Мағжан мен Сәбит

15 августа 2018 - Кабиева Р.

             Ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың тұлғасы жайлы 1923 жылдың қыркүйек айында Түркістан Республикасы Халық ағарту комисса­риаты жанындағы Мемлекеттік комитеттің төрағасы Халел Досмұхамедұлы Мәскеудегі Көркем әдебиет институтының тізгінін ұстаушы Д.Я.Брюсовқа жазған баянхатында: "М.Б.Жұмабаев пo отзы­ву Киргизской научной комиссии является, несомненно, ярким вы­дающимся киргизским поэтом... Будущий наш Пушкин", - делінген.

Бұл құжат - Мағжан Жұмабаевтың интеллектуалдық әлеуетіне, ғаламат шығармашылық қуатына, жоғары деңгейде рухани жетілу мүмкіндіктеріне берілген дәйекті сипаттама. Ойымызды тереңдете түсер болсақ, 1922-1923 жылдардың өзінде ақындық дәрежесі қандай болғандығына, алдымен, Ташкенттегі Қазақ ағарту институтында ұстаз және ұлттық поэзия тарихында, көркемдік ойлау жүйесінде мейлінше қымбат бағаланатын "Батыр Баян", "Қойлыбайдың қобызы", "Қорқыт" дастандарын жазғаны дәлел. Осындай бірегей ақындық өнер шамшырағының тағдырын кеңестік идеология тәлкекке ұшыратты. Дегенмен, оның биік ақындық парасатын, шеберлігін, мәдениетін тұтастай қазақ халқы мойындады. Дастандарын жатқа айтты. Өлеңдерін шырқата, толқыта, сыңғырлата толғап, әндетті.

Осы ретте Абайдан кейінгі ірі жаратылыс, кесек құбылыс Мағжан Жұмабаев пен жазушы, жерлесі Сәбит Мұқановтың шығармашылық байланысына өз көзқарасымды баяндасам деймін. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов "Мағжан Жұмабаев туралы" дейтін шап-шағын естелік жазбасында:

    Сәбит 21-ші жыл Пресногорьковте, екі түн Мағжан өлеңдерін айтып еді. Әдейі соны үгіттеуге шыққандай еді. 18-ші жыл Омбыда мұғалімдер курсында: Сәбит Ғазизаның үйінде... Ол үйге оны Мағжан орналастырған", - деп жазыпты.

Бұл пікірден 21 жасар Сәбит Мұкановтың Мағжан Жұмабаевқа деген көзқарасын тануға болады. Мағжан 1918-1920 жылдары Омбы қаласында қазақ мектептері үшін мұғалімдер даярлайтын екі жылдық курстың директоры болғанда Сәбитке қол ұшын берген.

Кеңестік жүйе, кеңестік саясат жыртқыштықпен, сұрқиялылықпен қорлық-зорлық, зұлымдық әрекеттерін өршітіп, Мағжандай асылды 1929 жылы Мәскеудегі Бутырка абақтысына қамап, он жылға соттап, жердің түбі Карелияға айдағанда, Сәбит Мұқанов 1932 жылы "XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі" дейтін кітап жазып, онда Мағжан Жұмабаевтың өмірі, ататек шежіресі, өнерге ұмтылу жолы, отаршылдық саясатқа қарсылығы, ұлтшылдық, түрікшілдік сарындары, Қызылжардағы, Ташкенттегі, Мәскеудегі қызметі, сонымен қатар кесек-кесек керемет шығармаларынан үзінділер алып саяси-қоғамдық, көркемдік, әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты талдайды.

Сәбит Мұқанов бұл еңбегінде кеңестік идеологияның тегеурінді уысынан шыға алмай, қайшылықты теріс пікірлер де өрбітеді. Қалай болған күнде де Мағжан тас қамауда болғанымен, оның шығармашылық өмірбаяны жөнінде әңгімелеу - өжеттік, ерлік!

С.Мұқанов Мағжанның тек - төркінін де жітілікпен, жетелілікпен түсіндіреді. Шежірелік кестесі былай: Мағжанның әкесі Бекен (1867 жылы туған), Бекеннің әкесі Жұмабай қажы (1827-1899), мұның әкесі Шонай, оның әкесі Өтеген, оның әкесі Өтеміс - Арғын ішіндегі Атығайдың бір бұтағы. Бе­кен "елдің қабырғалы ақсақалы" атанған. 1906-1911 жылдарда би, 1911-1914 жылдарда болыс бол­ған. Сал-серілікті де қуған.

Сәбит Мұқановтың әңгімелеуінше, Мағжан 8 жасында Кәрім дейтін ауыл молдасынан, Қызылжар медресесінде имам, ұйымдастырушы Мұхаметжан Бегішевтен, қажы Ақия Ақановтан (бұл кісі үш жыл дәріс оқыған, арабша үйреткен), тоқетері, 1910 жылға дейін медреседе білім алған. Мұнан соң Міржақып Дулатұлынан орыс тілін үйренген. Ғалия медресесінде Ғалымжан Ибрагимов ұстаздық еткен. 1913-1916 жыл­дарда Омбыда мұғалімдер семинариясында оқығандығы жөнінде және "Жас азамат", "Алашорда", "Сарыарқа" газеттері мен "Абай" журналын шығаруға қатынасқанын келтірген. "Балапан" қолжазба журналы мен "Бостандық туы" газетіне редактор болғанын баян етеді. 1912 жылы Қазанда басылған "Шолпан" атты өлеңдер жинағына сипаттама береді. Ол:

Жұрттың қамын көп ойла,

Уайым, қайғы жеп ойла.

Артта қалған сорлы жұрт,

Алға бассын деп ойла!

Кідірме, аяңдама көкке ұмтыл,

Алам деп көктен жұлдыз қолың серме.

Жасынан оқу оқып, енер қуған,

Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге,- дейтін жас Мағжанның балауса балғын қасиеттерге толы шумақтарын мысалға келтіреді, осындай көркемдік куәліктерді ортаға жайып салады.

С.Мұқанов Мағжанның тырнақ-алды "Шолпаны" хақында "ақынның алдағы өмірінің елесі бар шығарма", ол "рас, соңғы кезде түр жағынан күшті адам болды" деп жазады.

С.Мұқанов Мағжанның "Есімде... Тек таң атсын?" дейтін өлеңінде "қазақтың жауынгер заманы суреттеледі де, отаршыл үкіметке бағынғанын сөйлейді", - дейді. Дұрыс пікір. Бұған әбден лайық қуатты ойларға, көркем суреттерге бай жақұт мысалдарды түйдек- түйдегімен келісті келтіреді.

Ол Мағжан түрікшілдігінің түп - тамырына ой көзімен үңіліп, "Ғалия медресесінде" және "Қазақ" газетін тиянақты, мұқият оқығандығынан дарыған қасиет деп таниды.

Негізінде, Сәбит Мұқанов лирикалық поэзия тарихындағы тұтас бір дәуір есепті кеудесі кеніш Мағ­жан Жұмабаевтың көркемдігі, сыршылдығы, ойшылдығы бір - бірімен шеберлікпен қиюласқан, символикалық ассоциацияларға кемел "Мен жастарға сенемін", "Жауынгер жыры", "Жарыма", "Жан", "Бостандық", "Түркістан", "От", "Ақсақ Темір сөзі", "Қойлыбайдың қобызы", "Оқжетпестің қиясында", "Өтірік ертек", "Зар", "Қысқы жолда", "Айда атыңды, Сәрсембай", "Ой", "Жан сөзі", "Пайғамбар", "Күншығыс" және тағы басқа өлең-жырлары құйын заманның қайшылықтары негізінде тексерілсе де, ел жүрегін елжіреткен мың сырлы мәтіндерін келтіргені де зиялылық, бүйрегін бұрғандық. Сонымен бірге "Шол­пан" журналының 1923 жылғы №4-8 сандарында жарияланған "Шолпанның күнәсі" әңгімесі мен балалар әдебиетіне қатысты шығармалары да тиісінше ой-пікір қазығына айналады.

Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың 1931 жылдың өзінде айтқан Мағжан Жұмабаевтың суреткерлік өнегесі, көркемдік дүниетанымы жайындағы тұжырымдарының өзі соншалықты өрелі де өміршең. "Абай қазақ әдебиетіне Еуропа түрлерін шетпұшпақтап кіргізсе, Мағжан дендеп кіргізді. Еуропаның әдебиет түрлерімен қазақ оқушылары Мағжан арқылы толық танысты", - деп ой түйеді Сәбең. - ...Мағжан өлеңдерінде сыршылдық (лирика) жағы күшті келеді. Мағжанның өлеңін оқып отырғанда, оның сол өлеңді жазып отырған уақыттағы жан-жүйесінің құбылысы (душевное пережива­ние), ішкі сезімінің толқыны көрініп отырады. Мағжан өлеңінен құр ғана үйлескен сөздерді көрмеймін, ақынның ішіндегісін әйгілейтін айнасын көресін. Сыршылдық жағынан Мағжан кеп ақынға бәйге бермейді. Мағжан қазақтың ірі ақындарынан саналады дедік. Мағжанның әдебиет майданындағы істерін түгел жазу үшін өз алдына бір үлкен кітап керек. Біздің мақсат - Мағжанды түгін тастамай сынау емес, оның әдебиет тари­хында алатын орнының мөлшерін көрсету".

Осы арада 1988 жылы ұлы ақын ақталғанда Сәбит Мұқановтың осы еңбегіндегі өмірбаяндық деректер ескерілгенін айта кету артық болмас.

XX ғасыр басындағы әдебиет, мәдениет тарихы мен ұлт зиялыларының өмірін, саяси-қоғамдық көзқарасын жетік, толық, жан-жақты зерделеген Тұрсынбек Кәкішұлы Алатаудың үш сеңгіріндей Сәбит - Мағжан - Сәкен байланыстарын тарихи деректер мен құжаттарға жүгіне отырып, Мағжан Жұмабаевтың 1937 жылдың 20 ақпанында Сәбит Мұқановқа хат жазғаны, Алматыға дереу 25 наурызда көшіп келгенде Жазушылар одағының басшысы Сәбит Мұқановтың вокзалдан күтіп алғаны, Мағжан Сәкенге сәлем беремін дегенде, Сәкеннің шаңырағында екеуінің шұрқырасып табысқаны, ертеңінде Сәбиттің үйінде қонақ болғаны айтылған. Осылардың өзі-ақ қырықтың қырқасына енді шыққан, замана бұрқасынына, талқысына тап болған ұлт серкелерінің, сөз зергерлерінің азаматтық асқақ тұлғасын танытады.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

 

С.Негимов. Мағжан мен Сәбит. // Soltustik Qazaqstan. -№73 (22246).- 21.06.2018.- 6 б.

 

 

  

 

 

 

 

 


 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий