Мерейтойы Мағжанның есінде қалар әр жанның

10 августа 2018 - Кабиева Р.

          Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, жыр дүлдүлі Мағжан Жұмабаевтың 125-жылдық мерейтойы Түркі әлемі, Еуропа мен Қазақстан бойынша, әсіресе, Қызылжар өңірінде кеңінен аталып өтті. Ақпан айында Анкара қаласында "ТҮРІКСОЙ" халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде Мағжан Жұмабаев жылы салтанатты түрде ашылса, сәуірде Париж қаласында "Рухани жаңғыру және мәдени мұра: өткеннен келешекке түркі тілі" атты халықаралық форуммен жалғасты. Еліміздің түкпір-түкпірінде Алаштың ардақтысы, жыр пайғамбары Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына орай, ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау бойынша аудандық, облыстық халықаралық деңгейде басқосулар, дөңгелек үстелдер, мүшайралар сияқты әртүрлі іс-шаралар өтті. Газет-журнал беттерінде жыл басынан бастап, ақиық ақын туралы мақалалар жарияланып, музейлерде көрмелер ұйымдастырылды. Осы маңызды шаралардың көбі өңірімізде өткені біз үшін үлкен қуаныш әрі абырой.

 Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мағжанның мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастырып, лайықты өткізуді тікелей бақылауында ұстағанын атап өткен жөн. Бірқатар үлкен іс-шараларға жеке қатысқан облыс басшысы туған елі мен жерінің тәуелсіздігін аңсаған Алаш ұлының аруағына құрмет көрсетіп, ұрпақ парызын орындау баршамыз ұшін зор мәртебе екенін көрсетті. Сондай-ақ Мағжан Жұмабаев ауданында туып өскен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, облыстық мәслихат хатшысы Владимир Бубенко, ақынның туған-туыстары, өзге де мемлекеттік қызметте, бизнесте жұрген аудан азаматтары Мағжанның мерей- тойын ұйымдастыру бойынша комитеттің бірнеше көшпелі отырыстарын өткізіп, жан-жақты қолдау жасады. Осы кезекте аудан басшысы Асқар Бегманов бастаған барша мағжандықтар да жерлес ақынның тойына арналған іс-шаралар жоспарын құрып, олардың уақытында Іске асуына ез үлестерін молынан қосты.

       Осының арқасында Сарытомар ауылының маңында орын тепкен этноа- уылда Алаш қайраткері, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы дүркіреп тойланды. Ауылға кірген бетте, оң жағынан бастап Абылай хан резиденциясынаң аудандық мұрағаттан музей мен кітапханадан ұлы ақынның шығармашылығын насихаттайтын кітап, сурет пен тарихи құжаттар көрмелері, ұлттық өнер туындылары, алтыбақан зергерлік әшекейлер, темірден жасалған әртүрлі заттар, ағаштан ойылған кәдесыйлар мен ыдыстар, қайыстан өрілген арқандар мен ат әбзелдері, құрақ көрпелер, бір сөзбен айтқанда, қазақтың қолөнер бұйымдары қанат жайса, одан кейін үлкен сахна орын тепті. Ал ауылдың сол жағында сауда-саттық алаңдары мен қазақтың киелі киіз үйлері аққайың ағаштары мен шөп өскен орманның бауырында орналасыпты. Одан қейін ат жарыс алаңы құрылып, балуандар белдесетін боз кілем жайылыпты. Енді ақынның мерейтойына келер болсақ, іс-шара үлкен сахнадан басталды.

Қызылжар қаласынан келген театр актерлері Мағжанның өмірін суреттейтін қойылымдар ұсынғаннан кейін Мағжан тойын өңір басшысы Құмар Ақсақалов Елбасының ақынның 125 жылдық мерейтойына орай жіберген құттықтауымен ашты.

- Баршаңызды Алаш қозғалысының қайраткері, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуымен құттықтаймын! Мағжан - тек Қазақстанға ғана емес, барша түркі әлеміне танымал ақын. Оның философиялық, азаматтық, лирикалық шығармалары - рухани асыл қазына. Мағжан Жұмабаев – халқының бостандығы үшін күрескен тұлға. Ол «Шол- пан», «Сана» журналдары мен «Бостандық туы», «Ақжол» газеттерінде еңбек етіп, ағарту ісіне зор үлес қосты.Небары 44 жыл өмір сүріп, репрессия құрбанына айналған ақын ел есінен шыққан жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында Мағжан мұрасы ортамызға оралды. Туған жеріндегі ауданға есімі беріліп, шығармалары отандық әдебиеттің алтын қорына енді. 2018 жыл «ТҮРІКСОЙ» халықаралық ұйымының шешімімен Мағжан Жұмабаев жылы болып жарияланды. Ақын мерейтойының «ЮНЕСКО»-ның Париждегі штаб-пәтерінде атап әтілуі - ақынның әлемдік деңгейге шыққанын көрсетеді. Рухани жаңғыру арқылы тарихын түгендеп жатқан Қазақстан халқы Мағжан есімін мәңгі есте сақтайтын болады, - делінген құттықтау хатты Құмар Іргебайұлы ақынның Сарытомардағы мұражайына табыс етті. 

Киелі сахна төрінен "ТҮРІКСОЙ" халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, халықаралық түркі академиясының президенті, "Егемен Қазақстан" АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, "Ресей федералдық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы" жалпыресейлік қоғамдық ұйымының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев, Баку мемлекеттік университетінің професоры Аскер Рамиз сынды меймандар ақ тілектерін ақтарып, жиналған құрметті меймандар мен жұртшылықты бүкіл түркі әлеміне танылған Мағжан Жұмабаевтың бүгінгі қоғамда алар орны ерекше екенін атап өтті.

Содан кейін сахнаға қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары Досымжан Таңатаров пен Алтынай Жорабаева әсем әннен шашу шашып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Мерекелік концерт кешке дейін жалғасып, онда облыс орталығынан және аудандардан келген көркемөнерпаздар бар өнерлерін ортаға салып, мерекенің сәнін келтірді.

Мағжандықтар мен қонақтар бұл күні аламан бәйге мен балуандар күресін асыға күткені жасырын емес. Өйткені осы екі ұлттық спорт түрі бойынша бас бәйге - автокөлік болатын. Сондықтан боз кілемде Қызылжар, Астана, Қарағанды, Көкшетау қалаларынан келген есімдері елге танымал балуандар бақ сынасып, жарыс жолында еліміздің түкпір-түкпірінен келген сәйгүліктер құстай ұшып жарысты.

Түйе балуандардың белдесуін тамашалауға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Күрес десе, ішкен асын жерге қоятын спорт сүйер қауым тартысқа толы өр белдесуді қызыға тамашалады. Республикалық, халықаралық және әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген спортшылар да жарысқа жоғары дайындықпен келгендіктерін дәлелдеді. Көздері жалындаған көрермендер балуандардың жасаған әр іс-қимылын бақылап отырып, сәтті айла-тәсілдерін ду қол шапалақпен қолдап отырды. Жарыс нәтижесі бойынша Қызылжар елінің намысын қорғап жүрген "Қазақстан барысы" турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов жеңімпаз атанып, облыс әкімінің бас жүлдесі - "Лада" автокөлігін жеңіп алды. Ал ұйымдастырушылар Астана қаласынан келген Айбат Сейтенге екінші орын алғаны үшін арғымақ сыйласа, Жамбыл ауданының үкілеген үміті, үшінші орын жүлдегері Төлеген Жетпісбаевқа ақшалай сыйлық табыс етті.

Бұдан соң, көрермендердің назары кімнің болсын делебесін қоздыратын аламан, ұшқыр және топ бәйгеге, жергілікті тұқымдас аттар мен жорға жарысына ауып, оған барлығы алпыстан астам тұлпар қатысты. Әрине, осылардың ішінде аламан бәйгенің орны бәлек. Өйткені 17 шақырымға шапқан арғымақтардың бағы мен бабы осы кезде сыналады. Аламан жолында қашықтығы екі жарым шақырым айналымды айналып жарысқан он екі сәйгүлік, жиналған жұртшылықты жарыстың соңына дейін тартыста ұстады. Тойдың көркін қыздырған аламан бәйгеде ауданымыздың намысын қорғаған «Василек» атты тұлпар мәре сызығын бірінші болып кесіп, бас жүлде - "Лада" автокөлігін қанжығасына байлады. Облыстық ішкі істер департаментінің «Қаратал» есімді сәйгүлігі екінші және Қызылжар ауданының тұлпары үшінші орынды иеленді.

          Осыдан кейін ұйымдастырылған халық ұшқыр және топ бәйгені, жергілікті тұқымдас аттар мен жорға жарыстарын да тапжылмай тамашалап, жануарлардың мәреге келер сәтін тағаттана күтті. Бұл жарыстардың қорытындысы бойынша барлық шабандоздар диплом, кубок және ақшалай сыйақылармен марапатталды.

Бұл күні көптен күткен ұлы тойды мағжандықтар сағынғаны байқалды; Барлығы асыға күткен ақын мерейтойы шынымен де жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бұқара халық таза ауада демалып, табиғат әсемдігінен талғамдық ләззат алды. Құлақпен естіген әсем ән мен тәтті күйден көзімен көрген ұлттық өнер бұйымдары мен спорт шараларынан рухани азық алды. Сондықтан «Бұл тойды көргенде арманда, көрмегенде арманда» деп айтуға әбден болады. Мағжан мерейтойы жерлестерінің есінде әлі ұзақ сақталып, мақтанышпен айтылатыны анық. 

Еркебұлан Елубаев. Мерейтойы Мағжанның есінде қалар әр жанның.// Мағжан жұлдызы. 29.06.2018. 4 бет 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий