Сүйіндік батыр

14 января 2019 - Кабиева Р.

           Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында “Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті”, – деген болатын. Елдің шетінде, желдің шетінде орналасқан Қызылжар жеріне жау аяғын бастырмай, халқына қорған болған қаһармандардың бірі – Сүйіндік батыр. Қалмақтармен соғыста ерен ерлік көрсеткен оғланның жерленген жері киелі орын саналады.

Қазақтың көне тарихы қағаз бетіне түсіріліп, архивтерде сақталмағанымен, ауыздан-ауызға тарап, осы күнге дейін жеткен. Бұл аңыздар – атадан балаға мирас болып қалып отырған мол мұраның бірі. Менің әкем Мүтәләп та ескінің әңгімелерін көп білетін және ұрпағына үнемі айтып отыратын. Марқұм әкем 1890 жылы дүниеге келіп, 1973 жылы қайтыс болды. Мен ес білгенде ол қазіргі Жамбыл ауданына қарасты Орталық ауылында шаруашылықтың малын бақты. Астында аты да жоқ. Таңертең ерте тұрып, малды жайылымға айдайды, түстен кейін сабақтан келе ағам Базар екеуіміз көмектесуге шығатынбыз. Сонда әкемнің айтқандары есімде қалыпты: “Сонау Жалтыр көлі мен Сүйіндік көлінің арасындағы дөңде батыр аталарың жерленген. Ол қалмақпен соғыста ерлік көрсеткен. Сол зиратқа малды жібермеңдер, топырағын басқызбаңдар”, – деп ескертуші еді. Ал сол зираттан екі-үш шақырым жерде “қалмақ қыстаған” деген жер бар. Томарлы су басқан, аққайыңдар өсіп тұр. Жаз шыға әкем мен шешем үшеуіміз, сол қалмақ қыстауына барып, үй майлайтын ақ балшық қазып алатынбыз. Құм араласқан балшығы аппақ болатын.

Сүйіндік батыр туралы естелікті Аю Қайдауылов атамыз көп айтушы еді. «Орталық» ұжымшарын құрып, алғашқы қазығын қаққан және тұңғыш басқармасы болған ол тарихи әңгімелерге де жүйрік еді. Балалықпен көп мен бермегенімізбен, Керейдің ішінде Деулетімбеттен тарайтын Сүйіндік деген батыр болғаны жайлы, қалмақты қойша қырғаны туралы айтқандары еміс-еміс есімде қалыпты. Сүйіндік батыр дүние салғанда артында екі ұлы қалған екен. Солардан тараған ұрпақ бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында және Ресейдің Қорған облысының бізбен шекаралас ауылдарында турып жатыр.

Орталық ауылында тұрған Рсай Күзентаев ақсақал да көпті көрген көкірегі ояу жандардың бірі еді. Ол да батыр жерленген төбенің қасиеті туралы көп айтып, мал мен адам аяғын басқызбайтын. Ел басына күн туған сәтте егеулі найзасын қолына алып, жауға қарсы шапқан батырдың арқасында жер сақталып, ел аман қалды. Қазақ ата-баба зиратың, соның ішінде қасиетті адамдары жерленген жерді киелі санайды. Сүйіндік көлі жағасындағы батыр жерленген зират та сондай қасиетті орындардың бірі.

Ентелеп келген жауға тойтарыс беріп, туған жерінен қуып шығарғандардың бірі Сүйіндік батыр болғанын Төлепберген Темешұлы атамыздан да талай естігенмін. Төлепбергенді «Төте» дейтінбіз. Ал келіндер жағы оның шаңырағын «кәрі өжем үйі» деп кетті. Сол кезде қолға көп түспейтін Қобыланды батыр, Алпамыс батыр жырларын тауып алып, көрші-қолаң, ағайын-туыстарды жинап, май шамның жарығымен оқитын. Шешем Сұлужанмен бірге еріп барып, талай рет тыңдаған едім. Батырлар жырын оқып болған соң, біздің де аталарымыз батыр болғаны, солардың арасынан Сүйіндіктің дара шыққаны жайлы әңгімелеп, кезінде қалмақтармен соғысқаны туралы айтып беретін.

Әкемнің немере інісі Бүркіт Тобаяқовтан да Сүйіндік батыр жайлы естігенім бар. Бүркіттің өзі де батыр тұлғалы кісі еді, әрі темірден түйін түйген шебер ұста болатын. Аңшылығы өз алдына бөлек әңгіме, қасқыр алатын «Кербез» деген иті болғаныда есімде қалыпты. Көлге балық жіберіп, қайықпен аулайтын. Көкем батырлар жырын жатқа айтатын. Сұйіндік батыр туралы да білетіні көп еді. Уақтан шыққан Сары батырмен күш біріктіріп, қалмақтарға қарсы соғысқанын айтқаны бүгінге дейін есімде.

Өткен жазда маған бір топ ғалым хабарласып, Сүйіндік батырдың жерленген жерін көрсетуімді өтінді. Сексеннен асқан жасыма қарамастан соларға еріп, батыр бабамыздың басына ба рып қайттық. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Анатолий Плешаков, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Сергей Сартин және медицина ғылымдарының докторы, профессор Жанбатыр Сартаев төртеуіміз тарихи экспедицияға шыққандай болдық.

Батырдың моласы тұрғындары көшіп кетіп, бүгінде жұрты ғана қалған Боевик ауылына жақын манда. Бала кезден аунап-қунап өскен жеріміз ғой, қанша жерден шөп өсіп кеткенімен, жолды бірден таптық. Аққайыңдары жайқалған табиғаты қандай тамаша еді. Құстары сайрап, маңайды сазды әуенге бөлегендей. Айналаға көз салып келе жатқанда алдымыздан іздеген дөңіміз де көрінді. Өкінішке қарай, көз алдымызда тұрған қорымға тура өте алмадық. Себебі, көктемде көл суы жайылып, маңайы бат- лаққа айналған екен Бір-екі шақырым артығырақ жүріп, айналып өтуге тура келді. Жоғарыда айтқандай, Сүйіндік батыр жерленген дөң екі көлдің ортасында жатыр.

Әр жерден марқұмдардың басына қойылған белгілер шошайып көрінеді. Ортада жалғыз қайың өсіп тұр. Оның өзі қурап қалыпты. Сүйіндік батыр мазарынан бірнеше шақырым жерде тағы бір қорым бар. Онда да Керей руынан шыққандар жерленген. Ғалымдар зираттарға қарап, мұнда адамдар он сегізіші ғасырлардан бастап жерлене бастағанын болжады. Соңғы кезде жерленгендері де бар. Ғалымдар көрген-білгендерін қағазға түсіріп алды. Болашақта батырдың өмірін зерттеуді жалғастырып, «Қазақстанның киелі жерлерінің» картасына енгізбек ойлары барын айтқанда қатты қуандым. Батыр бабамыздың есімі киелі жерлер қатарына еніп жатса ұрпақтары ғана емес, Қызылжар өңірінің тұрғындары да қуанар еді.

Сәркен МҮТӘЛӘПҰЛЫ,

 зейнеткер. 

Мүтәләпұлы С.Сүйінбай батыр./ Soltustik Qazaqstan. - 10 qantar.- 2019 jyl. - №2. – 5 bet.


 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий