өз тілін, ел дінін, мәдениетін, тарихын, жер-суын жетік білетін ақын. Тұран еліне ертеде гректер де, арабтар да, түріктер де, моңғолдар да, қытайлықтар да, кейін келе орыс патшасы да көп шабуылдады. Осының бәрі бұл елдің өмірін, тіршілігін қиындатты. Сондықтан да Мағжан ақын осынау бір кең атыраптың өткеніне көбірек үңілді. Содан да кейде ол журек сезіміне беріліл, өз елі-жұртының бетін осы аймаққа бұра берді. Мұны адасу десеңіз де, түсінбеушілік десеңіз де оқушының өз сынына береміз. "Тұлпар да көксемей ме туған жерін", - деп Мағжанның бір нәсілдес жұрттардың мүдде-муңын айтуы көп заманнан бергі торығудан болар.

  Біз Мағжанның ең бір талас тудыратын, бірқатар сыншыларға күдік келтіретін шығармаларына көбірек тоқталып отырмыз. Сондықтан да, "Оқжетпестің қиясында" атты белгілі туындысына тағы да қайта бір оралғымыз келеді. Мағжан тумастан 50-60 жыл бұрын қалыптасқан қазақ халқының ұғым-түсінігі осы "Оқжетпестің қиясында" едәуір айтылып қалады. Бурабайдың Оқжетпес шыңы басында ақсақалды аппақ қарт тұр. Төменде Кенесары, бұлтқа оранғандай аппақ қарт оған бата береді. Қазақтың ендігі ханы да, қарасы да сенсің, еліңді сыртқы жаудан қорға деп тұр. Мағжан елдің шын мүддесін қорғасын-қорғамасын, әйтеуір, ереуілдеп атқа мінген Кенесарыны бір төбе көреді, ал қазақ елі ішіндегі патша укіметіне сатылғақ шен-шекпенге қызыққан мансапқор байларды, ел-жұртының қамын ойламаған жуан қарындарды бір бөлек алады. Содан да ол: "Уа, ана Уәли жүр ғой, қар қатынмен басы қатқан Шормандай шолтаңдаған шолақ билер, орыстың шекпеніне жерін сатқан",- деп тұр.

  Жерін сатып, патшаның шен-шекпенін алған Шорман тұқымынан гөрі, соңына көп халықты ерткен Кенесарыны мансапқор байлардан артық көреді. Бұл үшін Мағжанды сөгуге болмайды.

  Қазақ халқының өткен ғасырда оқыған білімді бір адамы Бақытжан Қаратаев патшалық думада сөз сейлегені мәлім. Оның бұл сөзі Мағжанның 1920 жылы жазған "Оқжетпестің қиясында" атты өлеңінен он шақты-ақ жыл бұрын айтылған-ды. Б. Қаратаев думаның мүшесі ретінде патша укіметіне: "Сіздер Россияның 130 мың помещигінің мүддесін көздеп, қазақ даласына орыс хал- қының қара шекпендерін әдейі зорлықпен көшіріп отырсыздар. Қара шекпендерге өз елінен жер берместің айласы бұл", -деп еді.

  Б. Қаратаевтың бұл сөзін В.И.Ленин кезінде-ақ дұрыс деп қолдаған болатын. Орал облысының депутаты В. Қаратаев: "Қазақ халқы көше-көше енді көшіп баратын жері қалған жоқ", -дел Столыпин үкіметінің отаршыл саясатын сөкті. Расында да, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас кезінде орыс патшасы ғасырлар бойы құл болып келген басыбайлыларға өзінше бостандық, еркіндік бергенде, оларға жер бере қойған жоқ еді. Жері жоқ, басында теңдігі жоқ мұжық, қарашекпенді бара-бара Россиядан шет аймақтарға, оның ішінде қазақ даласына жылдан-жылға кешіріліп жатты. Қазақ елінің шұрайлы жерлерін өзен-көлдерін орман-тоғайларын жұрттың көздерін бақырайтып қойып кесіп алып отырды. Столыпиннің осы зорлығының белгісі ретінде соқа салып, боразда тартып кесіп алған жерлердің бұрыштарына орнатылған қара ала діңгектер жұрттың үрейін алып, Қазақстанның солтүстік аймақтарында кешегі отызыншы жылдарға дейін тұрды. Осыны көрген осы тарихты білген, өз халқының мұң-мұқтажын жөргектен көкірегіне тоқыған ақын бұл күнде мейлі теріс, мейлі дұрыс болсын, ел аузына іліккен халық өзінше қорғанымыз деп білген адамдарды қадір тұта жырлады да, халықтың жерін, мәйегін патша үкіметіне өздері құлшына шен-шекпенге сатқан байларын сөкті. "Оқжетпестің қиясында" атты өлеңнің түпкі тамыры осындай ұлттық, әлеуметтік топырақта жатыр. Өткендегі қазақ халқы - талай кемеңгep ақындардың айтуынша, көп оттың арасына, әсіресе, Россия және Қытай империялары арасындағы қалың екі оттың арасына түскен eл. Дәл сондай ақын Мағжан да от-өрттің арасына көп түсті. Ол өзінің өлеңдерінде осындай оттың, қара дауылдың ортасындағы көріністерді өзінше зерттеп көрді. Ескі қыстаудың көңі қалың болады. Осы күнге әлдеқалай өрт түссе, ол ұңғи-ұңғи жанып, көп жыл бойы сөнбей, бықсып жатады. Қағажу қараңғы қазақ елі ішіндегі өз төңірегін бір шыбықпен айдаған байлар, билер, атқа мінерлер осындай қалың көңді ұңғи, бықсып жанған өрттің көк түтініндей өз айнапасын тұншықтырып, тұқыртып бақты. Сондықтан да Мағжан Кенесарыны патшаның шен-шекпеніне жерін сатқан шолақ билерден артық көрді. Ата жолын қуған хандықты көксеген, сондықтан да қазақ елі ішіне сырт жұртты кіргіздіргісі келмеген, шұрайлы жерлерін атақонысын сыртқы жаулардан қорғағысы келген адамдардың бірі Кенесары еді. Мағжанға ол батыл да, батыр да болып көрінді. Кенесарының мұндай қасиеті, ерекшелігі болмаса, онда патшадан шен-шекпен ала алатын қазақ шонжарларының бірі осы Кенесары екенін Мағжан түсінді. ХІХ ғасырдың орта кезі, міне, осы тұрғыдан әлі де көп зерттеулер қажет ететін тақырып...

  Кейбір солақай сыншылар Мағжан "Қанаушы, қаналушы тапты білмеді, тап тартысын түсінбеді", - десті. Бұл - сыңаржақ пікір. Мағжан - байдың, молданың, кедейдің, жетімнің кім екенін көрген де, білген де ақын Ақынның бір өлеңінде бай, әлде болыс төрде бағланның құйрық-бауырын қос қолдап асап, майға бөгіп, кекіріп отыр. Есік көзінде сілекейі шұбырып аш, жетім бала тұр. Оның қасында құйрығын бұлғаңдатып, қыңсылап күшігі тұр. Болыстың поштабайы өзі етке то- йып болған соң, осы екеуіне бір сүйекті лақтырып жібереді. Күшік бірден бас салып, жілікті сыртқа ала қашады. Аш бала күшікті қуа жөнелді. Жылап, күшікті тепті. Жетім бала өзінің аш қалғанын аузына бір жапырақ ет тимегенін күшіктен керіп, бар шамасы келгені сол күшік болып, соны қуалап, ұрып жүр. Бар - жоқты, аш-тоқты Мағжан осылай білген.

  Мағжан өзі айтқандай, қазақ халқын әуелде бай-кедей деп екіге бөлмей, жалпылап жазды. Мұның да мәнісі бар. Бұл мәніс өте терең. Ғасырлар бойы күштілердің табан астында езіліп, қорлықта болған қазақ халқы алғашқы орыс революциясы, одан кейін Октябрь революциясы тұсында алдымен халықтың ұлттық сезімі оянып, теңдікке, азаттыққа ұмтылу тілегі алға қойылды. Бұл рухани қозғалыста қазақ халқының азды-көпті оқығандары, ауыл, тіпті, ру бас- шылары, беделді адамдары алда тұрды. Сондықтан Мағжан өзінің өлеңдерінде белгілі бір кезеңнің халық тілек-мүддесін теңдікке жету үмітін жырлады. Мұның отаршыл патша үкіметін құлатуға, орыс пролетариатының қозғалысына пәрменді көмегі болмай қалған жоқ. Мағжан - өткен ғасырда Александр Герциннің орыс патшасы отаршылдық саясатының қазақ еңбекшілерін қалай жәбірлегенін күйіне жазғанын бұл жәбір-қорлықты келешекте тарих алдында айтатын күн туатынын оқыған соны түсінген ақын. Қазақ еңбекшілерінің 1916 жылғы әйгілі ұлт-азаттық қозғалысы, осы қозғалыста ұлтына, тегіне қарамай, өз ішіндегі қа¬зақ әкімдеріне кедейлердің қарсы шығуы да, әр аймақта талай болыстарды өлтіріп жіберуі де осы козғалыстың тілегінен туған болатын.
 

 Kөп жыл тұтқында, лагерьде болған, кезінде Мағжанның алдын көрген үлгілі қазақ ұстаздарының бірі, әдебиетші, осы беріде Қарағандыда дүние салған Сәлкен Балаубаев: "Мағжан өлеңдері қазақ халқының дербес ұлт болу дәрежесіне жеткендігінің белгісі еді", - деуші еді. Осы бір пікірді дұрыс туйін бе деп ойлаймыз...

  Мағжанның өлең-сөздеріне құрылған әндер жиын-тойларда, алғашқы мектептерде ертеде көп айтылды. Әлі де айтылып жүр. Бірақ әлдекімдердің атынан, тіпті, радиода да, телевизияда да айтылып жатады. "Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін" дегендей, бұл кезінде Мағжанның өлеңдерін естіген ұрпаққа ауыр тиеді. Жазған, шығарған адамның өзі керексіз болып, өлеңі айтылғанда, ішің күйіп тұрады. Бұл да бір аулақта аты, киімі жақсы адамды өлтіріп, оның киімін киіп, атын олжалап кеткен ұры қарақшыдай көрінеді көзге. Kөп жұрт оның "Жәмила", "Сәулем, маған сен сұлу" тәрізді әндерін әлі ұмытқан жоқ. "Биік-биік, биік таудың баурында, айт бар ма екен, той бар ма екен, сұлу қыздың ауылында!" - деп те айтылатын әдемі әндер бар. Жастар айтатын тақпақ та көп. Ана сәбиін уататын бесік жыры да бар еді. Осыдан келіп өткендегі ақынның есімі осы күнгі жастардың да құлағын соңғы жылдарда селт еткізбей қоймады. Әсіресе, партиямыздың XX съезінен кейін Мағжанның есімі жұрттың құлағын курт елеңдетті. Үн шыққан жаққа, дыбыс, дауысқа, тау саласы жаңғырығына құлақ асу сөкет емес. Өз уйімізде, өз буйір-бүйрегімізде көп жыл күдік сақтап келдік. Ішті өртеген сырды сыртқа шығармау адамды сырқатқа ұшыратады.
Іштегі күйік жаман. "Ескендір Зұлқарнайынның басында мүйізі бар", - деп шаштараздың құдыққа, көлдегі қамысқа барып айтқан сөзі де, ел құлағы елу болып жұртқа жайылып кеткен деседі ескі аңызда. Мағжанның аты да, өлеңдері де іштей құса бол¬ған адамдардың аузынан шықпай, айтылмай қойған жоқ.

  Үйіміздің қараңғы-жарық бұрышында, ашық-жабық терезе, есігінде дыбыс, сыбыс, құбыжық, қорқыныш, күдік көп болды. Бұл жұртқа ауыр дерт болды. Жас баланың қараңғыда көзіне елестеген қара мысық қандай жаман! Бала елестен шошиды. Қазақтың өткендегі нелер асыл адамдарың жұрт өздері көрген-білгендерін айта алмай, шет жағалап айта қалса, қараңғыда байланған көз алдына елес берген қара мысық көрген баладай қорқып, үркіп, шошынып отыру біздің жанымызға да, тәнімізге де өрт, дерт түсірді. Терезе, есік қаққан бөгде адамның кім екенін үй иесі біліп отыруға тиіс қой. Есік қаққан, дыбыс берген, жылы лебіз білдірген жолаушыға арам ойлы ұры-қары болмаса, әркім-ақ есік ашады, көңіліне жақпаса, ұсқын-кескіні ұнамаса, сөзі кудік тудырса, оны төрге шақырмайды, ауыз үйге де кіргізбейді, есікті таре жауып алады, қайыршы болса садақа береді. Қалайда құбыжық уй сыртында қар сықырлатып, көңіл түршіктіріп, үрей алып көп жүре беруге тиіс емес еді. Осы күдіктен осындай қобалжудан айығып келеміз. Өткенге кешетініміз, кешпейтініміз, жаладан арашалап алатынымыз көп. Кекшілдіктің де шегі болмақ. Оңашада есікті іштен іліп алып, өзара кәңкілдескенше, өткендегі ақындарымыздың, ғалымдарымыздың кім екенін, халқына қандай еңбек еткенін бүгінгі жұртшылық, әсіресе, жастар дұрыс пайымдауға тиіс. Кәдеге асатын құнды орамал-жыртысын қолымызға алып, бетімізді желпиік. Жақсыда жаттық жоқ, жібек, торқа орамалды қалтамызға салып, мойнымызға орайық. Керегімізге жарамайтын, ұлбіреп тозығы жетіп тұрған бөз болса, қолымызды шағып алатын ішінде шаяны, жыланы, денеге қадалатын тікенегі ораулы ескі-құсқы жатса, оны отқа лақтырып тастай салу қиын емес. Көп жыл бойы атусті жазылып, зиянды ой-пікір оралған будақ-будақ қоқысты енді қолымызға алмай, жұрт көзінен тығулы жатқан асыл заттарды қастерлеп, қажетімізге жарата бастағанымыз үлкен бір мерей де табыс. Біз бұл ретте ескі құдықтың түбін аршып қана отырғанымыз жоқ, дәмді суы тартылмаған, тек бетінің қақпағы жабылып қана қалған, таспен мәңгі шегенделген терең құдықтың қақпағын ашып отырмыз.

  Мағжан лирикасы - жаңа жауған кіршіксіз ұлпа қарға жез сабаумен киімін сілкіп алғандай таза мұра. Біз ақынның өлеңдерін елегізіп те, елігіп те оқимыз. Біз әлі куні көбіне жыртық киімді жамап-жасқап, жыртық етікті жұлықтап киіп келдік. Қазір біз бұл уақыттан өттік. Адам қашанда жаманнан, кір-қоңнан, былғаныш-нәжістен жиіркенеді, безеді. Іске жарамсыз, татымсыз, ой толқытпайтын, бой балқытпайтын құр өлең ұйқасы, ертең ұмы- тылып қалатын айғай-ұран бұл күнде кімге дәрі?! Жыланның өзінен ысқырығы қорқы- нышты. Жаңа түсіп, шымылдық ішінде желек жамылып, көлбіреп отырған баяғының жас келініндей, жұртқа жұмбақ, әрі құбыжық көрінетіндей еді. Әркім-ақ жас келіннің бетін ашқанша асықты. Ұзақ жылдай біз Мағжанды құр әншейін құбыжық қып көрсетіп, өзімізге-өзіміз көп зиян жасадық. Оның жақсысын жасырып, тарихқа да, өсу-өркендеу жолымызға да қиянат келтірдік, ішімізге шер түсірдік, өз бойындағы ақындық дарының жүрек сырын уақыт-заман талабына лайық айтып, жазып бергені үшін, еңіреген ер ақынды сталиндік озбырлық тұста атып тастадық. Адамды, азаматты ғана емес, қайнаған, сайраған ақындықты аттық...

  He керек, халқымыздың маңдайындағы жұлдызды ұлдарын баудай қырған кесапат бізді титықтатып кетті. Мұндай маңғаз, бекзат, дегдар жандарды абақтыға қамату, олардың көзін жою Сталиннің Қазақстандағы қолшоқпары, қандыбалақ Голощекиннің тікелей қастығының зардабы болды.

  Біздің саяси, экономикалық, рухани өмірімізде қателіктер, асыра сілтеушіліктер ерекше көп болды. Соның салдарынан бұрын "Алаш" жағында болды деген ақын-жазушылар, оқымыстылар түгіл советтік социалистік жаңа құрылыстың жалынды жаршылары Сәкеннің, Ілиястің, Бейімбеттің, Ғаббастың жазықсыз жазаланып, жиырма жылдай бүкіл ұрпақтың көзінен таса болып кетуі қандай өкінішті! Бұрын жатсың, жаудың мүддесін көкседіңдер деп өздері сынаған А.Байтурсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов және басқалармен бірге қазақ совет әдебиетінің әлгі халықтың қақ ортасынан шыққан ардагерлерінің де көздерінің құрып кетуі - сол кездегі ұрпақтың жүрегіне жазылмас ауыр жара түсірді. Бұларды айтасыз, ешқандай қоғамдық, саяси іске араласпаған, ұлы Абайдың әрі інісі, әрі ең жақын шәкірті, жастайынан Абайдың ұлылығын өзінің ғажап өлеңдері арқылы күллі қазақ әулетіне таратқан орыстың ұлы ақыны Пушкиннің қара сөзбен жазылған повестерін өлеңмен аударған, өткендегі қара түнек заманның құрбаны Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың, Айсұлудың өкінішті, аянышты тағдырын жырлаған Шәкәрімнің, Шығыс поэзиясының алыбы Фердоусидің "Шахнамасын" қазақ тіліне аударған Тұрмағамбеттің, әдемі асқақ әнімен аспандағы аққуға үн қосқан Үкілі Ыбырайдың қартайған шақтарында қар- маққа, қақпанға түсуі, оққа ұшуы қандай өкінішті!

  Жоғарда айтылған ертеректе "жаңа құрылысқа жат" деп, одан кейін "халық жау- лары" деп таңба басылған көрнекті әдебиетшілердің, ғұлама ғалымдардың ешқайсысына, біздің білуімізде, ешқандай ашық сот, заңды тергеу болған жоқ. Оларға қандай нақты, не жалған айып тағылғанын былайғы жұрт білген де жоқ. Бұрынғы көшпелі, егін кәсібімен шұғылданбаған қазақ ауылдарында, жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде жаппай колхоздастыру жүргізілгенде, халықтың көпшілігінің ашаршылыққа ұшырай бастағаны, оның ақыры отызыншы жылдардың бас кезінде ауыр апат-шығынға ұшыратқаны мәлім. Осы тұста Орталықтың да, әсіресе, Қазақстанның Ф.Голощекин бастаған солақай басшыларының асыра сілтеушілігі елді әлсірете тұралатты. Осы асыра сілтеушілік салдары мен зардабынан республиканың бірсыпыра өңірлерінде, атап айтқанда, Маңғыстауда, Қызылқұмда, Қарақұмда, Шұбартауда, Шыңғыстауда, Қарқаралыда халықтың толқуы, кункөріс үшін өз ортасынан құрылған колхоздарға бұрын өздері ортақтастырған мал-мүлкін талап, тауға тығылуы, құмға сіңіп кетуі кездесті. Асыра сілтеушілер осы бір кесапат кезеңнің бүлігін қазақ елі банды болып кетті деп, тау - тасты паналап жүрген жұртты қарулы отряд шығарып, оқтың астына алды. Атақты Шәкәрім ақын да осыдан қаза тапты.

  Ол ол ма, Жетісу өңірінің тұрғындары - Қытайға, Семей, Өскемен жағының қазақтары Алтай өлкесіне, Новосибирьге, Қиыр Шығысқа көшті. Арқаның Оңтүстік беткейі Өзбекстанға, Тәжікстанға, Қырғызстанға жосыды. Атырау жағы Түркіменстанға, Еділ
бойына, Астраханьға, Саратовқа, Самараға қоныс аудардьі. Сарыарқаның солтүстік беткейі Омбыға, Түменге, Қорғанға, Челябіге жылжыды. Сөйтіп, күйзелушілікке ұшыраған көп қазақ орыс, өзбек, түркімен, тәжік, қырғыз арасында жан сақтап қалды. Жаяу-жалпы жосыған жұрттың көбісі жол-женекей үліп жатты. Осы көшпенділердің ұрпақтары әлі күнге дейін сол аймақтарды мекендеп отыр. Сол кезде Шымкентте тұратын орыс жазушысы Пантюхин "Көшпенділер" атты роман да жазды. Голощекин аштықтан жосыған қазақтарды; "Бұлар өзі қашаннан көшуге дағдыланған жұрт, сондықтан да совет өкіметінен қашып, жан-жаққа кетіп жатыр", - деп айыптады. Бұл бұл ма, ел ішінің ашаршылығын үкімет басындағы адамдарымыз қазақтың бұрынғы ұлтшыл деп аталған ақын-жазушыларына жапты. Отызыншы жылдардың бас кезіндегі асыра сілтеушіліктердің өте бір ауыры көптеген адамдарды жазықсыз жазалау болды. Қазақ елінің тып-типыл болып қалғанын айқындайтын сол кезде пайда болған "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" дейтін кекесін зілді мәтел тегін шыққан жоқ-ты...

  Орыс халқы революция кезінде, тіпті, оның алды-артында шетелдерге кеткен, қайсыбірі жас совет мемлекетіне қарсы күреске де шыққан өзінің бұрынғы бірқатар ақын-жазушыларын, ғалымдарын өнерпаздарын, суретшілерін композиторларын бүгінгі дәуірдің қатарына қосып, жаңа оқырмандарға таныстырып отыр. Шаляпин, Рах¬манинов, Цветаева, Бунин, Бальмонт, Куприн, Набоков, өз ішімізден алсақ, бұрын бай-құлақ жыршысы деп кінәлаған Клюев, совет құрылысына, революцияға қарсы ақ офицерлердің бүлігіне қатысты деп айыпталған Гумилев тәрізді ақын-жазушыларын қатарға қосты. Бұлар болмаса да, орыс халқының не өткендегі, не бүгінгі әдебиеті мен мәдениетінде онша олқылық сезілмес те еді. Әйтсе де, өзінің жекелеген ұл-қыздарын өгейсінбей, іш тартып, олардың кәделі еңбектерін жұрттың көзіне көрсетіп, онсыз да дариядай мол әдебиетіне бір тамшы болса да, септігі тиер деп қатарға қосып отыр. Бұл - ерекше үлгі. Ендеше, Ахмет, Мағжан Жүсіпбек, Шәкәрім, Міржақып сынды көрнекті қайраткерлерімізбен бірге әдебиетімізге әр дәрежеде септігі тиетін өзге де ақын- жазушыларымыздың, қоғам қайраткерлеріміздің азды- көпті еңбектерін бүгінгі әдебиетіміздің қорына қосуымыз қажет.

  Мұның бәрі біздің мәдениетіміздің мирас- қорлығы үшін керек. Совет құрылысының алғашқы жылдарындағы Сәкен, Сәбит, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар сықылды жазушыларымыздың жалынды жырлары, повестері, романдары көктен түсе қалған жоқ. Осылардың алды-артында, қатарында С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов тәрізді дарындар тұрды. С.Торайғыровтың шығармалары - бүгін халқымыздың игілігі. Ол қазақ еңбекшілерінің өмірін, әсіресе, кедей жалшылардың ауыр тіршілігін өз кезінде-ақ тамаша көрсеткен болатын. Бұл күнде Сұлтанмахмұттың атағына, абыройына ешбір көлеңке түсіріп керегі жоқ. Сөйтсе де, заман тілегіне қарай, оның өз кезінде "Алаш" ұранын көтеріп, гимн жазғаны да белгілі. Бұл оның айыбы да, кінәсі де емес. Қандай жазушының болса да, барпық шығармалары бірдей төрт аяғын тең басқан бола бермейді. Оның үстіне аумалы-төкпелі дәуірде жеке адамдар түгіл бүкіл бір қауым да теріс бағытта болып кете беретінін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

  Мағжанның ағартушылық саласындағы, әйел теңдігі, табиғат, махаббат тақыры- бындағы, сонымен бірге діншілдікке қарсы жазылған дастандарын, өлеңдерін әңгімелерін бүгінгі жұрт дәл өз тұсының көкейкесті туындысы деп қарсы алатындығында сөз жоқ. Мағжанның кейде жеке шығармаларындағы жеке бір сөздерге, жеке шумақтарға жармасушылық бар. Соның бірі қазақтың Атырау теңізі жағасындағы балықшылар өмірін көрсететін бірер сөздері.

  Мұнда ақын: "Сөйлесе сөзі орыстың төлкесі, іздегені бөлкесі, жайлағаны көлтөсі", - деп келетін сөздер. Осы өлеңдердің ішінде теңіз жағалаған балықшы қазақтардың өмірін сөз еткенде, "қалтылдаған қайығы, сіріңке қара зайыбы, жоқтықтан басқа жоқ-ау айыбы", - деп келетін жолдары сол кезде азып-тозған елдің ауыр тіршілігін нақты бейнелеу еді.

  Мағжан - ұлы Абайды бұрынғы-соңғы қазақ әдебиетшілері ішінен, А.Бөкейхановты айтпағанда, ең алдымен, жырлаған ақын. Мағжан да, Жүсіпбек те, Шәкірім де Абайды пір тұтты. Мағжан он сегіз жасқа келгенде, 1911 жылы "Атақты ақын сөзі алтын Абайға" деген өлең жазды. Ол осы өлеңінде: "Карадан кәкім болған сендей жанды, дүние қолын жайып eнді күтпес", - деп ерекше бір сәуегейлік, білгірлік болжам айтып еді. Әлі балаң, жап-жас ақынның - Абайды осылай тануы бүгін бізге зор мақтаныш. Тарихтан мәлім, осы ұлы Абайды отызыншы жылдардың бас кезіне дейін біздің нелер білгіш тарихшыларымыз, әдебиетшілеріміз ол баишыл феодалшыл ақын деп айтып та, жазып та келді. Мұның тым өрескел тұрпайы пікір екенін өмірдің өзі айқын көрсетті. Мағжанның Абайды жұрттан бұрын ерте әрі дұрыс танығаны, ерекше терең бағалағаны бізді таңдандырмай қоймайды.

  Мағжанның тілі, өлең жолдарының өлшемі кейде ескі дәстүрлі сарында, кейде мүлдем жаңа үлгіде, көбінде орыс ақындарының, Европа ақындарының сонар- соқпағында. Қалайда сыршыл, махаббат отына күйген, заманның әсерінен ескіге де бой алдырған өлімді тілесе де, ажалдан қорыққан, кейде, тіпті, торыққан шерлі ақын өзінің өлеңдерін oйға, ішкі бірлікке, мықты желіге құра білген. Оның шығармаларының желісі, бұршағы тұтас. Сөз буындары ырғақ-ұйқастық сөйлем заңдылығы - бүгінгі ақындарға көп жағынан үлгі мектеп. Оның өлеңдерінен өмірдің суреті көзіңе дәл бір мүсіндей елестеп тұрады.

  Кезінде қайта қаралмай, үстінен өңделмей, aлғaшқы жазылған қалпында қалып қойған Мағжан өлеңдерінің ақындық өнері жағынан жекелеген кемшіліктері де жоқ емес, Сөйтсе де, осы туындылардың бәрі де уақыт, дәуір белгісіндей, өмір шежіресіндей сол алғашқы қалпында оқушыға толық жетуі қажет. Мағжанның тілі зерттеуге, пайдалануға әбден тұрарлық. Әлі баспасөзі өрбімеген, Абайдьі айтпағанда, кітаби тілі әлі онша қалыптаса қоймаған халық тіршілігінің аласапыран бір кезіндегі шерлі ақынның айналасы теп-тегіс жұмыр келіп тұрған көп шығармалары өте көңіл аударарлықтай. Мағжан өлеңдерін оқығанда, әдеби тілі жетіліп қалған, сөзі мүсінді, ойы тұлғалы да іргелі халықты көз алдына келтіресің. Халықтың алтын аясынан шыққандай сөз кестесін көресің. Ақынның тіліне татар, орыс, өзбек, араб, парсы, түрік тілдерінің әсер-ықпалының онша тие қоймағандығы көрініп тұр. Осы ғасырдың бас кезінде ұлы Абайдан кейін Мағжандай ақындардың қылаң беруі, шынында да, қазақ халқының тұтас, дербес ұлт болып қалыптасқандығының бір айғағы.

  Мағжанның "Тоқсанның тобы" атты соңғы толғауындағы:
"Жырладым елді жалпылап,
Жасырман жузді жақтадым,
Тоқсанға енді тоқтадым,
Толғанып, ойлап, талқылап...
Тоқсаннан сонау он аулақ,

  Мен тоқсанмын біргемін", - деген сездері бірқатар шындықты керсетеді. Әттең, ақын өзінің бұл серт уәдесін орындауға мүмкіндік ала алмай, содан да халқының алдында толық есебін бере алмай, қапыда кетті. Алайда, қолда барға да, артта сақталған мұраға да шүкіршілік етейік. Бүгінгі ұрпақ бул ақынның, оның тұстастарының еңбектерін бір жағынан таңырқай, екінші жағынан қызыға, тіпті, күйіне, сонымен бірге сүйіне оқитындығында дау жоқ.

Жайық БЕКТҰРОВ.
1961-1986 жылдар.


 БЕКТҰРОВ Ж. Тағдыры қиын талант // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 1 ақпан. - 7 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий