САЛ-СЕРІЛІКТІҢ АТАСЫ

6 марта 2018 - Нугуманов Арсен

 Сегіз сері (Мұхамедқанапия) Баһрамұлы Шақшақов 1818 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе-Маманай деген жерде дүниеге келіп, 1854 жылы 36 жасында сол жерде қайтыс болған. Руы Керей, оның ішінде Көшебе. Үш жүзге аты әйгілі Толыбай сыншының алтыншы ұрпағы. Сегіз сері Омбыдағы "Азия мектебін" бітірген араб, парсы, түрік, шағатай, орыс тілдерін жетік меңгерген аса сауатты, шежіреші, сегіз қырлы адам болған. Сол кездегі саяси-әлеуметтік ағымнан хабардар Мұхамедқанапия ақ патшаның туған халқына қарсы жүргізбек болған отарлау саясатына дәнекер болудан бас тартқаны үшін қуғынға түскен.

Тумысы бөлек, тұла бойы тұнған дарын иесінің құдіретті өнеріне бас иген халық, оны өнеріне сай "Сегіз сері" деп атап кетеді. Ол ерлік пен елдіктің, махаббат пен ғадауаттың небір ғибрат үлгісіне құрылған жыр-дастандар шығарады. Сегіздің ақылшысы, Асанбек шешен Нұрғожаұлы (1752-1846) өзінің "Сегіз сері" атты толғауында:
... "Қожаберген, Дәстемдей
                                   бабасының,
Болып өткен ақындар
                                      ағасының,
Әншілік, күйшілігін
                              жалғастырған,
Сегіз сері жұлдызы
                             Алашымның",—
деп оның өнерпаздығына жоғары баға беріпті. Ал Махамбет Өтемісұлының (1804-1846) "Сегіз серіге" деген өлеңінде:
..."Айман-Шолпан", "ҚызЖібек"
Дастаның елге тарады,
Қашқын болып жүрсең де,

Аузыңа халық қарады", - деп оның жыраулық қарымын мойындауының өзі Сегіздің үлкен эпик ақындығының дәлелі. Сегіз серінің бай мұрасы уақытында жиналып, зерттелмеуінде кездескен қиыншылықтар оның орыстардың отарлау саясатына қарсы шығып, Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковтың қаһарына ілігіп, патша үкіметіне саяси қауіпті адам ретінде оның соңынан аңду қойса, екіншіден, әндерінің атын атап орындауға халық патша үкіметінен қорыққан, сол себепті, авторы аталмай барлық шығармалары халыктікі болып кеткенге ұқсайды. Сегіз серіге байланысты деректердің Омбы архивінен табылмай, тек 2000 жылы Омбы облыстық Федералдық қауіпсіздік қызметі басқармасының (ФСБ) архивінен табылуы да осы күмәнімізді қоюлата түседі.

Міне, Сегіздің кейінгі кезге дейін аты аталмай, шығармаларының жиналмай, зерттелмей келгендігінің басты себебі осында жатса керек. Сегіз сері - лирик композитор. Оның әдебиет пен өнер жанрларының бар саласын қамтыған сегіз қырлы, бір сырлы табиғи тума дарын екендігін шығармалары дәлелдеп тұр. Бұ- лардың қай-қайсысы болмасын - қазақ өнерінің нақ төрінен орын алатын туындылар.

Зерттеу тұрғысынан алғанда, 2002 жылы Солтүстік Қазақстандағы академик Манаш Қозыбаев атындағы университет ұстаздары мен профессорларының ұжымдық ғылыми ізденістерінің арқасында "Сегіз сері" атты екі томдық таңдамалы шығармаларының жарық көруі, рухани өміріміздегі үлкен жаңалық болды. Бірлі-екілі ғылыми диссертация қорғалғанын да естідім. Менің қазақ өнеріне арнаған саналы ғұмырымда, жарты ғасырдан астам өмірлік тәжірибемде көзім жеткен бір ғажап, табиғи құбылыс бар, ол мысалы: Сегіз сері -1818 жылы, Біржан сал - 1831 жылы, Ақан сері - 1843 жылы туғандарын ескерсек, әр сал-серінің арасында бір мүшел жас айырмашылығын көреміз. Бұл дегеніміз, Жаратушы иеміз өзі сүйген құлдарын, талантты ұлдарын табиғи заңдылықпен, араларына мүшел жас салып, дүниеге келтіріп отырғандығын білдіреді.

Яғни, бұл табиғи дарындар күнде туа бермейді, оларды бізге белгісіз табиғаттың тылсым заңдылығымен Жаратушымыз дүниеге жоғарыдағы цикл бойынша келтіріп отырады деген тұжырымға келдім. Мына бір ғажап құбылысқа қараңызшы, 1818 - (барыс) жылы дүниеге келгендер: Сегіз сері - әнші, ақын, балуан, Құрманғазы - төкпе күйдің негізін қалаушы, балуан, Тәттімбет - шертпе күйдің негізін қалаушы, Шортанбай - ақын, жырау, Маржани - татар халқының тарихшы, діндары, ақын, т.б. Міне, сондай тума дарындардың бірегейі - соңындағы қазақ халқына қайталанбас асыл мұра қалдырған, сал-серіліктің атасы - Сегіз сері бабамызға қазақ қауымының рухани-мәдени өмірінде төрден орын беретін кез келді.

Сегіз серіні ойдан шығарылған тұлға деп, күмән келтіруші топтың әрекеті, қазақи рушылдық іштарлықтан әрі аса алмай журген өресі тар, сорлылардың дәрменсіз тірлігі ғана. Болмаса, Сегіз сері сол жазғыш топтың қайсысының ғана әкесін өлтірді екен деп куйінемін?! "Заманына қарай адамы..." дегендей, кейінгі жылдары тірілерді былай қойып, өлі тұлғаларды жамандайтын тексіздік белең алып бара жатыр. Бұл, әсіресе, оңы мен солын әлі айыра алмай жүрген өскелең ұрпақ санасын улайтын - өте қауіпті індет. Осындайдан сақ болғанымыз абзал. "Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді". Әлі күнге дейін Қожаберген мен Сегіз сері есімдері аталмай, не қазақ поэзиясының, не қазақ әндерінің антологиясына енбеуі, еркениетті әдебиетіміз бен мәдениетімізге үлкен сын әрі сүйегімізге таңба болып тұрғандығы, ащы да болса шындық.

Осы орайда Сегіздің шәкірті
Біржан салдың:
"Сегіздей асыл адам
                                жаралмайды,
Халқына болып өткен тым
                                     жағдайлы.
Керейден жүз мың әйел ұл
                                          тапса да,
Ешбірі Сегіз сері бола
                                   алмайды",-
деп үлгі алған ұстазын елжіреп еске алып, ұлықтайтынын қайтерсің?! Шіркін, осындай пәк көңілмен, өнерде бірін-бірі мойындап өткен жаны жомарт біртуар бабалар-ай!

Үш жүзге аты әйгілі өнерпаз Сегіз сері әндер жинағының тұңғыш рет жарық көріп отырғандығы - бабамыздың ән мұрасын 1985 жылдан бері зерттеп, жинактап, оны жүйелеген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші, өнер тарихын зерттеуші Серік Оспановтың үлкен ізденісінің жемісі.

Бұл еңбектің үлкен дайындықпен келгендігіне Серіктің 2005 жылы "Конгресс холл" сарайында берген "Сегіз сері - жұлдызы Алашымның" атты шығармашылық ән кеші дәлел бола алады.

Сол кеште Сегіз серінің Серіктің орындауында шыққан "Алқоңыр" атты CD әндер жинағының тұсаукесеріне ақ батамызды берген болатынбыз. Алайда, кейінгі жылдары кейбір "сегізтанушы" ағаларымыз жөн-жосықсыз авторы жоқ халық әндерінің барлығын Сегіз серіге теліп, қазақша айтқанда: "Артық қыламын деп, тыртық қылып" - өнерпаздың да, өзінің де қадірін кетірді. Мұнысымен онсыз да басы дауда жүрген Сегіз сері тағдырын сергелдеңге салып қойды... Өз басым Сегіздің көзін көріп, тәрбиесін алған кенже шәкірті Жаяу Мұса Байжанұлының "Ер Сегіз" жырында жазып кеткен дерегіне имандай сенемін. Өйткені, еш бүкпесіз барлық шәкірттерінің атын атап, түсін — түстеп, әндері, жырлары мен күйлерін қалай, кімге шығарғанын мүлтіксіз жазып, хаттап кеткен шынайы дерек көзі осы.

Небәрі 36-ақ жас ғұмыр кешкен Сегіздей талант иесінің бір басына 30 шақты ән, 4 қисса-дастан, 4 терме мен 6 күй аз дүние емес екендігін композитор ретінде мен өз басымнан білемін және мойындаймын. Оған артық дүние қосып, қойыртпақтап қажет емес. Өнер әлемінде бір ғана әні немесе бір күйімен тарихта қалған тұлғалар аз ба?! Міне, осы тұрғыдан алғанда Серіктің Сегіз серінің музыкалық мұрасына арналған бұл тұңғыш жинағы жан-жақты зерттеліп, архивтік құжаттар мен А.Затаевичтің еңбектеріне сүйеніп жазылған еңбегі, әсіресе, ана тіліміздегі оқулыктарға зәру арнаулы өнер оку орындары үшін үлкен олжа болмақ. Сондықтан Серік бауырыма ұлтымыздың ұлы мұрасы - дәстүрлі ән өнерін зерттеп, танып, зерделеуде шығармашылық сәттілік тілей отырып, ағалық ақ батамды беремін! Өнер тарихын зерттеу деген қиямет-қайым салада ниетін пәк, жолың ақ болсын, айналайын!

Ал қазағымызда алауыздық жойылып, оның орнына әр қазақтың қарашаңырағынан әсем ән мен күмбірлеген күй үзілмесін ағайын!

Еркеғали РАХМАДИЕВ,
композитор, КСРО Халық
әртісі, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты,
Қазақстанның Еңбек Ері,
профессор.

(С.Оспановтың "Қылышпын қынабынан алынбаған" кітабынан. Астана, 2015 ж.).


РАХМАДИЕВ Е. САЛ-СЕРІЛІКТІҢ АТАСЫ // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 3 наурыз. - 5 Б. 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий