Сегіз сері

3 марта 2018 - Нугуманов Арсен

 Бір сөзбен тұжырып айтқанда, бүгінгі қызық дәуірде Тәттімбеттің, Біржан салдың, Құрманғазының, Ақан серінің қазақ халқының тарихына, мәдениет мұрасына, өнер саласына келтіретін үлесі орасан зор, оны бүгінгі мәдениетті жұртымыз жақсы түсінеді. Сегіз сері Тәттімбетпен қатар сахарада аты кеңінен тараған, қазақтың аяулы данышпаны Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері туралы ойымызды тереңірек сипаттауымыз керек. Көкшетау мен Обаған өлкесінде бірінші жарқырап шыққан өнер иесі - Сегіз сері. Ол XIX ғасырдың басында туып, орта кезінде қайтыс болған кісі, өмірі Тәттімбетке өте жақын. Ол - атақты сері, ақын, асқан әнші, өрнекпен сұлу дүние жасаған сиқырлы зергер. Көп өнерді біріктіріп ұстаған дарынды жүйрік болған соң, халық оны "Сегіз сері" деп атаған, ескі дәстүр бойынша "Сегіз қырлы" өнерпаз дегенді білдіреді. Қайым Мұхамедхановтың зерттеуінше, Сегіз серінің шын аты Әлмұхаммед сиякты. (Мұхамедқанапия - ред.). Оның әкесі Баһрам Шақшақұлы туып-өскен жері Обаған көлінің маңайы, ашамайлы керейлерінің ортасынан, қоныстаған жері атақты Маманай орманының іші, сол жерде сәулетті етіп жасаған байтақ қыс- таулары болған (карта Чокана). Сегіз сері - Бахрамның бес ұлының бірі. Оныһ Сүйін, Нәупіл, Көрпеш деген ақылды ағалары, Қуаныш деген өзімен мектепте бірге оқыған інісі болған. Жас күнінде әкесінен жетім қалып, атасы Шақшақ биден тәрбие алып еседі. Қадірлі атасы дарынды жас баланы алдымен ауылдағы мектепте оқытып, жақсылап хат танытады, қазақ пен шығыс әдебиетінің үлгілерін үйретеді, орысша оқытады. Оны бітірген соң, Омбыдағы қазақша мамандар (хатшы, тілмаш) дайындайтын Азия мектебіне түсіріп, оны 1835 жылы бітіреді, Шыңғыс Уәлихановпен бірге жүріп оқиды. Кейін Шыңғыс Құсмұрынның аға сұлтаны болғанда, Сегіз сері көп уақытын оның қасында өткізіп, ән салып, жыр айтып, тасқынды күйлер тартады. Бірақ ресми қызметке бармайды. Сегіз сері орысша, қазақша жақсы оқыған, білгіш, ой-санасы ашық, көңілі ояу. Оқуын бітірген соң, патша үкіметінің ұсынған қызметіне бармай, оның отаршылдық саясатына наразылық білдіріп, ұдайы қуғында жүреді. Осыған орай ол сері Ниязбен бірігіп, қасына жүзден аса сері жігіт ертіп, 1835 жылы Күнбатысқа Жайық бойына кетеді. Жолшыбай ел аралап, серілік құрады.
  Жайық бойында жүріп Исатай-Махамбеттің көтерілісіне қатысады, Жайыққа арнап белгілі жыр шығарады:
Еділ-Жайық берекелі жер екен ғой,
Бай ұлы бақыт қонған ел екен ғой.
Соларға басшы болған ұлы батыр,
Исатай асқар таудай ер екен ғой.
Исатайдың көтерілісіне белсене қатысып жүргенде оның патша әскерінің қолына түсіп, өлгенін жоктап жыр шығарады:

Айырылдым Исатайдан асыл ерден.

Кетті ғой судан таза, сүттен ағым.

  Исатай 1838 ЖЫЛЫ, шілде айының 12 күні Ақбұлақ өзенінің жағасында оққа ұшып өледі. Бұл жерді Сегіз сері еш уақытта ұмытпайды, "Ақбұлаққа" арнап әдемі жыр шығарады:
Исатай тірілмесін көрді көзім
Жастықта жалындаған бұл бір кезім,
Үш жүзден артық сері қасыма ертіп
Сауыт киіп сайланып келіп едім.
Әннің қайыруында және айтқан:
Айналайын Ақбұлақ
Суатыңа мен келіп,
Тұлпарымды суардым.
Қош- есен бол Ақбұлақ,
  Енді сені көре алман, - деп еліне қайтады. Еліне келіп бір ғана махаббаттың құшағына батады. Серіліктің соңына түседі. Көп уақытын шеберлік жұмысына арнайды, шеберханасында отырып зергерлерге көмектеседі. Соңынан өзі шеберхана ашып, зергерлік өнерімен шұғылданады, неше түрлі сұлу дүниелер шығарады. Олардың ішінде өзіне ерекше ұнайтыны - өрнектелген күміс кісе, сұлу ертоқым, әйелдерді көркейтетін әсем алқа, өңіржиек, алтыннан, күмістен құйып жасаған сұлу сырға, толқынды білезіктер, топ-тобымен жасаған алтын жүзіктер, сақиналар. Бұлардың барлығын сұлу қызға тарту үшін істеген. Осындай сұлу дүниелерді қасына жүктеп, ел-елді аралауға шығады. Алдымен Торғай өлкесіне, Жайық бойына, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз бойын аралайды. Осы арада жүріп "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Қыз Жібек" жырларын айтып жүреді. Оның бір ғажайып жері, Сегіз сері жазған "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының бір нұсқасы Ахмет Жантуриннің ауылында сақталыл, ол кейінірек Н.И. Ильмиискийдің қолына түседі. Бүгінде ол жыр Татар Pecпубликасының архивінде сақтаулы тұр. Қолжазба Сегіз серінікі болуы керек. Ол Қазанда он шақты рет басылып шықты. Жыр былай деп басталады:
Жасым бар жиырмада жылым мешін,
Өлімнің кім біледі ерте - кешін,
Айтайын бес-алты ауыз құлағың сал,
Қозы Көрпеш – Баянның әңгімесін.
  Демек, Сегіз сері бұл жырды Омбыда оқып жүрген кезінде, жиырма жасында жазған. Сол жырды кейін өзімен бірге алып жүріп, жырды, шежірені көп жинаушы Ахмет Жантуриннің үйінде қалдырады. Сегіз серінің жан күйіне толғау берген, әсіресе, атақты Мақпал қызға ғашық болуы. Бұл қызға Біржан сал ғашық болған Сара қыз сияқты өте көркем ойдың иесі. Қаратауды қоныстаған Бағаналы елінің ақылды қариясы, Бақтияр деген кісінің сұлу қызы. Ол - өзі асқан дарынды, әрі әнші, ақын, әрі шебер болған өнерлі қыз. Сегіз серімен бұл екеуінің біріне- бірі бәйек болуы "Ләйлә мен Мәжүннің" ғашықтығы сияқты болған. Олардың бірін-бірі әдемі сүйгені туралы халық ортасында ғажайып аңыздар көп кездеседі және "Мақпал мен Сегіз сері" деген белгілі поэмада айтылады.Бағаналы елі айтатын бір аңызда:
Үш ай тоқсан болғанда мұз қатады,
Бикешті бір ай бойы ұзатады,
Мақпалды ұзатат деп естіген соң
Арқадан Сегіз серің түн қатады.
  Бұл аңыз Мақпалды бір мыкты әкім күшпен алмақшы болғанда, Сегіз сері оған жаны күйіп, Арқадан түн қатып шығады. Сегіз серіні асқақтата жырлаған - Арыстан ақын мен Жанқиса ақын. "Мақпал сұлу" жырында олар Сегіз серіні қандай серпілте айтқаны мынадан керінеді:
Сөйлесең сез шығады лебізінен,
Телегей тең болмайды теңізбенен.
Қыста Сыр, жазда Арқаның бойын жайлап
Өтіпті әсем жігіт Сегіз деген.
Сал Сегіз Мәжнүндей ғашық бопты,
Бір қызды Ләйлі көріп Мақпал деген.
  Ақындардың суреттеуінше, Сегіз сері сұңғақ бойлы, өрімдей сымбатты, топ ішінде ерекше көрінетін әсем кісі болған. Ол - әрі құйма ақын, әрі әнші, әрі қобызшы, әрі мерген, әрі өрнек жасағыш шебер. Оның үстіне ол - әлеуметтік қайраткер.
Үш жүзге атым шыққан Сегіз сері,
Атандым он жетімде қазақ ері,
Ер Сегіз ел қорғаған батыры деп,
Үш жүздің ардақтады барлық елі.
  Бір жылы Сегіз сері ұлы салтанатпен ұлы жүзде болған Төбеттің жойқын асына қатысып, онда неше түрлі бүгінде ұмытылған ғажайып ойындар көрсетеді. Ол асқа Қаратау мен Шу бойынан бағаналы Бақтиярда келіп жетеді.
  Сегіз серінің таңсық өнері оған үлкен әсер етеді, оған тамсана қарайды. Қасында еріп жүрген көп серілермен, Сегізді қонаққа шақырады. Қаратау мен Шу өзенінің төменгі алабын ескі дәуірден қоныстап отырған көп елдер - қалың қоңырат, балталы, бағаналы, оның ішінде Қарабала, Шағыр, Омбының ескі мектебінде оқыған Толысбайдың ұрпактары. Бәрі Сегіз серіге өте жақын елдер. Сегіз сері оларды тегіс аралап, салдық құрып жүреді. Әсіресе, Бақтиярдың сұлу қызы Мақпалға бәйек болып, оны жан-тәнімен сүйеді. 1836 жылдың қысын Бақтиярдың үйінде өткізіп, жаз шыға қасындағы көп жігітін ертіп Кіші жүзге аттанады, ол жерде он екі ата Байұлы болысын тегіс аралап, атақты күйшілер Дәулеткерей, Шегемен кездеседі, олардың тамаша күйлерін тыңдап, қызығына батады. Жоғарыда көрсетілгендей, Исатайдың толқуына қатынасады, 1898 жылы Арқадағы еліне қайтады. Осы арада серілік құрып, Мақпалға барайын деп жүргенде, қызды Жабы деген біреу тартып алып кеткені құлағына тиеді. Сегіз сері Бетпактың даласынан көп жігітпен өтіп, Бақтиярдың еліне келсе, қыз жоқ. Оған Сегіз сері қатты өксіп, күңіренеді:
Кұндағы білтелінің қу қарағай,
Үстіме сауыт кидім шыдай алмай
Достасқан үш жыл бұрын есіл Мақпал
Өзгеге кеткенің бе бір қарамай?!
  Сегіз сері көп жігітін ертіп, Жабының үйін шаппақшы болады. Алдымен абайлық істеп, бір қу жігітіне бақсының киімін кигізіп, Мақпалмен жолығуға жібереді. Мақпал оны жақсылап танып, жан-күйінің Сегіз серіде екенін білдіреді. "Бақсыдан" Сегіз серінің жақын жерге келіп жатқанын естіп біледі. Ертеңіне көп қыз ертіп, пәлен жерге жидек теруге баратынын уәде етіп айтты. Бақсы дала кезіп екінші ауылға кеткендей болады. Күні бойы жүріп, кешке қарай Сегіз серіге жетіп, Мақпалдың уәдесін айтады. Ертеңінде Сегіз сері жидек теріп жүрген Мақпапды табады.
Оның қасында күзетші болып жүрген төрт жігітті қиратып түсіреді. Мақпал он бес қызды ертіп, Бақтиярдың үйіне бет алады. Артынан Жабының кісілері қуып жетіп атысқанда, оқ Мақпалға тиеді. Алайда, Сегіз сері оларды тегісімен қиратып, Мақпал мен он бес қызды ертіп, Бақтиярдың үйіне келеді. Аянышты жері Мақпал қансырап қалған, жазылмайды, өледі. Он бес қызды Сегіз сері еліне қайтарады. Бәйек болған Мақпалы көзінен тайған соң, Бақтиярдың үйінде жата алмай, көп өксіген Сегіз сері Арқадағы еліне оралады. Оның аман-есен келгеніне қыр елі қатты қуанып, үлкен той жасап, Сегіз серіні қызыққа батырады. Сегіз сері тағы да салдық өміріне жаңа қуанышпен түседі, елден сұлу қыздар таңдайды.
  Мақпал сияқты бір ақылды қыз тағы сол Бағаналы елінде Елғұн деген бір абыройлы кісіде бар екен. Ол Сегіз серіні сондай жақсы көргендіктен, оны шақырып алып: "Мынау менің сүйікті қызым. Осыны қалыңмалсыз саған қосамын", - дейді. Сегіз сері оны құп алады. Екеуі қосылып, бір керкем үй бола¬ды. Екеуінен үш бала туады - Мұстафа, Мұсабек, Мұсайын. Серінің барлық қолжазба мұраларын сақтап келген баласы Мұстафа (1840-1899 ж.ж.), Мұстафадан ол қолжазба Мырзай Тұяқовқа түседі (1872 - 1954 Ж.Ж.), кейін әркімнің қолына тарап кетеді. Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында сақталып тұрған. Сегіз серінің өмірбаянын қадағалап жинаған кісі - Қаратай Биғожин. Оның бір данасын Қаратай маған да әкеліп тапсырды. Осы жарқын мәліметтерді еске алып отырсақ, Сегіз сері де - аса саңлақ, жарқын ойлы, өзі оқыған, терең сезгіш, сұлулықты сүйген, халыққа жаркын улгі берген кісінің бірі. Мұны "Ұлпан" әңгімесінде Ғабит Мүсірепов те солай суреттейді “атактының атақтысы"). Бұл кісі тегінен Ғабитке өте жақын болғандықтан, ол турапы айтылатын аңыздарды есінде берік ұстаған. Сол аңыз бойынша Сегіз серінің жүйрік ұстаздары - Шәрке сал мен Нияз сері. Жас кезінде үлгіні осылардан алған. Сегіз серіні аса ардақтаған кісінің бірі - Біржан сал. Ол оны өзінің үлгі алған ұстазым деп таныған. Біржан:
Сегіздей асыл адам табылмайды,
Халқына сыйлы болған аса жәйлі
Керейден жүз мың әйел ұл тапса да,
Ешбірі Сегіздейін бола алмайды.
Біржан сал жетпістің ішіне кіріп, ойын күңіренуге салғанда Сегіз серіні тағы да есіне түсіріп, былай дейді:
Жалғанда мұратына кімдер жеткен,
Көп жақсы бізден бұрын өтіп кеткен.
Адамның асылдары сондай болар,
Дүниеден Сегіз сері, Нияз да өткен.
Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері,
Олардан үлгі алған мен Біржан сері.
Жетпіс үш мүшелінде келген жылы,
Дүниені теріс айналып кетті әрі.
  Сегіз серіні аса қадірлеп ардактаған қыр қазактары, кейде оны сәуегей әнші деп түсінген. Ол туралы аңыздар Арқада орасан көп, Обағанда, Көкшетауда, Баянаулада, Ұлытау жерінде, Қарқаралыда жиі кездеседі. Ең қызығы Баянаула аңызы - "Обаған" дейтін сұлу ән. Ол әнді соңғы кезге дейін жақсылап айтып келген Қаныш марқұм еді. Оны шығарушы - Баянаула серілері, атақты күйші Өтебай, баласы Әубәкір, Сұр Омар, Ашубайдың Әбжаны, Сегіз серіні ардақтаған асқан әншілер. Олардың тарихы былай еді. XIX ғасырдың 40-шы жылдарына дейін Баянаула төңірегін қоныстайтын елдер жаз айларында Көкшетауға, Домбыралы, Моншақтыға дейін жайлап баратын. Айдабол олардың арғы атасы (XIII ғ.). Бұл ел - музыканы, күй тартуды орасан жақсы көрген елдің бірі. Жайлауда "ерулік" жеу үшін Обағанға барып, ондағы серілердің жарқын күйлерін тыңдап жүрген. Соның бірі Сегіз сері, оның алдына барып бас иетін. "Обаған" әнін соған арнап шығарған. Сегіз сері олар¬ды зор сыпайылықпен қарсы алып, өзінің асқақтатып айтатын сұлу әндерін олардың алдына тартады. Бұл аңыз Обаған мен Баянаула жерінде көп заман ұмытылмай жүрді. Қаныш (Сәтбаев) марқұм жас кезінде оған арнап, бір әңгіме жазып шығарды.
  XIX ғасырдың 40-шы жылдары Сегіз сері Баянаула жерін көруге келіп, Шідерті, Ақкөл, Жайылма жерін, жайлауды аралал көреді. Жазды күні талай әсем қыздарды көріп, оларға арнайы "Қарғаш" деген куй шығара- ды. Исатай мен Махамбетті есіне түсіріп, оларға арнап "Қос қыран" күйін тартады. Ерте кезде атақты Өтеболат күйші тартқан "Тарғыл бұқа" (ескі күй), "Қызыл қайың" күйлерін тартады. Бұл күйлерді бірінші тұңғыш рет жазыл қалдырған - ғалым Шоқан Уәлиханов.
  Сегіз сері - атақты мерген, аңқұмар кісі болған, оның үстіне ат-сайыс, құсбегі.Бұл тек серілерде болған әдет. 1847 жылы атақты сері қыран, бүркітке құмар болып, өр Алтайдағы наймандар арасына барады. Ол жерде "алтайдың ақиығы" деп аталған алғыр бүркіт ел арасында көптен бері мәлім, ойы соны алып қайту. Бір атақты құсбегі ақиықтың бір жойқын түрін тауып, оны серіге әкеп тартады. Сері оны Обағанға әкеліп, қанша қасқыр, қанша бұғы, қанша елік алдырғанын ел аузының суы құрығанша айтып отырады.
  Демек, Сегіз серіні Алтай елі, Ертіс бойы, Шыңғыстау, Қарқаралы елі де жақсы білген. Мәселен, Құнанбай мен Абайды төңіректеген Ағаш-Аяқ, Мухаммеджан, Әлмағамбет жақсы білген, сол сияқты Қарқаралы ән- шілері Қожамсүгір, Қожамжар, Тәттімбет, Сегіз серімен Омбыда күйді бірге ойнасқан. Терісқанның әншісі Сәтмағамбет "Әупілдек" пен "Еділбайды" шығарған, өзін Сегіз серінің мұрагері деп атаған. Сегіз серінің өз ұлы Мұсайын (1845-1920 ж.ж.) - ол да атақты домбырашы, ескі күйлерді әдемі тартқан өнер иесі, әкесінің толық мұрагері. Ол бір ғана күй тартуды мұра етіп қалдырмай, әкесінен үйренген ұсталықты, зергерлікті толық мұра етіп сақтайды.
  Сегіз сері Бағаналының екінші ақылды қызын алған соң, әлеуметтік іске қатыспай, бар жігерін еңбек жұмысына, шеберлікке, өрнек жұмысын байытуға арнайды. Оның күй тартатын салалы саусақтары сұлу дүние шығаруға да бейім болады, қаншама әдемі ернектер жасап, ол Омбының қаласында көрсетіліп, кейбіреуі кейінірек музейге де мұра болып қалады. Талай әдемі дүниелерді ол Құсмұрынның аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановқа, оның баласы Шоқанға да тартты. Құсмұрын қаласындағы әдемі ағаш үйлерді де өз қолымен тұрғызған - аяулы Сегіз сері. Демек, халықтың тари¬хына, мәдениетіне, өнеріне кіргізген Сегіздің үлесі - айта берсе таусылмайтын бір ғажайып іс.

Әлкей МАРҒҰЛАН,

ғалым-археолог, тарихшы, этнограф,

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстан ҰҒА академигі.
(Ә.Марғулан. Шығармалары.
Алматы, 2007. т. 2).


МАРҒҰЛАН Ә. Сегіз сері // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 1 наурыз. - 5 Б.

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий