Көршілер

3 января 2019 - Кабиева Р.

Көзі тірі болса, әріптесіміз, есімі республика жұртшылығына жақсы танымал журналист Мәлік Мұқанов бұл күндері 75 жасқа толар еді. Еңбек жолын Есіл ауданындағы Жекекөл ауылында мұғалімдіктен бастаған оның өмірін қаламгерлікпен, журналистикамен байланыстыруы кездейсоқ емес. ОблыстықСолтүстік Қазақстан”, 1990-1996 жылдары республикалықХалық кеңесігазетінде қызмет атқара жүріп қаламгер ретінде қалыптасты.

1995 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. 2000-шы жылдан бастап өмірінің соңына дейін еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстанның” облысымыздағы меншікті тілшісі болды. Назарларыңызға оның “Көршілер” әңгімесін ұсынып отырмыз.

Қатар отырған екі көрші тату еді. Екеуінің үлкені – жасы алпыстан асса да, жетпіске жете қоймаған Әзімхан деген шал. Жас деуге аузың бармайды, қаусаған кәрі деп және айта алмайсың: сақал-мұртының ағынан қарасы көп. Ол кісінің шашы жайында да аз-маз мағлұмат берер едім, бірақ Әзекең дініне берік кісі – ала тақия басынан түсіп көрген емес. Қутыңдаған пысық та емес, мен тарихтың тірі көмбесімін деп, ішіндегісін үндемей іздеттіретін қатпа қабақ сірес те емес, мінезі сәл-пәл ауырлау (жеңілдік кәрі кісіге жараса да бермейді ғой), бір орауға келетін қушыкештігі бар ауылдағы көп қара шалдардың біреуі. Кезінде атқа мініп, “Жарықетек” атанғаны да бар. Шолақ-шолақ курстардың екі-үшеуін тауысып, көпке дейін аудан жақта “төре” де болып жүрді. Аяғы пенсияға шығып, өзінің безіп кеткен “Көктерегіне” қайта оралды. Келісімен жиған-терген ақшасына аядай ағаш үй сатып алып, өзінің қаншырдай қатқан ұзын сары кемпірі Мағрипамен тұрып қалды.

Мұның торғайдың ұясындай кішкене үйінің оң жағынан мінгестіре салған дағарадай дүкен үйі тұр. Әзекең анда-санда: – Осы антұрған таптап кетер ме екен, қайтер екен?! – дегендей, тас дүкенмен көрші болған бір жағынан жаман да емес. Керегіңді екі аттап барып ала қоясың. Бірақ кей ауылдың сері-селтеңдері “ақ жорғаға” тойып алып, кекірек ата “Бипылға” басып, ұзақты күн осының айналасында жүріп алатыны бар. Әзекеңе олары әсте ұнамайды. Оның үстіне тас үйдің қабырғасымен шүйіркелесіп әңгімелесе де алмайсың, қол боста ішіне кіріп, иесімен бірге қаймақ қаттырып бір-екі кесе шәй де іше алмайсың.

Әзекеңнің бағына қарай, сол жа-ғындағы көршісі бөлімшенің конторы да емес, ұзын бойлы түрік мұрын қара жігіт Төленді мен оның әйелі жұқа бет, ақ құба келіншек Мәуия болып шықты. Екеуінің әлі әжім алмаған жастығын кемсінбесе, Әзекең үшін бұлардан артық көрші іздесе де жоқ сияқты. Аузынан артық сөз шықпайтын Төленді мен қатыгез мінезді Мәуияның Әзекең мен Мағрипаны сыйлауы бір жерден шығады. Жылы көңілдерін аяқ аттаған сайын білдіріп жатады. Өрістен мал қайтқанда алдынан шыбық ұстап Әзекең шықса, Төленді:

– Ата, қиналып қайтесіз? Балалар да қайырады ғой, – дейді Мәуия оған қарағанда көп сөзділеу:

– Ататай-ау, текке шаршап әуре болғаныңыз не? Айнала жұрттан ұят тағы бізге. Балаларға айта сал-майсыз ба? Әй, Қасен, Әсем, атаң үйінің сиырын да қайыра келіңдер! Жарай ма? – деп, Әзекеңді орта жолдан кері қайырады. Бір-екі рет солай болған соң қартың мал алдынан шығуды қойып алды. Кеш сайын Қасен мен Әсем (бірі жетіде, бірі бесте) қоңыр сиырды құйрығынан ұстап, қораға кіргізетін болды.

Бұл – екі үйдің арасындағы татулықтың сырт көзге іліне бермес бір кейпі ғана. Жаңа сауған сүттей тәтті бір жылылық бұлардың арасында көрші қонғаннан бері-ақ пайда болған. Жалғыз баласы қалада оқуда жүрген екі қартты Төленді мен Мәуия әкесінен кем сыйламайды. “Сіз, біз” десіп, қашан болмасын оң қабақтарын көрсетеді. Бір үйге келген қонақ, екі үйді бірдей жайлайды. Қыс түссе, соғымның алды деп, бірінбірі жұрттан бұрын шақырысып алады. Шаруалары да көбіне аралас-құралас болып, өзара қол ұштарын берісіп жатады. Төленді қолы қалт еткенде екі қарттың отын-шөбіне қарайласып қоя-ды. “Шырағым, балтаңның сабы мүжілген екен, саптап берейін, шалғыңның жүзі қайтқан екен, шыңдап берейін, әкеле ғой”, – деп, Әзекең де қауқары жеткенше қолынан келгенін аямайды. Оқудағы Сәтібек каникулға келсе, екі үйдің арасында бірдей жүреді. Кетерінде оң қалтасында “қызыңды ресторанға апарасың”, – деп Төленді қыстырған жиырма-отыз сом жатады. Оған орай, кішкентай Қасен мен Әсем екі қарттың өз немересі сияқты. Әкесі мен шешесі күнұзақ жұмыста болған соң көбінекөп екеуі көрші үйден шықпайды. Кеш сайын: “Атам бүгін ертек айтты”, “Әжем бізге кәмпит әперді”, – десіп қарсы алады әке-шешесін. Әйтеуір, уақыт өткен сайын шыңдала түскен осы татулық екі үйдің арасына бес-алты жыл бойы даңғыл қара жол салып тастап еді.

Бірақ қырсық қайдан келеді дерің бар ма, өткен күзде сол екі үйдің арасынан бір қара мысық жүгіріп өтті. Екі көрші бет ашысып, жүз жыртыспаса да, томаға тұйық, тоң-торыс болысып, араларындағы мол татулық тышқан мүжіген таба нандай боп кетіліп қалды. Бұдан пайда тапқан ешқайсысы жоқ, екі жағы да көп ұтылды.

Әңгімені басынан бастайын.

Екі арадағы кикілжіңге ең бастап Төлендінің қырманбасы болып сайлануы кінәлі. Ол шіркін де сол орынға болайыншы деп болған жоқ. Жағдай мәжбүр етті.

Төленді көктемде далада егіс басында болатын. Бір күні қараңғы түсе, жүгіргіш “Беларусымен” үйге барып келе қояйыншы деп тартып кеткен. “Қырсыққанда қымыран іриді” дегендей, тракторының фарлары да сол кеш әлденеден сықсия қалды. Көктемгі жолдың ойшұңқыры көп болады емес пе?! “Бірдеңеге ұрынып қалам ба қайтем?” – деп, соқыр нарша жер иіскелеп келе жатқан Төленді әлден уақытта бір жыраға тап болды. Тоқтатуға мұршасы жетпей қалды. Кабинасы аспан тіреп, төрт аяғы көсеудей серейген пері емес пе, көк “Беларусь” серең етті. Жыланбауыр болса, нық етпес еді, мынау итің шөккен сиырдай бір жамбастап жерге жантая кетті. Әбүйір болғанда жүрісі қатты емес еді. Көк “Беларусьтің” ештеңесі кеткен жоқ, жапа шеккен Төленді болды: оң қолы білегінен сынып түсті.

Содан Төленді жаз бойы сынған қолын асып алып, жұмыссыз жүрді. Үй маңының жазда істейтін азғантай шаруасы бар еді, Әзекең кісі іздетпей өзі-ақ қол ұшын беріп, бітіріп тастады. Тамақ ішуден басқа бітірер ісі жоқ Төленді айналасы екі-үш айда тойған қозыдай дөңгеленіп қалды.

Бірде бөлімшеге совхоз директоры келді. Ауылүйді аралай жүріп, үй алдында отырған Төлендіні де көрді. Оның қолы бұл кезде гипстен шығып, сәлем беруге жарап қалған. Сол қолды қысып тұрып, директор күтпеген жерден Төлендіге қолқа салды.

– Шырағым, мына қырмандарың адам көргісіз. Бастығыңда береке жоқ, көзі күлегіш біреу екен. Мен шаруа сұрасам, ол шайға шақырады. Соның орнына енді сен бол! Білімің орта, есеп-шотқа әлі-ақ үйреніп кетесің. Сенен қолайлы кісі де жоқ сияқты, – деп астына жұмсақтан жастық қоя сөйледі.

Төленді көп бипаздаған жоқ. Ауыр жұмысқа жарамай, қолдан келер қалам жұмысы қолына түспей, келіншегіне құр масыл сияқты боп жүруден өзі де ығыр болып еді. Іш сандығының түбінде: “Арты не болады?” – деген күдік жатса да, көп сөзбұйдаламай сол жерде-ақ келісімін берді. “Төленді қырманбасы”, – деген жарлық орталықтан ауылға ертеңінде-ақ келіп қалды.

Бұған Мәуияның қуанышынан күдігі көп болды.

– Кім көп, алаяқ көп. Алданып қап, басың талқыға түссе не болады? Соны ойладың ба? – деп уайым айтты. Тек екі қарт қана:

– Мансабың құтты болсын! Әйтеуір жамандардың тіл-көзі тимесін де. Әумин! – десіп баталарын беріп, ризалықтарын білдірісті.

Үйренбеген жұмыс алғашында ауыр соқты. Қалам жұмысының да түртүрі болады екен. Төленді үсті-басы шаң мен майға баттасып үйіне қас қарая бірақ оралатын болды. Оған әйелі Мәуия да, әңгімелес серігінен айрылған Әзекең де разы емес. Қартыңның бар амалы – күніге бір барып, қырман басында көршісімен жарым сағат әңгімедүкен құрып қайтады. Содан үйіне оралған қарттың аяғы да ширақ, еңсесі де жазыла түскендей болады.

Бір күні сондай әңгіменің соңында Әзекең аз-мұз бөгеліңкіреп тұрып, Төлендіге қолқа салды. Қолқа деп, сондайлық бір қимасын да сұраған жоқ сияқты еді. Кетерінде сөз арасы қылып, бұйымтайын немкеттілеу түрде сүйкей салған:

– Төленжан, қаз-үйрекке аз-мұз жем керек деп жүр еді үйдегі апаң. Әлгі атқотың болса, кеш арасында бірер қабын біздің үйге жеткізіп саларсың. Онша бұлды нәрсе емес қой, – деді. Соны айтып, кейін қарай қозғала да беріп еді. Бірақ оны Төлендінің дауысы тоқтатты:

– Әзеке, оныңыз қиын ғой, – деп біраз тұрды. “Несі қиын?” – дегендей, көршісі аузына қарап қапты. Төленді шіркін жантая құлауды білмейтін палуан ғой, басын жұмсақ бастаса да, сөз аяғын келістіре алмады. Бар айтпағын дүңк еткізіп, түйеден түсіре салды.

– Оныңыз болмайды. Әзеке. Дүние менікі емес, үкіметтікі. Жұрт алдында ұятқа қалар жайым жоқ, – деп теріс қарады.

Әзекең онысын күтпесе керек.

– Жарайды, шырағым, өзің біл, өзің, – деп мүлде жер болып кетті.

... Екі үйдің арасынан жүріп өткен қара мысық теріс сапарын осы әңгіме болған жерден бастап еді. Көңіл, шіркін, қырмызы ғой; күн күлсе, құлпырып, шыбын қалғыр салқын түссе, оңып қалады. Әзекең үйіне тұнжыр оралды. Жолы болмағанын шалының қабағынан сезген Мағрипа кемпір ернін бір сылп еткізіп:

– Е, жаман атқа жал бітсе... – деп, бір мақалдың шетін шығарып қойды. Ішін тырналап бір күйік қалып қойса керек, оған шалы да “қой!” демеді. Айнала беріп, Мағрипа:

– Ертең Сәтбегім оқу бітіріп келсе, осы совхоздың бір төрінен шығар-ау. Сонда көрермін Төлендіні, – деп және бір күңк етті. Көршісінің місе қайтарғанына шалынан гөрі өзі көп ашынды. Сәтібектің оқу бітірсе, совхозды қойып, дала кезіп, жер тіміскілеп кететінін қайдан білсін. Баласының агроном да, зоотехник те, ең соңы инженер де емес, геолог болатынынан сары кемпір хабарсыз болатын.

Кешіне жұмыстан қайтып келе жатып, сәлем берген Мәуияға да Мағрипа теріс қабағын көрсетті. Еріндері жалқау ғана: “Шүкір”, – деп күбір етті. Болған жайды түнде келген Төлендіден ұққан Мәуия, бар кінәні күйеуіне төкті.

– Совхозың бір қап қалдық бидайдан арып қалатын шығар. Бере салсаң қайтушы еді. О несі, сонша, шөп-шаламды тышқан да жеп қоймай ма? – деп дүрсе қоя берді. Төленді оған қайырып тіл қатқан жоқ. Бірақ ұнатпағаны білініп қалды: түнде төсекте теріс қарап жатты.

Сол күннен бастап екі үйдің арасы алыстай түсті. Қасен мен Әсем келді бір күні еріндері бұртиып:

– Әжем ұрысты, – десті екеуі де.

Көршісінің шорам үйіне мүйізін үйкеген Төлендінің ала сиыры қорасына аяғын сылти басып кірді. Бір тәуірі, Мағрипа кемпірдің лақтырған тасын ешкім де көрмеді.

Балтасының сабы сынып еді, Төленді ауылдың екінші шетіндегі шеберге апарды. Сөйтіп, тату тұрған екі үй аз нәрсеге бола өзара қырғи қабақ соғыс бастады. Бір тәуірі “Әй, сен” – деп бет жыртысып көшеге шықпады, ауыл үйге өсек тасымады. Сырт көзге бәрі орнында сияқты. Бірақ қара мысық екі үйдегі төрт үлкенді түгел қалжыратты.

Бастық кісінің басы темірден болу керек. Бұл – бөлімше басы Әбудің ойы. Кеше директор шақырып алып, бөлімшеңде бракқа шыққан сегіз жылқыны жұмысшыларыңа соғымға бер. Екі үйге – біреу. Маңдайалды деген он алты адамды таңдап алып, тізімін тапсыр деген. Енді сол маңдайалды он алтыны таңдай алмай әуре боп отыр. Ауылда жетпіс үй бар. Ет бәріне керек. Құрығында жартысында дайын соғым жоқ. Маңдайалды он алты табылар-ау. Бірақ соның ішінде Әбумен қырбайлар да бар. Он алтыға кірмей өзінің жекжаттары да қалып барады. Әбудің басын қаңғыртқан осы есептер болатын.

Жылқы үлесі Төлендіге де тиетін болыпты. Жаңа қырманбасы директорға ұнап қалса керек. Әбуге қадағалап тапсырғантын. Ертеңіне жылқы қораға бастық пен Төленді бірге келді. Әбу:

– Мына қара қасқа сені мен Сәрсендікі. Ұйғарым солай, – деп күң етті. Басы саудаға түсіп тұрса да, тікқұлақ қара ат бұларға пысқырған жоқ. Күрт-күрт шайнап, асықпай алдындағы жемін жеп тұр.

– Мұның қай жері брак? – деп айналдыра қарап Төленді жүр. “Сәрсен, Сәрсен, – дейді естіртпей күбірлеп, – Әбуге бөле болып туып ұтып тұрсың-ау”.

– Соғымнан үлесті Сәрсенге емес, менің көршім Әзекеңе беру керек. Өмірі еңбекпен өтті. Баласы болса, оқуда. Пенсиясы аз. Сенің Сәрсенің аштан өлмейді. Екі торпағының бірін сойып алсын. Сиыр еті пайдалы деседі ғой докторлар, – деді.

Әбу аңырап қалды.

– Әй, бала, бұл мәселе директормен келісілген. Айтарыңды соған айт деп, екі араға өзінен үлкен бастықтың беделін көлденең тартты.

– Айтсам айтатын шығармын. Ол шалға үлес тимесе, менің үлесім соныкі болады, – деді Төленді.

Төленді айтқанын істеді. Директорға барып: “Осылай да осылай”, деп өз ойын алдына жайып салды. Директорлыққа әсте безбүйрек кісі қойылушы ма еді, мақұл деп басын изеді ол.

Бұл хабарды екі қарт бөгде біреуден естіді. Сары кемпір ернін тағы бір сылп еткізіп:

– Е-е, Сәтібегім төре боп келсе, әлде қайтеді деп жүрген шығар. Әйтпесе, неден құдай ие қалды Төлендіні? – деді.

Әзекең кемпіріне жылына бір-ақ рет ұрсушы еді. Сол кезегі енді келсе керек:

– Оттапсың! Сол балаға қолыңды батпаққа тық деп жүрген екі кәрі біз ақмақпыз. Арам мен адалды осы күнге дейін айыра алмай жүрген не қылған кеще едің, – деп, оның үстіне тағы қосып, Мағрипаны біраз жерге жеткізіп салды.

Қазір екі үй тап-тату. Қасен мен Әсем қарттардың үйінен шықпайды, ертек пен кәмпитті әбден сағынса керек. Екі ай тоңторыстан бері біраз қор жиналып қалған сияқты, бұл күнде Әзекең мен Төлендінің оңаша әңгімесі де мол.

Қара қасқа ат сойылғанда екі үй екі күн бойы бірін-бірі қонақ қылып, мәз болысты. Әзекең қызық-қызық әңгіме айтты. Төленді домбырамен қоңырлата ән созды. Арасында кішкентай Әсем үлкендерді ду еткізіп бір күлдіріп алды. Мағрипаның құлағына ғана сыбырлап:

– Әже, енді маған ұрыспайсың ба? – деді. Сары кемпір:

– Ұрыспаймын, күнім, неге ұрысайын! – деп бетінен сүйді.

Мәлік МҰҚАНОВ.

 

Көршілер./ Soltustik Qazaqstan. – 20 qarasha.- 2018 jyl. - №139– 5 bet.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий