Тағдырлы тұлға

5 февраля 2019 - Кабиева Р.

"Мен бүгін бой жаздым... өлкемнің көлемін

бір шолып қарадым көзімнен төгіп жас.

Қобызға қостым да ақынның өлеңін,

   Тагдырдың алдында амалсыз идім бас". Ақын, аудармашы - Хамза Абдуллиннің ұстазы Мағжан Жұмабаевқа арнаған өлеңі осылай басталады. Екеуінің өлеңдері түгіл тағдырлары да ұқсас: көрген азаптары да бір-бірінің көшірмесіндей, екі рет түрмеде тауқымет тартты. "Алашым", "елім" деп көкірегі қарс айырылған Мағжан мен Хамза ақынды сол заманда сыртқа тепкендер аз болмады. Қазақ елінің тәуелсіздігіне, жарқын болашағына шын жүректерімен сенген арыстардың есімдері ел арасына азаттықтың арайлы таңымен бірге қайта оралды. Өмірінің соңына дейін марғасқа Мағжанды пір тұтқан Хамза Абдуллиннің туғанына 10 ақпан күні 100 жыл толады. Осыған орай онымен аралас-құралас болғандардың бірі - еңбек ардагері, Мағжан Жұмабаев ауданының құрметті азаматы Зейнолла Олжабаевпен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алғашқы сауалымыз Хамза Абдуллиннің жастық шағы, жақындары жайында өрбіді.

 - Қателеспесем, жасым 12-13- тер шамасында болуы керек. Хамза Абдуллиннің Қызылжардағы ауыл шаруашылығы техникумын үздік тамамдап, Омбыдағы жұмысшылар факультетінде білімін жалғастырып жүрген кезі. Демалыс уақытында ауылға келеді. Ақ сабынмен жуынып, есік алдында аппақ орамалмен сүртініп отырады. Ақ сабынды көрмеген біз, ауылдың балалары, аң-таң боламыз. Оның ата-анасы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Жанықұл деген ауылда тұрды. Өзі Мағжан туған топырақтан онша алыс емес Ойқызыл деген елді мекенде дүние есігін ашқан. Әкесінің шын есімі - Жармұхамет, шешесі Гүлсім. Жармұхамет Мағжанның әкесі - Бекен болыстың қарамағында іс жүргізуші болып қызмет еткен. Жармұхаметтің бауырынан Мүбәрак, Ғазиз, Хамза, Қалижан, Қанаш есімді перзенттер тарады. Байдың тұқымдары болған соң бәрі өздерінің фамилияларынан тайды. Тұқымы тұздай құритынын сезген соң бірқатары басқа жерлерде бас сауғалады. Екеуі Жакупов, ал Хамза Абдуллин болып кетті. Көзі тірісінде тағдырдың тәлкегіне көп ұшыраған марқұм Хамзекең маған бөтен адам емес, арамызда туыстық байланыс бар. Нақтырақ айтсам, Гүлсімнің туған інісі - Қабдолла менің әкемнің қарындасына үйленген. Сондықтан да ол өмірден озғанға дейін араласып тұрдым.

- Фашистің де, кеңестің де түрмелерінде азаптың уын ішкен Хамза Абдуллиннің тағдыры расында да өте қилы болғанын артында қалған шығармаларынан аңғарамыз. Бірақ ол бар кінәні сұм соғысқа аудара салмады ғой.

-Соғыс туралы ащы шындықты айтар болсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шекендерді елемей кетуге болмайды. Соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес жауынгерлері мыңдап қырылып, тірі қалғандары қоршауды бұзып етіп партизандарға қосылды. Мұндай бақытқа қолы жетпегендер концлагерьлерде азап шекті. Хамза солардың қатарында болды. Ол бәріне кінәлі мейірімнен жұрдай Кеңес одағы екенін анық аңғарды. Алайда, ақиқатты жария ететін күн тумаған еді. Кеңес өкіметі тұтқынға түскен жауынгерлерін тұтқындар ретінде мойындамағандықтан, олар қорғаусыз қалды. Оны мен Хамзекеңнің өз аузынан естігенмін.

1941 жылы тамыз айының соңында неміс қарулы күшінің құрамындағы генерал Боктың армиясы Киев бағытында шұғыл шабуылға шығады. Бокқа қарсы соғысқан үш армия төтеп беруге шамасы келмей, кейін қарай жылжыған. Үш армия жаяулап- жалпылап 23 тамызда Днепрден бері қарай өтіп, өзенді жағалай өскен қопа мен шіліктердің арасына жасырынып, Украинаның астанасын қорғауға кірісіпті. Дәл осы кезде Сталиннің: "Өлсек те, тірілсек те Киевті жауға бермейміз!" деген бұйрығы шықты емес пе? Боктың әскерінің жартысы Кременчугтен, жартысы Черниговтан өтіп, Харьковта түйіседі. Кеңес армиясы қоршауда қалады. Осылайша, кеңестің 650 мыңнан астам адамы тұтқынға түседі. "Осыдан кейінгі өмірім Еуропаның көптеген лагерьлері мен тұрмелерінде өтті. Алдымен Полтава облысындағы Хорол қаласын- дағы лагерьге қамалдым. Одан соң Ковель-Алтенбург-Демблин- Веньямино лагерьлерінде өлместің күнін кештім", - деген еді Хамза. Кеңестік тұтқындардың сүйектерінің концлагерьлерде отын ретінде жағылғаны да содан. Хамзаны осы қорлықтан Алаштың ардақтысы Мұстафа Шоқай арашалап қалғанын біреу білсе, біреу білмейді. Алайда, қаруластарының арасында шошайып аман қалғанына қуанғаны ұзаққа созылмады: фашистер бұларды қоршап алыпты. Менің жеке мұрағатымдағы еңбектерде Хамзекеңнің мынадай сөзі сақталған. "Біз соғыс аяқталған соң елге қайтамыз деп оңбай қателестік. "Отаныма" оралып едім, олар 10 жылға жер аударды. 1956 жылы лагерьден босап, елге келдім. Келсем, туған үйімнің орны ғана қалыпты. Анам Гүлсім қайғыдан қан жұтып, мәңгілік мекеніне аттаныпты. 1937 жылы ұсталған әкем сол күйі хабарсыз кетіпті. Шаңырақ иесі - үлкен ағам Мүбәрак майдан даласында қаза тауыпты. Тірі қалған екі ағам - Қалижан мен Ғазиз және інім Қанаш елден безіп, шалғайдағы басқа елдерде өмір сүреді екен. Мен өзіміздің ауылда қалған немере апам Бибізайып пен оның ері Сәлімжанның (Мағжанның туған інісі) үйін паналадым. Жаз бойы осы үйде тұрып, күзге қарсы Алматыға сапар шектім".

-             Хамза Абдуллинмен бертінге дейін араластым дедіңіз. Осы жайында айтып берсеңіз. Оның туған жері - Қызылжарға соңғы рет Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойында келгенінен хабардармыз. Сол жиында сіз де төбе көрсеттіңіз ғой.

-             Тағдырлы тұлғаның өмірінің көп бөлігі түрмеде, айдауда өтті. Бұрынғы Булаев ауданында бас зоотехник болып қызмет істеп жүрген кезім болатын. Кеш қарая үйге келсем есік алдында киім- кешек салынған сөмке жатыр. Жолдасым: "Үйге Хамза келді", - деді. Жүрегім зырқ ете қалды. Құшақтасып амандастым. Ол да мені бауырына қатты қысты. Бұл 1960-шы жылдар еді. Өңі жүдеу. Үңірейіп қалған көздерінен әбден қиындық көргені байқалып тұрды. Мені жақын тартып келіп отырғанына қатты қуандым. Сол күні Сейітжан, Әлімжан деген немере ағаларымды шақырып, бәрінің басын қостым. Дастарқан басында Хамзекең біраз шешіліп әңгіме айтты. Тұтқында жүргенде көрген қорлықтарын есікті іштен тарс бекітіп алып, үш күн бойы тыңдағанымыз әлі есімде. Содан кейін де келіп, кетіп жүрді.

- Елге аман оралғанда да оны суық қабылдады. Ақын-жазушылардың өзі бойларын аулақ ұстай бастады. Қайда барса да алдынан "сотталғансың", "Отанға опасыздық жасағансың" деген суық сөздер шыға берді. Абақтыда отырып, азып-тозып, әбден шаршап-шалдығып келсе де, қайта қайраттана түсті. 1993 жылы Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойына қатысты. Сол жиыннан кейін Хамзекеңмен біраз сөйлестім. Әңгіме арасында "Мағжанның ақталғанын, тойын көру бұйырды. Бұдан өзге арманым жоқ еді", - деді ерекше тебіреніп. Сол шарадан кейін қатты ауырып, Булаев ауруханасында емделді. Беті бері қарағаннан кейін марқұм Бақыт Мұстафиннің шаңырағында бірнеше күн болды.

-             Ғумырының басым бөлігі тұтқында өткен азаматтың отбасы, бала-шағасы туралы сұраудың өзі әбестік болар?

-             Оның алғашқы жарының есімі - Бақыт Еуропа, Ресей түрмелерінөн шыққаннан кейін Бақытқа қосылды. Мамандығы мұғалім еді. Әдебиетті бір кісідей жақсы көретін. Хамзаның өлеңдерін тегіс жатқа білді. Өзі айтқандай, екеуін поэзияға деген құштарлық жарастырды. Алайда, жұбайлық өмірлері ұзаққа бармады. Бақыт 32 жасында құрт ауруынан қайтыс болды. "Оның сұлулығына бәрі тамсанатын. Маңдайымның соры бес елі ғой. Алла маған қалған өмірімнің мәніне айналған Бақытты да көп көрді", - дейтін Хамза. Екеуінің перзенттері болмады. Екінші мәрте үйленді. Ұлы мен қызы дүниеге келді. Олардың есімдерін қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан айтулы еңбегі "Жолбарыс тонды жаһангездің" кейіпкерлерімен атады. Ұлының есімі - Шота. Ал қызына осы поэмадағы Тинатин ханшайымның атын берді. Ұлының өмірден озғанын естідім. Қызы Алматыда тұрады.

-             Хамза Абдуллиннің Кеңес одағы түгіл, Берлинде де, Колымада да ұлы Мағжанды аузынан тастамағанын қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері айтып кеткен. Ақиық ақынның қолжазбаларын сонау қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде өлеңді шын қастерлейтін жандарға сыйға тартқаны нағыз ерлік емес пе? Мені оның есімінің бүгінгі жаймашуақ заманда Мағжанмен қатар естілмейтіні ойландырады? Бұған не айтасыз?

-             Хамзекең Мағжанға деген адалдығынан өмір бойы айнымай өтті. Ол "Батыр Баян" поэмасы жазылған қолжазбаны менің қолыма мектепте оқып жүрген кезімде "Сенің бойыңда Баянның қаны бар. Түбі керек болады" деп ұстатқан еді. Ол Мағжанды алғаш рет 1927 жылы көргенін айтқан. Осыдан соң әкесі Жармұхамет Мағжан тағдырының түзелмейтінін білген соң, ақынды туыстарымен қосып қонаққа шақырады. "Мағжан Жұмабаев мені бауырына басып, маңдайымнан иіскеді. Қолтаңбасын жазып, кітабын сыйға тартты", - деп еске алып отыратын. Хамзекең оны аялап, құлыпқа салып ұстап жүрді. Хамзаны жауапқа тартқанда тағылған кінәнің бірі осы "халық жауы Мағжан Жұмабаевты насихаттауы" болатын. Мағжанның ақталуына Хамза Абдуллиннің де қосқан үлесі аз емес. Бұл пікірді кезінде Қазақстан Жазушылар одағы ресми түрде мойындады. Оны жас ұрпақ білуі керек. Мағжанның атымен оның шәкірті Хамзаның есімі де қатар аталуы тиіс.

-             Әңгімеңізге рақмет!

 

Сухбаттасқан,

Нұргүл ОҚАШЕВА

Оқашева Н. Тағдырлы тұлға. / "Soltustik Qazaqstan". -№13.-5 aqpan.-2019 jyl.-4-5better. 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий