САРДАР ЕДІ СЕГІЗ СЕРІ ТУРА СӨЗДІ

22 января 2018 - Нугуманов Арсен

 Драма, кино операға айналған әдебиетіміздің асыл мұрасы "Қыз Жібек" махаббат дастанының авторы әлі күнге дейін айтылмай келеді. "Айман-Шолпан" дастанын да кімнің шығарғаны Қазақ елінің көпшілігіне беймәлім. Осы күнге дейін классикаға айналған, ән сахнасынан үзілмей, құлақтан кіріп бойды алған "Қарғаш", Гауһартас", "Назқоңыр", "Алқоңыр", "Ақбақай" және т.б. туындылар халық әндері деп аталып жүр. Ал осы айтып кеткен шығармалардың шын авторы ақын, композитор, әнші, шежіреші, қазақ халқының батыры Сегіз сері (Мұхаметқанапия Баһрамұлы Шақшақтегі 1818- 1854 ж.ж.) деп батыл айта аламын.

Тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы ең маңызды міндеттің бірі - қазақ халқының рухын көтеру. Ал рухымыздың тамыры ғасырлар бойы қалыптасқан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан мәдениетімізде. Бірақ мәдениетіміз кейінгі 250 жылда орыс империясының қол астында болғандығымыздан, өшуге аз-ақ қалған Жазбаша ғана деректерге сүйеніп, тарихи шындықтан алшақтаған. Сондықтан шын тарихымызды орнына келтіру үшін халқымыздың ауыз әдебиетіне жүгінгеніміз дұрыс.

1991 жылы 19 шілдеде "Қазақ әдебиеті" газетінде ауыз әдебиетін зерттеуші, жинаушы Сейітқали Қарамендінің "Бекежан да бір арыс" мақаласы жарияланды. Сегіз серінің "Қыз Жібек" дастаны қалай бұрмаланғанын ол сол мақаласында айтқан болатын. Бұл мақаланы қолдаған әдебиет зерттеуші М.Есламғалиұлы "Төлегенді өлтірген кім?" ("Парасат" журналы, 11 қараша 2000 жыл), ал әдебиетші-академик Р.Бердібай "Төлегенді өлтірген Бекежан емес" мақалаларын ("Қазақ әдебиеті газеті”, 21 ақпан 2003 жыл) жариялады.

Енді Сегіз серінің "Қыз Жібек" дастанын кім қалай бұрмалағанын қысқаша ғана баяндайық. "Қыз Жібек' тарихи ғашықтық дастанын 1905 жылы Қазан қаласында баспадан шығарған Жүсіпбек Қожа Шайқысламұлы (1861-1941 ж.ж.). Міне, осы Жүсілбек отаршылдық ықпалына түсіп, "Қыз Жібек" дастанын бұрмалаған. Сейітқали Қараменді "Бекежан да бір арыс" атты мақаласында: "Сегіз сері шындықты жырласа да, кітап бастырушы Жүсіпбек Қожа Шайқысламұлы қысқартып, өз жанынан қарасөз қосып, рас оқиғаны бұрмалап, ертегіге айналдырып, Бекежанды Арғын елінен шыққан етіп және оны Төлегенді өлтіруші, қылмыскер, қарақшы етіп өзгертіп, басқаша көрсеткен. Шын мәнісінде, Бекежан Арғын да емес, ол, тіпті, Орта жүздің ешбір еліне жатпайды. Сондықтан Бекежанның кім екенін қай елден қай жерден екенін дәлелдеп жазуға тура келді", - дей келе - "Қыз Жібек" дастанындағы Бекежан - тарихта болған адам. Оның туған жері - Теміртаудың бөктері. Бекежанның әкесінің аты - Айбек. Ай- бек өз тұсындағы Кіші жүз Алшын Әлімұлының әскербасы батыры екен. Бекежан да әкесі Айбек сияқты қол басқарған сардар болыпты. Ол жайында "Қыз Жібек" уақиғасын алғаш рет қисса етуші белгілі шежіреші ақын Сегіз сері жырда былай дейді:

Ер болып жас кезінен шыққан аты,
Ішінде алты Шекті Бөлек заты.
Бөлектің Қабағынан шықса-дағы,
Болмапты Бекежанның көңіл шаты.

Арудан Салиқадай айырылған соң,
Кездеспей сондай сұлу қайғырған соң.
Ішіне ұялапты қайғы таты,
Жасыған жездей болып майырылған соң

Бекежан Айбекұлы деп атанған
Қалмаққа Еділ өтіп ойран салған
Қасына мың жарымдай сарбаз ертіп,
Кәпірдің мықты елінен барымта алған.
Бекежанның балалары қандай болғанын Сейітқали Қараменді атақты Қожаберген жыраудың (1663-1762 ж.ж.) "Елім-айынан" келтіреді:

Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген,
Сұлатты көздегенін атқан жерден.
Бір мерген Саңырақ атты жараланды,
Екеуі де Кіші жүзде Шекті екен.

Баласы Бекежанның мерген Тайлақ,
Садақпен жау қалмақты атты байлап
Ағасы оның Қайрақ ғакер жинап,
Дұшпанға қарсы аттанды қару сайлап.
Енді Төлегенді өлтірген Бекежан деген жалғандыққа келейік. С.Қарамендінің мақаласында айтылған Бекежан Төлегенді өлтірмеген. Бекежан Жібек сұлумен рулас. "Төлегенді Бекежанға келіп паналаған жағымсыз баскесер Кескентерек деген қожа жігіті өлтіреді. Себебі, ол да Жібек сұлу Сырлыбай қызына ғашық екен", - делінген (Бұл дерек Сегіз серінің "Қыз Жібек" жырынан алынған).

Сегіз сері Жібек сұлу Сырлыбай қызының аузымен Шегеге былайша жауап бергізеді:

Көк жорға ат біздің қолда алтын жабдық,
Астынан қарақшының тартып алдық.
Бір елдің төресіндей ғашығымды,
Өлтірген Кескентерек жолда аңдып.
Осының өзінен-ақ Төлегенді өлтірген Бекежан емес, Кескентерек екендігі айқын болып тұр! Ал енді Жүсіпбек Шайқысламұлына тоқталсақ. Көкбай (1864-1927 ж.ж.) ақынның "Жүсіпбек Шайқысламұлына" атты өлеңінде оның өтірігі нақты дәлелденген.

Арнадым осы өлеңді Қожа текке,
Халыққа келіп сінген Жүсіпбекке.
Қазанда көп қиссаны бастырсаң да,
Ұрлығың аян болды дүйім көпке.

Қожа сен қулығыңды асырыпсың,
Қазанда бұл қиссаны бастырыпсың.
Өзіңе өз қылмысың майдай жағып,
Бойыңнан ар-иманды қашырыпсың.

Бұл қисса Орта жүздің Керейінен,
Қазақтың Сегіз сері мерейінен.
Шығарған осы жырды кім екенін,
Білмесе елге айтып берейін мен.

Наурызбай - Ханшайым қыз елдің ері,
Шығарған дастан етіп Сегіз сері.
Сегіздің көп қиссаны шығарғаның
Әлі де ұмытқан жоқ Қазақ елі.

Ер Сегіз бен Науанды жек көрген соң,
Қысқартып бұл дастанды бұзып қойған.
Жоқ қылуға қиссаны бата алмаған,
Сегіздің есімін де атамаған

Құлатар сені халық жанған отқа-ай,
Жыраудың сөзі шындық атқан оқтай.
Арнаған сын өлеңді кім десеңіз,
Шәкіртімін Абайдың, атым Көкбай. (Көкбай Жанатайұлы. "Абайдан сабақ алдым бала жастан", Алматы қ., 2005 жыл 22-25 беттер, құрастырған Сейітқали Қараменді).

Осыдан-ақ қазақ халқының тарихынан ірі тұлға Сегіз серінің аты өшіріліп тұрғанын көреміз. Содан бері қанша буын ұлдарын Бекежан деп атамай, Төлеген деген есімді тым көбейтіп жіберді ғой.

Алматыда Ғылым" баспасынан 1988 жылы шыққан "ХІХ ғасырдағы қазақ акындары" атты кітапта айтылған "Артына мәнді мұра қалдырған ақындарымыздың бірі - Сегіз сері, ол 1818 жылы бұрынғы Кызылжар уәлаятындағы Маманай деген жерде дүниеге келіп, 1854 ж. 36 жасында сонда қайтыс болады. Әкесі - Баһрам (1770-1826 Ж.Ж.), атасы Шақшақ, ел ішінде беделді, білгір де шешен сауатты адам болса керек".

Мұхамедқанапия 6 жасынан ауыл молдасынан, кейін медреседе дәріс алып, Қызылжарда "приходская школада" оқып, Омбы қаласында әскери училище бітіріп, офицер дәрежесін алды. Бірақ ол орыс патшаның отарлау қызметінен бас тартады. Генерал-губернатор Горчаков Сегіз серіні ұстау үшін екі рет арнайы отряд шығарады. Сегіз сері құтылып кетіп, нағашы жұрты Сырым Датұлының, елінде паналап, баға жетпес әде- биетіміздің туындыларын дүниеге әкеледі.

Академик Ғабит Мүсіреповтің "Ұлпан" романында Сегіз сері туралы жазғаны: "...Ол ақынның мұрагерлері "Қарлығаш", Гауһартас", "Әйкен-ай" әндерін Сегіз сері шығарғанын, тіпті, дауға салмайды. Түгел мойындап қойған... жарты ғасыр болған "Қыз Жібек" Керей топырағында Сегіз сері нұсқасында тұрақтап қалып еді. Сегіз серінің аты ел ішінде "Мақпал мен Сегіз" атты дастандар арқылы да ертеден мәлім".

Сегіз сері - Шығыс сазынан, әдебиетінің де білгірі. Мысалы, әйгілі "Фархад пен Шырын", Баһрим мен Кулянда", "Ғайнижамал" бейнелерін үлгі тұта сөйлейтін жан-жақты дарынды тұлға болғаны осы кітапта жазыл- ған С.Қарамендінің зерттеулерінде "Сегіз серінің ақындық шеберлігімен қоса, көне замандағы Аристотель, Платон орта ғасырдағы Ибн Сина, Әбу Нәсір әл-Фараби, т.б. шығыс ақын, философтарының ғылыми еңбектерінің білгірі екенін көрсетеді (С.Қараменді "Сегіз серінің Мұғал биге көңіл айтқаны", "Қазақ әдебиеті" газеті, №33, 13 тамыз 1996 ж.).

Ақын композитор, әнші Жаяу Муса Байжанов Сегіз серінің шәкірті болған. "Ер Сегіз" толғауында Сегіздің беделді туындыларын атап өткен:

Сал Сегіз әуес болған нақ Құндызға,
Көз салған еліндегі шын жұлдызға.
Шығарған "Қыз сипаты", "Ғайни" әнін,
Еркесі Ысық жұрты Ғайни қызға.

Сардар еді Сегіз сері тура сөзді,
Ер еді аса көркем иман жүзді.
Жолығып Үшбурылда Патшайымға,
Арнаған әсем әнін - "Қаракөзді".

Сал Сегіз өзге ақыннан болған басым,
Шығарған Мақпалға арнап ”Гауһартасын".
Ән салып, күй шығарып, дастан жырлап,
Әр жердің тамсандырған кәрі-жасын.


Таралған қолтаңбамен Кіші жүзде,
Сегіздің "Айман-Шолпан", "ҚызЖібегі".
Сегізде толып жатыр тамаша әндер,
"Әйкен-ай", "Жылой", "Қарғаш",
"Бес қарагер",
"Шолпан қыз", "Дайдидау"
мен "Бозқараған".

Бөлеген куйге Сегіз ой мен қырды,
Төгетін жиындарда асқақ жырды.
Омбыда Мұқарима сұлуға арнап,
Шығарған алғашқы әні "Назқоңырды".

Шырқадым Сегіз сері "Көкем-айын",
"Ерден кек", "Алқоңыр" мен "Сәулем-айын".
"Бозшұбар", "Қыз әлем" әнін айттым,
Несіне сауық құрмай қорғалайын.

 

Жігіттер өнер қусаң Сегізге уқса,
Шәкірті Сегіз сері атым Мұса.
Қазақтың ел қорғаны мақтаныш қой.
Үш жүзде ер Сегіздей көп ұл туса. (С.Қараменді "Ер Сегіз" ("Алматы ақшамы" газеті, №6,1991 ж.).

"Сегіз сері - ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі. Атамыз Сегіз серінің ақындық-жыршылық өнері ұрпағының аузында және барша ұрпағы оныһ империяға қарсы батыл күрескенін, қол құрап қарсы тұрғанын сол үшін қатты қуғын-сүргін көріп, қазақ жерінің батыс жақ қиырына кетіп, құтылуға мәжбүр болғанын да жақсы біледі", - деп жазды Солтүстік Қазақстанда тұратын Сегіз серінің шөбересі Амантай Бегенов "Атамыздың жазығы не?" атты мақаласында (А.Бегенов "Атамыздың жазығы не?", "Қазақ әдебиеті" газеті, №26,29 маусым 2007 ж.).

Өткен ғасырдағы бас ақындардың бірі Шәңгерей Бөкеев (1847-1920 ж.ж.) "Сардар сегіз" атты тарихи дастанында орыс патшасының отарлық саясатына қол шоқпар болған Кіші жүз Жәңгір ханға қарсы шыққан Сегіз серінің ерлігін жырлайды. Шәңгерей Жәңгір ханның немересі болса да, өз халқына қалқан болған батырды жақтайды.

Сегіз сері тұлға болған "сегіз қырлы, бір сырлы" өз халқын сүйген отаршыл күштерге тойтарыс берген орыс патшасының шеншекпеніне сатылмағаны туралы тағы бір Ресейде шыққан дерекке тоқталайық. "Очерки истории казахов Омского Прииртышья" шығармасында: "...Среди окончивших Азиатскую школу числился Мухамет Шакшаков. В школу он поступил в 1830 г. К моменту ее окончания в 1836 г. она была преобразована в особый класс восточных языков училища Сибирского казачьего войска. Историк и поэт в гневных стихах он изображает генерал-губернатора Горчакова разорителем казахского народа, не желая участвовать в карательной экспедиции против восстания Кенесары Касымова, бежал из Омска в младший Джуз". Авторы И.А.Турсынов. Міне, осы айтылып кеткен себептермен орыс патшасы Сегіз серінің атын өшірген. Мұхамедқанапия Шақшақов орыс патшасына қызмет істемегендіктен оның аты архивтерде сақталуы да екіталай.

Қазақты ұлтсыздандыру бағытында Кеңес империясы патшалық Ресейдің мұрагері ретінде қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрлеріне де тыйым салған. Осы күнге дейін қайта оралмаған дәстүріміздің бірі - әмеңгерлік. Сегіз серінің "Қыз Жібек" тарихи дастанында Төлегенді өлтіргеннен кейін Жібек оның інісі Сансызбайға әмеңгерлік жолмен қосылады. Бірақ бұл шын оқиға отаршылардың саясатына орай осы күнге дейін жасырын қалды. Осы себептен Е.Брусиловскийдің "Қыз Жібек" операсында Жібекті жардан секірткізсе, "Қыз Жібек" ки- носында Сансызбайға қоспай суға батырады.

Сейітқали Қарамендінің "Бекежан да бір арыс" мақаласының ең соңында: "Қыз Жібек" жырының Сегіз сері шығарған нұсқасының әлі күнге дейін жарық көрмей, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде он төрт жыл бойы жабулы қазан күйінде жатқанына кім де болса қынжылса керек", - деп айтып кеткен еді.

Тәуелсіз мемлекет болғанымызға 26 жыл өтсе де, XIX ғасырда өмір сүрген сол кезде бүкіл қазақ халқына танымал болған, мәдениетімізге баға жетпес асыл мұра қалдырған, өз халқы үшін отаршыларға қарсылық көрсеткен тұлға Сегіз сері әлі де тиісті орнын ала алмай отырғаны қынжылтады. Өткен ғасырдан бері Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығы туралы 260-тан астам мақала, 48 кітап жазылыпты.

Дүниежүзілік деңгейдегі классикалық шығармалар қатарына енген махаббат дастаны "Қыз Жібек" сол бұрмаланған қалпында айтылып келеді. Бұл жалғандықтың залалы Сегіз сері, Бекежанның ұрпақтарына жалғасып келе жатыр. Мысалы, ақын Ахмет Өмірзақтың өлеңдері - осыған дәлел.

"Керек емес мына жырға "сөз басы".
"Ақиқаттың" -десек те, - оның тозбасы",
Бақи жаққа бетін бұрып кеткелі,
Тиылмай тұр Бекежанның көз жасы...

Төлегеннің кімнен келді ажалы?
Жауабы анық таппай көрді қазады.
Кескентерек - қарақшының күнәсін,
Бекежанға аударғандар-жазалы.

Опасыздық, нәмәрттіктің жаңасы –
Қағаздағы таңбалардың жаласы,
Бекежанды атқа байлап жіберген –  

Шайқысламның кітап сатқан баласы.

Сол Жүсіпбек көріп тұрып "көрмеген",
Босағаны ауыстырған төрменен.
Сол Жүсіпбек - безбуйрегі бүлк етпей,
Жыр - "Жібекті" қалауынша өңдеген.

Сол Жүсіпбек жалғандықтан қашпаған,
Ақ қағазға ақиқатты баспаған.
Отқа тығып Бекежанның аруағын,
Руласын жырдан сызып тастаған.

Міне, осылай бір-бірімен алмасып.
Залым пікір келе жатыр жалғасып
Қашанғы енді көмеміз құдыққа
Ей, Ақиқат, жетер енді, алға шық. (А.Өмірзақұлы "Бекежанның көз жасы", "Ақтау ақпарат" газеті, №8, 21 ақпан 2013 жыл).

Қазіргі жас буын рухани қазынамыздың жанашырлары қазақ әдебиетіндегі бұл әділетсіздікке қарсы. "Қыз Жібек" жырының көркемдік құндылығын бағалау үшін оның тарихи түпнұсқасын айналып өту ағаттық. Біздің ұлттық мүддемізді, ұлттық тамырымызды, қазақи болмысымызды сақтап қалатын төлқұжатымыз іспеттес алтын қазынамыз - ауыз әдебиетін өзгертуге, оны бұрмалауға ешкімнің де қақысы жоқ". (Нұргүл Жамбылқызы "Бекежан қандықол қарақшы болған ба?", "Қазақстан - Заман" газеті, 27 қаңтар 2012 жыл).

Әр халықтың шынайы тарихы ешқандай саясатқа бағынбайтын ауыз әдебиетінде. Кейінгі бес-алты жылда басылым беттерінде Сегіз серіге арнаған мақалалар көбеюде. Г.Дәркенбаева 2014 жылы "Сегіз сері (Мұхаметқанапия Баһрамұлы) шығармалары - қазақ халқының асыл мұрасы" атты ғылыми еңбек жазды. 2013 жылы "Жалын" баспанасынан Мәдениет, ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасы бойынша Сегіз сері шығармалары 2 том болып шықты. 2014 жылы "Дәуір" баспасынан "Сегіз сері" екі томдық шығармалар жинағы шықты. Бірінші томына өлеңдері мен толғаулары, екінші томына дастандар енді. Осы жылы "Сегіз серінің музыкалық мұрасы" атты кітап та жарық көрді. Авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертанушы Серік Оспанов.

Бұл мақаланы қорыта келе айтпағым: "Қыз Жібек" дастанын Сегіз серінің нұсқасы негізінде баспадан шығару керек, "Қыз Жібек" операсын, пьесасын ақиқатқа сай қайтадан жазу керек, классикаға айналған екі сериялық "Қыз Жібек" кинофильміндегі Бекежанның орнына қарақшы Кескентеректі енгізу керек, яғни үшінші сериясын түсіріп, Жібекті әмеңгерлікпен Сансызбайға қосып, олардың тұңғышы Төсбатыр Қазақ елінің қалқаны болғанын көрсету керек және Сегіз серінің шығармалары сахна төрінен орын алып, автордың өз атымен шығуы керек. Сегіз серінің өз халқына деген сүйіспеншілігі, оның өмірі мен шығармашылығы қазіргі және болашақ буынға үлгі екені күмән туғызбайды.



ҚАРАМЕНДІТЕГІ Т. САРДАР ЕДІ СЕГІЗ СЕРІ ТУРА СӨЗДІ // Солтүстік Қазақстан. - 2017. - 23 желтоқсан. - 4,5 Б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий