Озбыр заманның отына күйген [Әбдірахман Айсаринның туғанына -120 жыл]

22 августа 2018 - Кабиева Р.

 

... "Айжанның азабы", "Мәжен", "Той тарқар", "Бәсекелестер жиыны", "Жол айырығы", "Мырзалар", "Жүрек жұмбағы", "Болсаң, Болаттай бол" сияқты әңгімелер, "Алма өз түбінен аулаққа түспейді", "Көн құрысса, қалпына барады" атты повестер жазған қазақ баспасөзінің елең-алаңында ондаған мақалаларың көсемсөздерін оқырман жүрегіне ұялатқан елеулі жазушы Әбдірахман Айсаринның есімі әдебиет тарихында ескерусіз қалып келді.

Небары қырық жыл ғұмыр кешіп (1898-1938), озбыр заманның отына күйіп кеткен оның өмірі қамшының сабындай қысқа болғанына қазіргі оқырман ой жіберер деп дәмеленемін.

   Ә.Айсарин менің анам - Мәдина Қостангелдіқызының алғашқы жұбайы, одан Айна, Аян, Айман, Азия есімді балалар сүйген. Екеуі 1928 жылдан Әбдірахман Көшерұлы 1937 жылы "халық жауы" де­ген жаламен сотталғанға дейін бақытты отбасылық ғұмыр кешкен.

Жазушы өмірбаяны да, жазған шығармалары, мақалалары да ел-жұрттың зердесінде қалмаған. 1937 жылдан былай құртылып, жойылып жіберілген. Содан аттай отыз жыл өткенде, ақталғаннан кейін бала күнгі жан досы Сәбит Мұқанов1967жылы(11 қазан)"Ленин туы" газетінде "Әбдірахман Айсарин" деген естелік жариялағанда ғана оның есімі ауызға алынды.

   "Әбдірахман менімен бір әкімшілік болыстың ішінде туды. Бала кезімізден бірге есіп, біте қайнағаң советтік дәуірдің таңы атқан шақта, әлеуметтік, партиялық қызмет майданына ауылдан бірге аттанған жеке және қоғамдық тұрмыста шын көңілден сеніскен жандай жолдасым еді ол", - дейді Сәбең.

С. Мұқанов мақаласында Әбдірахманның жазушылық, журналистік қызметін толық баяндамай, Баймағамбет Ізтөлин, Хамза Жүнісов, Баязит Жантурин өзі және досы Әбдірахман партияға тілеулес (кандидат) болып мүшелікке алынғанын, Ә.Айсаринның бес бо­лыс Керей-Уақ еліне халық судьясы болғанын тиянақты жазады. Аракідік Әліби Жангелдин басқарған "Қызыл керуенмен" Торғай, Ақмола, Семей өңірлерін аралағанынан (1921 жыл) мағлұмат береді. "Ғажап бай материалдары бар еді. Әттең, не керек, құрып кетті!"- дейді Сәбең өкінішпен.

    Әбдірахманның тілі өткір, қаймықпайтын турашыл сөзі ашық, сол себепті басшыларға ұнамағаны Сәбең қаламынан тыс қалмаған.

Мен ес біліп, кейде былайғы жұрттан жасырың көп айтыла бермейтін әңгімелер құлағыма еміс - еміс шалынып қалатын кезімде (15-16 жасымда) оның өмір деректеріне көңіл бөле бастаған едім. Алайда, анам (оның Рамазан Әкімжанұлы есімді жұбайынан марқұм, 1985 жылдың 13 желтоқсанында жол апатынан опат болған әпкем Ғайнижамал және 1951 жылы мен туғанмын) Әбдірахманның, әсіресе, М.Дулатовпен және М. Жұмабаевпен достық қарым-қатынасын тіс жарып айтпады. Өзі  “халық жауының әйелі” деген жаламен “АЛЖИР”- де 5 жыл азап шегіп, тек 1959 жылдың 23 наурызында ғана оған 1938 жылдың 21 шілдесінде шығарылған үкім күшін жойған күннің өзінде сескеніп, тіс жарудан бойын аулақ салды. 

Кейін анам сырды там-тұмдап ақтара бастады. Сондықтан мен одан сұрап және Әбдірахманмен кездескен адамдардың әңгімелерінен ұққан жайларды оқырмандарға баяндауды ұйғардым.

1. Журналистік қызметі

   Туған жері - қазіргі Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының маңы, қазақша - Қоскөл орысша - Семиполка төңірегі. Ол 1915 жылы ауылдан Қызылжарға оқу іздеп келіп, медресеге түсе алмай, келесі жылы башқұрт мұғалімі Сейіткерей Мағазовқа еріп, Троицкідегі мұғалімдер даярлайтын "Уәзифа" медресесіне оқуға алынады.

Оны тамамдаған соң қаламының ұшқыны бар жігіт Орынборда шығып тұрған "Ұшқын" және "Еңбек туы" газеттеріне орналасады.

Осы уақытта ол Орынборда Бейімбет Майлинмен, Сәкен Сейфулинмен және Смағул Сәдуақасовпен танысады. "Ұшқын" (қазіргі "Егемен Қазақстан") "Еңбекші қа­зақ" газетін Сәкен кейін 1925 жылы Смағұл басқарғанда Әбдірахман Бейімбеттің көмегімен (ол Смағұлдың орынбасары, 1925 жылы) осында тілшілік қызметке кіріседі.

Алғашқы мақалаларың әсіресе, өткір сын-сықақтарын көбіне өзінің Уақ руының бір тармағы Шоға тайпасының атымен кейде "Әбдірахманов" деп жариялап жүреді. Бұл уакытта оның досы Б. Майлин "Шұғаның белгісі" повесін (1923- 1925 жылдары) жазып, бас кейіпкерін Әбдірахманның есімімен атайды. Және досына "Шоға" дегеннен гөрі "Шұға" дұрыс" деп өтініш білдіреді. Әбдірахман мұны мақұл көреді.

   Кейін oл Қызылордада "Еңбекші қазақта" қызмет атқарады.

   1928 жылы анама үйленген ол осындағы үйіне мұнда қызметке келген Ғабит Мүсіреповті әйелі Құснимен пәтерге алады. Жазған шығармалары да, мақалалары да өткір, тілі шебер, ұнамды болған. Ол өзін сынағандарға өштеспейтін, кешірімді, кеңпейіл екен.

1928 жылдың көктемінде оны Қызылжарға "Бостандық туына" қызметін жоғарылатып алдырады. Бұған Ғабит Мүсіреповтің С.Мұқановқа жазған хаты айғақ: Ғабит Қызылжардағы Әбдірахманды сынап, "Май сасыса, тұз себеді, тұз сасыса не себеді?" деген оқшау (фельетон) жазғанын ("Өсу жолдарымыз", Алматы, 1960 жыл 581- бет), оны Әбдірахманмен қызметтес біреудің оқып алып, Қызылордаға өзіне қайта салып жібергенін налып айтады.

Ә.Айсаринның жан аяспас досы Сәбең Ғабиттің бұл әрекетін құп алмай, оған реніш білдіріп, Әбдірахман Қызылжарға кетерде Қызылордадағы үйін Ғабитке ақысыз-пұлсыз қалдырып кеткенін ескертіпті. Мен мұны Сәбеңнің досы әрі тілеулесі, шешемнің туған жездесі, Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылында тұрған Мұхамеджан Сандыбаевтан (1900-1984)1970 жылы естігенмін. Ол асқан шежіреші, Керей-Уақтың білгірі болды. Оны “Батау” деуші едік. Әкесі Кәрібай қажы Батаудың өзін, Сәбитті, Баймағамбетті, зиялы тұлға Ғалауетден Мәмековті оқытыпты. Батау Сәбиттің Ғабитке өте налығанын айтты.

Кәрібай қажыны 1921 жылы қандықол партизан, оған дейін ұры, қарақшы болған Дмитрий Ко­валев Есперлінің түбінде (қазіргі Жамбыл ауданы) атып өлтірген.

Ә. Айсарин "Бостандық туынан" соң 1932 жылға дейін "Кеңес ауылында" басшылық қызмет атқарады. Ол жастарға зор қамқорлық жасай білген. Мысалы, 1932 жылы кейін Кеңес Одағының Батыры болған Мәлік Ғабдуллинді қызметке алып, өзінің үйінде тұрғызған.

1946 жылы Әбдірахманның баласы Аян ағамды "халық жауының" ұлы оқып жүр" деген хабар Балуан ауылынан жеткен соң Алматы мал-дәрігерлік институтынан шығарып тастағанда Мәкеңнің көзіне түсіп, әлі ақталмаған адамның ұлын қаймықпастан өзі басқарып отырған ҚазПи-ге оқуға алғанын, оны қалайша танығанын мен 2005 жылы "Солтүстік Қазақстан" газетінің 85 жылдығына арналған "Дәуір - дастан" кітабында жазғанмын (Петролавл 2005 жыл 58-бет).

Ә.Айсарин 1937 жылға дейін журналистік қызметте болып, сол жылдан Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалын басқарған және соған қоса облыстық атқару комитеті жанындағы өнер жөніндегі комитет төрағасының орынбасары болып істеген.

Естуімше, ол өзін ұстап әкетеді деген ойда болмаған. Сондықтан шығармаларын, әсіресе, әдеби туындыларын күні бұрын жасырып үлгермеген. Қысқасы, қапы қалған.

 

2. Әбдірахман, Сәбит және Абылай қажы

   1918 жылдың қысында Әбдірахман Троицкідегі "Уәзифа" медресесінен каникул алып, ауылдағы ата-анасын сағынған соң Қызылжарға келеді. Қалтасы жұқа, қаражат жеткіліксіз. Қалада амалсыз жүріп қалған күндердің бірінде жиырма жасар жігіттің көзі қос ат жегілген пәуескеге түседі.

Бұл Қызылжарда бірнеше сауда дүкені, мейрамханалары бар Мәубиев деген татар көпестің мініс көлігі еді.

Көпес пәуескеден түсіп, дүкеніне кірген сәтті аңдып тұрған өжет Әбдірахман атқосшы жігіт пен Мәубиевтің еркетотай баласын пәуескеден атып жіберіп, "Қоскөл", қайдасың?" деп, ауылына тартып отырады.

   Түкірігі жерге түспейтін 1-ші гильді көпес Мәубиев көп ұзамай, сұрастыра жүріп, Әбдірахманның әкесі - Көшер қажының отырған ауылы - Балуанның сол кездегі қонысына келеді. Момын Көшер қажы болғанымен, атағы жер жарып тұрған көпеске қарсы амал таба алмай қатты қысылады. Мәубиев Әбдірахманды сотқа тартпақ.

Бұл әңгіме сол уақытта Қоскөлдегі Көшебе Керей Абылай қажыға жетеді. Абылай қажы (1871-1931) айбарынан ел-жұрт сескенетін өте өжет, білімді, жеті тілге жетік адам. Ол Көшер қажымен дос-жар, тілеулес.

     Атап өткенімдей, ол Көшебеден, оның ішінде Үмбеттен тарайды. Атасы Майлы - Абылай ханның үзеңгілес, сыйлас адамы. Би. Оның ұлы Жамақ - Бұқарада білім алған, аса зерек, ғұлама. Майлы немересіне Абылай ханның құрметіне оның есімі беріпті.                                                                                                                                                                                                                 

     Абылай қажының тегі Рамазан болуының сыры мынада: Жамақтың туған ағасы Рамазанда бала болмай, бауырына салыпты. Абы­лай - Ыстамбұлда, Қазанда оқыған зиялы, білімді, жетім-жітікке көңілі ауған адам.

Абылай қажылыққа он төрт рет барған екен. Соның тоғызында ол Көшебе, Уақтың ірі, қалталы байларын Меккеге бастап апарады. Әуелі Көшебенің он мың жылқы айдаған алпауыты Аңдамасты (1824- 1903) кемемен Қара теңіз (Одессадан бастап), Жерорта теңізі, Кы­зыл теңіз арқылы Меккеге жеткізеді. Аңдамас қажы Меккеде және Мәдинада қазақтар түсетін бірнеше үй салдырғанын жазушы, зерттеуші Дүкенбай Досжан жазды. Ол бұл үйлерді Абайдың әкесі Құнанбайдың тұрғызбағанына, нақты иесі осы Аңдамас Көшербайұлы екеніне "Абай айнасы" атты зерттеуі арқылы көзімізді жеткізді.

   Аңдамас қажы Тимирязев ауданындағы Алыпқаш көлінің жағасында жерленіпті.

Абылай Рамазанов Мәубиевке жолығып, оның даурығуын басады. Меккеге бармақ дәмесі бар, бірақ сужүрек көпес Абылайдан сескенеді де, аттар мен пәуескенің қажы төлеген құнын алып, Әбдірахман аман қалады. Абылай Әлти Көкенұлын да Меккеге апарған.

   1919 жылғы көктемде Абылай қажы Омбыдан Қызылжарға лаулатып әрең жеткен Сәбитке зор қамқорлық көрсеткеніне жазушының "Өмір мектебі" трилогиясының екінші "Азатты жолда" кітабының "Азап тауынан асу" аталатын үшінші тарауынан (121-бет) көзіміз жетті.

   Сәбең Уақтың биі әрі байы Торсанның Қазиының алдауына түсіп, 1918 жылы Омбыға барған. Оқуға түсіруге дәмелендірген Қази Сәбитті Омбыны билеп тұрған адми­рал Колчактың әскеріне қоспақ болады. Оның қулығын сезген Сәбит Қызылжарға қашады. "Жаманшұбарға" жете алмаған ол амалсыздан осы қалада жүрген Абылай қажыны іздеп табады. "Мойны - ырғайдай, биті - торғайдай" демекші, жетім жігітті аяған сонда да жанарынан ұшқын атқан жігерін жазбай аңдаған Абылай Рамазанов оны мұздай жаңа киіммен жарылғап, моншаға түсіртіп, жолына қаражат беріп, "Жаманшұбарға" жеткізеді.

   Абылай қажының Сәбитке жасаған екінші қамқорлығы - оны алғашқы қосағы Рахимаға үйлендіруі.

Сәбиттің ағайындысы, әсіресе, жетім жігітті жастайынан қасында ұстаған Сибан Керейдің ірі атқамінері Нұртаза қыздың әкесі Қосшығұлға құдалық рай танытады. Бірақ Сәбитті менсінбеген Қосшығұл Нұртазаның бетін қайтарады.

   Нұртазаның баласы, Сәбитті жанындай жақсы көрген оған аға болып келетін Мырзағазы Қосшығұлдың бұл қылығын бетіне кісі қаратпайтын Абылайға жеткізеді.

Бұл іске қажы араласады деп қаперіне алмаған Қосшығұл райынан қайтып, көне кетеді.

Алайда, Рахима көп ұзамай, баладан дүние салады. Бұл уақытта Хұсниға үйленген Ғабит (олар 1924 жылы қосылған) Сәбитке Қостанай маңында он алты-он жеті жасар сұлу қыз барын айтып, оны Мәрияммен таныстырады.

   Қыз әкесі Қожахмет бай өмірден озған Мәриям мінезі адуын, бір - беткей әжесі Зейнептің қолында. Әйелі өлген әрі қаратақыр кедей Сәбитті бәйбіше қоңсы қондырмайды. Сөзін өткізе алмаған Ғабит Абылай қажыға салмақ салады.

   Сәбитті бұрыннан білетін және болашағын сезген көреген де кемеңгер Абылай Зейнептің қайын інісі екен.

Жеңгесіне жолыққан қажы: - Зейнеп, сен жаңылыспа. Байлардың күні өтіп барады. Ертең қызыңды бір байға берерсің. Оның күні - қараң. Қызың қаңғырып қалмасын десең, Мәриямды Сәбитке қос. Болашақ - Сәбиттікі! Мәриям оның етегінен ұстаса, ел анасы - сол! - деп, жеңгесін көндіріпті. Міне, неткен көрегендік! Партияны "Әкем де, анам да!" деп білген Сәбит "Өмір мектебінде", идеология ырқына қарай, Абылайды жақтырмай жазса да, өзіне жасаған игілігін өмір бойы есінен шығармаған.

 

3. Қаламгердің басына үйірілген қасірет

   Әбдірахман Айсарин 1937 жылға дейін әртүрлі қызметтер атқарған көбі журналистік машықпен өткен. Ол "Бостандық туы", соңынан "Кеңес ауылы" газеттерінде басшылық еткенде маңындағы біраз адамдармен тонның ішкі бауындай жақындаса алмапты. Шешемнің айтуынша, Мәжит Дәулетбаевпен оның арасы тым салқын болған.

Әбдірахман Мағжанды айрықша ардақтаған. Алайда, онысын сыртқа сездірмеуге тырысқан

   1935 жылы М. Дәулетбаев Азамат соғысының алғашқы кезеңін Қызылжар большевиктерінің тап жауларымен күресін суреттеген "Қызылжар" романының 1-ші кітабын шығарады. Ол Мағжан құрған "Бірлік" ұйымын "Талап" деп өзгертіп, романның бір тұсында ақынды көпе-кәрнеу келемеждейді. Мағжанды "Ақыжан Құрманбайұлы" деп алады.

Мен осы роман туралы Мәжиттің Мағжанды теріс кейіпте бейнелегенін Петропавл қалалық "Қызылжар нұры" газетінде "Қызылжар романындағы Ақыжан ақын Мағжан Жұмабаев екені анық" (1.02.2013) деп мақала жарияладым.

   Мәжиттің осы қылығы Әбдірахманның қытығына тисе керек, ол Мағжанды қорғап, дауласқан Мағжанға өшіккен Дәулетбаев өнді сойылды Әбдірахманға сілтеудің қамына кіріскен.Олардың арасындағы осы кикілжің қазақ жазушылары мен өзге де зиялыларының қас жаулары Әбдірахман Бәйділдин (1891 жылы бұрынғы Бейнетқор, қазіргі Аққайың ауданында туған, 1931 жылы Мәскеуде атылған) мен Ғаббас Тоғжановтың (1900 жылы қазіргі Уәлиханов ауданында дүниеге келген, 1937 жылы атылған) айызын қандырды.

   Ә. Бәйділдин жайында Сәбең "Өмір мектебінде" жазып, оның жазушыларды сынағаннан басқа, әдебиетімізге үлес қоспағанын алға тартқан. Ә.Бәйділдин 1929 жылы өзі де ұсталып, тергеу барысында тұрақсыздық танытқан, Алаш зиялыларына залал келтірген. Тарихшы - жазушы Тұрсын Жұртбаев оның Ғ.Тоғжановпен тізе қосып, М.Әуезовті үш ай мерзімге қамауға алдырғанын "Талқы" романында ОГПУ деректеріне сүйене отырып, анық жазған.

   Олар М. Дәулетбаевқа қосылып, Әбдірахман Айсаринның басқан ізін аңдиды. Ақыры, ондай қақпан табылады... Әсіресе, М.Дәулетбаев "Ә.Айсарин Мағжанды 1937 жылдың қысында оңтүстікке жасырын өткізіп жіберді" деп жеткізген. Осындай әңгімелер болған.

   Ғ.Тоғжанов Нәзір Төреқұловтың қарамағында Мәскеудегі "Күншығыс" баспасында істеген. Мағжанға қарсы жиын ұйымдастырудың бел ортасында жүрген 1929 жылдан былай ақынның шығармаларын бастырмаған Нәзірдің сойыл соғары болған. Ол "Мағжанды жақтағандардың қай-қайсысы болмасын біздің жауымыз!" деп ұран тастаған. Осы орайда Раббас ауылдасы, түйдей құрдасы Смағұл Сәдуақасовқа көп мәрте сойыл сілтеп, жаулық қылған.

   Ал Мұхтар Әуезов: "Мен Мағжанға Нәзірден асырып қиянат жасаған қазақты білмеймін", - деп ашық айтқан.

Осындай қиян-кескі, мылтықсыз майданның кесірінен Ә.Айсарин 1937 жылдың жетінші тамызында тұтқындалып, 1938 жылдың тоғызыншы наурызында Алматы облысының Талғар қаласы түбіндегі "Диқанбай" деген қыстау маңында атылған.

   Ол жайында мен алғаш рет 1970 жылы үйімізде қонақта бол­ған, сол 1937-1938 жылдары Ә.Айсаринмен Алматы түрмесінде отырған Мағзұм деген кісіден естіген едім (өкінішке қарай, әкесінің атын, тегін есімде сақтай алмаппын - З.Ә.). Ол кісі он жылға сотталып, мерзімін өтеп оралыпты. Мағзұм ағайдың: "Ішінде Әбдірахман бар, жиырма шақты адамды алып кетті де, атып тастапты" де­гені есімде.

   Демограф Мақаш Тәтімов 1993 жылы жазған "Қазақ әлемі" атты еңбегінде осы оқиға туралы толық түсінік берген. Ол жер - Алматыдан 40 шақырымдай "Жаңалық" кенті. Онда 1937-1946 жылдары 4,5 мыңнан астам тұтқын атылыпты.

   Бұл орын туралы шыққан еңбек "Азалы кітап" деп аталған.

  Өкінішке қарай, Ә.Айсаринның бірде-бір шығармасы сақталмаған. Індете іздестірген академик- әдебиетші Тұрсынбек Кәкішев, журналистика тарихын зерделеген Темірбек Қожекеев ешбір нақты дерекке қол жеткізе алмай кетті.

   Ә.Айсарин еңбектерін ОГПУ ізім-ғайым құртып жіберген. Бұл туралы ұстазым Т.Кәкішев: "Әбдірахманды ұстатқандар өзіңнің Қызылжарыңнан" деген еді.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

З. Әкімжанов. Озбыр заманның отына күйген. // -Soltustik Qazaqstan. -98 (22271). -16.08.2018. -5-6 беттер.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий