Тараған абыройы шартарапқа...

18 января 2018 - Садыкова А.

 Мүталлап Қанғожин ағамызбен сонау... тіл үшін күрес басталған тоқсаныншы жылдардың басында танысқан едік. Оған дейін тек теледидардан көретін ағамыз облыстағы қазақтар арасында барынша танымал, белгілі ақын болатын. Сол кезде ол облыстық теледидардың қазақ редакциясын басқарды.

Ол жылдарда Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының арасынан үш-ақ адам Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болатын. Олар Мүкеңнің өзі, сосын облыстық "Ленин туы" (қазіргі "Солтүстік Қазақстан") газетінің редакторы Бақыт Мұстафин және "Ленинское знамя" (қазіргі "Северный Казахстан") газетінің журналисі Владимир Шестериков марқүмдар еді. Кітап шығару деген ол кезде облыс тұрғындары үшін қияметтің қыл көпіріндей, Алматыға қолжазбаңды апарып, ондағы үлкен-кішілі баспаға қатысты шенеуніктер, олардан кейін редактор, бөлім меңгерушісі, баспаның бас редакторы, цензор сияқты қызметкерлердің бәрі оқып, мейлінше қыс-қартып, қол қойғаннан кейін ғана ұсынған дүниеңді шұнтитып, әбден сүрлеген соң өндіріске жіберіп, 2-3 жылда қолыңа зорға тигізеді. Сондықтан мықтының мықтысы ғана жазған-сызғандарын өткізіп, кітап шығара алды. Ал Жазушылар одағына ету үшін кемінде осындай үш кітабың болуы керек. Мүтәллап ағамыз да сол мықтылардың қатарынан табылыпты. Сол жылдарда оның алғашқы "Аққайыңдар аралы" кітабынан басқа, "Қызылжар", "Көкорай шалғын", "Айдын шалқар" атты жинақтары жарық көрген.

Мүтәллап ағаның алды кең, ешкімді жатсынбай, жұрттың бәріне де ыстық ілтипат білдіріп, жылы сөйлеседі екен. Ол мені де жатсынбай, бірден бауырына тартты. Сол жылдарда "Қазақ тілі" қоғамының маңында жүрген белсенді аға-інілері Рәшит Бәдірленов, Қабдеш Қалиев, Қайырбек Оразов, Мәлік Мұқанов, Қосыл Омаров, Зейнолла Әкімжанов, Өмір Есқали, Амангелді Сәулебаев, Сабыр Сеңкібаев, Қошан Қалиев және осы жолдардың авторы сынды азаматтарды ол телехабарларға жиі қатыстырып, тілге, елге, ұлттық мәдениетке жанашырлық білдірген ой-пікірлеріміздің халыққа жетуіне еркін жол ашты. Осы қоғамның алғашқы төрағасы да өзі болды. Оған іс басындағы Қайролла Мұқанов, Газет Әбішев, Қарахан Сейітов, Жарасбай Сүлейменов, Назымбек Оразымбетов, Қайырбек Ғалиев және т.б. азаматтар да атсалысып, бір кезде дүркіреп тұрған еді.

Жуырда Көкшетау мен Павлодар қалаларында кеңестік большевиктік көсемдердің атын көше аттарынан алып, қазақыландыру процесінің енді басталғанын естіп таңғалдық. Мұндайды қызылжарлықтар осыдан 20 жыл бұрын, 90-шы жылдардың аяғына таман атқарып тастаған. Оған осы "Қазақ тілі" қоғамы сияқты беделді үйымның ықпалы көп тиген еді.

"Қазақ тілі" қоғамы тіл үшін ғана емес, барлық ұлттық мүдделердің ұйытқысы болып, күрес жүргізген. Сол жылдары жүген-құрықсыз жосыған шовинист-сепаратистерге қарсы күрестің басында да осы қоғам болып, олардың жосықсыз әрекеттерін әшкерелеп мақала жазып, сұхбаттар беріп тұратын. Бүл күрестердің біраз бөлігі біздің "Өзгеленді бұл ғалам" деген романымызда көркем бейнеленген. Кейіпкеріміз Манарбек Құрманғужин -осы ағамыздың жарым-жартылайғы прототипі. Сепаратистердің Солтүстік Қазақстанда орыс-тілділерге қысастық жасалып, қуғын көрсетіліп жатыр деген өтірік байбаламын әшкерелеп, жергілікті орыс, украин, неміс түрғындардан сұхбат алып, анығын көрсету үшін Мәскеудегі "Мир" телеарнасының өзі бұрыннан танитын терағасы Ғаділбек Шалахметовке өтінішпен шығып, журналист шақырғаны шындық еді. Түбі Қызылжардан шыққан белгілі журналист Сергей Баймүхаметов жасаған сол әшкерелеуші фильм Мәскеудегі "Мир" арнасынан бірнеше рет көрсетілген. Жергілікті теледидар да оны қайталап көрсетіп, кейбір ерекпіп жүрген шовинистердің арынын басқан.

Мүтәллап аға Алматыдағы ақын-жазушылармен де жақын араласып, танысып-білісіп жүретін еді. Солтүстікке арнайы келгендердің бәрі де оны тауып алатын. Әсіресе, жерлесіміз, сөз зергері Ғабит Мүсіреповпен бірге жиі келген Ғафу Қайырбеков оны інісіндей көріп, жақын араласып кетті.

Жазайын мына сөзді Мүтәллапқа,
Тараған абыройы шартарапқа.
Ағашы ат байлайтын Солтүстіктің,
Тапсырдым сені, қалқам, жеті аруаққа! -

деген жолдарды Ғафаң Мүтәллап інісіне деген сүйіспеншіліктен тудырған. Осындағы "Ағашы ат байлайтын Солтүстіктің..." деген жолды тақырып қылып, "Егеменге" осыдан 10 жыл бұрын жазған мақаламызда Мүкеңнің Мұқағали Мақатаевпен де жақсы қарым-қатынаста болғанын, оның Петропавлға іссапармен келіп, қонақ-үйде ауырып, бірге келген жолдастары тастап кетіп, жалғыз қалғанында, Мүтәллап інісінің тара-пынан үлкен жақсылықтар көргенін егжей-тегжейлі жазған болатынбыз. Бүл әңгімені ақын Свет Оразаев Мүқағалидың өз аузынан естіп, "Соны шындық" деген өлең де шығарған. ("ЕҚ"., 4.12.2007 жыл).

...1993 жылы Мүтәллап ағаның шақыруымен облыстық теледидарға комментатор қызметіне қабылдандым. Ол кезде телерадио-компанияның терағасы Виктор Вихляев болатын, мені жұмысқа қабылдау туралы бүйрыққа сол кісі қол қойды. Бірақ ертеңіне ол қызметінен босанып, орнына төраға болып Мүтәллап Қанғожин тұрды. Сөйтіп, ағамыздың қарамағында үш жылдан артық қызмет істедім.

Ол шығармашылыққа барынша еркіндік беріп, ештеңеден қыспайтын, журналистің қарымын шектемейтін басшы болды. Жүмыс аяғының соңына таман алдына жиі кіріп, ұзақ әңгімелесіп, көп пікірлер мен ақылдар алатын едім. Ол телехабарлардың көркем, халыққа ұнамды, қызғылықты болып шығуына қатты көңіл бөлетін Өзі де хабарлар түсіріп, сол кезде 100 жылдық мерейтойы болғалы жатқан Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер циклін жасаған. Жалпы оның Мағаңа деген махаббаты да айрықша болды, Алаш ақынының өлеңдерін ол бала жастан біледі екен. Қазақы жолмен айтқанда, ағайындығы да бар болғандықтан, Мүкеңнің ауылындағы көптеген ақсақалдар Мағжан өлеңдерін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа білдіріп отырған. Соның ішінде қуймақұлақ бала Мүтәллап оларды жаттап алып, өзіне үлгі еткен. Оның үніндегі ұлттық мүдделер, қазақы қасиеттердің аяққа басылуына қарсылық сияқты жырлар осы Мағжанның әсерімен жазылған сияқты. Мәселен, қазақ тілінің жылдан-жылға өрісі тарылып бара жатқанына қарсы жазылған "Соңғы қазақ мен болам ба..." деген өлеңі - осыған куә.

Ақынның Мағжан туралы да бірнеше өлеңдері жарық көрді, 2005 жылы шыққан "Мен Мағжанның көшесінде турамын..." деген қалың жинағында осы өлеңдерінің бәрі де бар.

Мүтәллап Қанғожиннің өлеңдеріндегі махаббат, табиғат лирикалары әсем де әдемі жүйесімең көңіл-күйдің ырғағын деп басуымен жүрекке жылы тиіп жатады.
Мысалы,

Жанарыңды жанарыма қадай бер,
Менің күңгірт көңіліме арай бер.
Сөйлесінші қара көзің, қалқам-ау,
Түсінемің тіл қатпай-ақ қарай бер.
Естіп түрмын жүрегіңнің дабылын
Көріп тұрмын жас жаныңның дауылын,
Жанарыңнан ыршып түскен бір сәуле
Жылытады арманымның ауылын... -

деген сияқты жолдар - соның айғағы.

Мүтәллап Қанғожиннің негізгі шығармашылығы әлеуметтік маңызы бар азаматтық лирикаға жатады. Ұлттық мүдде - оның шығармашылығының негізгі өзегі. "Абылайдың ақ үйі" өлеңін ол 70-ші жылдары жазған. Содан бері бұл үйдің тағдыры ақынның бүйіріне қадалып, естен шығарған емес. Оның халқына азаттықты, тәуелсіздікті тілеген ішкі сарайындағы арманы Абылай есімімен байланыстырылып жырланатыны да сол:
"Ақ үй" десем сол түста,
Қырқушы еді тілімді.
Түн ететін жайнаған
Жарқыраған күнімді.
Алқымыма тығылып,
Ашуым да, ызам да
Кегім қайнап жүректе
Қанымтасып қызам да:
"А.. .бы.. .ла.. .й!" деп айғайға
Салғым келіп... жым болам.

Бүл - қазіргі тәуелсіз елдің жастары ұға қоймайтын сол кездегі айна қатесіз өмір шындығы еді... Ағамыз артынан "Ақ үй" мен Абылайға арнаған өлеңдерін дербес жинақ етіп шығарды.

Мүтәллап Қанғожиннің балалық шағы ете ауыр болғанын білеміз. Әкеден ерте қалғаң сүйеніш болған жалғыз ағасы Мүбәрак сұрапыл соғыста қаза тапқан. Елдегі аштық пен азапты анасымен бірге молынан тартады. Күздің кара суығы мен қыстың сақылдаған сары аяздарында жылы киім болмағандықтан, суық еткен жас бала жиі ауыра береді екен. Алайда, ішер асқа, киер киімге жарымай жүрсе де, өмірден үмітін үзбей, мектептен қалмай, оны жақсы аяқтайды. Одан "Николаевка" кеңшарында комсомол қызметкері ретінде ат-шанамен ауылдарға жиі шығып жүретін басы бірде қарлы боранда адасып, үсіп қала жаздағаныда бар...

Талапты жас өзінің орны шығармашылық орта екенін ерте сезеді. Құйқылжыған көңіл-күйлері мен буырқанған ойларынан туған әсем жырлары мен керкем елеңдерін ол облыстық, республикалық баспасөзге жиі жариялатып тұрған. Қазақ университетінің журналистика факультетіне де сырттай оқуға түсіп, бітіріп алады. Ал 1966 жылдан конкурстық негізде облыстық телерадиокомпанияның қазақ бөліміне қатардағы редактор болып қабылданып, онда табан аудармай 30 жыл істеп, жоғарыда айтқанымыздай, осы меке-менің бірінші басшылығына дейін көтеріліп, зейнет демалысына шықты. Осы қызметте жүргенде, облыс басшылығында істеген қазақтың айтулы азаматтарымен сырлас, пікірлес болған. Соның ішінде обкомның хатшысы Әнуарбек Шмановпен ағалы-інідей жақсы қарым-қатынаста болған. Қазіргі Атырау облысында туған ол біздің облыста 9 жыл обкомның хатшысы болғаң өзі Мәскеудің МГИМО-сын алғашқы бітірушілердің бірі, қазақ, орыс тілдерінен басқа неміс тілінде таза сөйлейтін өте алғыр, шешен кісі болыпты. Мүтәллап ағаға облыстық атқару комитетінің төрағасы Сақан Құсайыновтың көмекшісі бол деп ұсыныс жасалғанда, ол осы Әнуарбек ағасына келіп ақылдасады, сонда білікті адам: "Поэт никогда не был лакеем", - деген сөз айтқан екен. Жас жігіт осы сөзге тоқтап, тұрмыстық жағдайын түзеп алатын қызметтен бас тартқан... Кейде өмір бойы айтылатын мың сөз бен ақылдан гөрі, ғайыптан тайып түскен бір сөздің құдіреті асып кетеді. Мүтәллап ағаға да осы сөз деп тиіп, оны өзінің өмірлік кредосына айналдырған. Сондықтан да шығар, ол ешкімге жалбақтап, жағынып, өтірік көлгірсімей, ақындық аппақ арына дақ түсірмей келе жатыр.

Бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне шыққан Мүкең әлі де ширақ, ақыл-ойы сергек. Әттең, өмірлік серігі -Зүбәйра тәтеміздей асыл жан жуырда өмірден етіп, ағамызды жабырқатып кетті. Ұзақ жылдар облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасын басқарған, Мәдениет қайраткері атағын алған апамыз абзал жан еді, бүл жалған кімге опа берген, ол кісіні де әкетті. Ағамыздың Біржан, Тоғжан, Мағжан деген перзенттерінен бірнеше немере-шөберелері бар, бәрі де бақуат.

Ақын Мүтәллап Қанғожин -жиырмаға жуық үлкенді-кішілі кітабын дүниеге әкеліп, қазақтың мәдени мұрасына мол үлес қосып отырған жан. Оның ішінде "Көргендерім мен көңілге түйгендерім" сияқты прозалық шығармасы да бар. Бірнеше жинақтары орыс тіліне де аударылған Өмір жетсе, оның қаламынан әлі талай өлең-жырлар туары сезсіз. Біз де оған денсаулық пен шығармашылық қуат тілейміз.

Міне, Солтүстік Қазақстан облысы мен Есіл ауданының құрметті азаматы, КСРО теледидар және радио ісінің үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері және бірнеше медальдардың иегері Мүтәллап Мұхамадиұлы Қанғожин ағамыздың қысқаша айтқандағы емір жолы осындай.

Жақсыбай САМРАТ, журналист.


Самрат Ж. Тараған абыройы шартарапқа...: [Мұтәллап Қанғожин - 80 жаста] // Солтүстік Қазақстан. – 2017. – 14 желтоқсан. – 5 бет

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий