Мағжанның өлімі туралы әртүрлі болжамдар

17 января 2019 - Кабиева Р.

                 Бұдан 100 жыл бұрын болған Ақпан және Қазан төңкерістері Алаш көсемдері мен ұлт қайраткерлерінің қоғамдык-саяси қызметтерінде елеулі рөл атқарды, оларға айтарлықтай ықпал етті.

Бастапқыда «бәріміз теңгерілеміз, азат халық қатарына қосыламыз» деп алақайлап қарсы алғандарымнан кейін қуаныштары су сепкендей басылып калды. Өйткені, күшпен тұрғызылған әміршіл-әкімшіл жүйенің тас құрсауы түптің-түбінде «көн тартылса, қалпына келедінің» керін келтірері анық еді. Оның соңы 70 жыл ішінде талай қасіретті зобалаңдар мен шапқындарға жалғасқанын, ащы зардаптарын әлі күнге дейін сезініп отырғанымыз айдай ақиқат. Қара халыктың көсегесін көтеруді ұран етіп көтерген Кеңес өкіметі жақсы менен жайсаңды жазықсыз қырып салғанына, жұртшылықтың санасына саз балшықша иленген кеңестік сиқырлы саясат еріксіз танылғанына тәуелсіздіктің арайлы таңы атқаннан кейін анық көз жеткізіп отырмыз.

Тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасырдан асқанына қарамастан, саяси қуғын-сүргінге байланысты дүдәмал тұстар, «ақтаңдақ беттер» көп екенін еріксіз мойындауға тура келеді. Оның бұлтартпас бір айғағы - Алты Алаштың ақиық ақыны Мағжанның өлімі туралы әртүрлі болжамдардың айтылуы. Өкінішке қарай, осы уакытқа дейін Мағжан Жұмабаевтың өмірінің ақыры жайлы айтылған пікірлер әлі бір арнаға тоғыса қойған жоқ.

Біз білетін ақпарат бойынша, 1938 жылғы 11 ақпандағы №377 іс хаттамасында «Мағжан Жұмабаев Қылмысты істер кодексінің 58-статьясының 7,8,10,11 - баптары бойынша қылмысты деп табылып, ату жазасына кесілсін» деп жазылған. Оның соңында «Жұмабаев Мағжан Бекенұлы, №377 хаттаманың қаулысы бойынша үкім жүзеге асты, 1938 жылы 19 наурызда атылды» деген тілдей ғана атылу туралы акті тіркелген.

Ақын өмірбаянын зерттеген бірсыпыра жазушы-ғалымдар Мағжанның 1938 жылы атылғандығын растап нүкте қояды. Алайда, Мағжан Бекенұлын одан кейінгі жылдары көрдік дегендер де бар.

Солардың бірі - әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлы «1948 жылы Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып жүргенде Мағжанды көрдім деген әңгіме. «Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болу керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдьша жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалау-мағалейкүм!» - деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жинап алғанша, ол теріс қарап отырған күйінде:

-                    Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді, - деді.

Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлендерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп: - Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шаман келсе, мені елге жеткіз, - деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе көмектескім келді де:

-                    Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз, - дедім. Он шақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғандығын айтты».

Мағжанды «1938 жылы атылды» деген дерекпен өмір бойы келіспей өткен екінші адам - жазушы, ақын Хамза Абдуллин Мағжан ақынның сұлу жырларын жастайынан жаттап өскен X. Абдуллин 1917 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Ақмола ауылында туған. Білімі - жоғары, журналист. Хамзекеңнің 1937 жылы Қызылжардағы облыстық «Ленин туы» газетінде жарияланған «Айша», «Пушкин - дана» атты алғашқы өлеңдері ұлы Мағжанға ұнаған. Ол балауса жырларға үлкен үміт артып, өзінің ағалық ақыл-кеңесін берген. Бұдан қуат, нәр алған жас ақын сонау 40-жылдардың өзінде «Шойын жолда» дастанымен республикалық байқауда бірінші орын алған.

Жауынгер ақын X.Абдуллин «Мұстафа мен Мағжан Тұран елінің даналары» деген кітабында: «...Мағжан 1938 жылы атылған жоқ, 1956 жылы өз ажалынан Новая Земля аралында қайтыс болды [2; 105], - деп көрсеткен.

Кезінде «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде «Мағжанға тағзым» экспедициясы құрамында болған 98 жастағы атыраулық қария Абдолла Әбдрахманов ақынның мүрдесі Магадан облысы Берелех поселкесі іргесіндегі қорымға жерленгенін көзімен көргенін, марқұмның ақырғы аманатын орындау үшін Қызылжар топырағына арнайы келгенін тебірене әңгімелеп берді. Ол туралы 2011 жылдың 31 мамырында «Жас Алаш» газетінің бетінде «Осы бетімізбен кете берсек, тамтығымыз да қалмайды» деген мақала басылды [1; 1-2]. Мақала авторы - «Жас Алаш» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Сәния Тойкен. Мақалада құлсарылық Абдулла Әбдірахманов ақсақалдың 1948 жылы Магадандағы сталиндік лагерьде Мағжан Жұмабаевпен бірге отырғаны айтылады: «...Мағжан көрші камерада, астыңғы бөлікте жатты. Төсегі бұрышта, қабырғаға тіреліп тұратын еді. Мен 6 айдан соң көргенімде жөтелі ұлғайып, аурудың меңдей бастағаны байқалды. «Маған жақындама, жұғады» дейтін еді. Өмірінің соңғы сағаттарында аяқ баса алмай еңбектеп қалды»,-дейді ақсақал.

Абдулла қарттың айтуынша, жұмысқа шыға алмайтындардың күндік тамағы екі уақыт берілетін сылдыр су сорпа мен 600 грамм нан екен.

- Таңертең жұмысқа кетер алдындағы бес қатар сапқа тізіп, түгендеп жатқанда, Мағжанның мүрдесін әкетіп бара жатқанын көрдім. Ақынның ауру, аштық пен цингадан зардап шеккен денесі тұлып болып ісіп кеткен. Үстінде бәріміздікіндей нөмірленген қара киімі бар, беті ашық жатыр екен. Менің оның қасына барып «Қош, арысым!» деуге мүмкіндігім болған жоқ. Екі көзімнен жас парлап, іштей «иманды бол, алдыннан жарылқасын» дегеннен басқа қолымнан ештеме келмеді. Оның өлі денесін 3-4 адаммен бірге күрей салды» [ 1; 2].

Абдулла Әбдірахманов ақсақалдың куәлік етуінше [3; 1], Мағжан Жұмабаев 1951 жылдың қаңтар айында сталиндік лагерьде көз жұмып, сүйегі Сібірге, нақтырақ айтсақ, Магадан облысының Сусуманск ауданындағы Берелех поселкесінің іргесіндегі қорымға жерленген.

Белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаев «Репрессия құрбандары туралы ақиқат пен аңыз немесе Мағжан мүрдесін Магаданнан іздеу жөн бе?» атты мақаласында [4; 6], мынадай қызық мәліметтер келтіреді: «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын құру жөніндегі бастама қайта құру жылдары Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысы үлгісімен дүниеге келген болатын. 1988 жылы дайындық комитеті құрылды. Комитет жұмысы барысында бастамашылар тоталитарлық биліктің өз халқына қарсы жасаған қылмыстарын әшкере етуді, ашаршылықтың, саяси қуғьш-сүргіннің шындықтарын ашуды мақсат еткен ортақ мұратқа тоқайласты. Содан 1989 жылғы көктемде, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Жандосовтың басшылығымен республикалық ерікті қоғам дербес шаңырақ көтерді.

Көп кешікпей, «Әділеттің» орынды талаптарына байланысты КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті «үлкен террор» жылдары атылған қазақстандықтардың алғашқы тізімін берді (назар аударыңыздар: тізімнің бірінші данасы «Әділетке», екінші данасы Қазақ республикасынын Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жіберілді! Бұл - демократиялық ахуал өмірге әкелген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының беделі өсіп, әміршіл жүйені мойындатқанының нақты көрінісі болатын). Ұзамай «Әділет» пен республикалық МҚК арасында жақсы байланыс орнады.

МҚК қызметкерлері Алматыда НКВД подвалында атылған азаматтардың қайда жерленгенін анықтауға көмектесті, тіпті үкімді орындаған жендеттердің бірін тауып, «әділетшілердің» онымен кездесуін мүмкін етті; «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы көтерген «Азалы кітап» тізбегін шығару идеясын қолдап, атылғандардың толық тізімі мен деректерін табуға жәрдемдесті. Бұларға қоса, жаппай қуғын-сүргін жылдары күллі Қазақстан бойынша түрлі мерзімге сотталғандардың аты-жөндері мен өмірбаяндық деректері жазылған көп томдық іс-қағаздарды ресми де салтанатты түрде «Әділетке» табыс етті...

Жарты ғасырдан астам құпия болып келген «Жаңалық» ауылы маңындағы қорым табылғаннан кейін, «Әділеттің» өтініші нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Президенті Алматы облысының басшылығына саяси қуғын-сүргін құрбандары жатқан орынға мемориалды ескерткіш орнату жөнінде тапсырма берді...

Бүгінде «Әділет» Алматы облысы әкімдігінің көмегіне сүйеніп, «Жаңалық» ескерткіші тұрғызылған аумақты мемориалдық кешенге айналдыру ісімен шұғылдануда. Жаңалықта жерленген 4 мыңнан астам атылғандардың деректері бар «Азалы кітап: Жаңалық зираты» кітабының қолжазбасы баспаханаға тапсырылды. Ескерткіш жанына құрбандар тізімі қашалып жазылатын естелік қабырға орнату жобасы жасалды. Болашақта мұнда саябақ, мұражай, кіші архитектуралық мүсін- ескерткіштер орьш тебеді...

Мағжан Жұмабаев халқымыздың өзге де ардақты ұлдарымен (мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушыларымен, өнерпаздарымен) бірге осында жатыр. 1938 жылғы 19 наурызда атылған...»

МАҒЖАННЫҢ ӨЛІМІ ТУРАЛЫ ӘРТҮРЛІ БОЛЖАМДАР


Одан әрі өз ойын Б. Қойшыбаев былай жалғастырады: «Әділет» халықаралық «Мемориал» қоғамының ұжымдық мүшелері өзекті мәселелерді бірге талқылап, өзара мәліметтер алмасып тұрады. «Мемориалдың» деректер базасында Мағжан туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті берген екі анықтамалық мәлімет бар. Бірінде оны «ҚазКСР НКВД-сы (Ішкі істер халық комиссариаты) 1937 жылғы 29 қарашада», екіншісінде ҚКСР ІІХК Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының 3-ші бөлімі 1937 жылғы 27 желтоқсанда» тұтқындаған деп көрсеткен. Екеуінде де НКВД және КСРО прокурорынын комиссиясы оны РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-6, 58-11 баптарымен айыптап, 1938 жылғы 11 ақпанда үкім шығарғаны, ату жазасына кесілгені айтылған. Алғашқы мәліметте «қылмыс құрамы болмағандықтан, ҚазКСР Жоғарғы соты 1988 жылғы 4 қарашада», екіншісінде - «қылмыс оқиғасы жоқ болғандықтан, Түркістан Әскери округінің Әскери трибуналы 1960 жылғы 8 шілдеде» ақтаған деп жазылған. Бұдан шығатын қорытынды - Мағжанды 40-50-ші жылдары Қиыр Шығыстың әр қиырнан көрдік деген (биыл «Жас Алаш» бетінде көтерілген, ертеректе Бауыржан Момышұлы айтқан) әңгімелердің бәрі шындыққа жанаспайды».

Біздің ойымызша, жоғарыда келтірілген деректердің анық-қанығына көз жеткізу үшін алдағы уақытта 37-нің зұлматы әлі де тексеруді қажет етеді. Өйткені, данышпан ақын Мағжанның рухы - қазақтың рухы. Мағжанның арманы - ұлттың арманы. Мағжан мен Қазақ - біртұтас жаратылыс, бір бүтін дүние. Бұларды бөлуге болмайды, ажыратуға келмейді. Сондықтан да біз кемеңгер Мағжанның рухына дәйім тағзым етуіміз керек.

1960 жылы М. Жұмабаев алғаш рет ақталды. Бірақ, ақын ақталғанмен де оның жүрегін жарып шыққан жаралы жырлары «қамаудан босатылмады...». 1968 жылдың қараша айында Қазақ университетінің Бейсенбай Кенжебаев бастаған қазақ әдебиеті кафедрасының ғалым оқытушылары Мағжанға арналған әдеби жиналыс өткізіп, онда ақын жырларын бастырып шығару мәселесін тиісті мекемелердің алдына қойды. Жауап болмады[5; 189].

Сондықтан Мағжандай арысынан айрылған Сасықкөл жарты ғасырдан астам уақыт меңіреуылқау күй кешті. 1989 жылға дейін бұл өңірде Мағжанды іздеген, оның кіндік қаны тамған Сасықкөлді аузына алған адам болған жоқ.1988 жылдың аяғында Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытовпен бірге Мағжан Жұмабаев та біржолата ақталғаннан кейін Сарытомар, Сасықкөл ауызға жиі алынатын, қатар аталатын болды. Алыстан ат терлетіп жеткен ақын-жазушылар алдымен Мағжан ауылына соғуды әдетке айналдырды. Өйткені, «Туған жерім - Сасықкөл» деген туындысында [6; 25-26]:

«Алыстан мұнарланып шалқыған көл,
Бетіңде күннің нұры балқыған көл.
Жарысып саф күмістей ақ көбігің,
Мап-майда мөлдірінде қалқыған көл.

Жанында жас балалар ойнаған көл,
Жан-жануар суыңды ішіп, тоймаған көл
Көз салып жалтырыңа, мұңға батып
Ғашықтар жарын іздеп, ойлаған көл.

Шешініп қыз-келіншек су алған көл
Әр жанды мөлдіріңнен суарған көл
Масайрап, суға тойып төрт түлік мал
Дөңіне ойнақ салып, қуанған көл.

Сыртыңда ақ боз үйлер жарасқан көл,
Байларың кедейлерге қарасқан көл
Ағайын тату-тәтті – қоныс бірге,
Саулықты сағат сайын сұрасқан көл.

Түрлі құс әуез қосып, шулаған көл
Шуақта балықтарың тулаған көл
Сапырып сары қымыз ертенді-кеш
Басында кеңес құрып, дулаған көл.

Сасық деп еркелетіп, ат қойған көл,
От-суға иең түгіл, жат тойған көл,
Назданып, жүйрік мініп, тарлан шүйіп,
Көксілдер тұс-тұс жақтан ат қойған көл.

Кір жуып, кіндік кесіп, сенде өскен көл,
Құрбымен ойнап-күліп, кел дескен көл,
Жарысып, тайға мініп, батпаққа аунап
Күресіп күн батқанда белдескен көл.

Айдын көл, ата қоныс, құт болған көл
Сусын боп сұрағанға, от болған көл
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта
Бейне бір сенің басың сүт болған көл.

Білмеймін не боларың, қайран көлім
Жарайды тең болмаса күн мен түнің
Итиіп қарашекпен келіп қонса
Басыңнан құсың ұшып кетер сенің», - деп ақ
ынның өзі жырлағандай, Шоқанның Сырымбеті, Ғабеңнің (Мүсіреповтің) Елтінжалы сияқты Мағжанның Сасықкөлі де - қасиетті әрі қымбат мекен. Ақынның осы керемет өлеңін оқығанда кебісін шешіп, су алған қыз-келіншектер, атын келіп суарған жігіт-желең, тайға мініп жарысып, сазға аунап алысып, ертелі-кеш күрескен балалар, айдында шоршып ойнаған балықтар мен қыздай сыңсып, құспен қосыла әндеткен қамыстар, сыртындағы ақ балтырлы қайың шоғының саясына тігілген ақбоз үйлер, сары қымыз сапырып, кеңес құрған қариялар, бай мен кедейі тең бұрынғы ауылдың тыныс-тіршілігі маржандай тізіліп көз алдыңа келеді. Көл жағалай қоңыстанған сол Атығай ауылдары кешегі күштеп ұжымдастыру жылдары осы айналасы сыңсыған ақ қайын Сарытомарға келіп, мал-мүлкін орталыққа өткізіп, артельге ұйысқан еді. Солардың ортасында ауқаты әжептәуір Жұмабай әулеті де болатын. Ұлттың ұлы ақыны Мағжанның туған жері осы Сарытомар ауылы саналатыны да содан [7; 103].

Қазір мұнда халық қазақ жырының шын мәніндегі Құлагері, жорға тілді, жарқын үнді данышпан ақынымыз Мағжанның рухына бас ию, онымен сырласу үшін келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                 Тойкен С. «Осы бетімізбен кете берсек, тамтығымыз да қалмайды» («Жас Алаш», 31 мамыр 2011 жыл, 1 -2 б.)

2.                 «Мұстафа мен Мағжан - Тұран елінің даналары» / Құрастырып баспаға әзірлегендер: Хамза Абдуллин мен Қайыржан Қасенов. - Алматы: Картографиялық кәсіпорны, 1993 .-1126.

3.                 Меңдеке Ә. «Мағжанға тағзым» («Жас Алаш», 16 тамыз 2011 ж., 1 - бет).

4.                 Қойшыбаев Б. «Репрессия құрбандары туралы ақиқат пен аңыз, немесе Мағжан мүрдесін Магаданнан іздеу жөн бе?» («Түркістан», 2 ақпан 2012 ж., 5-6 - б).

5.                 Ысқақов Д. «Мағжанды қапасқа қамаған сын» (Жұлдыз. - 1993. - №3.-174-189-6.)

6.                 Жұмабаев М. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. - Алматы: Жазушы, 1989.-448 бет.

7.                 Көкшеұлы С. «Мағжан мұражайы» («Ақиқат». - 2009. -№1.-103- 104-6).

Рашит Әл-КАРЕНИ (КАРЕНОВ)


Әл-Карени Р. Мағжанның өлімі туралы әртүрлі болжамдар. / Magjan.-№2(30).-86-92 better.

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий