Рухшыл ақын

20 августа 2018 - Кабиева Р.

 Қазақтың өршіл рухты ақыны Мағжан Жұмабаев - туған халқының нағыз жанашыры. Ол өз елінің мәдениеті мешеу, тарихы бұлыңғыр, "бұратана" ел атануына намыстана қарады. Әсіресе, қазан төңкерісі алдындағы қазақтарды "жабайы халық" деп есептеген шовинистік пиғылдағы пікірлер намысына тиді. Ол мұндай пікірлер халқымыздың тарихын білмегендіктен өрбитінін аңғарды.

 

      Сондықтан ақын ел тарихы мен мәдениетін зерделеп оқуға бет бұрды. Өткенге деген қызығушылық оны орыстың және әлем әдебиеті мен ғылымын зерттеуге жетеледі. Ерте және орта ғасыр әдебиеті, Батыс Еуропа мен шығыс мәдениетін білуге тырысты.

Халқының өткенін жаңа заманмен салыстыра отырып, одан түйген пікірлерін өлең жолдарына түсірді. Ақын бодандық қамытын киген елге өткенді еске оралтты. Мағжанның ел тарихын жете білуі - ұлттық өзімшілдік сезімін күшейтті. Ал ұлттық өзімшілдіктің түбінде отаншылдық, жанкештілік сезім бар. Ол келер ұрпақтың ұлтжандылық қасиеті мықты болуына кеп көңіл аударды.

Мағжан шын мәнінде - келер ұрпақтың ел тарихын салт - дәстүрін әдет-ғұрпын ұлттық сезімін жоғалтып алмауын ойлады. Ұлттық сезім жойылған қоғамда мемлекеттік орнап, Отанының даңқы мен күш-құдіретіне сенімі жоғалатынын түсінеді. Сөйтіп, қазақтың рухын көтеретін шығармаларды дүниеге әкелді.

Алаш қайраткері қазақ әдебиетін биік дәрежеге шығару үшін халқымыздың ауыз әдебиетінен бастау ал ып, әлемдік әдебиеттің жетістігіне үнілді. Әл-Фарабиден бастап, Еуропа философтарының еңбектерін де терең зерттеп, шығармаларында кеңінен пайдаланды. Оқырмандарды өзге ел әдебиеттерінде, өнерінде болып жатқан жаңалықтармен таныстыруға ұмтылды. Сөйтіп, қазақ әдебиетін ой жұтаңдығынан құтқарды.

Ұлтты сүю, оны өзгеше дәріптеу - жақсысын ғана көріп, олқылығына көз жұмып қарау емес. Мағжанның 1911 жылы жазылып "Айқап" журналының №2 санында басылған "Жатыр" атты өлеңі сөзімізге айқын дәлел. Сонда небәрі 18 жасар Мағжан қазақтың өнер-білімнен, ғылымнан ада, бейғам, бойкүйез кемшілігін ашық жазған:

...Ойламай біздің қазақ текке жатыр,

Бір іске жанаса алмай шетте жатыр.

Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,

Қазекең таң қаларлық кепте жатыр, - деген.

1912 жылы "Шолпан" жинағында шыққан сол тұстағы ақын өлеңдерінің көпшілігі осы мазмұнда болып келеді. Мағжанның ұлтшылдық, түркішілдік өлеңдері "Ғалия" медресесінде оқып жүрген кезінен басталады. "Анама", "Жазды күні қалада", "Есімде тек таң атсын", "Жауынгердің жыры", "Орал", "Орал тауы" деген өлеңдері ұлтын шексіз сүйген ақынның ішкі сезімің жүрек тебіренісін аңғартады.

Қазақтың халі мүшкіл екенін білсе де, жарқын өмірден үміт күтті. Қараңғы қазақ көгіне ұмтылып, болашаққа сеніммен қарады. Патша өкіметін барынша әшкерелеп, бодандықтағы халқын бейғам отырмауға шақырады. Оның ақындық рухына - туған жер, қазақ сахарасы - сары дала жақын.

... Айырылып от екпінді ерлерінен

Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой

Сонау дерт түгелімен ауып маған

Дариға, жүрегімді өртеді ғой...

... Күңіреніп ойлағанда, алаш жайын

Жанымды орай берсе, улы уайым,- деп Алаш жұртының жаншылған рухын ояту үшін ақын осылай өткенге оралып отырды.

"Тіршіліктің көркі - ерік" деп ұққан Мағжан үшін ұлтынан қымбат ештеңе жоқ, осы жолда ол шырқыраған шыбын жанын да аямады. Жиырмасыншы жылдардың басындағы аштықтың құрбанына айналған халықтың жағдайын түзеуге ол дәрменсіз еді. Сондықтан ішкі мұңға терең батып, өлеңдері ("Жаралы жан", "Еділдің сағасында", т.б.) арқылы куңіренді.

Халықтың басына түскен қасірет ақынның өткен күндерді еріксіз еске алуына себеп болды. Сонау хандар мен бектер дәуірі оған нағыз еркін замандай керінді. Ақын қиялы өткен күндерді шарлап, жаралы жүрегіне тағат іздейді... Кешегі күннің кейбір суреттерін жанына жалау етіп, содан жарасына ем тапқандай болады.

"Әлеумет мұңын қолға алғаннан бері Мағжанның шығармаларының қаһармандары Абылай, Кенесары, Сыздық, Ақсақ Темір, Қорқыт, Қойлыбай, Баян батыр сықылды хандар, батырлар, ақындар", - деп жазды Жүсіпбек Аймауытов. Бұдан біз Maғжaнның Алаш тұрмысында елді бастаған ерлердің тұлғасын асқақтату арқылы ұлт рухын көтеруді мақсат еткенін аңғарамыз.

Мағжан өз ұлтының ғана емес, бүкіл түркі жұртының, жалпы Тұран жерінің шер-мұңын қозғады. Қазаққа ғана емес, Түрік деген бір кездегі ұлыстың намысын көтеріп, сол арқылы қалғыған санаға сәуле түсіргісі келді.

Түрік атаулының түп атасы ту тіккен Алтайды еске ала отырып, батыс пен шығыстың ортасында "Алтын көпір" болған Тұран жерінің ұлылығын паш ете отырып, осы топырақта туған көктүрік бабаларымыздан бастап Афрасияб, Шыңғыс, Жошы, Ақсақ Темір, Абылай ханмен жалғасып жатқан ғаламат тарихты еске алады. Ең ғажабы Мағжан бұл тарихқа Турік елінің тұтастығы тұрғысынан баға берді.

"Ертеде Түркістанды Тұран дескен

Тұранда ер түрігім туып - өскен

Тұранның тағдыры бар толқымалы

Басынан көп тамаша күндер кешкен", - деп ертедегі түркілердің біртұтас мемлекет болып, Тұранды бүкіл түркі халықтарының ортақ мекені ретінде жырлайды.

Мағжан халқымыздың болашағы түркі тектес халықтардың бірлігінде деп таныған. Поэзиясында түрік бірлігін жырлауы да содан. Түркі тектес халықтардың басын біріктіріп, бір кездегі күркіреген ел болуымызды армандаған. Бірақ өзі ондай күнге жете алмады.

Бүгіндері Тәуелсіз Қазақстан түркі тектес елдермен тіл табысып, достық, бауырластық қарым-қатынас жасап жатса, бұл мәртебелі істе Мағжандай ұлы ақынымыздың үлесі де мол екені сөзсіз. Мағжан - қазақтың талантты ақындарының бірі. Ол қазаққа өлеңімен, өмірімен жанын сала қызмет етті. Шығармаларының қаһарманы - Алаш үшін «Жарты жаңқасы» қалғанша күрескерлік жолында жанын пида еткен адамдар. Ақынның жағымды кейіпкерлері ұлт пайдасын өз пайдасынан ілгері қойды.

 

Қайролла Мұқанов, өлкетанушы

Қ. Мұқанов. Рухшыл ақын. // Soltustik Qazaqstan. -№70 (22243). -14.06.2018. -5 бет.

 

 

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий