Мәскеуде маздаған шабыт

3 марта 2018 - Нугуманов Арсен

  Алаш қайраткері, ақиық ақын шебер аудармашы Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың туғанына биыл 125 жыл толады. Сауатын ауыл молдасынан ашып, білімін Қызылжар қаласындағы медреседе жалғастырған Мағжан кейін Уфа қаласындағы "Ғалия" медресесінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыды. 1912 жылы оның алғашқы өлеңдер жинағы "Шолпан" деген атаумен Қазан қаласында басылғанынан оқырман хабардар. Дегенмен оның 1923-1927 жылдар аралығында арнайы жолдамамен Мәскеудегі жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқи жүріп жазған кітаптарын көпшілік біле бермейді.
 Мағжан Жумабаев Мәскеуде жүргенде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов бастаған азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген Орыс әдебиеті мен мәдениетінің белгілі қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым - қатынас орнатады.
 Сол кезде Мәскеудегі Алаш зиялылары "Күншығыс басласының" айналасында шоғырланған еді. Бұл баспаның аты XX ғасырдың 20-шы жылдарында жиі айтылатын. Қазақша ресми атауы - "КСРО халықтары Кіндік басласының қазақ-қырғыз бөлімі". Тарихы 1922 жылдан басталады. Дәл осы жылы автономиялық республикалар мен облыстар үшін кітаптар және мерзімді басылымдар шығаратын КСРО Орталық атқару комитетінің Шығыс баспасының негізінде ашылған еді.
  Ел арасында "Куншығыс баспасы" дел аталып кеткен бұл мекемеге 1922-1928 жылдары қазақтың біртуар ұлы Нәзір Төреқұлов басшылық етсе, 1922-1927 жылдары Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов та сонда жұмыс істеген 1923 жылы Мәскеуге келген Мағжан да аталған баспаға қызметке тұрады. Өзінің жеке шығармашылығымен қатар, мекеменің арнайы аудармасымен де айналысады.
  Мағжанның Мәскеуде оқыған кезіндегі аудармалары мен өз қаламынан туған шығармалары оқырман ушін өте құнды. Оның "Куркіреу, найзағай, электр" деген кітапшасының алғы сөзін басқарма атынан жазған "Қыр баласы" (Әлихан Бөкейханов) кітаптың жазылу тәсілі мен мазмұнына ерекше тоқталады. "Біз бұдан бұрын орыс кітабын қазақшалап аударып келдік. Енді осы кітапша мен білім бетімен қазақша кітаптың өзін жазатын жолға түстік. Халелдің "Жануарлары", Елдестің "Физикасы" болмаса, білім бетінде бұдан бұрын қазақтың өз кітабы жоқ та шығар", - деп аталған кітаптың қазақ оқулықтарының алғашқыларының бірі екенін атап өтеді.
 Басқарма кітаптың мәнін қазақи түсінікпен оқырман қауымға жеткізе білген аудармашының шеберлігі туралы былай дейді: "Орыс кітабын қазақ тіліне аударғанда еріксіз соған еріп кетіп, қазаққа түсініксіз дәлелдерді қолданып, кітапты қиындатып келеміз. Енді біздің білімге, қаламға жуйрік жігіттер осы Мағжан жолына түссе, ел ағарту ісі сәтті болар еді". Кітаптың мазмұны мен мақсаты туралы: "Бұл кіталта білім беті Талдыкелдегі ауылдарда жиылған ақсақалдар, муғалімдер, оқудағы балаларға сабақ есебінде айтылған болып жазылған. Бұл сабақты берген жігіт өзіне сұрағанға жауап та беріп отырған. Ел алдында тәжірибемен айтқанын дәлелдеген Сабақ кей кезде айтысқа айналған", - деп түйіндейді.
  Мағжанның еңбегі қазақ тілінде кітап жазатын жігіттердің қолданатын жолы екені анық. Соңында электр тақырыбы туралы, физика туралы терең білгісі келетін оқырман қауымға былай деп кеңес беріледі: "Бұл кітапта электр қысқаша жазылған Кітаптың іздегені электр туралы әліппеден сабақ берген. Электрмен терең бойлап танысам деген оқудағы інілер, мектептегі мұғалімдер Елдестің "Физикасын" алып оқыған оң", - деп сөзін қорытындылай келіп, соңында "Қыр баласы" деген қолтаңбасымен алғысөзді аяқтайды.
 Мәскеуде жүргенде Мағжанның орыс әдебиеті мен мәдениеті туралы ізденісі тереңдей түскені белгілі. Соның бір дәлелі ретінде Максим Горькийдің шығармаларын қазақшаға аударғанын айтқанымыз абзап. 1924 жылы басылған "Сұңқар жыры" аудармасы Мағжанның М.Горькийден аударған бесінші еңбегі еді. Бұған дейін "Жұртын сүйген жүрек", "Ана", "Темірді жұмсартқан ана", "Хан мен ұлы" шығармаларын тәржімалаған. Мағжан аударма туралы: "Өмірі жаумен алысып, қан жұтып жаралы болған сұңқар - төңкерісшілдер, жылан - жабайы тоғышарлар. "Өрмелеу үшін туған жан ұша алмақ емес". Сондықтан ақын "Ерлердің көзсіздігін ессіздігін жырлайды", - деп жазады. Горькийдің санашыл, дарашыл, романтик ақын екенін айтады.
 "Іші батпақ, қараңғы, қалың орманға жау қамап, қырылуға айналған елді бастаған батыр қатерден елін құтқармақ болады. Бірақ жолда көп қиыншылық, азап шегіп, ел батпаққа батып өле береді. Қиналған ел долданып, басшы ерге тап беріп, өлтірмек болады. Қараңғыда жол табылмайды, адасады. Сонда батыр жүрегін суырып алып, көтергенде күндей жарқырап, нұр шашады, елін беті ашыққа шығарып, ажалдан құтқарады да, батыр өледі. Бұл - "Жұртын сүйген жүрек еді...", - деген сөздер аударма ұғымды, сұлу тілмен жазылғанын аңғартады.
 Мағжан Жұмабаевтың басқарма тапсырмасымен тәржімалаған кейбір аудармалары халық шаруашылығы және партия съездері мен қаулылары туралы еді. 1925 жылы Мәскеуде Мағжанның тағы бір аудармасы "Кеңес республикалары одағындағы мұғалімдердің I тобының қаулылары" кітапшасы 1000 данамен басылып шығады. Бұл қаулылар арасында "Куншығыс баспасының" басқарма төрағасы Нәзір Төреқуловтың да баяндамасы бар болатын.
 Ақынның халық шаруашылығын жақсарту мақсатында аударылып басылған еңбектері де аз емес. Солардың бірі - "Қарыз серіктігі, оның қара шаруаға пайда- сы". Конуковтың кітабын аударып, 1925 жылы Мәскеуде басып шығарған. Бұл кітапта ел шаруашылығының мұң-мұқтажы, қара шаруаның мәдениет жүзінде мешеулігі, шаруашылықты көтеру мен көркейту үшін қарыз серіктестігінің пайдасы баяндалған. Бірнеше мемлекеттің егін шығымы салыстырылған. "Сонда Бельгия, Германия, Австриядан Ресей егіні анағұрлым төмен екендігі қазақ оқушыларына көрініп тұр. Ал қазақ орыс шаруасын өзінен артық көреді. Бұдан кейін әр мемлекеттің мал шаруашылығын салыстырады. Бұдан дүниежүзінде Дания деген мемлекет бар екендігі, оның бір сиыры жылына 350 шелектен сүт беретіні, 250 шелектен кем бермейтін көрінеді. Данияның бір сиыры біздің 4-5 сиырымызға барабар", - деп сипаттай келе, жаңаша реформалар керек екенін атап өтеді.
 Мағжан Жұмабаевтың Мәскеуде жүрген кезде аударған және өз қаламынан туған басқа да еңбектері баршылық. Солардың тізімін оқырмандарға үсынып отырмыз:
 1. "Февральдан Октябрьге бет алу". 2-бөлім. Ленин В., Мәскеу. Кеңес одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл 134 б. 6000 дана. Аударған: Мағжан.
 2. "Күркіреу, найзағай, электр". Мәскеу. Кеңес одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 . 70 б. Араб графикасы. 4000 дана. Жазушы: Мағжан
"Күркіреу, найзағай, электр". Кременский мен Лонковичтың кітапшалары бойынша жазған Мағжан Мәскеу. 1927 жыл 70 бет.
 3."Сауатты бол". (Ересектердің сауатты болуына қолғабыс қылатын кітап). Мағжан Мәскеу. 1926 жыл 63 бет.
"Сауатты бол" (түзетіліп, жаңғыртылып 4-ші басылуы). Жұмабайулы Мағжан Мәскеу. Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1928 жыл. 96 б. Араб гра-фикасы. 36000 дана.
 4."Большевик баласы: бала әңгімесі". Дорохов Павел Мәскеу. Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл 40 б. Араб графикасы. 4000 дана. Аударған Жәжеке.
 5."Төрт әңгіме". Иванов Всеволод. Мәскеу. Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл 64 б. Араб графикасы. 5000 дана. Аударған Машан.
 6."Сұңқар жыры". М.Горький. Аударған М.Жұмабаев. Мәскеу. Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1924 жыл 45 б. Араб графикасы. 4000 дана.
 7."Жаңбыр дегеніміз не?". Аударған Мағжан Мәскеу. Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1926 жыл 16 б. Араб графикасы. 5000 дана.
 8."1905 жыл". Ленин В.И. Мақалаларды сайлаған Бектұров; Аударған: Мағжан (Жұмабаев); ескертулерді жазғак Нәжіп. Мәскеу. Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1926 жыл 280 б. Ленин кітапханасы. 2-серия, 2-кітап. Араб графикасы. 5000 дана.
 9."Кеңес республикалары одағындағы мұғалімдердің I тобының қаулылары". Аударған: Мағжан Мәскеу. Халық ағарту қайраткерлерінің баспасы, 1925 жыл 48 б. Араб графикасы. 1000 дана.
 10."Еңбекші қара шаруаның артельдері мен коммуналары". Конюхов. Аударған Мағжан Жұмабайұлы. Мәскеу. Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1925 жыл 72 б. Араб графикасы. 4000 дана.
 11."Қарыз серіктігі, оның қара шаруаға пайдасы'. Конуков. Мәскеу.1925 жыл
 12."Май мейрамы". Иосиф Мәскеу. Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл. 60 б. Араб графикасы. 5000 дана .
 13."Қара шаруа туралы". Ленин В.И. Мәскеу. Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл 131 б. Араб графикасы. 8000 дана.
 14. Ж.П.Карревин "Дуниенің тарих, шаруа жағрафиясы". Аударушы: Жұмабайулы. Мәскеу. 1927 жыл 164 бет.
 15. Горов. "Маркс пен Ленин". Аударушы: Мағжан Мәскеу. 1926 жыл 76 бет.
 16. К. Реклин "XV партия конференциясы не деді?". Аударушы: М. Бекенұлы. Мәскеу. 1927 жыл 68 бет.
 17. Верещагин "Бізді кім билеп отыр?". Аударған: М. Мәскеу. 1927 жыл 58 бет.
 18. Г. Верещагин "СССР" (Социалшыл Кеңес Республикаларының Одағы). Аударушы: Мағжан Мәскеу. 1926 жыл 72 бет.


Абай МЫРЗАҒАЛИ,

№148 мектеп -

гимназияның мұғалімі.


МЫРЗАҒАЛИ А., Мәскеуде маздаған шабыт // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 1 наурыз. - 6 Б.
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий