Оразайдың әңгімесі [Мағжан Жұмабаев - 125]

16 августа 2018 - Кабиева Р.

Бұл мақаланың тарихы қызық. Қағазға түскеніне жеті жылдай (15.10.2011) болып қалды. Оқырманға ұсынуға асықпадым. Соның сәті бүгін түсіп отыр.

 ... Бірнеше күн болды, тынышым кетіп, мазасыз күй кешудемін. Бәріне кінәлі - Оразай. Оразай Ғайсаұлы Тиыштыбаев - менің жерлесім, кезінде туған ауылым - Балуан сегізжылдық мектебінде бір сыныпта оқығанбыз.

Ол біздің алтыншы сыныпқа 1961 жылдың күзінде келіп қосылды. Нақ сол жылы әкесі Ғайса ағай біздің мектепке мұғалім болып келген еді. Содан Оразаймен үш жыл бірге оқыдық. 1964 жылы Балуан сегізжылдық мектебін тамамдағаннан кейін мен оқуымды Қызылжардағы қазақ мектеп-интернатында жалғастыратын болдым да, Оразай Есілдің ар жағындағы Ленин (қазір М.Ахметбеков атында) орта мектебіне ауысты. Содан бері анда-санда жиын-тойларда кездескеніміз болмаса, жолымыз түйісе қойған жоқ еді.

Бертін ойламаған жерде кездесіп қалдық. Әңгіме арасында атасы - Едірестен қалған қолжазба бар екенін, кейбір жерлерін түсіне алмағанын айтып, бірге қарасақ қайтеді деген тілегін жеткізді. Сөйтіп, сенбінің кешінде біздің үйде кездестік.

Амандық-саулықтан кейін:

-       Кәне, атаңның мұрасы қайда? - дедім. Ол алдыма газеттің бір бетіндей сарғыш

тартқан қағазды жайып салды. Орта жүз қазақтарының шежіресі екен.

-       Атам 1947 жылы жасапты, - деді Оразай.

-       Құнды дүние болды ғой, қолда бар деректермен салыстырайық, - дедім.

Оразайдың атасы өңірге танымал молда болғанын білуші едім. Ол кезде арабша оқығандардың бәрін молда дейтін.

-       Атаңнан басқа ештеңе қалған жоқ па? - дедім.

-       Жоқ, - деді досым. - Атам 1981 жылы қайтыс болды ғой. Ол кезде әкей де

жоқ, балалардың үлкені болғандықтан, бәрін өзіме атқаруға тура келді. Ағайын - туғанға хабар бердік. Нағашымыз Сейтен Алматыда тұратын, ол кісіге де хабарластық. Алматы осы тұрған жер емес қой, кешігіп, атамызды қойған соң екі күннен кейін келді.

Сейтен Сауытбековті жақсы білемін, көп жыл Балуан сегізжылдық мектебін басқарған, бізге де сабақ берген, есімі республикаға жақсы танымал ұстаз. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім. Секен зейнет демалысына шыққаннан кейін Алматыға қоңыс аударып, шығармашылық жұмыспен айналысты, бірнеше кітап жазды. Өзінің қолтаңбасымен берген солардың бәрі менің жеке кітапханамда сақтаулы.

-       Атамды соңғы сапарға шығарып салуға жиналғандардың аяғы

саябырлағаннан кейін Секең атамның жеке құжаттарын алып қарай бастады. Атам өте ұқыпты адам еді, бәрін жазып қойыпты. Біз арабша түсінбегендіктен мән бермеппіз, - деді Оразай сәлден кейін. "Атаңның екі Құраны болған екен, Мағжанның кітабы... олар қайда?" - деді Секең. "Біз арабша түсінбейміз ғой, бәрін шүберекке орап, бірге қойдық", - дедім. Секең ойланып отырып қалды... "Мағжанның өлеңдерін өлген атаммен бірге көміп тастадым дейсің бе?!". "Иә, бәрі арапша жазылған, ішінде бірнеше Құран да бар", - дедім. "Мағжанның өлеңдері кітап па еді, қолжазба ма еді?!". "Қолжазба болатын, оны атамның өзі жазды ма болмаса басқа біреу жазды ма ол жағын білмеймін". Оразай Секеңмен арада болған әңгімені осылай қысқаша баяндап шықты.

-       Мағжанның өлеңдері екенін қайдан білесің?

-       Атам өзі жазып кетіпті. Сосын кішкентай кезімізде бізге – немерелеріне

Мағжанның, ішінде "Мен жастарға сенемін" де бар, екі-үш өлеңін үйреткен еді. Ол кезде біздің үйге қонақ көп келетін. Сондай кездері біз олардың алдына шығып, "Ақ көгершін" сияқты әндерді айтатынбыз. Атам оңашада Мағжанның өлеңдерін айтып қойып жүрмеңдер деп қатты ескертетін. Ол өлеңдерді айтсаңдар, аталарыңды алып кетеді деп қорқытатын.

Осы әңгімеден кейін шежіре жайына қалды. Досымның сөзіне сене алмай отырмын. Мағжанның жырлары мұның атасының қолына қайдан түседі? Мен сенгенмен, осы айтылғандарды басқалар қалай қабылдайды?...

Келесі күні Оразайды тауып алдым. Ол өзі мінезі тіктеу жігіт. “Соны саған қайдан айтып едім”, - деп әңгімеге ыңғай таныта қоймады.

-       Оразай-ау, халық арасында Мағжанның біраз өлеңдері жоғалып кетті деген сез

бар ғой, мүмкін, атаң сақтап келген сол өлеңдер шығар?..

-       Болса да одан енді не пайда, атам 1981 жылы қайтыс болды ғой, содан бері

тура отыз жыл өтті, не қалды дейсің, бәрі шіріп кеткен шығар. Кітаптарды атамды қоюға қатысқандардың бәрі көрді. Ол кезде мен 32-демін, көп нәрсенің жөн - жосығын біле бермейміз, алдында әжем қайтыс болған, қырқын береміз деп дайындалып жатқанда атам өмірден озды, тың сияқты еді, біртүрлі абдырап, қорқып қалдық. Сонда ағайындардың бірі жеке мүлкін бірге қояйық деді. Қарсы болған жоқпыз. Ол кезде біз заман өзгереді, тәуелсіз ел боламыз деп ойладық па? Мағжанның кім екенін де білген жоқпыз. Атам оның өлеңдерін неге айтпа деді. Онда неге үйретті, тіпті, соған мән берген жоқпыз.

Оразайдың сөздерінің жаны бар. Бірақ Мағжан Жұмабаевпен мұның атасының арасында қандай байланыс болғанына миым жетер емес. Атасы кім болған, қандай кәсіппен айналысқан? Осы сияқты сауалдар сапырылысып кетті. Менің жайымды Оразай да түсініп отырған сияқты. Енді әңгімені өзі жалғады.

-       Менің атам Едірес Тиыштыбайдан туған. Тиыштыбай бай болыпты, төрт

әйелінің біреуі атақты Лиманның қызы екен. Лиман мешіт ұстаған, оқымысты адам болған. Атам сол кісіден дәріс алыпты. Тиыштыбай шебер болған, оның осы қасиеті атама да жұғып, ол да тозған құрандарды түптеумен, тас құюмен айналысты.

Лиман туралы естігенім бар. Ол кісі жоғарыда айтқан менің ұстазым Сейтен Сауытбековтің әкесі. Көздері керген үлкендер өте білімді адам болғанын айтып отыратын. Секеңнің өзі де арабшаға жүйрік-тін.  

-       Атам өткен ғасырдың 30-шы жылдарында қуғын-сүргінге ұшырап, сотталыпты,

жазасын Карелия жақта өтепті.

-       Тоқта, тоқта! Карелия дейсің бе, Мағжан да сол жақта айдауда болды ғой.

-       Ол жағын мен білмеймін.

-       Атаңды не үшін соттаған?

-       Оған қатысты нақты құжаттар менің көзіме түскен жоқ, бірақ түсінікті ғой...

байдың баласы, оның үстіне дін жолын ұстанған.

-       Атаң айдаудан қашан оралды?

-       Өзі айтып отыратын 1939 жылы елге келдім, бірақ көп болған жоқ, соғыс

басталды да майданға алып кетті деп. Майдан болғанда да нағыз қанды қырғынның ортасына түседі, Сталинградта Павловтың үйін қорғауға қатысады. Содан 1943 жылы ауыр жарақат алып, госпитальда емделгеннен кейін елге оралады, мұнда егін шаруашылығымен айналысады, ұжымшарды басқарады Сөйтіп жүргенде, тұқым жетпей қалып, тағы да сотталып кетеді. Содан ауылға соғыс aяқтaлғaннaн кейін бір-ақ оралады. Атам өзі де өлең жазған, жақсы адамдармен дәмдес болған. Ол кісі бар кезде біздің үйдің дастарқаны жиылмайтын. Айтпақшы, атам Әбдірахман Айсаринмен де көп араласқан. Oл кісінің әжем Күлкешке туыстығы бар.

Әбдірахман Айсарин – қазаққа  белгілі тұлға, аты шыққан қаламгер. Кезінде Мағжан Жұмабаевтан дәріс алған. Оразайдың атасы мен Мағжанның арасындағы байланысқа сол кісі дәнекер болмасын? Қалай десек те, Едірес ақсақалдың Мағжанды білгені, араласқаны анық сияқты. Өйткені, ол кезде Мағжан шығармаларының таралымы көп болған жоқ, оған қолжазба қайдан келеді? Әйтеуір сауал кеп. Осылай Едірес ақсақал Мағжанға сәл де болса жақындай түскендей болды. Олардың Карелияда айдауда жүргенде кездесіп танысулары мүмкін ғой... Қалай десек те, мұның бәрі - біз үшін жұмбақ.

Біраздан соң әңгімеміз кілт үзіліп, екеуіміз де үнсіз қалдық. Атасы мен әжесін еске алған Оразай балалық шағын шарлап кеткен сияқты. Мен болсам, Мағжан жырларының қиын тағдыры туралы құрсауынан шыға алар емеспін. Ұлы Мағжанның халқына қайта оралуы қаншалықты қиын болса, көптеген жырлары да өзі аңсаған заманға жол таба алмай, адасып жүр. Солардың бір парасын өз қолымен жер қойнына берген адам алдымда отыр.

Өкінішті-ақ!

Жарасбай Сүлейменов «Солтүстік Қазақстан»

  Ж.Сүлейменов. Оразайдың әңгімесі // Soltustik Qazaqstan.- №73 (22246). -21.06.2018.-12б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий