Менің әкем

8 февраля 2019 - Кабиева Р.

Әлі есімде, 1999 жылдың шуақ шашқанкөктемі еді. Күн жиектен нұрын төгіп, таң шапағы алаулап атып келеді. Арқаның қытымыр, бет қаритын қысы қаншалықты мейірімсіз болса, жаймашуақ жазы мен шырайлы көктемі жаныңа ерекше жылылық сыйлайды. Табиғаттыңосындай әсем қалпы он бір жастағы менің қуанышты көңіл күйіммен үйлесім тапқандай. Жақып Омаров көшесінің бойындағы жер үй сол балалық сәтімнің куәсіндей бүгінге дейін ыстық көрінеді.

Күн төбеге көтерілген кезде анам Астананың дүкендерін аралайтынымызды айтып, екеуміз есік алдына шықтық. Туған күнімде жаңа киімдер, оқуға қажетті құралдар сатып әпермек. Нарық қос бүйірден қысып тұрған таршылық заман болса да, ата-анамның перзенттерінің туған күндерін ұмыт қалдырған кезі жоқ.

Ес білгелі анамның үйден ұзап, жұмысқа барғанын көрмедім. Кейде өзге қатарластарым аналарының мұғалім немесе дәрігер болып қызмет ететінін айтқанда, өзіме-өзім "неге менің шешем үйде отырады?" деп сұрақ қоятынмын. Бұл сауалдың жауабын кейін білдім: бауырынан тараған балапандарының тәрбиесіне, күтіміне, әкеміздің жағдайына, қас-қабағына қараған екен ғой.

Әкем отбасымызды асырады. Анам әкемнің тапқан табысын кәдеге жаратты. "Ерекемнің қолы да алтын ғой. Үйге әкелген азын-аулақ тиын-тебені қарнымызды тойдырып қана қоймайды, бәріміздің көңілімізді көтеруге жетеді", - дейтін анам дастарқан басында. Әйтпесе, сол жылдары бір отбасы ғана емес, бүкіл ел тұрғындарының қиын-қыстау күй кешкені жасырын емес.

Әкеміз көп уақытын қызмет бабымен сыртта өткізсе де, біз оның қамқорлығынаң мейірімінен шет қалмадық. Өте балажан болатын. Оның осындай екінің бірінде кездесе бермейтін көркем қасиетін өмірімдегі сәулелі мына бір оқиға арқылы баяндағым келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, анам екеуміз Сәкен Сейфуллин көшесінің бойындағы көлеңкелі тар жолмен келе жатырмыз. Әкем осы жолмен жұмысқа барып келетін. Түскі үзіліс уақыты болған соң үйге аяңдап келе жатыр екен. Анадайдан бізді көрді де, адымын жиілете түсті. Жақындай бере "Ақжолтайым, Бекзатым, туған күніңмен!", - деп бауырына қатты қысып, бетімнен сүйіп, маңдайымнан құшырлана иіскеді. Мейірімді, жүрегі таза, көңілі даладай кең анам мен әкемнің ортасында тұрып өзімді әлемдегі ең бақытты бала сезіндім. Сол күні кешке барлық туған-туысқандарымыздың басы қосылып, олар менің туған күнімді кең жайылған дастарқан басында атап өтті. Ағайындарымыз ақжарма тілектерін айтты. Басқосу үстінде әкем мені бауырына басып; "Еліңе адал азамат бол! Адам бол!" - деген еді. Әкемнің осы сөзі бүгінге дейін менің алдағы мақсатыма, өміріме дұрыс бағыт сілтеген темірқазықтай болып отыр.

Мен үшін "Еріктің баласы" емес, "қазақтың баласы" деген сөздің салмағы мен жауапкершілігі ауыр. Өйткені, әкем осылай үйретті. Адам өмірінің қамшының сабындай тым қысқалығын жазушы Шерхан Мұртаза өзінің "Ай мен Айшасында" жазғандай, әкем Еріктің 44 жыл ғұмырының қаншалықты мәнді де мағыналы еткенін жасым орда бұзар отызға келгенде терең ұғынып отырмын.

Ол аз ғұмырында айналасына Алла бойына дарытқан талантынан, білімінен бұрын адамдығымен ақ көңілімен, жанашырлығымен, мәрттігімен, жомарттығымен шуақ шаша білді. Қиыншылыққа мойымады. Әділдік, шындық үшін талмай күресті. Көзі тірісінде көп адамды шапағатына, жақсылығына бөлегенін бүгінге дейін жақын араласқан жолдастары айтып жүреді.

Біз жас күнімізден әкеміздің қас-қабағымен тәрбиелендік. Қамқорлығына арқа сүйедік. Мына бір оқиға да есімнен кетпейді. Мен 14-15 жастағы баламын. Есік алдындағы омбы қардың үстінде бауырларым: Абылайханмен, Еркөкшемен және көрші үйдің балаларымен қосылып, апыр-топыр доп ойнап жүрміз. Әкем мен шешем қонаққа кеткен еді. Мұндай сәттерде біз үйді жинауды үлкен әпкеміз Айсанаға тапсырып, есік алдына шығуға асығатын едік. Кеткені жаңа ғана сияқты еді, бір кезде әкем анадайдан алып-ұшып келе жатыр. Футбол ойнап жүрген бізді көріп, жүрісін үдете түсті де, қолын бұлғап мені шақырды. Жүгіріп барып құшақтай алдым. Шақырған үйге барып, астан жеп, қымызын ішіп, үй иесіне бар жылы ілтипат-лебізін білдіріп, анама сарқыт салдырып алып, бізге асыққан екен. Қалтасына қолын салып, бір уыс тәтті кәмпитті маған көрсетті де:

- Құлыншақтар, үйге жүріңдер, - деп алып кетті.

Бәріміз топырлап соңынан ердік.

Сол кәмпиттің дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді.

"Адамның тым көп өмір сүргені де жақсылық емес шығар. Әр нәрсенің басы бар болса, аяғы да бар. Басталусыз, аяқталусыз, мәңгі тек ол - Алла тағала", - депті жазушы Мұхтар Мағауин бір жазбасында. Көнбеске амал жоқ.

Бүгінде, Құдайға шүкір, есейдік, ержеттік. Жауапты қызметтемін. Отбасым, бала-шағам бар. Әкемнің аманатына адал болған анам жанымда. Ендігі ақылшым да, тілекшім де сол кісі. Көз алдымда құлдыраңдап жүріп, мойныма асылған перзенттеріме қарап әкемді сағынамын, еске аламын. Кейде өмірдің, тірліктің кейбір жауапсыз сұрақтарына қалай тіл қатарымды білмей жүргенде әкенің ақылының, өнегесінің жетпей тұрғаны жаныма батады. Әке махаббатының орны бөлек.

БекзатАСҚАРОВ.

 

 

 

 

Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің бас сарапшысы.

Ерік Асқаровтың ұлы.

 

 


Өлең - өмір шындығы. Сол шындықты көңіл сарайына шымыр жеткізетін қуатты сөз, оралымды ой, тегеурінді түйін. Ерік өлеңдерінің өн бойынан осындай сипаттар көрінеді. Еріктің өз еңбегіне ерекше сын көзімен қарайтының ақындық дегенді әулие тұтатынын айтпасқа болмайды. Ерікте туған жері, ата-анасы, аға-інісі туралы жазған өлеңдер де аз емес. Ол шығармалардан Есенин өлеңдерінің нәзік сезімінің, ерке, ойнақы қылығының лебі еседі.

Сырбай Мәуленов.

Ерік Асқаров - сирек кездесетін талант. Сезімталдық, еңбексүйгіштік, қайырымдылық тәрізді қасиеттер бойында көп болатын. Тік мінезді, бос сөзді қаламайтын, өз ортасында сыйлы да құрметті азамат еді. Қазақстандағы айтыс өнеріне де өзінің қомақты үлесін қоса білді. Мәдениет, әдебиет, өнер саласының бәрінде де қызмет етіп жүргенде Ерік өзінің жұмсақ жанымен, адал ниетімен айналасындағы адамдар арасында абыройға бөлене білді.

Акселеу Сейдімбек.

Ерік Асқаров қазақтың қасиетті қара өлеңіне атойлап келген ақын еді. Суырыпсалмалық өнерімен айтыстың ақ семсерін жарқылдатқанын да ел ұмыта қойған жоқ. Біз сыры да, мұңы да бір дос болдық. Ұлы Мағжан ақынның 110 жылдық тойынан соң туған жері - Сарытомардың басында Қызылжардың ақ қайыңдарының ортасында тойға келген жұртты шығарып салып тұрып: "Асықпай, бірер күнге қалсайшы, біздің ауылда", - деп еді сөз аяғын әдемі бір әзілге бұрып, әдетінше жанары жарқ етіп. Қоштасқан екен ғой.

Ғалым Жайлыбай.

 

 

 

Қызылжар қысы

Қызылжарда биыл, тіпті, қар қалың,

Шағала қар...

Шағалақар жан-жағың.

Апта бойы аласұрған ақтүтек,

Берекесін алып болды шаруаның.

 

Жүре алмайсың мына аязда, жол қашық,

Оранғанмен жылытпайды тоң да түк.

Дірілдейді құшағында аяздың,

Ақ қайыңдар қабағына шор қатып.

 

Ат құлағын көрсетпейді ақ боран.

Есігі мен әйнегі жоқ қақпаған

Ақшам түспей ақ боранды жамылып,

Алып-ұшып саған қарай аттанам.

 

Қиялымда болар бесік ақ далам,

Ақ даламнан саған ойша аттанам.

Мен-дағы бір сені іздеген боран ем,

                                                                       Есігім мен әйнегім жоқ қақпаған.

 

Көңілім бір ұлып тұрған борандай,

Өртенемін жаным саған бара алмай,

Ояу мәңгі саған деген сағыныш,

Қысы-жазы қалғымаған даламдай.

 

Менен бұрын жырлап өткен мың ақын,

Менен кейін жырлайды әлі мың ақын.

Барлығына шабыт селін құятын,

Тұнжыраған қара мақпал мына түн

 

 * * *

Қыс болса Қызылжарға кеткім келер,

Құшағын жайып далам: "Жеттің бе?" дер.

Сықырлап сары аяздың ортасында,

Түсер ем шарпуына өрттің нелер.

 

Қарлы қыс тұсау салып қояр маңға,

Мүлгиді барсаң-дағы қай орманға.

Сескеніп менен үркіп көрген емес,

Орғыған аппақ-аппақ қояндар да.

 

Ойнаймыз асыр салып күртігінде,

Аяулым, меніменен жүрші бірге.

Көзіңнің жауын алар қырау-сырға,

Сыңғырлар ақ қайыңның бүршігінде.

 

Есіме салды аппақ білегіңді,

Сондықтан сүйем қысты, біл онымды!

Қағып ал аяулым, мен қар лақтырам,

Қарға орап жіберемін жүрегімді.

 

Ішінде өзің қағып алған қардың,

Жүрегім бесігі аппақ армандардың.

Көктемде гүл мен жанға нәр беретін,

Мен де бір туған жерге жауған қармын.

 

Жарысып қар үстінде шаңғы айдалық,

Тамсансын жер менен көк таңдай қағып.

Жүр жаным, Қызылжарға кетейікші,

Кетейік екеумізде қарға айналып.

Ұлылар сөзі

Шерлі заман келтірсе де толғағын,

Тәтті болмай, ащы болды тордағы үн.

Өтті шырқап,

Өтті бірақ айта алмай,

Талай Ақан, Талай Мұхит соңғы әнін.

 

Бір халыққа тұлға болу оңай ма?

Сондай тағдыр бұйыртыпты Абайға.

Барласа да арғы-бергі заманды,

Соңғы сөзін айта алған жоқ алайда.

 

Теңіздейін жата алмайтын шайқалмай,

Толқып-толқып тыным алды байқамай.

Қара сөздің пайғамбары болса да,

Өтті Әуезов соңғы сөзін айта алмай...

 

Өрттей шарпып жүректерде жаңғырған,

Кәусар ойы сезім шөлін қандырған

Ұлылар тек жырын емес ұрпаққа

Айта алмаған сөздерін де қалдырған.

 

 

 

Адамзатқа ортақ болмай хақың жоқ

Алыспен де, жақынмен де таныстың,

Тұлпармен де, тұғырмен де жарыстың.

Атың озып бармаған жер қалмады,

Жезқазғанда көзі болдың Қаныштың.

Кісісін де, киігін де ол елдің

Жырға қосып, Селін аштың өлеңнің.

Ұлытаудың ұлындай боп жарысып,

Қос Кеңгірді құлындай боп тел емдің.

Сарыарқаның саумал көліңтауларын,

Сағынудаң ән қылудан танбадың.

Бейбарыстай қымыз берген Мысырға,

Ешнияз бен Бердақ елін баурадың.

Қайда барсаң ұлы болып халықтың,

Өрені де, өнерді де таныттың.

Әдеті ғой, шарлап кету әлемді,

Қызылжардан кіндік кескен алыптың.

Жаралған соң азамат боп, ақын боп,

Адамзатқа ортақ болмай хақың жоқ.

Әр ауылға тарта беріп қайтеміз,

Қазағымда жалғыз ғана Кәкімбек!

Ерік АСҚАРОВ.


Асқаров Б. Менің әкем.. / "Soltustik Qazaqstan". -14.-7 aqpan.-2019 jyl.-6 bet.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий