Мағжан философиясы

15 января 2019 - Кабиева Р.

Өнерде теңдесі жоқ асқақ ақын Мағжан философиясының көкжиегі өзгеше көркем еді. Мағжан - Күн болатын: «Көкте – Күнмін, көпке нұрым шашамын». Көпке Күн болып нұрын шашқан ақын- философтың асқақ үнін адамзат баласы естіп, нұрланды. Бірақ Мағжан үні «шіркеулілердің» бетін қарыды. Күннің нұрынан шошығандар «қара тақтаны» ойлап тапты. Сырттан танылған дүниетанымның жетегінде кеткендер Мағжандай тұлғаға жатбауырлықтың катыгездігін көрсетті.

Жетпіс жылдан соң қара түнекті қақ жарып Күн-Ақын шуағын әлемге шашып жарқырай шықты. Мағжан сфинкс құстай түлеп ұшып, тәуелсіз Қазақ елінің туында қанатын кең жая биікке самғады. Мағжан - Мәңгілік. Мәңгілікке қол созған Тәуелсіз Қазақ елінің аспанында Мағжан идеясы қыран болып қалыптасады.

Мағжан поэзиясынын мәні - терең, көкжиегі - көркем. «Мен кім?» өлеңінде Мағжан: «Мен өлмсймін, менікі де өлмейді, Надан адам өлім жоғын білмейді», - деген. «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңінде ақын: «Өлім күйі - тәтті күй, Балқиды жаным бұл күйге. Мені де, өлім, әлдиле, Әлдиле, өлім, әлдиле!..» - дейді. Мағжандағы өлім - мәңгіліктің метафорасы. Сондықтан өлім туралы жазған ақын мен өлмеймін, менікі де өлмейді дейді. Философ-ақын Мағжанның өнертанымында эмпирикалықтан онтологиясы, басқаша айтқанда философиялық ойшылдығы басым. Мағжан поэзиясындағы ойшылдықтың мәні өмір мен өлім, болмыс пен тағдыр, еркіндік пен тәуелсіздік туралы терең танымнан көрінеді.

 Мағжан поэзиясындағы Сарыарқаның самалындай еркін ойды тұсауға, шідерлеуге, кісіндеуге ұмтылған цензураның бастауы тым ертеде, 1912 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Шолпан» өлеңдер жинағынан басталған. Поэтикалық дүниетаным - философияның символдық тілі. Сол кездің өзінде Мағжан идеясы қазақтың кең даласына тұтас жайылса империяға қауіп, сондықтан цензура керек деп түсінген олар Мағжанның артына от алып түскен алғашқы цензураны тауып, ол туралы өз еңбегінде ғалым Зарқын Тайшыбай тайға таңба басқандай кең таратып жазды (Тайшыбай 3. «Мағжанның Қызылжары». Петропавл, 2006.). Қайран, Мағжан! Сол оттың арты өртке айналды ғой...

Мағжанның адамзатты сүю философиясы. XX ғасыр бастауында өз басы қуғында жүрсе де елге келген нәубет-аштықта Мағжан қайыспай халқына азаматтық көмек қолын созған. Аштыққа қарсы күрес комиссиясы төрағасының орынбасары болып бекіген Мағжан кыруар іс атқарған. Оның 1922 жылы «Мир труда» газетінде жарық көрген «Голод в Сары-арке» мақаласы деп аталатын соған дәлел. Тіпті, губерниялық әскери комиссар Приморскийге жазған хатында жетім қазақ балаларымен қатар қазақ жеріндегі аштыққа ұшырап отырған орыс балаларын да қамқорлыққа алуын сұраған (сонда, 106 бет.). «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан өзі алтын хакім атаған Абайдай Мағжаннын да жүрегі үлкен еді.

Мағжаннын Алтай ұғымды түркі философиясы. Түркі санасында, түркі философиясында Алтай субстанциялық ұғым. «Алтай түркі ұлыстарынын Афинасы» деп атақты түркітанушы Л.Н.Гумилев бекер айтпаған Хан Алтайдың рухын Мағжандай асқақтатқан ақын кемде-кем. Мәселен, «Қазақ тілі» өлеңінде: «Қыран құстың қос канаты қырқылды,

Күндей күшті, күркіреген ел тынды.

Асқар Алтай - алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар - асқан жандар ұмытылды!».

Мағжан философиялық рефлексия арқылы сананы сілкіндіруге ұмтылған. Ұстазы, Алаштың алыбы Міржакып Дулатұлының идеясын тереңдеткен Мағжан «От»  өлеңінде: «Әлпіге барғам, Алтайдан» десе, «Тез барам» өлеңіңде «Кыранымын сары сайран даланың, қос қанатым - алтын Алтай, Оралым» деген. Тағы да осы өлеңде:

«Дұғада бол, Алтын Алтай - қарт анам,

Алып ата, қуды жолың ер балаң,

Ақ шашыңды, көкірегіңді иіскеуге,

Тәңірі жазса, сәулетпенен тез барам».

«Тәңірі жазса, сәулетпенен тез барам» дегенде Мағжан нені айтып отыр? Бүкіл Еуразия кеңістігіне шашылып кеткен тұтас түркі баласы санаңды оят, атақоныс алтын Алтайда ата-бабаң салтанат құрған, соның басында бірік дегенді айтып отыр. Акын-философтың сәулетпенен тез барам деуі-асқақ идеяның көрінісі.

XX ғасыр басында Хан Алтайдан алыстап, өрістеп кеткен Анадолы түріктерінің басына кауіп төнгенде Мағжанның кыран даусы ұлы даладан санқ етіп дара шыққан еді:

«Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз.

Біздің атқа лайық па күл боп тұру?

Жүр, кетелік Алтайга, ата мирас алтын таққа».

Мағжан Алтайды алтын таққа теңеген. Рухы биік Анадолы түріктері бүгінде Мағжанның тұлғасын аса биіктетті. Анадолы түріктеріне Хан Алтайдан, атажұрттағы қазақ түріктерден мың алғыс. Тәнірім қолдасын сендерді!

Мағжанның Алаш философиясы. Мағжан Хан Алтай мен Алаш Елі ұғымдарын бөлмеген. Қазақтың классик ақыны Мағжанның «Қоркыт» поэмасы былай басталады:

«Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,

Алтайға бетегедей алтын біткен.

Бейіштей Алтын Алтай етегінде,

Ертеде Алаш елі мекен еткен».

XX ғасыр басында қазақтың алып тобы осы идеяны субстанция деп танып, оған «Алашорда» деп ат койды. Философ-ақын Мағжан «Алаш елі» ұғымын «Батыр Баян» поэмасында асқақ жырлайды:

«Арқамдай жер жүзінде жер бола ма?

Айбынды алашымдай ел бола ма?».

Шындығында, Алаш философиясы - феномендік құбылыс, этнотұтастық таным барлығының көрінісі. Қазақ халкының біртұтас ұюына ғаламат ықпал еткен, еркіндік рухына ту байлаған Алаш философиясының ашылмаған тұстары. Сол анықтың бірегейі философ-ақын Мағжан айтқан «Алаш елі» ұғымы. Оның тамыры теренде жатыр, бастауы - Хан Алтайда!

Биыл - Мағжанның туғанына 125 жыл! Хан Алтайды Мағжандай асқақтатқан ақын жоқ. Демек, Хан Алтайдың бір биігіне Мағжанның атын берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ал бере алмасақ, елдігімізге сын. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек, егер біз Мағжанның есімін бере алмасақ, ертең Алаш рухты жастар береді. Асқақ рухты ақын Мағжан айтқан ғой: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты - Қырандай күшті қанатты. Мен жастарға сенемін!».

Мен де жастарға сенемін!

Тұрдықұл ШАҢБАЙ

Ш. Тұрдықұл. Мағжан философиясы./ Maģjan. -№2 (30).- 2018.-96 bet

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий